63
1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен Трощинді қабылдаған. Сөйтсе де,
орыс-қазақ қарым-қатынастары 17-ші ғасырдың соңы мен 18-ші ғасырдың басында барынша
шиеленіседі. Өйткені осы жылдары Ресей мен Жоңғар мемлекеттері жақындасады. Қазақ
мемлекетінің күшейгенін байқаған орыстар жоңғарлармен жақындасып, оларды қазақтарға
қарсы қою саясатын жүргізеді.
Тәуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар арасындағы қарым-
қатынас тұрақсыз болды. Тек 1653-1670 жылдар аралығында жоңғарлардың қазақ жеріне
шапқыншылығы біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін салған
Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері таққа таласумен болды. 1670
жылы билікке келген Ғалдан Бошокту қонтайшының тұсында оңтүстік Қазақстанға
шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға әрекет
жасады. 1684 жылығы жоңғарлардың Сайрамға шабуылы нәтижелі болды. Жоңғар
хандығының территориясына қытайлар тарапынан шапқыншылық басталғандықтан олар
Сайрамнан бас тартты. Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін
тұтқынға айдап әкетті.
1697-1727 жылдар аралығында жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван Рабтан тұсында
қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барынша шиеленісті. Осыған байланысты 1710 жылы
Қарақұмда Тәуке ханның бастамасымен қазақ жүздерінің біріккен жиналысы болды.
Жиналыс нәтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге шешім қабылданды. 1713-
1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды. Осы
қиын жылдары Тәуке ханның қолбасшылық, реформаторлық, батырлық қасиеттері айқын
көрінді. Тәуке хан Шыңғыс хан құрған әскери басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Әскерді
қатаң басқаруға үлкен мән берілді. Әскерде басшылық ету онбасы, жүзбасы, мың басы
болып тағайындалды. Мыңбасыны Тәуке ханның ұсынысымен Билер кеңесі аса ерлік
көрсеткен батырлардан тағайындады. Бас қолбасшы Тәуке ханның өзі болды. Әскер саны
соғыс жылдарында 80 мыңға жеткенімен, бейбіт кезеңде хан ордасында тұрақты
сарбаздардың саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қорғады.
Соғыс жылдары әскерді қару-жарақпен, көлікпен әр ру басылары қамтамасыз етіп
отырған. Бұл мәселе де Тәуке қабылдаған тәртіп негізінде жүзеге асырылған.
Жауынгерлердің алдын-ала соғыс өнерінің түр-түрінен дайындықтан өтуі хан жарлығы
негізінде міндетті болған. Бұл әскерлердің соғысу қабылетін күшейткен. Сонымен бірге хан
жарлығымен шекара аудандарында әр 5-7 шақырым аралықта әскери мұнаралар тұрғызылды.
Жоңғарлар шабуылы басталған сәтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от жағып, келесі
мұнараға жау шабуылы басталғаны туралы хабар беріп отырды. Бұл стратегиялық тактика
негізінде жау шабуылын 100 шақырым жерден көріп, ұтымды қарсылық алдын-ала
ұйымдастырылды.
Қорыта келгенде, Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы саясатты сәтті
жүргізді. Ол ХVІІ ғ. аяғы мен ХVІІІ ғ. басында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды бір
қалыпты ұстады. Бұл кезде Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында
тәртіп сақтау және мемлекеттік құрылыстың негізгі қағидаттарын анықтаған «Жеті жарғы»
заңдар жинағы Тәуке тұсында жасалды. Тәуке хан дипломат-мәмілегер, айлакер қолбасшы,
әдеттік құқық жүйесінің реформаторы және қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын
сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. XVII ғасырдың соңы
мен XVIII ғасырдың басында хан билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ
халқының саны 2-3 миллион адамға жетті.
Бақылау сұрақтары:
1.
Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының нығайғанын дәлелдеңіз.
2.
Билер кеңесі қандай мәселелерді шешті?
3.
«Жеті Жарғы» бойынша құн төлеу қалай рәсімделген?
4.
Орыс деректерінде Тәукені тек
қазақтардың ғана емес,
қарақалпақтардың да ханы
болды деген мәліметті сипаттаңыз.