13
суреттерден андроновшылардың өздерін қоршаған дүние жайлы түсініктерін байқауға
болады. Суреттерде жиі кездесетін бейне – мүйізін алға кезеп, шоқтығы күдірейіп, алып
денесі шиыршық атып, аяқтарымен жер тіреп тұрған турдың – жабайы бұқаның суреті.
Әлемді жарату жөніндегі мифтерде дүние – Күн құдайы Митра құрбандыққа шалған
бұқаның мүшелерінен жасалған делінеді. Сонда Митра бұқамен қатар қойылып, бірдей
саналады. Ешкіөлмес тауындағы суреттердің бірінде Митра, басы күн шұғыласымен
қоршаулы адам бейнелес секілденіп, бұқа үстінде түрегеп тұрған күйде бейнеленген.
Бірқатар киелі орындарда ертедегі адамдардың басы күн шұғылалы Митраға тағзым етіп,
табынып жатқан кездегі көрінісі салынған. Таңбалы шатқалында күн басты бір кісінің
маңында айнала билеп жүрген кішкентай адамдар, парымен бірге және жеке өзі билеп
жүрген адамдар бейнеленген. Бұқа бейнесі молшылық, құдіреттілік пен күшті білдіреді.
Жартас көркем өнеріндегі жиі кездесетін суреттердің бірі – қос өркешті бактриян түйесінің
бейнесі. Ол ирандықтарда күн күркіреу құдайы – Веретрагна, үнділіктерде – Индра бейнесі
болып саналады. Қола дәуірі петроглифтерінің арасында соғыс арбасын да көп бейнелеген.
Қаратау тастарындағы суреттерде соғыс арбасы 49 жерде кездеседі, олар Таңбалыда да,
Ешкіөлместе де бар. Олардың көпшілігінде екі доңғалақты аңшы және соғыс арбалары
бейнеленген. Ат пен арба жайлы ирандықтар арасында көктегі күн күймесі жөнінде аңыз
бар. Олар жоғарғы құдайлардың бәрі аспанда пырақ жегілген күймелермен заулап жүреді
деп есептеген. Тастағы суреттердің ішінде жер жырту көріністері де кездесіп қалады, оларда
соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер бейнеленеді. Соқа басында адам болады. Бұл
көріністер жаңа жылды мейрамдауға, күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жаңару
мейрамына, құнарлылыққа байланысты бейнелесе керек. Бұл мерекенің ең бір маңызды
бөлегі – түрен тарту. Бірінші түрен тарту құқы, яғни алғашқы соқа салу құрметі патшаға
берілген.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы қола дәуірінің өзіндік мәдениеттері болған, олар
Қазақстан аумағында таралып, белгілі-бір даму сатыларынан өткен. Осы дәуірде аридтық
табиғи-географиялық жағдай көшпелі тұрмыс пен көшпелі мал шаруашылығына өтуге өз
әсерін тигізді.
Бақылау сұрақтары:
1.
1933 жылы КСРО Ғылым академиясы Орталық Қазақстанды зерттеу мақсатымен
қандай экспедиция ұйымдастырды?
2.
Андронов, Беғазы-Дәндібай мәдениеті қай жерлерден табылған?
3.
Андроновшылардың баспаналары қандай болды?
4.
Жартаста салынған суреттер қоршаған дүние туралы адамдардың түсінігі қола
дәуірінде қандай болғанын көрсетеді?
Достарыңызбен бөлісу: