Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы


ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТАРИХЫ



Pdf көрінісі
бет35/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,51 Mb.
#107177
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   78
Байланысты:
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy, 0012237a-acb08d87
 
3 ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТАРИХЫ 
3.1 Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығы  
Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығы нығайды.  «Әз Тәуке», 
яғни  «адамзаттың  данасы»  деген  атқа  ие  болды.  Хандық  билікті  күшейтуге  бағытталған 
реформалар жүргізді.   
 Қазақ  жеріне  орыс  елшілігін  бастап  келген  М.Тевкелев  1748  жылы  жазған  құжатта: 
«Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады», 
- деп көрсетеді. Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой 
үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Орыстың белгілі 
тарихшысы А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген.  
Қазақ  руларының  бәрі  Тәуке  билігін  мойындамаған.  Сондықтан  Тәуке  хан  бытырап 
жатқан елдің басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құруды  басты міндеті деп 
санады.  Бұл  міндетті  жүзеге  асыру  үшін  әр  түрлі  әлеуметтік  топтан  шыққан  дарынды, 
ақылды адамдарды, билер мен батырларды мемлекетті басқару ісіне тартты.  
Бұл  шаралар  нәтижелі  болды.  Мемлекетті  басқару  ісіне  де  үлкен  өзгерістер  енгізді. 
Билер  кеңесін  құрып,  оның  билік  ауқымын  кеңейтті.  Билердің  әлеуметтік  тегі  тек  ақсүйек 
табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тәуке 
хан енгізген үлкен бір жаңалығы еді.  
Билер  кеңесі  мемлекеттің  ішкі  және  сыртқы  саясатын  да  шешті.  Билер  шешіміне  хан 
қарсылық  көрсетпеді,  яғни  мемлекеттік  биліктің  басым  бөлігі  халықтың  қолында  болды. 
Тәуке ханның  тұсында  «Билер кеңесінің» құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, 
Әйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, 
Тайкелтір,  Қоқым  сияқты  дарынды  қайраткерлер  енді.  Билер  кеңесінің  билік  ауқымы  зор 
болған.  Бұл  органның  шешімі  негізінде  ғана  Тәуке  хан  мемлекеттік  мәселелерді  шешуге 
құқықты  болған  және  билер  кеңесі  қабылдаған  заңдар  мен  шешімдерді  жүзеге  асырып 
отырған. Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер 
кеңесі  соттық  билікті  де  атқарған.  Халықтың  дәстүрлі  менталитетінде  билердің  қоғамдағы 
мәртебесін анықтайтын қағидалар көп сақталған. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тәуелсіз 
би  атынан  шығарылды.  Атақты  Әйтеке  би  ұрпақтарына  мынадай  өсиет  қалдырды:  «Менің 
өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі».    «Биі жақсының елі жақсы»,  «Батыр елін жауға бермейді, 
би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын 
да  көрсетеді.  Билер  шешен  болған.  Атап  айтсақ,  халық  Қазыбек  биді  «ағын  судай  әйгілі  
шешен»  деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тәуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, 
олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.  
Билер  кеңесі  мерзімді  түрде  Сырдарияның  бойында  орналасқан  Әңгірен,    Түркістан 
мен  Сайрам  жеріне  орналасқан  Битөбе,  Мәртөбеде  шақырылған.  Жыл  сайын  Ташкент 
қаласының  маңындағы  Күлтөбеде  үш  жүз  өкілдерінің  басын  қосқан  жиналысын  өткізіп 
тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.  
Тәуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің және шежірешілерінің басын қосып, 
қазақтың  мақал-мәтел,  шежірне,  аңыз-жырларын  жинаған.  Сонымен  қатар  қазақ  халқы 
арасында  бұрыннан  қолданылып  келген  ру-тайпалардың  ұрандары  мен  таңбаларын  қайта 
анықтап  белгілеген.  Бұл  тарихта  Орта  Азияда  өмір  сүрген  көшпелі  хандықтарда  болып 
келген  салт  еді.  Жаңадан  таққа  отырған  хан  өзіне  қарасты  тайпалардың  таңбасын  белгілеп 
беріп  отырған.  Бұл  көшпелі  тайпалар арасында  хандық  өкімет билігін  күшейтудің  дәстүрлі 
шараларының бірі еді. 


61 
 
Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш 
жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып, 
Қазақ  хандығының  ішікі  бірлігін  бекемдеуге  барлық  шараларды  қолданып,  оны  едәуір 
күшейтті.  Бұл  тұста  едәуір  қырғыз  тайпалары  мен  қарақалпақ  тайпалары  Тәуке  ханның 
қарауында  болды.  Тәуке  қырғыздарды  олардың  өз  биі  Қоқым  Қарашор  арқылы, 
қарақалпақтарды  олардың  Сасық  биі  арқылы  басқарып  отырған.  Бұл  іс  жүзінде 
жоңғарлардың  шабуылынан  қорғануды  негіз  еткен  қазақ,  қырғыз  және  қарақалпақ 
халықтарының әскери-саяси одағы еді.   
Тәуке  ханның  аты  тарихта  «Жеті  жарғы»  заңдарымен  де  тығыз  байланысты.  Ол 
қазақтың  атақты  билерімен  ақылдаса  отырып,  қазақтың  әдет-ғұрып  заңдарын,  билер 
сотының  тәжірибелерін,  аса  дарындылықпен  айтылған  түйінді  биліктерді  жинақтап,  өзінен 
бұрынғы  «Қасым  ханның  қасқа  жолы»,  «Есім  ханның  ескі  жолы»  сияқты  қазақ  заңдарын 
жаңа  жағдайға  сай  өзгертіп,  толықтырып,  дамыту  негізінде  «Жеті  жарғы»  атты  заңдар 
жинағын  құрастырды.  «Жеті  жарғы»  орыс  деректерінде  «Тәуке  хан  заңдары»  деген  атпен 
белгілі.  Жеті  жарғыға  әкімшілік,  қылмысты  істер,  азаматтық  құқық  нормалары,  сондай-ақ 
салықтар,  діни  көзқарастар  туралы  ережелер  енгізілген,  яғни  онда  қазақ  қоғамы  өмірінің 
барлық  жағы  түгел  қамтылған.  Оларда  орта  ғасырдағы  қазақ  қоғамының  патриархаттық-
феодалдық  құқығының  негізгі  принциптері  мен  нормалары  баянды  етілген.  Қазақша 
«жарғы»  әділдік  деген  ұғымды  білдіреді.  Жеті  жарғы»  -  жеті  әдеттік  құқықтық  жүйеден 
тұратын  қоғамдық  қатынастарды  реттейтін  салалардың  жиынтығы.  Олар:  жер  дауы,  жесір 
дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, 
ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 
«Жеті  жарғыны»  қазақ  халқы    ХІХ    ғасырдың  ортасына  дейін  қолданып  келді.  Ал 
кейбір  заңдар  Қазан  төңкерісіне  дейін    қолданылды.  Сонымен  бірге  «Жеті  жарғының»  өз 
кезінде  қағазға  түсірілмегені  де  белгілі.  Кеңестер  дәуірінде  «Жеті  жарғыға»  «феодалдық 
қатынастардың  сарқыншығы»  деген  сипат  тағылып,  мүлдем  зерттелінбеді.  Бізге  «Жеті 
жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі.  
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге  бағытталды. Осы 
заң  негізінде  қазақтың  тайпа,  ру  басыларын  жылына  бір  рет  жиналуға  міндеттеді.  Бұл 
жиындарда  мемлекеттің  сыртқы  және  ішкі  жағдайына  байланысты  мәселелер  дауыс  беру 
негізінде  шешілді.  Жиынға  қару  асынып  келген  азаматтардың  ғана  дауыс  беру  құқықтары 
болды.  Сонымен  бірге  қару  ұстап  келген  азамат  жылына  өз  байлығының  жиырмадан  бір 
бөлігін  салық  ретінде  мемлекетке  беруге  міндеттелді.  Жиынға  қатысушы  әр  рудың  өз 
таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. 
Қазақтың  негізгі  байлығы  мал  болғаны  белгілі.  Сондықтан  «Жеті  жарғы»    заңдарына 
сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым 
жер меншігі қатаң белгіленді. 
«Жеті  жарғыда»  қылмысты  іс-құқық  нормаларына  үлкен  орын  бөлінген.    Қылмыс 
ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу  және тағы 
басқалары  жатқан.  Кінәлілер  жасаған  қылмыс  деңгейіне  сай  әртүрлі  жазаға  кесілген.  Бұл  
жинақта  «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны 
құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: 
егер  әйелі  күйеуін  өлтірсе  және  күйеуінің  туыстары  оны  кешірмеген  жағдайда,  егер  әйел 
некесіз  туған  баласын  өлтірген  жағдайда,  жұбайлар  арасындағы  «көзге  шөп  салушылық» 
дәлелденген жағдайда және   «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының 
екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану. 
Жазалаудың  ең  көп  таралған  түрі  –  құн  төлеу  болған.  Қылмыскердің  және    өлген 
адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер 
адамның  құны  1000  қой  болса,  әйел  адамның  құны  500  қой  болған.  Ал  өлген  адамның 
әлеуметтік  жағдайы  ақсүйек  болса  құн  мөлшері  жеті  есе  өскен,  яғни  сұлтан  немесе  қожа 
тұқымынан  өлтірілгендерге  жеті  адамның  құнын  төлеген.  «Сұлтан»  немесе  «қожаға»  тіл 
тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің 


62 
 
немесе  тазы  иттің  құнымен  теңескен.  Дене  мүшелеріне  зақым    келтірген  қылмыскер  де 
белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. 
Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, 
ұрланған  100  түйе  300  жылқыға  немесе  1000  қойға  теңелген.  Бұл  баптардан  біз  «Жеті 
жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.  
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да  қолданылған. 
Мысалы, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-
анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат 
әйел елден қуылса,  христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген. Құдайға тіл 
тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген.  
Мал  мен  мүлікті  ұрлау  да  ауыр  қылмыс  болып  табылды.  Егер  ұрыны  ұрлық  үстінде 
өлтірсе,  онда  құн  төленбейтін  болған. Ұстап  алған  ұрыны  дүре  соғып  жазалауға,  сотсыз-ақ 
рұқсат  етілген.  Сөйтіп,  ұры  қатаң  қылмыс  жазасына  тартылды,  ұрлап  алғанын  қайтаруға 
және «тоғыз» айыбын тартуға міндетті болды, яғни ұрланған бір мал үшін тоғыз мал беруге 
тиіс еді. 
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында болған. Қылмысты істі 
шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап айтқанда, өтелетін есенің оннан бір бөлігі тиіселі 
болған.  Сұлтандар  қылмысты  болған  жағдайда,  олардың  істерін  тек  хан  қарап,  жазалаған. 
Қылмыстық іске 13 жастан бастап тартылған. Есі дұрыс емес адамдар жауапқа тартылмаған.  
Тәуке  ханның  сыртқы  саясаты  көрші  елдермен  тату  көршілік  байланыс  орнатуға, 
олармен  экономикалық,  сауда-саттық  қарым-қатынас  жасауға  тырысқан  бейбіт 
дипломатиялық  саясат  болды.  Тәуке  хан  1687  жылы  Бұхар  ханы  Субханқұлымен  Ташкент 
жөнінде  келіссөз  жүргізіп,  оны  қазақтар  иелігінде  қалдырды.  Бұхар  хандығымен  сауданы 
дамытуға  күш  салды.  Нәтижесінде  Қазақ  мемлекеті  мен  Бұхар  хандығы  арасында  бейбіт 
қарым-қатынас  орнап,  Бұхар  саудагерлері  қазақ  жеріне  кіріп  сауда  жасауға  мүмкіншілік 
алған.  Қазақ  жерінде  Бұхар  көпестерін  тонауға  қарсы  Тәуке  хан  арнайы  жарлық  шығарып, 
ендігі  жерде  тонаушылар  қатаң  жазаланып  отыратын  болған.  Бұхар  басшыларының 
тарапынан  жоңғарларға  қарсы  соғыста  қазақтарға  көмек  көрсетілмеді.  Бұл  мемлекетпен 
байланыс тек сауда қатынастарының жандануымен шектелді. 
Орыс деректерінде Тәукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақтардың да  ханы деп 
жазады.  Олар  жыл  сайын  қазақтарға  салық  төлеп,  өз  одақтастарымен  бірігіп  соғыс 
қимылдарына  қатысып  отырған.  Бұл  туралы  орыс  деректерінде  былай  делінген:  «Арыстың 
оң  жағасындағы  құмды  жол  арқылы  Ақсу  тастарына  дейін  жарты  күн,  осы  тастар  арқылы 
қарақалпақтарға жол түседі… Түркістаннан Сыр өзенінің төменгі ағысы арқылы үш  күндік 
жолда  Үзкент  қаласы,  сол  қалаға  1683  жылы  Тәуке  хан  қарақалпақтардан  салық  жинауға 
түсті.  Олар  егін  егіп,  қазақтармен  қатынаста  өмір  сүреді.  Үзкенттен  төмен  Сырдың  екі 
жағалауында да қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары көп емес. Әскери істері қазақтармен 
ортақ.    Олардың  билеушілері  Табұршық  сұлтан».  Қарақалпақтар    Тәуке  ханға  бағынышты 
болған, оларды ол Сасық би арқылы басқарған. 
Тәуке  ханға  қырғыздардың  басым  бөлігі  де  бағынышты  болды.  Қырғыздар  да  
қазақтардың  жоңғарларға  қарсы  әскери  қимылдарына  белсене  қатысып  отырған. 
Ш.Уәлиханов  өзінің  «Қырғыздар  туралы  жазбалар»  деген  еңбегінде:  «Ал  енді  Есімнің 
немересі,  Жәңгірдің  баласы  Тәуке  қырғыздардың  биі  ретінде  басқарып  отырған 
(қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тәуке мен 
Тиестің аты Тәуке-Тиес деп бірге аталыпты». Шоқанның бұл еңбегінде қырғыз елінің Тәуке 
ханға бағынышты болғаны сипатталады.  
Тәуке хан билік құрған жылдары Ресеймен қарым-қатынас  жанданды.  Осы жылдары  
шекара  аудандарындағы  орыс  бекіністері  мен  қазақ  ауылдары  арасындағы  қақтығыс 
шиеленіседі.  Осындай келеңсіз әрекеттерді бейбіт жолмен шешу үшін Тәуке хан  1687 жылы 
Тобыл  қаласына  Тәшім  батыр  бастаған  елшілік  жібереді.  Бұл  елшілік  сауда  қатынастарын 
жандандыруды  да  мақсат  етеді.  Сөйтіп,  Тәуке  хан  Ресеймен  дипломатиялық  және  сауда 
байланыстарын орнатты. 1686-1693 жж. аралығында Тәуке хан Ресейге бес елшілік жібереді. 


63 
 
1694  жылы  хан  ордасында  орыс  елшілері  Скибин  мен  Трощинді  қабылдаған.  Сөйтсе  де, 
орыс-қазақ қарым-қатынастары 17-ші ғасырдың соңы мен 18-ші ғасырдың басында барынша 
шиеленіседі.  Өйткені  осы  жылдары  Ресей  мен  Жоңғар  мемлекеттері  жақындасады.  Қазақ 
мемлекетінің  күшейгенін  байқаған  орыстар  жоңғарлармен  жақындасып,  оларды  қазақтарға 
қарсы қою саясатын жүргізеді. 
Тәуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар арасындағы  қарым-
қатынас  тұрақсыз  болды.  Тек  1653-1670  жылдар  аралығында    жоңғарлардың  қазақ  жеріне 
шапқыншылығы біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін салған 
Батыр  қонтайшы  қайтыс  болғаннан  кейін,  оның  мұрагерлері  таққа  таласумен  болды.  1670 
жылы  билікке  келген  Ғалдан  Бошокту  қонтайшының  тұсында  оңтүстік  Қазақстанға 
шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға әрекет 
жасады.  1684  жылығы  жоңғарлардың  Сайрамға  шабуылы  нәтижелі  болды.  Жоңғар 
хандығының  территориясына  қытайлар  тарапынан  шапқыншылық  басталғандықтан  олар 
Сайрамнан бас тартты. Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін 
тұтқынға айдап әкетті.  
1697-1727 жылдар аралығында  жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван Рабтан тұсында 
қазақ-жоңғар  қарым-қатынастары    барынша  шиеленісті.  Осыған  байланысты  1710  жылы 
Қарақұмда  Тәуке  ханның  бастамасымен  қазақ  жүздерінің  біріккен  жиналысы  болды. 
Жиналыс нәтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге шешім қабылданды. 1713-
1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды.  Осы 
қиын  жылдары    Тәуке  ханның    қолбасшылық,  реформаторлық,  батырлық  қасиеттері  айқын 
көрінді. Тәуке хан   Шыңғыс хан құрған әскери басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Әскерді 
қатаң  басқаруға  үлкен  мән  берілді.    Әскерде  басшылық  ету  онбасы,  жүзбасы,  мың  басы 
болып  тағайындалды.  Мыңбасыны  Тәуке  ханның  ұсынысымен  Билер  кеңесі  аса  ерлік 
көрсеткен  батырлардан тағайындады.  Бас қолбасшы Тәуке ханның өзі болды. Әскер саны 
соғыс  жылдарында    80  мыңға  жеткенімен,  бейбіт  кезеңде  хан  ордасында  тұрақты 
сарбаздардың саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қорғады. 
Соғыс  жылдары  әскерді  қару-жарақпен,  көлікпен  әр  ру  басылары  қамтамасыз    етіп 
отырған.  Бұл  мәселе  де  Тәуке  қабылдаған  тәртіп  негізінде  жүзеге  асырылған. 
Жауынгерлердің  алдын-ала  соғыс  өнерінің  түр-түрінен  дайындықтан  өтуі  хан  жарлығы 
негізінде міндетті болған. Бұл әскерлердің соғысу қабылетін күшейткен. Сонымен бірге хан 
жарлығымен шекара аудандарында әр 5-7 шақырым аралықта  әскери мұнаралар тұрғызылды. 
Жоңғарлар шабуылы басталған сәтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от жағып, келесі 
мұнараға  жау  шабуылы  басталғаны  туралы  хабар  беріп  отырды.  Бұл  стратегиялық  тактика 
негізінде  жау  шабуылын  100  шақырым  жерден  көріп,  ұтымды  қарсылық  алдын-ала 
ұйымдастырылды. 
Қорыта келгенде, Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы саясатты сәтті 
жүргізді.  Ол  ХVІІ  ғ.  аяғы  мен  ХVІІІ  ғ.  басында  Қазақ  хандығындағы  саяси  жағдайды  бір 
қалыпты  ұстады.  Бұл  кезде  Қазақ  хандығы  біртұтас  мемлекет  болды.  Қазақ  хандығында 
тәртіп  сақтау  және  мемлекеттік  құрылыстың  негізгі  қағидаттарын  анықтаған  «Жеті  жарғы» 
заңдар жинағы Тәуке  тұсында жасалды. Тәуке хан дипломат-мәмілегер, айлакер қолбасшы, 
әдеттік  құқық  жүйесінің  реформаторы  және  қазақ  ұлтының  бірлігі  мен  жерінің  тұтастығын 
сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. XVII ғасырдың соңы 
мен XVIII ғасырдың басында хан билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112  ру  кіріп, қазақ 
халқының саны 2-3 миллион адамға жетті.  
Бақылау сұрақтары: 
1.
 
Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының нығайғанын дәлелдеңіз. 
2.
 
Билер кеңесі қандай мәселелерді шешті? 
3.
 
«Жеті Жарғы» бойынша құн төлеу қалай рәсімделген? 
4.
 
Орыс деректерінде Тәукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақтардың да  ханы 
болды деген мәліметті сипаттаңыз. 
 


64 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет