Обструкция келесі механизмдерге, яғни бронхтардың бұлшық еттік қабырғасының тарылуына, шырышты қабаттың ісінуіне және шырыштың гиперсекрециясына байланысты.
Жоғарғы тыныс жолдарында катаральды өзгерістер пайда болады.
Науқастың тыныс алуы жиілеп, тыныс шығаруы ұзарады.
Тыныс алуы шулы және ысқырықты болады, яғни бронх кеңістігінде секреттердің бөлінуі мен жиналуы және ентікпе мен қызбаның салдарынан секреттің жабысқақтық қасиеті өзгереді. Нәтижесінде ол «кеуіп» ызыңдаған және ысқырықты құрғақ сырылдардың пайда болуына алып келеді.
Бронхтардың зақымдануы жайылған сипатта болады, яғни құрғақ ысқырықты сырылдар кеуде қуысының барлық жерінен бірдей естіледі. Сырылдарды алыстан естуге болады. Баланың жасы кіші болған сайын құрғақ және ылғалды орташа көпіршікті сырылдар естіледі .
Науқастың ентікпесі күшейген сайын тыныс алуға қосымша бұлшық еттердің қатысуы айқын көрінеді, яғни қабырғааралық, эпигастри мен бұғанаүсті ойықтың төмен түсіп кетуі және мұрын қанаттарының кернелуі байқалады. Тері қабаттарының бозаруы, мұрын-ауыз үшбұрышында көгерудің болуы, мазасыздануы, қалыпты жағдайда қолын тіреп отыруы да спастикалық компонентті айқындайды.
Баланың жасы кіші болған сайын тыныс алу жетіспеушілігі анық көрінеді . Физикалық тексеру кезінде қатаң тыныс пен құрғақ сырылдардан басқа өкпенің кернелуі (вздутие), сондай-ақ жүрек тұйықтығының салыстырмалы шекараларының тарылуы байқалады.
Перкуторлы қораптық дыбыс естіледі. Тыныс алу кезінде бронхтардың ұсақ тармақтарының тарылуы нәтижесінде өкпенің кернеледі және ол қалдық көлемнің ұлғаюы мен вентиляциялық тыныс жетіспеушілігіне алып келеді.