Визуалды маркерлер. Бүйрек зақымдалуын анықтайтын аспаптық зерттеулер: ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, изотопты сцинтиграфия, контрастты урография. Бүйрек өлшемінің кішіреюі айтарлықтай мәлімет береді (бүйрек өлшемі ұлғаятын жедел бүйрек жетіспеушілігінен айырмашылығы).
Бүйректі ультрадыбыстық зерттеу
БСА-мен науқастардың барлығында дерлік УДЗ келесі жағдайларда өткізілуі тиіс: аурудың үдеуі; айқын немесе созылмалы жасырын гематурия; зәр шығару жолдары обструкциясының көріністері, жанұялық анамнезінде бүйректің поликистозды ауруы; БСА-ң 4 немесе 5 сатысында және бүйрек биопсиясын өткізер алдында.
Жанұялық анамнезінде туа болған бүйрек аурулары бар адамдарға зерттеу өткізер алдында қалыптыдан ауытқыған нәтижелердің мәнін талдау қажет.
2. Бүйрек қызметін бағалау. Бүйректің негізгі қызметін ШСЖ арқылы бағалайды. Шумақты сүзгі жылдамдығы миллилитрдегі қанның қанша көлемі бір минут ішінде креатининнен толығымен тазартылу мүмкіндігін көрсетеді. Динамикада ШСЖ төмендеуі қызметке қабілетті нефрондар санының азайғандығын анық көрсетеді. Әрбір науқаста ШСЖ төмендеуінің жылдамдығы тұрақты түрде жүреді (қосымша үдеу факторлары болмағанда). Бірнеше өлшемдермен осы жылдамдықты есептеп, гемодиализ басталу уақытын ертерек анықтауға болады. Шумақтық сүзгі жылдамдығы сарысулық креатинин мен несеп нәріне қарағанда, бүйректің функционалды жағдайының неғұрлым сезімтал көрсеткіші болып табылады. Несеп нәрінің деңгейі БСА-ң ауырлық дәрежесіне сай келмейді, сондықтан бұл параметр қолданылмайды. Cr-ң көптеген параметрлерге тәуелділігі оның диагностикалық бағалануын төмендетеді, ол параматрлер – бұлшықет массасы (әйелдерде Cr 15%-ға төмен), емдәм (вегетариандықтарда Cr деңгейі төмен), кейбір дәрілерді қолдану және тағы басқа жағдайлар. Есептеу формулаларының көмегімен және креатинин клиренсін анықтау жолымен ШСЖ бағалауға болады (5 кесте).
Қан сарысуының креатинині. Қан сарысуындағы креатинин концентрациясын анықтау зертханада міндетті түрде жасалатын зерттеу әдісі болып табылады. Креатинин концентрациясының бірқатар факторларға тәуелділігіне байланысты, қан сарысуындағы креатининді анықтау бүйрек қызметін бағалау үшін жеткіліксіз болып табылады.
5 кесте – Қан сарысуындағы креатинин концентрациясына әсер ететін факторлар (K/DOQI, 2006)
Фактор
|
Әсері
|
Механизмі/Түсініктеме
|
Жас
|
Төмендетеді
|
Бұлшықет массасының жасқа байланысты төмендеуінің нәтижесінде креатинин түзілуінің аздау болуы
|
Әйел жынысы
|
Төмендетеді
|
Еркектермен салыстырғанда бұлшықет массасы азырақ
|
Вегетариандық емдәм
|
Төмендетеді
|
Креатинин түзілуінің азаюы
|
Етті артық қабылдау
|
Жоғарылатады
|
Креатинин түзілуінің транзиторлы жоғарылауы
|
Бұлшықеттің жақсы дамуы
|
Жоғарылатады
|
Үлкен бұлшықет массасы ± тағаммен ақуызды қабылдаудың жоғарылауы
|
Жеткіліксіз тамақтану /бұлшықет дамымауы /ампутациялар
|
Төмендетеді
|
Бұлшықет массасы аз ± тағаммен ақуыздың аз түсуі
|
Семіздік
|
Өзгертпейді
|
Бұлшықет массасының жоғарылауынсыз май тінінің артық мөлшері креатинин өнімін жоғарылатпайды
|
Триметоприм, циметидин, фибраттар (гемфиброзилден басқасы)
|
Жоғарылатады
|
Креатининнің өзекшелік экскрециясының төмендеуі
|
Цефалоспориндер
|
Жоғарылатады
|
Пикрат тұздарымен өзара әсерлесу
|
Қан сарысуының Cr-ң концентрациясы креатининнің өндірілуіне, секрециясына, бүйректен тыс экскрециясына тәуелді. Креатинин ағзада креатинфосфаттан фосфор қышқылы қалдығының ыдырауы нәтижесінде (креатин ангидриді түрінде) түзіледі; азоттық алмасудың соңғы өнімдерінің бірі болып табылады және зәрдің тұрақты құрамдас бөлігіне жатады.
Креатининнің түзілуі. Қан айналымында жүретін креатинин бұлшықет тіндерінде түзіледі. Креатининнің орташа түзілу жылдамдығы ер адамдарда, жастарда жоғары. Бұл жасқа, жынысқа және нәсілге тәуелді қан сарысуының креатининінің концентрациясының әртүрлі болуына әкеледі. Бұлшықет солуы креатинин түзілуінің төмендеуіне әкеледі, бұл жағдай БСА кезінде ақуыз-энергетикалық жетіспеушілігі бар науқастарда ШСЖ деңгейі бойынша күтуге болатын қан сарысуындағы креатинин концентрациясының төмен болуына әкеледі. Креатининнің көп түзілуіне сонымен қатар етті көп қабылдау жатады, өйткені етті дайындау кезінде креатиннің бір бөлігі креатининге айналады. Сондықтан вегетарианды науқастарда сарысу креатинині күтілген жағдайдан төмен болады.
Креатинин секрециясы. Креатинин шумақтарда еркін сүзіледі, алайда сонымен қатар проксималді өзекшелерден де сүзіледі. Зәрмен шыққан Cr мөлшері сүзілген және секрецияға ұшыраған креатининнің қосындысы болып табылады. Cr клиренсі ШСЖ-н көтеріңкі көрсетеді. Бұл жалған жоғары көрсеткіш дені сау адамдарда 10%-дан 40%-ға дейін құрайды, бірақ БСА бар науқастарда жоғарылау. Cr секрециясы кейбір кең таралған дәрілік препараттармен, мысалы, циметидинмен және триметоприммен басылып қалады.
Креатининнің бүйректен тыс экскрециясы. Бүйректің қызметі қалыпты науқастарда креатининнің бүйректен тыс экскрециясы аз деңгейде, ал БСА бар науқастарда Сr экскрециясы жіңішке ішекте бактериялардың артық өсуіне байланысты жоғарылайды. Бүйрек қызметі ауыр бұзылған науқастарда креатининнің тәуліктік экскрециясының үштен екісі бүйректен тыс жолмен өтеді. Креатинин қалыпты болғанның өзінде, әсіресе қарт адамдарда ШСЖ-ң біршама ауытқуы байқалуы мүмкін. Қартайған сайын бұлшықет массасы азайып, креатинин клиренсі де азаяды. Бұл уақытта Сr-ң сарысулық деңгейінің өзгеріссіз қалуы бүйрек қызметінің өзгеріссіздігін көрсетпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |