Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы



Pdf көрінісі
бет12/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,51 Mb.
#107177
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   78
Байланысты:
buiraeva zho akhantaeva zh kazakstan tarikhy

Қаңлылар
 туралы негізінен қытай жазбаларында жазылған. Шығыстанушы Н. Аристов 
«қаңлылар  –  ежелгі  түркі  руы»  деп  көрсетсе,  В.Востров  олардың  ежелгі  тайпа  және  түркі 
тілдес екенін дәлелдеді. А.М. Бернштам да оларды түркі тілдес халық болғанын көрсеткен.   
Қаңлы  мемлекеті  (б.з.д.  ІІ  ғ.  –  б.з.  V  ғ.)  –  Оңтүстік  Қазақстанда  құрылған  алғашқы 
мемлекеттік  бірлестікке  жатады.  Қаңлылар  Сырдария  өзенінің  солтүстік  жағындағы 
далаларды  алып  жатты.  Қытай  деректері  бойынша  астанасы  Битянь  қаласы.  Қаңлы 
билеушісінің қол астында 5 иелік болды. Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің тарихын 
жазу  И.Бичуриннен  басталады,  «Шицзи»  мәтініне  «Давань  туралы  хикаяда»  берген 
түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі көшіп жүрген 
Сырдарияның  солтүстік  жағындағы  далаларды  алып  жатыр»  деп  атап  өткен.  «Шицзиде» 
кангюйдің  орналасуы  туралы  «Кангюй  Даванның  солтүстік-батысында  шамамен  алғанда 
2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқайтын көшпелі иелік. 
Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, 
шығысында ғұндардың билігін таниды», - деп көрсетілген. 
Б.з.д.  ІІ-І  ғғ.  қаңлылар  батыс  өңірдегі  белді  мемлекеттердің  бірі  болды.  Үлкен  Хань 
әулетінің  келесі  хроникасы  «Цянь  Ханьшудың»  «жерге  орналасуды  суреттеу»  деген 
тарауындағы  кангюйлер  туралы  бөлімінде  былай  делінген:  «Кангюй  билеушісі  Лоюень 
елінде,  Уананнан  12 300  ли  жердегі  Битянь  қаласын  мекендейді.  Ол  наместникке  тәуелді 
емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120 000 
отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен 
бірдей.  Кангюй  шығыс  жағында  ғұндарға  бағынады...».  ХХ  ғасырдың  ортасына  қарай 
олардың  орналасу  мәселелері  жөнінде  негізінен  мынадай  екі  көзқарас  бар:  1.  Кангюйлер 
Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 
2.  Кангюй  иелігі  Сырдария  өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі  алқапта  шоғырланған, ал 
байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін 
орналасқан.  
Алайда  кангюйлердің  байырғы  жерлері  Сырдарияның  орта  ағысы  бойындағы  жерлер 
болған.  А.Н.  Бернштамның  пікірінше,  неғұрлым  ертедегі  тарихи  ескерткіштер  –  Авестада, 
Махабхаратада, 
Пехлевилердің 
бундахишні 
мен 
эпикалық 
Шахнамада 
аңызға 
айналдырылған  Кангха  нақ  осында  орналасқан.  Ол  ежелгі  түріктердің  руналық 
ескерткіштерінің  Кенгутарбант  елін  де  осында  орналасқан  деп  көрсетуді  ұсынған  болатын. 
Кейіннен  бұл  көзқарасты  Қазақстан  зерттеушілері  мен  ежелгі  Орта  Азия  тарихының 
саласындағы  басқа  да  мамандар  негізге  алды.  С.Г.  Кляшторный  мен  Л.М.  Левинаның 
еңбектері  кангюйлердің  орналасу  мәселелерін  зерттеуге  елеулі  үлес  қосты.  Біріншісі 
кангюйлер  туралы  жазбаша  деректердегі  мәліметтерді  қорытып,  кангюй  жерлерінің 
орналасуы  жөніндегі  негізгі  пікірлерге  сыни  талдау  жасады.  Л.М.  Левина  сол  кезге  қарай 


21 
 
жинақталған  археологиялық  деректерді  жүйеге  келтіру  мен  қорытуда  көп  еңбек  етті.  Ол 
кангюйлер  заманындағы  Сырдария  алқабының  негізгі  үш  мәдениетін  сипаттап,  оларды 
кезеңдерге бөлуді  ұсынды.  Жан-жақты  талдау  нәтижесінде  автор  өзі  қарастырған  жетіасар, 
отырар-қаратау, қауыншы мәдениеті кангюй мемлекеті тұрғындары мәдениетінің нұсқалары 
болып табылады деген қорытынды жасаған.         
Сонымен,  Кангюйлер  Сырдария  өзенінің  орта  ағысының  солтүстік  жағын  мекендеген 
және Кангха мемлекетінің ұйтқысы болған тайпалар одағы деп анықтауға болады. 
Б.  з.  б.  II  ғасырдың  екінші  жартысында  қытай  елшісі  Чжан-Цянь  Кангюй  жерлерінің 
оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы 
I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал кангюй 
әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-Шу енді кангюй әскерін 120 мың, юечжи 
әскерін 100 мың болғанын айтады.  
Бұл  кезеңде  Орта  Азиядағы  қос  өзен  аралығында  юечжилердің  негізгі  бөлігінің 
оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке 
бес  иелікке  бөлінген  болса,  мұның  өзі  кангюймен  салыстырғанда  олардың  әлсіреуіне 
ықпалын тигізбей қоймайды, ал кангюйлер үшін оңтүстік пен батысқа басқыншылық жорық 
жасауға  мүмкіндік  ашылады.  Сол  кезде  б.з.б.    II  ғасырдың  аяғы  –  I  ғасырдың  басында 
кангюйдің жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болған деп топшылауға болады. 
Б.з.д.  І  ғасырдың  екінші  жартысында  Чжичжи  шаньюй  бастаған  ғұндар  Оңтүстік-
шығыс  Қазақстан  жеріне  көшіп  келе  бастайды.  Осындай  жағдайда  Қаңлы  мемлекеті 
Чжичжимен  одақ  құрып,  оны  үйсіндерге  қарсы  пайдаланбақ  ойы  болды.  Қаңлы  билеушісі 
Чжичжиді  Талас  алқабына  шақырып,  оған  өзінің  атты  әскеріне  қолбасшылық  ету  құқын 
берді.  Бірақ,  каңлылардың  үміті  ақталмай,  Чжичжи  үйсіндерді  бағындыра  алмады.  Енді 
ғұндар  мен  каңлылар  арасында  қайшылық  туды.  Чжичжи  қаңлы  билеушісінің  қосынынан 
қуылып,  Таластың  жоғарғы  жағына  кетеді,  сол  жақтан  өзіне  қала  тұрғызады.  Шаньюй 
құрлысқа  қаржыны  Ферғана  мен  Парфия  билеушілерінен    алым  ретінде  алып  отырды.  Екі 
жыл бойы салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, 
ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған дуал еді.  
Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай империясының мазасын кетірді. 
Көп кешікпей қытай әскері жорыққа шығып, Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүреді. 
Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы 
Қарабура  асулары  арқылы  оңтүстік  жолмен,  үш  отряд  солтүстік  жолмен  –  Шығыс 
Түркістаннан, сірә, үйсіндердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы 
Бедел асуы арқылы өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа қарай беттеді. Әскерлер 
Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылады. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, 
ол  өз  әскерлерін  қабырғаларды  бойлай  орналастырды,  ал  қала  қақпаларының  екі  жағына 
«балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды. 
Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, 
топырақ дуалды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға басып кірді 
де қамалды басып алды. Чжичжимен оның төңірегіндегі жақындары көптеген туыстарымен, 
балаларымен,  әйелдерімен  және  атақты  князьдарымен  бірге  1518  адам  тұтқынға  алынды. 
Олардың  бәрінің  басы  шабылды.  Бір  мың  екі  жүздей  жауынгері  Усун  мен  Ферғананың 
вассалдық князьдарына сыйға тартылды.  
Қытай-кангюй  қатынастарының  тағы  бір  жағы  Шығыс  Түркістандағы  оқиғалармен 
тығыз  байланысты.  Біздің  заманымыздың  78  жылы  Бань  Чжао  басқарған  қытай  армиясы 
Шығыс  Түркістанда  үстемдік  орнатады.  Алғашқыда  кангюйлер  император  наместнигіне 
одақтас болса, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы Бань 
Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді. 
Қаңлы  тайпаларының  негізгі  кәсібі  көшпелі  мал  шаруашылығы  болған.  Олардың  бір 
бөлегі  егіншілік  және  бау-бақша  өсірумен  айналысқан.  Қолөнер  едәуір  дамыды.  Олар  Ұлы 
Жібек  жолы  арқылы  көп  елдермен  сауда  жасасқан,  халықаралық  саудаға  қатысқанын 
археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол 


22 
 
заманға  сай  қалалары  да  болды.  Қаңлылар  өрмекпен  жүн  мата  тоқыған,  алуан  түрлі  қыш 
ыдыстар  істеген.  Қоладан  және  темірден  құрал-саймандар  мен  қару-жарақтар  жасаған. 
Зергерлік  бұйымдар  мен  әшекейлерді  алтын,  күміс  және  қоладан  жасады.  Ерте  замандағы 
қаңлылардың  жазу  мәдениеті  болған.  Қаңлылар  негізінен  ата-аналарының  аруағына,  ал  бір 
бөлігі отқа, айға, күнге табынған.  
Қаңлы  ескерткіштерінің  жарқын  көріністерін  Қауыншы,  Отырар-қаратау,  Жетіасар 
мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. 
Қауыншы мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г. Максимова жетекшілік 
еткен  Шардара  археологиялық  экспедициясы  Оңтүстік  Қазақстаннан  қауыншы  мәдениетіне 
жататын  бірқатар  ескерткіштер  ашып,  Шардараға  таяу,  Сырдарияның  оң  жағалауындағы 
Ақтөбе  қонысын  ол  жан-жақты  зерттеген.  Отырар  алқабында  Отырар-Қаратау  мәдениетіне 
жататын  ескерткіштер  көп  шоғырланған.  Арыс  өзенінің  сол  жағалауында  Пұшық-Мардан, 
Қостөбе, Шаштөбе,  Сейітман  төбе,  Ақайтөбе, Шалтөбе  сияқты  жиырма  шақты  қалашықтар 
бар.  Олардың  ең  үлкені  –  Көкмардан.  1969-70  жж.  К.  Ақышев  жетекшілік  еткен  Отырар 
археологиялық  экспедициясы  осы  қалашықтардың  көпшілігін  тапқан.  Жетіасар  мәдениеті 
Қуаңдария  мен  Жаңадария  аңғарын  қамтиды.  Бұл  кездегі  қала  қалалар  мен  обалардан 
Жетіасар  мәдениетіне  жататын  түрлі  бұйымдар  табылды.  Археологиялық  қазбалар 
нәтижесінде  табылған  әшекей  бұйымдар,  шаруашылық  заттар  қаңлылардың  егіншілікпен, 
мал  шаруашылығымен,  қолөнер  кәсібімен,  саудамен  айналысқанын  дәлелдейді.    Сонымен 
қатар  Қытай,  Парфия,  Рим  және  Кушан  империясы  сияқты  ірі  мемлекеттермен  саяси, 
экономикалық, мәдени қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. 
ІІІ-V  ғғ.  қытай  деректерінің  мәліметтеріне  қарағанда  кангюйлер  өзінің  Орта Азиядағы 
қос  өзен  аралығы,  Арал  өңіріндегі  иеліктерінен  айырылып,  бірқатар  тәуелсіз  иеліктерге 
бөлініп кетеді. V ғасырда  қаңлылар император сарайына елшілік жіберген елдер қатарында 
болған.  Бұл  кезге  қарай  кангюйлер  орнында  пайда  болған  ұсақ  иеліктер  эфталиттер 
мемлекетіне  тәуелді  болуы  мүмкін.  Біздің  заманымыздағы  1  мыңжылдықтың  орта  шенінен 
бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай өзгеріп, оған 
түркі тілдес тайпалар басып кіреді.  
 
Бақылау сұрақтары: 
 
 
1.
 
Б.з.д. І мыңжылдықтың басы мен біздің заманымыздың басында Қазақстан 
территориясында өмір сүрген қандай тайпалық одақтарды білесіздер? 
2.
 
Хун империясының күшеюінде қандай басшылардың еңбегі ерекше болды? 
3.
 
Үйсіндер мен Қытай империясының арасындағы қарым-қатынас қандай болды? 
4.
 
Қаңлылардың ескерткіштері қай жерлерден табылған? 
 
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет