III. БСА асқынуларын анықтау және емдеу:
Артериалды гипертония (жоғары қараңыз)
Гиперфосфатемия, гиперпаратиреоз және сүйек патологиясы
БСА-ң патогенезінде және ағымында, әсіресе балаларда фосфор-кальций алмасуының бұзылысы маңызды орын алады. Сүйек патологиясы БСА-ң 3-5 сатысындағы науқастардың 75-100%-да кездеседі.
БСА бар науқастардағы гиперфосфатемия органикалық емес фосфордың ішектерде жоғары сіңірілуінен емес, бүйректің зәр шығару қызметінің төмендеуінен болады. Қалыпты жағдайда дені сау адам тағаммен 1000 мг фосфор қабылдайды, 300 мг ішекпен, 700 мг – бүйрекпен шығарылады. Шумақта сүзілген фосфордың 85%-ы проксималды өзекшелерде қайта сіңіріледі.
Ренальді остеодистрофияның клиникалық көріністері ересек адамдарға қарағанда, жас балаларда жиі кездеседі. «Бүйректік остеодистрофия» терминіне барлық қаңқалық бұзылыстар жатады, олар – фиброзды остеит, остеомаляция, остеосклероз және бой өсуінің тежелуі. Жас балаларда кездесетін қаңқалық бұзылыстар рахитке ұқсас келеді – Гариссон жүлгесі, білегінің, тобығының, сүйек шеміршек жалғамаларының ұлғаюы, бұлшықет әлсіздігі. Аяқ қолдарының деформациясы, әсіресе метафизарлы аймақта дамиды. Бірақ ұзын сүйектердің диафизарлы бөлігінде майысу болмайды. Остеодистрофияның негізгі клиникалық көрінісі – патологиялық сынулар.
БСА-мен жүретін ренальді остеодистрофияның басты үш түрін ажыратады:
адинамиялық ауру (ремодуляциясыз баяулаған резорбция);
остеомаляция (қалыпты немесе төмендеген резорбция);
фиброзды остеит – osteitis fibrosa (сүйектердің жылдам резорбциясы).
БСА-ның ерте сатысында қандағы фосфаттар деңгейінің транзиторлы жоғарылауы салдарынан, йондық кальций концентрациясы төмендейді. Ол қалқанша маңы безімен шығарылатын паратиреоидты гормонның (ПТГ) гиперсекрециясын шақыртып (екіншілік гиперпаратиреоз), соның нәтижесінде остеокластық белсенділік жоғарылайды, яғни сүйектегі кальций резорбцияланып, қанға өтеді. Бүйрек қызметінің төмендеуіне байланысты Д дәруменінің белсенді метаболиттерінің шығарылуы төмендейді. Нәтижесінде кальцийдің ішектерде сіңірілуі, бүйректегі реабсорбциясы төмендеп, гипокальциемияның дамуына әкеледі. Бүйрек қызметінің төмендеуі мен қандағы белсенді Д3 дәруменінің (1,25(0Н)2) концентрациясының төмендеуі арасында тікелей корреляция байқалады. БСА-ның үдеуі салдарынан гиперфосфатемия тұрақты түрде дамиды. Ағзаға фосфаттар ішекте сіңірілуі арқылы түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |