Балалардың құқықтарын бұзушылықтарға қатысты шағымдарды қарау Уәкілдің бала құқықтарын қорғау жөніндегі қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Келіп түсетін шағымдардың авторлары көбінесе ересектер: ата-аналары,
қамқоршылары, көршілері болып табылғанымен және балалардың өздерінің шағымдары сирек болғанымен, Уәкілдің мекемесі бала құқығының бұзылғанын көрсететін әрбір шағымға ерекше көңіл бөледі.
Баса көңіл бөлу өз құқықтарын дербес қорғауға мүмкіндігі жоқ балалардың ерекше мәртебесіне байланысты. Шағымды қарау Уәкілдің құзіретіне жатпаған жағдайдың өзінде халықаралық стандарттарды ескере отырып, қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беріледі, шағым иесіне баланың құқықтары туралы хабарланады, құқықтарын іске асырудың немесе қорғаудың мүмкін тетіктері жөнінде ұсынымдар беріледі.
Шағым иелерінің Уәкіл мекемесіне балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша шағым жасау нәтижелерінің бірі – олардың бала құқықтарымен, қолданыстағы халықаралық стандарттармен танысуы, сондай-ақ олардың баланың құқықтық мәртебесіне ересек адамның құқықтары көлемінің иесі ретіндегі көзқараспен қарауын өзгерту. Осылайша, Уәкіл мекемесі хаттармен жұмыста да бала құқықтары бойынша ағарту функцияларын жүзеге асырады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің үш жыл ішіндегі кезеңінде бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты барлығы 124 жазбаша шағым келіп түсті. Есепті кезең уақытында алынған жалпы санмен (3000-ға тарта жазбаша шағым) салыстырғанда, бұл сан үлкен емес, алайда осындай шағымдардың айрықша ерекшелігі олардың көптеген жағдайларда адам құқықтарының елеулі бұзушылықтарына қатыстылығында болып табылады, шағым иелері өз мәселесін шешуге уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбеген де шығар, бірақ олардың өтініштерінің әділеттілік пен мораль қағидаттарына негізделгені айқын. Неғұрлым жиі шағым жасалатын мәселелер санатына кіретін шағымдардан айырмашылығы сол, олардың шағымдары нормативтік құқықтық актілерге сілтемелерді, растайтын құжаттарды қамтымайды, бірақ одан оларда көтерілетін мәселелер өзінің мәнін жоғалтпайды.
Уәкіл почтасында әрдайым «кәсіби шағым жасаушылардан» - өмір жылдарын сотпен дауласумен және хат жазумен өткізетін адамдардан келіп түсетін бірқатар шағымдар бар. Олар өз көзқарасын қорғау жолында жаңа тосын проблемалармен жиі ұшырасады, олардың жазысқан хаттарының көлемі арта түседі, олар маманданып алған соң кез келген мәселе бойынша: ұсынылатын коммуналдық қызметтердің деңгейінен бастап өздеріне ұнайтын автобус маршрутының аялдамалар саны туралы мәселені шешуге дейін ең жоғарғы сатыға шағымдануға дайын тұрады. Балалардың құқықтарын қорғау мүдделеріндегі шағым иелерінің арасында, әдетте, мұндай маманданған шағым иелері жоқ.
Шағым иелері ретінде көбінесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың туысқандары, жақындары мен тіпті көршілері жүгінеді. Ұл балаға асыраушысы қайтыс болғаннан кейін төленетін жәрдемақыны тағайындау тәртібін қайта қарау туралы шағымдардың бірінде көршілері жүгінді, өйткені қорғаншылықты алған қария әжесі дербес түрде әділ шешімге қол жеткізе алмаған (П., 07.04.2004 ж. кіріс № 224/03). Екінші жағдайда кәмелетке толған әпкесі ата-анасыз қалған кіші сіңлісінің қорғаншысы болуды ресімдеуде көмек көрсетуді өтінген (Б., 12.09.2005 ж. кіріс № 1456/03).
Шағымдарды талдау балалар құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар берудің негізгі субъектілері әйелдер (шағымданушылардың
67,57 %-ы) болып табылатынын көрсетті. Осы жағдаятты балаға қамқорлық жасау ауырталығының негізінен әйелдің, бала анасының мойнында екенімен түсіндіруге болатын сияқты.