6 Ұлттық сана-сезім
Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Халықты ұлт ретінде сақтайтын жалғыз жол бар. Ол жол – жас ұрпақты ұлттық сана-сезім негізінде тәрбиелеу (әсіресе мектепке дейін және мектепте). Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады.
Ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын құралдардың ең негізгісі – ана тілі. Көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Қазақстанды мекендейтін әрбір ұлттың өзінің мемлекет алдындағы міндеті – қоғамдық байлықты, яғни мемлекеттің материалдық базасын нығайту, өмірдегі тату-тәтті тірлікті, азаматтық келісімді жолға қойып, ұлттық бірлікті сақтау.
Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, отаншылдықты, елжандылықты дарыту – қазіргі кезде көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Ақиқатында, осынау мәселе еліміздің тұтастығын, оны ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды отаншылдық, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеуді жүктейді.
Өткенін білмеген халқының қадірін білмейді, халық нені бастан кешірді, бүгінге қол жеткені ненің арқасы, халық өз тарихын жасау үшін тер төгіп, азап шекті, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жерін қорғап, елін сақтады.
Патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады.
Асылында, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға әсер ететін факторлар – ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық игі дәстүрлер, ұлттық парыз, бірлік және міндет.
Ұлттық сезім – өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.
Ұлттық мақтаныш – ұлттық материалдың, әлеуметтік һәм мәдени жетістіктерінің негізінде қалыптасатын әрі алдыңғы қатардағы ұлттық идеялар, ой-пікірлермен байып отыратын, ұлт бостандығы және саяси-әлеуметтік бостандық жолындағы күрестің тарихымен байланысты әлеуметтік-психологиялық сезім болып саналады.
Ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау. Ал парыз – өзінің мағыналық аясына ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтып, оларды адам өміріндегі қайшы құбылыстарға қарама-қарсы қоятын жоғары парасаттылық ұғым.
Бағамдасақ, патриотизм – адамның туа біткен биологиялық қасиеті емес, ол әлеуметтік, тарихи қалыптасқан, Отанға деген сүйіспеншілік сезім. Ол Отанға қызмет етуден көрінеді. Әрбір халық өз Отанының, яғни өзі еңбек етіп, өмір сүретін саяси, мәдени, дамуына мүдделі. Ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі.
Ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, жері әм елінің тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру де туындайды. Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайды.
Патриотизмнің маңызды бөліктерінің бірі: онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух һәм ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту лазым. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этностық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да, әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері һәм ерекшеліктерімен де байланысты. Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек. Кімде-кім халыққа, оның болашағына сенбесе, өз тағдыры үшін де үрейленеді, өз Отанын жат жұрттықтардың жаулап алуынан қауіптенеді. Бір сөзбен түйгенде, Отанының патриоты, батыры бола алмайды. Жалпы, патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасынан бастау алады.
Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.
6.1 Ұлттық тәлім-тәрбие берудің әлеуметтік қажеттіліктері
Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда «туған ұлт», «ұлттық», «ұлтшылдық», «ұлттық идея», «ұлттық мүдде», «ұлттық тәрбие» мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің «жасампаз» интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін. Қазір уақыт өзгерді, заман басқа, уақыт сұранысына жауап беретін талап та басқа. Бүгінде ұлт, ұлттық, ұлтшылдық мәселесі жақсы мағынада елдік санаға ұласып отыр. Елдік сана дегенде ең алдымен ойға оралатын нәрсе, қазақ елінің мәңгілігі туралы идея. Бұл не деген сөз? Қазақ елінің мәңгілігі туралы идея – біздің тәуелсіз мемлекетімізде жетекші ұлттық санаға айналуы керек деген сөз. Яғни, Қазақ елі – мәңгілік ұлттық идея. Осы мазмұн туған елімізде қайсы ортада, қандай бағытта болмасын негізгі ұстын, басты тірек болуы керек.
Енді ұлттық биік сананы қалай қалыптастырамыз, оны жүзеге асырудың жолдары қандай деген мәселеге келейік. Қазір барлық елдер мен мемлекеттер біркіндікті жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Негізгі кіндігі еркін таңдау және жеке бастама жасай алатын жеке адам бостандығы идеясына негізделген Батыс өркениеті болып отыр. Соңғы жылдары жаһанданудың бір тетігі ретіндегі батыстану – бұл тек батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік реттеудің (адам құқығы, жеке адамның тұлғалық тұрпаты, діни сенімі, ұлттық төзімділік, әдептілік, т.б.) мәдени-өркениеттік қалыптар кешенін де қабылдау екенін түсінген дәстүрлі қоғамды жақтаушылардың табанды қарсылығына тап болуда. Бұл тұрғыда негізгі келіспеушілік өркениеттердің өзара кірігуі мен ұштасып кетуіне қарсылықта болып тұр. Анығырақ айтқанда, жаһандану барысында Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы төлтумалық сипатының жоғалуына түрткі болуы мүмкін деген қауіпке әкеліп тірейді. Өйткені, өткен ғасырдың орта шенінен айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рас, Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет, алайда, Батыс өркениетінің қоршаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарауға үйретуі, оны технологиялық тұрғыдан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі, бұл мәселеде бізге үлгі бола алмайды. Сондықтан Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. Тағы да қайталап айтудың реті келіп тұр, батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды еш уақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Қанша аз уақыт жұмсалса, сонша пайдасы көп. Алайда басы ашық мәселенің бірі – қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан, өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Бұл шығар күндей анық мәселе. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп алып, жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та геосаяси тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді.
Ендеше, оған қарсы тұру үшін не істеу керек? Одан өз бітім-кескінін сақтаған қазақ қоғамын аман алып қалудың қандай тетіктері бар? Біздің ойымызша, оның ең тиімді үлгісі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені, біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындауға мәжбүрміз.
Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.
Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге «Мәңгі ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстын жатыр. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектілік ресурстарымен тығыз байланысты. Интеллектуалды ұлт болу деген тар шеңбердегі ұғым емес, оның түпкі иірімінде ұлттық негіз, ұлттық ұстын, ұлттық болмыс жатыр. Ұлттың сапалық құрамын арттыру тек қан тазалығын жақсартумен ғана шектелмейді, рух тазалығын тәрбиелеу арқылы да биік мұратқа жетуге болады. Ал, оның түпкі мақсатында инновациялық терең білім алу қажеттілігі мен технологиялар әлемінде қабілеттілік таныту сұранысы менмұндалап тұр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біздің елімізде интеллектуалдық «тапшылықты» «дефициті» қай кездегіден де жоғары.
Елдік сананы қалыптастыру үшін неге ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қоямыз? Ұлттық тәрбие өзара тығыз байланысты екі бастаудан нәр алуға тиіс. Оның біріншісі, қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, бақыт туралы арман-аңсар. Таратып айтсақ, осындай арман-аңсардың мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде, тіл мен ділде, діни сенім-нанымда түрліше көріністері болуы керек. Екіншісі, бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық ахуал. Бірінші жағдайға қатысты ойымызды одан әрі өрбітер болсақ, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-нанымы мен діні дегенде тарихтың сүзгісінен сараланып өткен рухани құндылықтарға басымдық сипат берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де оң шешімін табатын жолмен ілгері басуына кепіл бола алар еді.
Әрине, бүгінгі қоғамдық-психологиялық ахуал дегенде осы бағыттағы әлемдік тәжірибелердің озық үлгілері мен жетістіктері де назардан тыс қалмауға тиіс. Түсінген кісіге қазіргі заман көзімен қарасақ, қоғам түбегейлі өзгерген. Жастардың психологиясы, таным түйсігі мүлдем басқаша. Бүгінгі қоғамдық қатынастар өкшебасар ұрпақты бәрібір өз дегеніне көндіруде. Тіпті ұлттың құрамы да ала-құла. Ұлттың (отбасының) құрамы ала-құла болған соң, тілі де біркелкі емес. Осыған байланысты бүгінгі қазақ отбасының ұлттық тәрбиесі күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Мұндай өзгерістерге біз әрқашан дайын болуымыз керек. Ол үшін білім арқылы тәрбиелеудің әлемдік озық үлгілеріне арқа сүйегеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда ғана біз бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз. Халықаралық деңгейдегі білімнің басты ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау болса, оның алғы шарты білім арқылы тәрбие берудің ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген сөз. Мұны дүниежүзілік тәлім-тәрбие берудің озық тәжірибелерін игермей ұлттық тәрбие идеясын толыққанды жүзеге асыра алмаймыз. Бүгінгі тарихи-психологиялық ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Онсыз білім де, тәрбие де өз деңгейінде болмайды. Шын мәнінде тәуелсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мәдениеттің сақталуы және халыққа рухани қызмет ету әлеуеті емес пе?! Ол-ол ма, ұлттық бостандық үғымының түпкі мазмұн-мағынасы да осыған саяды. Жастарды ойдағыдай тәрбиелеуде біздің мүмкіндігіміз бар. Өйткені, ол үшін батыс мәдениетімен, білімімен бәсекеге түсе алатындай ХХІ ғасырда рухы биік мәдениетіміз бен біліми әлеуетімізді қалыптастыруды қолға алу өте-мөте маңызды. Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең деңгейдегі ұлт жаһандану деген алып мұхиттың үстінде өзінің келбетін жоғалтпайды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын. Ол үшін ұлттық тәрбиені дамытудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын жасау керек. Өйткені, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айналдырып, жан-жақты ізденетіні, ғылыммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым шындығында, аса зор өндіргіш күш, үлкен байлық. Сондықтан да әлемдік жаңа идеология білім күшіне сүйенеді. Сондай-ақ қазіргі замандағы білім беру жүйесінің міндеті қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету. Ұлттық тәлім-тәрбиенің ең басты қажеттілігі – жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру дейтін болсақ, бұл бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі саналады.
Ал, ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі болады.
Ұттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.
6.2 Ұлттық тәрби мен ана-тілдің байланысы
Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.
Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып, ХV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен, қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілінің ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар.
Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл.
Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық, құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады.
Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі.
1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заңда «Тіл - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі» делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында “Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С. Торайғыров ағамыз жырлап өткен.
Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар» сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз.
Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының және оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қытай, Монғолия т.б.) ұлттық тілі.
Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады.
Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» куә бола алады.
Қазақ тілі түркі тілдерінің (солтүстік-шығыс ареал) қыпшақ тобына кіреді (татар,башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қырым-татар, қарақалпақ, ноғай) және ол, әсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады.
Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп Баласағұнның «Қүтадғу білік» еңбегі, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғатат түрік» еңбегі, Ахмет Йүгінекидің «Һибат Ұл һақайық» еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметі» (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14 ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан алады.
Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік нормаларында қалыптасқан, кейінгі кезде ақындар, жыраулар мұрасы арнасына құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы бізге жеткен қазіргі қазақ әдеби тілі.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж.), «Тіл саясаты туралы» тұжырымдамасы (1996 ж.) және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң (1997 ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр.
Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б.
Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл.
Біздің ана тіліміз - қазақ тілі:
- түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл;
- ежелден жазба мәдениеті бар тіл;
- әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді формалары бар;
- демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл;
- құрылым-құрылысы кемелденген тіл;
- егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттік тіл.
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.
Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім...
В. В. Радлов (ресейлік шығыс зерттеушісі) – Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.
П. М. Мелиоранский (1868-1906, шығыс зерттеушісі, профессор) – Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды.
Н. И. Ильинский (1822-1892, Қазан университеті, профессор) – Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.
И. Бенцинг (түркітанушы) – Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.
С. В. Малов (орыс ғалымы) – Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.
А. Саади (татар ғалымы) – Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.
А. Янушкевич (поляк журналисі) – Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.
А. Байтұрсынов – Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.
М. Әуезов – Көген көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
М. Жұмабаев – ... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.
Н.Оңдасынов – Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне ... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады...
М. Дулатов («Қазақ тілінің мұңынан» үзінді) – «Мен заманында қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім».
Ғ. Мүсірепов – Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың VІ ғасырында құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар еді. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі бір ...
Ғ. Мұстафин – Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық.
Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды.
Х. Досмұхамедов – Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды ... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.
Ш. Айтматов – Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын, орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын... туыс тілдегі терминдер баламасын тартынбай кәдемізге асырсақ, қырғыз тіліне олжа саламыз!..
Б. Момышұлы – Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқындалған.
Б. Момышұлы – Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері.
Н. Ә. Назарбаев – Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз.
Достарыңызбен бөлісу: |