БОЗДАҚТАР
Егемен Қазақстан, 08 Мамыр 2010 | Әлеумет
Загрузка ...
Мен 1941 жылы Семей пединститутының бірінші курсын бітірдім. Сол жылы 5 декабрьде Жарма аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылдым. 12 декабрьде Алматыға келіп, сонда жасақталып жатқан 100-дербес қазақ атқыштар бригадасының құрамына кірдім. Мұнда ортадан жоғары білімім болғандықтан 76 мм. артиллерия дивизионына жіберіліп, 1942 жылы 12 январьда әскери ант қабылдадым. Қысқа мерзімді полк мектебінде оқып, кіші сержант атағын алдым. Алғашында зеңбірек көздеушісі, артынан зеңбірек командирі болып тағайындалдым. 1942 жылы 10 тамызда 100-дербес қазақ атқыштар бригадасының құрамында майданға аттандым.
Бірінші рет ұрысқа 1942 жылы 25 ноябрьде, Калинин майданында кірдім. 39 армияның қолбасшысы генерал-майор Зыгин Алексей Ивановичтің қарамағындағы 100-дербес атқыштар бригадасы (командирі подполковник Шевцов Василий Емельянович, командирдің орынбасары, подполковник Бәйішев Сақтаған) сол күні Молодой Туд өзенін бойлап, Оленино бағытында шабуылға шықты. Бұл жойқын қанды шабуыл бірнеше күнге созылды. Шабуылдың алғашқы күні менің зеңбірегім жабық позициядан жауға қарсы 203 снаряд атты. Зеңбірек стволы қып-қызыл боп кетті. Осы қызыл “өңештен” ұшқан мың жарым килограмм металл (әр снаряд жеті килограмнан асады) түйір-түйір жәрікшектерге бөлініп, жау төбесінен жаңбырдай жауды. Талай фашистерді жайратты. Бригада газетінің редакторы майор Қасым Шәріпов осы күнгі ұрыс туралы өзінің “Қатардағы қаһарман” атты кітабында былай деп жазды:
“Команда бойынша атыс тоқтағаннан кейін тағы да бақылау пунктінен: “Өте жақсы аттыңдар, жаудың атакаға шығып келе жатқан бір рота жаяу әскерін жойдық” – деді батарея командирі, аға лейтенант Попович.
Бұл хабарды естіген зеңбірек расчеттері өте қуанышты болды. Қимылдарын одан сайын үдете түсті. Екінші команда бойынша атарда мен: “Отан үшін!” деп айғай салдым. Бұл ұран барлық расчетке жігер берді. Олар зеңбіректі тез-тез оқтап, жылдам ата бастады.
Бұл жолғы снаряд жаудың дәл бақылау пунктінің төбесінен түсіп, ішінен сегіз фриц шыға қашты. Артынан жедел атқан зеңбірек оғы оларды да жоқ етіп жіберді.
Менің расчетім үздік үлгі көрсетті. Оқтаушы Абжалов зеңбіректі көз ілестірмей оқтайды, наводчик Құсайынов Әділхан тура, дәл көздеп, секундына жібермей зеңбіректі атып үлгереді. Бұл расчеттегі жігіттердің бәрі де осылай қимылдайды. (Қ.Шәріпов. Қатардағы қаһарман. “Қазақстан” баспасы, 1965,26-бет).
Алғашқы ұрыстар кезінде бригада үлкен шығынға ұшырады. Менің де бірнеше жауынгер достарым, жақсы көретін командирлерім опат болды. Солардың бірі жаяу әскермен ілесе жүріп, жауға ашық позициядан оқ ататын батареяның взвод командирі, кіші лейтенант Қажым Көшеков еді. Мамандығы журналист-тін. Алматыда шығатын республикалық жастар газеті “Лениншіл жастың” (қазіргі “Жас Алаш”) редакторының орынбасары болған. 1941 жылы соғыс басталып, декабрь айында Алматыда 100-дербес қазақ атқыштар бригадасы жасақталғанда запастағы артиллерист Көшеков соның құрамына келген. Он төрт жасымнан бастап өлең, хабар жазып, оларым аудандық, облыстық, республикалық газеттер беттерінде жарияланып жүрген мен артиллерия дивизионында онымен інілік-достық қарым-қатынаста болдым. Бригада алғаш шабуылға шыққан күні Көшеков зеңбіректерін бастап, алғы шепте жүрді. Шабуылға бөгет болған жаудың бірнеше атыс ұяларының күлін көкке ұшырды. Сөйтіп жүргенде оның өзіне оқ тиіп, опат болды. Жан тапсырар алдында жауынгерлерін алға ұмтылуға, шегінбеуге шақырды.
Күні бойы фашистерге жабық позициядан тынбастан оқ жаудырған мен алғы шептен келген хабардан Көшековтің оққа ұшқанын кешке, қас қарая естіп, қатты күйзелдім. Жер үйдегі май шамның түбінде түні бойы көз ілместен отырып, оққа ұшқан аға досымның ерлігіне арнап “Өсиет” деген ұзақ өлең шығардым.
Келесі ұрыстардың бірінде менің өз ауданымнан әскерге бірге алынған жерлестерім пулеметші сержанттар Ақай Әлин мен Дінмұхаммед Шыңғаев оққа ұшты. Мен “Екі сержант” деген балладамды осы екеуіне арнадым. Бұл баллада да дереу бригада газетінің бетінде басылып шықты. “Өсиет” өлеңі сияқты бұл да, артынан Алматыда шығатын республикалық “Социалисттік Қазақстан” және кейбір облыстық газеттердің беттерінде басылды.
Бұдан кейін бригада 22-армияның (қолбасшысы генерал-майор Василий Александрович Юшкевич) қарамағына беріліп, шабуыл ұрыстарын одан әрі жалғастырды. Бұл ұрыстар кезінде 100-атқыштар бригадасы басқа да көрші құрамалармен бірлесіп, жау тепкісінен ондаған деревняларды босатты.
Декабрьдің ортасында бригада алдыңғы шептен тынығып, толықтырылуға шығарылды. Бұл уақыт ішінде оның құрамының тең жартысы қатардан шықты. Олардың орнына 1215 адам жаңадан қосылды. Осы толықтыруды алғаннан кейін бригада қайтадан жорыққа шығып, атақты Великие Луки операциясын жүргізіп жатқан 3-екпінді армияның (қолбасшысы генерал-майор Галицкий Кузьма Никитович) қарамағына келіп, атақты Великие Луки операциясына қатысты. Қала қамалында қоршауда қалған жеті мың әскерін құтқарып әкету үшін фашистер Великие Лукиге үсті-үстіне шабуыл жасап, жанталасты. 100-бригада жауынгерлері жаудың алдын тосып, оларды қалаға кіргізбеу үшін ерен ерліктер көрсетті. Артиллерия дивизионының үшінші батареясы анталап, Великие Лукиге қарай ағылған жау танктерімен жан аямай шайқасып, мерт болды. Осы ұрыста зеңбірек командирі Әбдірахман Бимұрзин өз расчетімен жаудың бес танкін жойды. Расчеттен жалғыз зеңбірек көздеушісі Мұқан Омарбаев пен взвод командирі Рымбек Байсейітов қана аман қалды. Соғыстан кейін Омарбаев әскер қатарында қалып, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Екінші зеңбіректің командирі Мырзаби Ерназаровтың расчеті жаудың үш танкін жайратты. Осы ұрыста Байсейітов басқарған взвод жаудың сегіз танкін өртеп жіберді. Байсейітов соғыстан кейін республиканың Қаржы министріне дейін көтеріліп, халыққа адал қызмет етіп, өмірден өтті.
Кейін мен қазақ поэзиясының алыбына арнап, “Атамыз Жамбыл ақынға” деген ұзақ өлең хат жаздым. Хатта бригада батырларының аттарын атап, жасаған ерліктерін баяндадым. Солардың ішінде осы ерлердің де аттарын атап, ұлы ақынның осы ұлдарының есімдерін өзінің өлмес өлеңдеріне қосуды өтіндім. Елдегі Жамбыл майдандағы маған “Жүз жасаған жүректен” деген ұзақ өлеңмен жауап берді. Ол бригада батырларының бәрінің есімдерін өз өлеңіне кіргізді.
Менің 1943 жылы майданнан жолдаған жоғарыдағы өлеңім мен оған қайтарған Жамбылдың жауабы алғашында бригада газетінде, одан кейін республикалық “Социалистік Қазақстан” мен барлық облыстық газеттердің беттерінде басылды. Одан кейін Жамбылдың туғанына 100 жыл толуына арналып, 1945 жылы шыққан қалың томына кірді. Содан күні бүгінге дейін Жәкеңнің баспадан шыққан барлық жинақтарына бұл екі өлең үзбестен кіргізіліп келеді. 1996 жылы өткен Жамбылдың 150 жылдық тойына шыққан ақынның екі томдығында да “Атамыз Жамбыл ақынға” мен “Жүз жасаған жүректен” лайықты орын алған. Сөйтіп, 100-бригада батырларының есімдері ұлы ақынның өлмес өлеңдерімен қоса жасасып келеді.
Великие Луки операциясы екі айға жуық уақытқа созылды. 100-бригада соның соңғы бір айы ішіндегі сұрапыл шайқасқа қатысты. 1943 жылы 17 январьда қаладағы қамалға бекінген неміс талқандалды. 20 январьда қалаға ұмтылған жаудың сағы сынып, жеткен жерінде төбеге ұрғандай тоқтап қалды. Сөйтіп, Великие Луки операциясы ойдағыдай аяқталды.
1943 жылдың 5 январында менің үшінші батареядағы достарым Бимұрзин, Ерназаров, Айбасов және басқалары жоғарыда айтылғандай, ерлікпен апатқа ұшырады. Олардың бәрі қаһарман Қажым Көшековтің қырандары еді. 9 январь күні біздің өз расчетіміз де қырғынға ұшырады.
Великие Лукидің батыс жақ іргесінде жабық позициядан жауға оқ атып жатқан екінші батареяға кенеттен жау жақындап қалды. Ілгері анталаған дұшпанның басым күшіне төтеп бере алмай, жаяу әскер кері шегінді. Осы кезде атыс позициясында тұрған бірінші зеңбірек расчетіне дереу іргедегі дөңге шығып, тура наводкадан жау танктерімен атысуға бұйрық берілді. Ол кезде зеңбірекке алты ат жегіп сүйрететінбіз. Аттар әкелініп, зеңбіректі передокқа тіркей сала расчетіммен дереу ілгері ұмтылдым. Зеңбірек көрсетілген дөңнің үстіне шыға берген кезде ар жақтан келе жатқан жау танкі пулеметтен оқ боратып, алты атты үстіндегі атшыларымен қоса жайпап салды. Расчет жалма-жан зеңбіректі передоктан ағытып алды. Мен жау жаққа қарай бұрылған стволға секірдім. Ойым – оны төмен түсіріп, зеңбіректі тез құру. Осы кезде жау танкісінен атылған снаряд гүрс етіп жанымнан жарылды. Ствол үстіндегі мен анадай жерге ұшып түстім. Өлген шығармын деп ойладым. Бір кезде: “Сержант! Сержант!” деп ыңырсыған дыбыс естілді. Тірі екенімді біліп, жалма-жан орнымнан тұрғанда доңғалағын снаряд жұлып әкетіп, бір жағына шөгіп қалған зеңбіректі, оның қасында жайрап жатқан жігіттерді көрдім. Затвор ашушы Айтқали Құсайынов, зеңбірек оқтаушы Сабыр Абжалов, зеңбірек бұрушылар Нұрғазы Бекбосынов пен Нұрмұхамбет Бабенов, снаряд тасушы Ахмет Оразов бірден жан тапсырыпты. Оқ тиген аттар өле алмай сирақтарын сереңдете сермеп жатыр. Екі көзінен бірдей жараланған зеңбірек көздеуші Әділхан Құсайынов қана бетін қан жауып, зеңбірек сирақтарының ортасында отыр. Қарасам, менің өз қолымнан да қан сорғалап тұр.
Сөйтіп, бір расчеттегі он адамнан (ат айдаушылармен қосқанда) зеңбірек командирі мен және көздеуші ғана тірі қалды. Көздеуші госпитальға жөнелтіліп, мен жеңіл жарамды байлатып алып, санротаға бармастан қатарда қалдым.
Содан жиырма жыл өткеннен кейін менімен бұрынғы зеңбірек көздеушім Әділхан Құсайынов (жоғарыда, Қасым Шәріповтің “Қатардағы қаһарман” кітабында аталатын Құсайынов) екеуміз Шығыс Қазақстан облысының Таврия ауданында кездестік. Сол кездесуден кейін 1964 жылы осы оқиғаға арнап, өзімнің “Махаббат жыры” деген повесімді жазып, жарияладым. Ол повесть келесі жылы орыс тіліне аударылып, басылып шықты. Менің бұл повесім екі тілде де оқырмандардың сүйікті шығармаларының біріне айналды. Әдебиет сыншылары оған жоғары баға береді.
Расчетімнен айырылып, жалғыз қалған жеңіл жаралы зеңбірек командирі мен ертеңінде, 10 қаңтарда басқа батареяның командирсіз қалған расчетіне жіберілдім. Менің расчетім дереу жау танктері өтуге тиіс деген екінші бір ұрымтал жерге тосқауылға қойылды. Зеңбірек көздеушісі Баймолда Қанапиянов, затвор ашушы Ризуан Қалиев, оқтаушы Иван Козюта төртеуіміз жеті кісінің қызметін атқарып, жауды тостық. 16 қаңтар күні сау етіп, біздің жаққа қарай жаудың жаяу әскері лап берді. Зеңбірекшілер “шақырылмаған қонақтардың” алдынан шрапнельден шашу шашып, жайратып салды. Олардың артынан аждаһадай гүжілдеп, жау танктері шықты.
– По танку! Бронебойным! Прицель 50, наводить в гусеницу, огонь! – деп команда бердім.
Бұрын фин соғысына қатысып келген ержүрек мерген көздеушім танкті бірінші снарядпен ұрып жықты. Бір жақ шынжыр табаны үзілген танк шыр айналып тоқтап қалды.
Осы кезде мен жеделдете екінші команданы бердім:
– Тез мұнараны көзде! Жеделдете үш снаряд ат! – дедім.
Тоқтап қалған танк жалма-жан мұнарасын қозғап, теріс қарап қалған ұзын стволын серейтіп, зеңбірекке қарай бұра бастаған еді. Сол сәтте Қанапиянов көздеген снарядтар үсті-үстіне тиіп, танк мұнарасын қозғалтпай тастады. Ол жағы қарысқан қасқырдай болып, стволы айдалаға қарап қаңқиды да қалды. Лезде танктің арт жағынан бұрқ етіп, қара түтін көкке көтерілді. Осы кезде танк экипажы жанталасып сыртқа шығып, бірінен соң бірі жерге қарай секіре бастады. Танкті тасалап, арттан жеткен жаяу әскердің ешкі бас каска киген төбелері қылтиып көріне түсті.
– Шрапнель, ат! – деп осы кезде тағы да команда бердім.
Алда жаудың танкі түтіндеп, жаяулары жайрап жатты. Менің расчетімнің қуанышында шек болмады. Олар бірін-бірі құшақтап, бөріктерін аспанға атты. Менің кеше ғана неміс танкі жайратып кеткен өз жігіттерімнің кегі қайтқандай көздеушімді мейірлене құшақтап тұрдым. Осы кезде жау жақтан келген снайпердің оғы көздеушімнің шекесіне келіп тиді. Қанапиянов тіл тартпастан, зеңбірек доңғалағына қарай құлай берді.
Жігіттердің қуанышы су сепкендей басылып, әркім өзінің жауынгерлік орнына тұра-тұра қалысты.
– Шрапнель! – дедім панорама окуляріне үңіліп жатып. – Баймолда үшін!
Осылай деп зеңбірек шүріппесін басып кеп қалдым. Көздеушісінен айырылған зеңбірек күрсінгендей болып, гүрс ете түсті.
– Оқта! – дедім тағы да. – Баймолда үшін!
Осылай деп үш рет оқ аттым. Бұл опат болған зеңбірек көздеушісіне берілген жауынгерлік салют іспетті болды. Отқа оранған танк үстінен үш дүркін ақ түтін бұрқ-бұрқ ете қалып, көктен құлдилаған шегірткедей самсаған ыстық оқтар төмен қарай ысылдай құйылды. Жау жақтан енді тырс еткен үн шыққан жоқ.
Бригада командирі, подполковник Шевцов әскери стратегия мен тактика жағынан дарынсыз, әрі моральдық тұрғыдан босаң адам болып шықты. Сондықтан жоғарғы командование оны қызметінен босатуға мәжбүр болды. 1942 жылғы желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде ол бригададан кетіп, оның орнына полковник Воронков командир болып келді. Полковник Ефим Васильевич Воронков бұрын 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында полк командирі болған аса жігерлі адам еді. Келе сала күні-түні тыным таппастан бригаданың қорғаныс жұмыстарын ұйымдастырып, танк өтеді-ау деген қауіпті жерлерді өз көзімен көріп жүрді. Жабық позицияда тұрған артиллеристер арасында да бой көрсететін.
Бір жолы ол жабық позицияда тұрған біздің батареямызға келді. Үстіне шолақ ақ тон, басына ақ малақай, аяғына жеңіл ақ пима киген, жіті қозғалатын орта бойлы кісі екен. Артиллеристердің шапшаңдығын тексеру үшін: “К бою!” командасын бергізді. Расчеттер лап қойып, өз зеңбіректеріне қарай жүгірді. Полковник білегіндегі сағатын шешіп, жігіттердің қимылына қарап тұрды.
– Первое готово! – деп бірінші боп мен рапорт бердім.
Полковник басын изеп басқаларға қарады. Олар да алқын-жұлқын қимылдап:
– Третье готово!
– Четвертое готово!
– Второе!.. – деп бірінің соңынан бірі рапорт беріп жатты.
Содан соң полковник бірінші зеңбірекке қарай аяңдады.
– Расчет, түзу тұр! Жолдас гвардия полковнигі, екінші батареяның бірінші зеңбірегі жауынгерлік тапсырма орындауға әзір. Баяндап тұрған зеңбірек командирі, сержант Нұршайықов, – деп мен бригада командиріне рапорт бердім.
– Вольно! – деп полковник зеңбіректің ұрысқа қалай әзірленгенін тексере бастады.
Тексеріп болды да:
– Зеңбіректі бір жарым минут ұрысқа өзгелерден бұрын әзірлеп болғаны үшін бірінші расчеттің жауынгерлеріне алғыс жариялаймын! – деді.
– Совет Одағына қызмет етеміз! – деді расчет жауынгерлері бір деммен.
Содан кейін полковник маған қолын ұсынды.
– Қай жерденсің, сержант?
– Қазақстаннанмын, жолдас гвардия полковнигі.
– Қазақстанның жігіттері қайратты келеді. Мен оны 8-гвардиялық дивизиядан білемін. Ол дивизия туралы естіп пе едіңдер?
– Естігенбіз, жолдас гвардия полковнигі.
– Естісеңдер, сол дивизияның жауынгерлеріндей жігерлі болыңдар. Фашистерді енді Великие Лукиге кіргізбеңдер!
– Кіргізбейміз, жолдас гвардия полковнигі.
Бұрынғы командир батареяның атыс позициясында ешқашан болмаған еді. Жаңа командирдің батареяға келгеніне, тіпті өздеріне алғыс жариялап кеткеніне жігіттер жайраңдап, қуанып қалды.
Сол командирдің 5 январьда оққа ұшқанын естігенде біздің жігіттеріміз қатты мұңайып қалды. Сол күні кешке үшінші батареяның мерт болғаны туралы хабар және жетіп, жігіттердің көңілін мүлде күйретіп кетті.
Бұдан кейін бригадаға командир болып полковник Михеев келді. Ол бригадада небәрі алты-ақ күн болды. Бұл уақытта оның не істеп, не қойғаны, қайда болғаны белгісіз. Тек 100-дербес атқыштар бригадасының жауынгерлік қимылдары жазылған журналдың 43-бетінде: “22.00 – 06.01.1943 жылы бригада командирі болып полковник Михеев тағайындалды” деген сөздер ғана қалған. Ал 13 январьда Калинин майданы (қолбасшысы, генерал-лейтенант Пуркаев Максим Алексеевич) кадрлар бөлімінің жолдамасымен 100-бригада он алты күн ішіндегі үшінші командир болып полковник Морецкий Анатолий Александрович келді. Сөйтіп, соры қалың бригадаға командир құтаймады. Әркім бір міне шапқан арық ат сияқты болып, бригада да әбден титықтады. Қолды-аяқты баладай шағын құрамды ұлттық бригаданы жоғары басшылар майданның кез келген тесігіне тығын етуге тырысты. Оны бір қиырдан екінші қиырға жиі ауыстырумен болды. Кейде арнаулы бұйрықпен қалың қарда ұзақ жол жүріп, бір пунктке қалжырап жеткен бригаданы: “Мұнда сендердің керектерің жоқ екен, кейін қайтыңдар”, деген жаңа бұйрықпен сабылтып кері қайтарған шақтар да болды. Қақаған аяз, түтеген боранда босқа сабылу бригадаға оңайға түскен жоқ.
Мәселен, 1943 жылы 3 январьда сағат 17.00-де Великие Луки іргесіндегі Сахны, Иванцево, Федькова, Шелково, Горушка деревняларының шетінде қорғаныста жатқан бригаданы орнынан көтеріп, 4 январь күні сағат 06.00-де Великие Лукидің оңтүстік жағындағы темір жол вокзалына алып келу жөнінде 3-екпінді армияның штабынан бұйрық болды. Бригада артынып-тартынып, жапалақтап жауған қалың қарды кешіп, көрсетілген жерге келді. Сол жерде бригада иіріліп, жеті жарым сағат босқа тұрды. 13 сағат 30 минутта 3-екпінді армия штабының бастығы Юдинцев 100-бригаданың тығыз түрде бұрынғы орындарына барып орналасуына жаңадан бұйрық берді. Күндіз жел көтеріліп, түнде жауған жұмсақ қар көзге түртсе көрінбейтін қатты боранға айналды. Боранмен алысқан бригада 15-20 километр жердегі бұрынғы деревняларға қайта жетуге мәжбүр болды.
Мұндай келеңсіз оқиғалар бригада 39 және 22-армиялардың қарамағында болған уақытта да кездесті. 1942 жылы Молодой Туд түбінде бригада алғаш шабуылға шығарда армия штабы санитарлық қызметінің бастығы шабуылға қатар шығатын өзара көрші 46-орыс атқыштар бригадасы мен 100-қазақ атқыштар бригадасының жаралыларды қабылдау пункті бірге болсын деген бұйрық береді. Бірақ, ұрыс басталып, жаралылар көбейе бастаған кезде екі бригадаға ортақ санчастқа тек орыс солдаттары ғана келеді. Қазақтардан ешкім жоқ. 100-бригада санротасының командирі Ізтілеу Наурызғалиев жүгіріп далаға шығып, жаралылар келетін жолға шықса, онда 2-3 орыс сақшылары тұр. Олар санитарлар әкелген шаналардағы жаралы орыс солдаттарын пунктке жібереді де, қазақтарды кейін қайтарады. Басқа апарар жері жоқ болғаннан кейін 100-бригада санитарлары жаралыларды сол жерге аударып тастап, өздері қайтадан ұрыс даласына қарай жөнеледі. Ыңырсып, зар жылап жатқан жаралы қазақ жігіттерін көріп, Наурызғалиевтің жаны шығады. “Мына жаралыларды ішке жіберіңдер!” деп сақшыларға айғай салады. Олар міз бақпайды. “Біз өз басшыларымыздың ғана бұйрығын орындаймыз”, деп қазақ командирін кеудеден итереді. Ол жүгіріп барып 46-бригада санротасының командиріне айтады.
– Армия штабының бұйрығы бойынша екі бригаданың да жаралылары осында қабылдануы керек қой, – дейді жан ұшырып.
– Мен білмеймін. Оны бастықтар біледі, – деп ол басын шайқайды.
Содан кейін ол өзінің 100-бригада санитарлық қызметінің бастығы капитан Бушковқа жүгіреді.
– Мен не істеймін? – деп ол иығын қушитады.
Өйткені, 100-бригаданың жараланған орыс солдаттары мен командирлері мұнда тоқтаусыз қабылданып жатқан болатын. Ол соған разы.
Наурызғалиев қайтадан жүгіріп қақпаға келсе, онда санчасқа қабылданбай өліп, өлгелі жатқан қазақ жігіттерінде сан жоқ.
– Бүйтіп өмір сүргенше, сендермен қоса өлейін, – деп Наурызғалиев пистолетін суырып, өзін-өзі атып салады.
Бұл хабарды бригада командирі Шевцовқа айтқанда:
– Собаке – собачья смерть! – депті.
Рота командирлерінің өлімі, уақытында көмек көрсетілмей өлген талай жауынгерлердің қазасы тексерілместен аяқсыз қалды.
Осы оқиғаны 1975 жылы 17 қыркүйекте 100-дербес атқыштар бригадасының дәрігері, капитан Мәриям Сырлыбаева өз үйінде біздерді қонақ ете отырып, көзіне жас алып айтқан еді. Бұл әңгімені мен Мәриямның өз аузынан магнитафонға жазып алғанмын. Қазір ол жазба мені 100-бригада мен І-атқыштар дивизиясының тарихына арналған сегіз дәптерімнің №2-сінің 59-62-беттерінде, өз архивімде сақтаулы тұр.
Ізтілеу Наурызғалиев марқұм атылып өлгеннен кейін 100-бригада санротасы хирургия взводының ординаторы капитан Сырлыбаева санротаның командирі болып тағайындалады. Өзі санротаның, кейіннен санбаттың командирі болған кезінде капитан Сырлыбаева бірде-бір жаралы жауынгердің төбесінен құс ұшырмауға тырысады.
Молодой Туд түбінде санитарлық қабылдау пунктіне кіргізілмей, сақылдаған сары аязда ақ қардың үстінде қатып өлген сансыз солдаттарды, оларға көмек көрсете алмағанына капаланып, ол қорлыққа шыдай алмай, бауырларының аяғының астына өзін-өзі атып құлаған капитан Наурызғалиевті Мәриям Сырлыбаева өмір бойы есінен шығарған емес.
Сөйтіп, бригадаға жаңа командир келді.
Әрине, соғыс болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ол соғыс заңы. Бірақ, қағажу көріп, қисынсыз жерден солдат өмірінің қиылып кетуі бір басқа. Ал 100-бригада бұған дейін нағыз жанашыр командирге тап бола алмай, Панфиловтай әке қамқорлығын көре алмаған құрама. Жақсы үміт күттірген бір командир Воронков болса, ол байғұстың бригададағы өмірі қысқа болды.
Сонымен 1943 жылғы январьдың ортасында 100-бригаданың құрамында қалған адам саны мынадай еді: І-атқыштар батальонында – 36, ІІ-атқыштар батальонында – 41, ІІІ-атқыштар батальонында – 53, ІҮ-атқыштар батальонында – 47, автоматшылар ротасында – 26 және танк ататын дивизионда (ПТД) – 35, байланыс ротасында – 87, саперлер ротасында – 68 және барлаушылар ротасында 38 адам. Барлығы: 431 жауынгер. Мұның сыртында 257-атқыштар дивизиясының қарамағына арнаулы тапсырма орындау үшін жіберілген 300 жауынгер бар. Ол – 76 мм. артиллерия дивизионы мен 120 мм. миномет дивизионы. Олардың қаншасы тірі, қаншасы өлі екені белгісіз.
Әбден қансыраған бұл бригада 12 январьда екінші эшелонға шығарылып, Великие Лукидің шығыс жағында 8 километр жердегі Першино деревнясына жіберілді. Артдивизион мен миндивизион 47-атқыштар бригадасының қарамағында қалды. Великие Луки жаудан әбден тазартылғаннан кейін менің расчетім да өз батареясымен бірге Ступино биігінің етегіне орналасқан артдивизион қосындарына келіп қосылды.
(ЖАЛҒАСЫ)
Достарыңызбен бөлісу: |