Жүгері өсірудің индустриалды технологиясы мен тыңайтқыштарды қолданудың кейбір ерекшеліктері
Қазірде ғылымның белсенді ықпал етуі, жоғары өнімді жүгерінің сорттары мен будандарының шығарылуы, әртүрлі тынайтқыштар мен тиімді гербицидтердің жылдан-жылға көп қолданылуы, топырақ өңдеудің озық тәсілдері, комплексті және өнімділігі жоғары машиналардың пайдаланылуы, еңбекті ұйымдастырудың тиімді әдістерін кеңінен қолдану — егіншілік мәдениетін жаңа сатыға көтеріп отыр.
Бірақ, бұл дақылды өсірудің жайына талдау жасау—дәнге, сондай-ақ сүрлемге арналып егілетін жүгерінің орташа түсімі бізде әлі де ойдағыдай болмай отырғанын оның биологиялық ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сай келмейтіндігін көрсетуде. Оның үстіне бұл дақылды өсіруге қол еңбегін көп жұмсауға әлі де жол беріліп келеді. Республиканың жекелеген шаруашылықтарының қол жеткізген шығымдылықтары дәрежесінде өзара үлкен алшақтық бар, мұның өзі резервтерді толық пайдаланылмай келе жатқандығын дәлелдейді. Көп уақытқа дейін, жүгері егістігінің топырағы жай технологияны қолданғанда 10—12 рет әртүрлі механикалық өңдеуден өтетін. Бұл өңдеудің бірқатары мыналар: жүгері егістігі күзде жиналып болған соң топырақ қандырылып суарылады. Одан соң суару үшін қазылған арықтар бульдозермен жабылады. Фосфорлы, калийлі және органикалық тыңайтқыштар және азотты тыңайтқыштардың қолданылатын нормасының жарымы егістікке шашылады. Егістік жер себер алдында өңделіп, айдалады. Тырмаланады, содан соң, егу жұмыстарымен қатар тырмаланады. Өзінің 4—6 және 8—9 жапырақ даму кезеңдеріне жеткенде азотты тыңайтқыштармен үстеп коректендіріледі. Арамшөптердің өсу дәрежесіне қарай гербицидтер қолдану үшін 2—3 рет культиваторлар жүргізіледі немесе арамшөптерді құрту үшін жұмысшылардың қол күші жұмсалады. Оның үстінде, егістіктерді суару жұмыстарын жүргізуге байланысты арықтар тартылады. Осы жұмыстардың барлығы тракторлар мен түрлі құралдардың көмегімен жүргізіледі. Осындай механикалық агрегаттардың талай реттік тынымсыз қозғалысы топырақты тығыздайды, құрылысын бұзады. Мұның өзі топырақ бөлшектерінің тым майдалануына әкеп соғып, жел және су эрозиясына оңай ұшыратады, әрі топырақ құнарлылығын кемітеді. Оның үстіне, жүгері егістігіне жоғарыда қолданылған агротехникалық шаралар жалпы жұмыстың көлемі мен оларға жұмсалған шығындар (жұмысшы күші, жанармай, дақылдардың өзіндік құнын) шектен тыс асырып жібереді. Міне, мұның өзі егіншілікті дұрыс жүргізудің экономикалық сапалы, тиімді әдісін іздестіруді қажет етті. Жүгері егістігінде индустриялық технологияны қолданудың мәні — топырақ тиімділігін арттыру, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді, жоғары өнімді тұқымды, техниканы комплексті түрде, үйлесімді пайдалану болып табылады. Жерді көктемде жыртудан кейін топырағы неғұрлым тығыз егістіктің беті маламен тегістеледі, борпылдақ топырақтарда жерге бұл операцияның қажеті жоқ. Фосфорлы, калийлі және органикалық тыңайтқыштар мен азотты тыңайтқыштардың кейбір бөлімдері осы өндеу жұмыстарымен бірге жүргізіледі. Күтіп-баптаудың дәстүрлі тәсілдерінің бірі— жүгері жер бетіне өніп шыққанша және шыққаннан кейінгі тырмалау, ол топырақтың бетін қопсыту және арамшөп өскіндерін жою үшін қолданылады. Көктемде жер жақсы суарылып, ол ылғалды жақсы сіңіретін болса, өсімдік 6—7 жапырақ жайған кезде алғаш рет суарылады, екінші су — шашақ шашардың алдында, үшінші су — шашақ шашу және сүттенген собық пайда болу кезінде, төртінші су — дән қамырланған кезде беріледі. Өсіп-жетілу кезіндегі суарудың жиілігі мен ңормасын топырақтын механикалық құрамына, жер бедеріне және басқа факторларға қарап белгілеу қажет. Егер топырақтың механикалық құрамы ауыр болып, көктемде жақсы суарылса, 4—5 рет суару жеткілікті, ал ұсақ тас жер бетіне жақын, боз топырақты жерлерде кемінде 9—12 рет, бірақ, аз нормамен суару керек.
Индустриалды технология енгізілген алғашқы жылы едәуір қиындық кездесті. Өйткені, бұл технология суарылмайтын жердің жағдайында қолайлы болса да оның кейбір элементтері суармалы жердің жағдайына онша оңтайлы болмайды. Сол себепті, мамандар бірлесіп, осы технологияның негізгі элементтерінен басқасына кейбір өзгерістер енгізді.
Агрегаттар құрамын өзгертіп, олардың жұмыс органдарын қайтадан жабдықтады. Индустриалды технологияны енгізгенге дейін, егістік ауыр тырмалар тіркелген агретатпен өнделіп, топырақты тегістеуге мала екінші агрегатта қолданылатын еді. Ал қазір индустриалды технология бойынша жерді жырту, тыңайтқыштарды қолдану, тырмалау, малалау жұмыстарын бір ғана агрегат бір мезгілде атқарады. Тек танаптардың аяқ жағы қосымша тегістеледі.
Қорытынды
Жүгері- маңызды астықтық және мал азықтық өсімдік. Жүгерінің техникалық дақыл ретінде де маңызы зор. Жер шарында жүгері астығының 20% азыққа, 15-20 % техникалық мақсатқа жаратады. Бұл дақыл астығының аз бөлігіне жуығы мал азығына қолданылады.
Жүгері дәнінде 9-10% ақсыл, 4-8% май, 65-70% азотсыз экстрактивті заттар бар. Оны ұн, жарма, жүгері үлпегін алуға өңдейді. Жүгері астығынан алынған өнімдерден әр түрлі азық дайындалады: печенье, торт, шоколад, сусын және тағы басқалары.
Жүгері желмен тозаңданатын өсімдік . Өсу-даму кезеңі 70-180 тәулікке жетеді. Өскін пайда болғаннан кейін 3-4 жұма бойы жүгері баяу өседі. Осы кезде жақсы баптап күту қажет және уақытында арамшөпті жою қажет.
Тыңайтқыштарды қолдану арқылы топырақ құнарлылығын едәуір жақсартып, жүгеріні қауырт өсіруге болады. Бұл жалпы өнімге де әсер етеді. Өсімдік түсімінің сыртқы белгісіне және оның негізгі элементтеріне мыналар жатады: I есімдіктегі собықтың, дәннің саны және бір собықтағы дәннің, 1000 дәннің массасы, I собықтағы дәннің процент есебіндегі үлес салмағы. Осы аталғандардың бәрі жүгерінің биологиялық өнімін құрайды. Жалпы өнім үшін бұл элементтердің әрқайсысының үлкен маңызы бар. Суармалы жерлердегі ашық қара қоңыр топырақта егілген дәндік жүгері өнімінің өсуі — собықтағы дәннің көп болуы мен 1000 дәннің массасының өсуіне байланысты болады. 30 тонна көң мен минералды тыңайтқыштарды араластырып қолданғанда әрбір 100 өсімдік 102—107 собық, ал тыңайтылмаған алқаптарда 98 собық шығарды. 60 кг супер-фосфат қолданғанда жүгері собығындағы дән санының өсуіне әсер етті. Тыңайтылмаған алқаптағы жүгері собығынан 120 дана дән, бір собықтағы дәннің массасы 38,1 грамм артық алынды. Ал азотты тыңайтқыштардың әртүрлі нормаларын 60 және 90 кг фосформен араластырып қолданғанда, бір собықтағы дәннің санын 815—865 данаға, массасын 213,3—229 грамға, I өсімдіктегі дәннің массасын 51,1—78,8 грамға арттыруға болады екен. 1000 дәннің массасының ең көп өсуі — N120 Р90 N150 Р60 — 30 тонна көңді қолданғанда алынды.
Қолданылған әдебиеттер:
Әрінов Қ.Қ., Можаев Н.И., Шестакова Н.А., Ысқақов М.Ә., Нұрғалиев А.Н., Рахымбеков Т.С., Иванников А.В. «Өсімдік шаруашылығы практикумы» Ақмола 1996 жыл; 156-163 б
Қ. Жаңабаев , С . Арыстанғұлов « Агрономия негіздері» Астана 2010жыл; 248-255б
С. Арыстанғұлов, А. Елшібаев, Б. Уызбеков, А. Күлдеев «Өсімдік шаруашылығы» Астана 2008; 24-26б
Қ. Әубәкіров, Т. Атақұлов, А. Ахмет « Мал азығын өндіру» Алматы 2011ж; 221-228б
Әрінов Қ.Қ., Можаев Н.И., Нұрғалиев А.Н. «Өсімдік шаруашылығы» Ақмола 1993жыл; 189-212б
Қ.Ш. Жанабаев «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» Алматы 1994ж; 106-125б
Можаев Н.И. , Серікпаев Н.А., Стыбаев Ғ.Ж. «Агрономиядағы ғылыми зерттеу негіздері» Астана 2011ж;
Қ.Қ. Әрінов, А.К. Апушев, С.С. Арыстанғұлов « Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау және стандарттау» Астана 2001ж; 138-146
Достарыңызбен бөлісу: |