БСА-ң эпидемиологиялық сипаты
Ересектерде БСА үдеуінің басты себептеріне диабет пен гипертония жатса (2 сурет), балаларда БСА дамуының ең басты себебіне бүйректің туа біткен даму ақаулары жатады. Алайда бұл мәліметтер БСА-ң ерте сатыларында анықталатын дамыған елдерге тән. Ал дамып келе жатқан елдерде БСА үдеуінде жүре пайда болған себептер мен жұқпалы аурулар басым болып, БСА кеш сатыларында анықталады.
2 сурет. Ересектерде бүйректің терминалды жетіспеушілігінің себептері
NAPRTCS регистрінде БСА себептерінің жартысын келесі аурулар құрайды: обструктивті уропатия (22%), бүйректің аплазия/гипоплазия/ дисплазиясы (18%) және рефлюкс-нефропaтия (8%). Құрылымдық себептер кіші жас тобындағы науқастарға тән екендігін ескерсе, гломерулонефритпен аурушаңдық 12 жастан асқанда көбейе бастайды. Гломерулярлы ауруларды жеке талдаса, БСА үдеуінде тек фокалды сегментарлы гломерулосклероз (ФСГС) елеулі орын алады (8,7%), ал қалған ГН-тер 10%-дан азырақ жағдайда БСА дамуының себепшісі (3 сурет, USRDS, 2008).
3 сурет. Балаларда бүйректің терминалды жетіспеушілігінің себептері
Италияда өткізілген зерттеулер бойынша балаларда БСА дамуының 57,6% жағдайында урологиялық ақаулармен қосарласқан(паған) гипоплазия құраса, шумақтық аурулар тек 6,8% құраған. Алайда БТЖ дамыған науқастармен шектелген зерттеуде гломерулярлы аурулардың 15,2%-ға дейін өскені, ал гипоплазия жиілігінің 39,5%-ға дейін төмендеуі бұл ауруларда БСА үдеуінің жылдамдығы сәйкессіз екендігін көрсетеді.
EDTA регистріне сәйкес, БТЖ популяциясы арасында гипоплазия/дисплазия және тұқым қуалайтын аурулар 0-4 жастағы балалар арасында ең жиі кездессе, жас үлкейген сайын ГН және пиелонефрит мөлшері үдемелі түрде өседі. Дамып келе жатқан елдерде регистрдің болмауынан және жиналатын мәліметтер аздығынан БТЖ этиологиясы туралы ақпарат жоқтың қасы. Оған қоса дамыған елдермен салыстырғанда В, С гепатиттері, безгек, шистосомоз және өкпенің құрт ауруы секілді аурулармен ұштасқан жұқпалы гломерулонефриттер мәселесі өзекті болып қалуда.
Достарыңызбен бөлісу: |