Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет16/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   28

— Шәке, - дедім оны көргенде әкемді кездестіргендей қуанып.

Шалдуар жалт бұрылып, қалбаландай ұмтылған маған таңданғандай, сүзе қарап қалды.

— Шәке, сәлеметсіз бе?

— Сені кім шақырды, аһ? - деді ол қасына келген менің қолымды да, сәлемімді де алмастан.

— Сіз бүгін кел деп едіңіз ғой.

— Қашан?


— Кеше, сіздің үйге отын түсіргенде.

Шалдуар қабағын тыржитты.

— Отын, отын... - деді ол әлденеге мені кекеткендей. - Жұмыс жайында десеңші одан да.

— Иә, жұмыс жайында ғой, Шәке. Курьер алып қойған жоқ па едіңіздер?

Шалғынбаев менің бұл сұрағыма жауап бермеді.

— Жүр, - деді ол өктем үнмен иығымнан жұлқып қалып. Бағанағыдай емес, Шалдуар енді маңғаздана аяңдады. Мен сүмендеп соңынан ілестім. Ілесе бере, оған тағы бір сұрақ қойдым.

— Шәке, біз кімге барамыз?

— Жауапты секретарьға, - деді ол мойнын бұрмастан.

— Жауапты секретарьларыңыз кім деген кісі еді?

— Сен білмейсің, - Шалдуар оң қолын шорт сілтеді, - жаңадан келген адам. Сен сияқты соғыста болған.

Мен «ендеше ол кісіге кірмей-ақ қояйық» деп үлгіргенше болмады. Шалдуар «Жауапты секретарь» деген жазуы бар кабинеттің есігін жұлқып қалып, мені жеңімнен сүйрей ішке кірді.

Кабинет иесі үстеліне еңкейе түсіп, газет қарап отыр екей.

— Осы кісі жауапты секретарь, осы кісімен сөйлес, - деп Шалдуар мені ілгері итермеледі. Мен Шалдуар өзі айтып, қызметке өзі алдырады екен деген үмітпен келген едім. Ол малту білмейтін адамды терең суға лақтырғандай, мені кабинетке кіргізе салып, өзі сырғып, шығып кетуге ыңғайланды. Осы кезде жауапты секретарь басын көтеріп, бізге бұрылды. Оның жүзін көргенде мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым. Кірпіктерім үсті-үстіне жыпылықгап кетті. Қасы түксиген, орыс өндес, сабырлы, ақсары кісі. Екі көзі де бұрынғысындай сәл шегірлеу. Үстіне жай киім кигені болмаса, бұрынғыдан еш өзгерісі жоқ, әскери журналист, капитан Бағи Уазитовтың нақ өзі.

— Бәке! - дедім мен жауапты секретарьға екі қолымды бірдей созып.

Бәкен де мені жазбай таныды-ау деймін. Тез орнынан тұрып:

— Ербол, сенбісің, айналайын!"- деп құшағын жайды.

Мен Бәкеңнің мол құшағына қалай еніп кеткенімді білмей қалдым. Ол: «Аман-есен келдің бе?» деп бауырына қысып, арқамнан қағып жатыр.

— Шүкір, Бәке, мен былтыр кедгенмін, - деймін Бәкеңнің мені құшақтағанына көңіліл босаңқырап, бірақ оны білдірмеуге тырысып. - Өзіңіз қашан келдіңіз?

— Екі айдай болды. Осында бұрынғы қызметіме орналастым. Өзің қайдасың, Ербол?

— КазГУ-де, оқудамын.

— Бәрекелді. Ал, отыр, әңгімелесейік.

— Әңгіменің үлкені, осыған

жұмыс керек, - деді жаңағы мені осында кіргізе салып, шығып кетуге ыңғайланған Шалдуар қайтадан бұрылып келіп және мені қалай да қызметке орналастыруға бел байлағандай белсенділік білдіріп. - Бұл корректорлыққа жарамайды, курьер ету керек. Өздерініз де таныс екенсіздер ғой.

— Болғанда қандай! - деді Бәкең баптай сөйлеп. - Біз бір бөлімде қызмет еткенбіз. Мен редакцияда болдым. Ерболдың елең, мақалаларын газетімізде жиі жариялап тұра-тынбыз.

Бәкеңнің бұл сөзі мені бір көтеріп тастады. Шалдуар «жаман студент», «жаман солдат» деп желкемнен түспей қойып еді. «Бәлем, білші мен қандай солдат болғанымды» дедім ішімнен айызым қанып. Менің осы ойымды сезгендей Шалдуар шап ете түсті:

— Бұл өлең жаза алушы ма еді? - деді Бәкеңнің сөзіне сенбегендей.

— Бәле, жазғанда қандай! Мұның өлеңдерінің кейбір жолдары біздің бөлімнің туы іспеттес боп кеткен. Белім шабуылға шыққан сайын біз Ербол өлеңінің:

Алға қарыс бассаң, бас!

Сүйем кейін шегінбе! -

Әдет жоқ ондай тегінде! -деген жолдарын үнемі газеттің шигеліне беретінбіз.

Шалдуар басын шайқады да:

— Мынадан өлең шығады дегенге ешқашан сенбес едім, аһ, - деп мені бүйірден түртіп қалып, сақылдап кеп күлді. Жауапты секретарь сөзін қайтадан жалғады.

— Оның үстіне мен Ерболға соғыстан аман келіп, осы орында отырғаным үшін тікелей қарыздар кісімін, - деді ол Шалдуардың парықсыз күлкісінің тоқталуын тоспай. - Бұл бақандай үш журналисті тікелей ажалдан алып қалған.

Шалдуар бұған сенбегендей боп, маған қарады да, басын шайқады. Жауапты секретарь үш журналистің алғы шепке келіп, маған жолыққанын, біздің позициямызды жау атқылап, бір снарядтің жер үй алдына келіп, ысылдап жатып алғанын Шалғынбаевқа таратып айтып жатпады.

— Ербол, сен Нығмет Елеусізовтің қазір қайда екенін білесің бе? - деді маған бұрылып.

— Жоқ.


— Бәле, ол қазір С. қаласында, облыстық газет редакторының орынбасары. Ал капитан Рыжовтың қайда екенінен хабарың бар ма?

-Жоқ.


— Ол Москваның бір баспасына орналасыпты. Мен хат алып тұрамын. Бір хатында сені сұрапты.

— Апырай, ә, - деймін мен қуанған үстіне қуанып. Уазитов енді менің жайыма ойысты.

— Сен студентсің ғой, - деді ойлана отырып. - Әрине, қоса қызмет істемесең болмайды қазір. Ал саған не жұмыс тауып берсек екен?

Ол қарсысында түрегеп тұрған Шалғынбаевқа қарады.

— Е, мұны Нюраның орнына кешкі курьер ете салыңыз, аһ, - деді Шалдуар жұлып алғандай. - Бұған сол да жетеді.

— Иә, - дедім мен басымды изеп.

— Жоқ, мен Ерболға түпкілікті жұмыс болса деп отырмын. Курьерлікті қойшы, Ербол түбінде біздің белді қызметкеріміздің бірі болуға тиіс. Бірақ қазір сол уақытша курьерліктен басқа бос орын жоқ.

Мен курьер-ақ болайын, Бәке, - дедім осы бар қызметтен айырылып қалмайын дегендей асығып. - Қазір емтихан өткізіп жатырмыз, өзі кешкі жұмыс болса, маған қолайлысы осы сияқты.

— Жарайды, әзірше осыған орналаса тұр. Ар жағын тағы көре жатармыз, - деп жауапты секретарь маған бір жапырақ қағаз ұсынды. - Арыз жаз уақытша курьер етіп алуды сұраймын деп, қолынды қой. Кешкі алтыда қызметке кел.

— Айттым, орналастырдым... Аһ! Ал енді не ғыл дейсің? Аһ! - деді Шалдуар жауапты секретарьдан шыққаннан кейін маған шірене қарап, - Сен менің бұл жақсылығымды ұмытпа.

— Рақмет, Шәке, ұмытпаймын, - дедім мен оған асыға бас изеп. Мінеки, осыдан жиырма шақты күн бұрын мен қызметке осылай орналаскан едім. Күн сайын кешкі алтыда редакцияға барамын. Түнгі он бір-он екіде жұмысымды бітіріп, жатақханаға қайтамын. Алғашында «курьер» деген сөздің мәнісін жөнді біліңкіремей де жүрдім. Сөйтсем, редакция мен баспахана арасына қағаз тасушы кісіні осылай деп атайды екен. Редакцияда екі курьер бар. Күндізгі курьер Даниловна дейтін қартаң әйел. Кешкі алтыға дейін редакциядан баспаханаға қағазды ол тасиды, кешке ол жұмысқа мен кірісемін. Біздің таситынымыз редакция бөлімдерінің күн сайын газетке басылуға даярлайтын мақалалары. Соны жиналған сайын топтап секретариаттан алып, баспаханаға апарып тастаймыз. Цех бастығы курьерден келген мақалаларды қол қойып алады да, дереу линотипискаларға бөліп береді. Олар алдарында тұрған пианино тәріздес машиналарға - линотиптерге отыра қалып, мақала сөздерін қорғасынға кешіреді. Осылайша екі курьердің күні бойы кезектесіп баспаханаға тасыған қағаздары ертеңінде газет болып шығып, оқушылардың қолына жетеді.

Маған редакция да, баспахана да қызық. Күн сайын екеуінің де жұмысының жайына қанып, түсіне түстім. Түсінгеннен кейін өзімді қатар жатқан қос көлдің айдынына кезек сүңгитін қоңыр үйрекке теңедім.

Редакцияның негізгі мақалалары баспаханаға көбіне күндіз жөнелтіледі екен. Кешке күндіз үлгірмеген азын- аулақ мақала, көбінесе алдағы номерлерде басылуға тиіс запас материалдар тасылады. Анда-санда ТАСС- тан келген тығыз мақалалар болады. Аударылғаннан кейін баспаханаға соларды жеткіземін.

Қайткенмен де кешкі курьердің бос уақыты көп болатын. Ондай сәттерді бос жібермей, мен оңаша кабинеттердің біріне кіріп алып, емтиханға әзірленетінмін. Ал емтихан өткізген күндері Даниловна апайдың қуанышына жұмысқа бірер сағат ерте де шығатынмын. Елпек атқа кімнің мінгісі келмейді. Қалған жұмысын Даниловна да маған тастай салады. Қызмет аяғында қайта басылған мақаланы салыстырып, асығып отырған бөлім меңгерушісі де маған жалынады.

— Ербол, сен мынаны тыңдай қойшы, мен оқып тастайын.

— Ербол, сен мынаны оқып жіберші, мен оригиналға қарап отырайың, - дейді.

Ең алдымен мені машиннстка Бибіш апай жұмсайды. Мен баспалдақтаң көтеріле бергенде машбюроның ашық тұрған есігінен төрде отырған апайдың көзі мені шалып қалады да, дереу столының тартпасын аша бастайды.

— Сәлеметсіздер ме? - деймін машбюроның ашық есігінен басымды сұғып.

— Айналайын, менің Ербол бауырым елгезек қой. Маған төменнен барып бір папирос әкеп бере қойшы, - деп Бибіш апай бірден ақшасын ұсынады. - Осы шарша-а-ап өлейін деп отырмын, бүгін жұмыс сондай көп болды.

Мен күліп, бас изеймін де, редакңияның астындағы буфетген бір пачка «Прибой» әкеп беремін. Оған апай мәз боп қалады.

— Ой, тілеуіңді бергір. Ой, бір жақсы келіншек алып, көсегең көгергір! - деп батаны үсті-үстіне жаудыртады.

Апай жақсы келіншек жайын айтқанда мен өз-өзімнен қызарып кетемін. Көз алдыма бірден Меңтай елестейді. Менің осы ғашыктығымды осы апай бейне бір біліп отырғандай боп көрінеді. Өстіп жүріп оқу жылын да аяқтадым.

Енді бүгіннен бастап дайындалатын емтихан жоқ.

Қыздар да ауылдарына кетті. Бір бөлмеде қалған Жомартбек екеуміз ғана болсақ, оның кешке дейін келу-келмеуі екіталай. Ол да ертең не бүрсігүндері еліне қайтпақшы. Бәлкім, ол қазір билет алудың қамында жүрген болар. Сондықтан мен сағаттың алты болуын күтпей, бүгін жұмысқа күндегіден ерте бардым.

— Ербол, өй, Ербол, - деді Бибіш апай менің төбем баспалдақган көрінісімен-ақ. - Жылдамырақ жүрші, айналайын.

Апайдың темекісі таусылып отыр екен. Қазір тартпасын ашып, сумкасын ақтара бастайды деп ойладым ішімнен.

— Сәлеметсіздер ме? Жай ма, Биапай?

Апай күліп жіберді.

— Темекіге жұмсайды екен деп қалдың ба? Темекім бар, қалқам. Осы қазір ғана сені жауапты секретарь іздеп отыр еді. Соған бара қойшы тез. Саған жаңа жұмыс бергілері келіп отырған сияқты.

Салып отырып жауапты секретарьдың кабинетіне барсам, Бәкен жалғыз отыр екен.

— Хал қалай, Ербол? - деді ол сәлемдескеннен кейін.

— Хал жақсы, емтиханды бітірдік.

— Каникулда қайда болмақ ойың бар: осында қаласың ба? Әлде бір жаққа барасың ба?

— Осында қаламын, қайда барамын? - дедім мен. - Ауылға барып қайтайын десем, арлы-берлі жүруге қаражат керек.

— Онда биыл жаздай бізде корректор боп істей тұрсаң қайтеді?

— Істеймін.

— Ертең бір кешкі корректор демалысқа шығушы еді. Соның орнын саған ұстап отырмын. Келесі айда тағы біреуі шығады, оның орнын және сен басасың, - деді Бәкең сабырлы, қамқор көңілмен. - Күндіз ұйқың қанғаннан кейін маған келіп жүр. Әнеугідей емес, қолың босады ғой. Мен сені енді завод, фабрикаларға жіберіп, хабар, корреспонденциялар жаздырамын. Бұл да қосымша қаражат болады.

— Рақмет, Бәке.

— Бара-бара мақала, очеркпен де айналысарсың. Сөйтіп екеуміз сенің қолыңнан жазу келетіндігін осындағы жұртқа дәлелдейтін боламыз.

Мен басымды изедім.

— Онда мен сені ертеңнен бастап корректор қызметін атқарады деп бұйрық бердіремін. Сөйтіп мен сол күннен бастап екі ай корректор болдым. Екі айда «Е. Есенов» деп қолым қойылып, газетте 6-7 хабар, корреспонденциям шықты. Газет айына екі рет қаламақы, екі рет жалақы береді екен. Студенттің айына бір рет берілетін стипендиясындай емес, бір айда колыңа төрт рет ақша ұстаудың өзі маған ересен байлық сияқты боп көрінді. Оның үстіне Уазитов ағай менің хабарларыма студенттік жайымды есептеп, үнемі көтеріңкі қаламақы қойып отырыпты. Оны қаламақы алған сайын Шалдуардың бас шайқауынан білдім. Мен қаламақы немесе жалақы алып шықсам-ақ, алдымнан Шалғынбаев тап бола кетеді.

— Әй, Қара домалақ, ақша алдың ба? Аһ? - дейді.

— Алдым, - деймін мен арсалаңдап.

— Әкел, санайық, - дейді ол қолын созып.

Мен жаңа ғана кассирден санап алып, кенетоз гимнастеркамның омырау қалтасына екі бүктеп салып қойған ақшаны қайта суырамын. Шалғынбаев оны уыстап алады да, мені оңашалау жерге қарай бастайды. Содан соң ол жайланып отырып менің ақшамды санай бастады. Санайды да:

— Көп, - деп басын шайкайды.

— Неге? - деймін мен өз-өзімнен қысылып. Ол бухгалтерияға айтып, ақшамның жартысын қайтадан алдырып қоятындай боп көрінеді. Сасқалақтап, Шалдуардың бетіне жалтақ-жалтақ қараймын.

— Көп деген соң көп! - дейді ол ақшаны маған қайырмай, уыстап ұстап тұрып. Мен бір оның қолынан суырып әкететіндей, будыраған қағаз ақшаның уысынан шығып тұрған шетін бармағымен басып қояды. Сосын мені тергей бастай-ды. - Сен бұл жартыда неше хабар жаздың?

— Екеу.

— Әне, айттым ғой. Екі хабарға мұнша аққша тиісті емес. Бұрын бізге аз қойылатын.



— Мен қайдан білейін, - деймін Шалдуардын алдында қылмыс жасағандай қысылып.

— Сен білмейсің, мен саған білген соң айтып тұрмын, аһ! - дейді ол маңғазданып.

Бір жолы, Шалдуардың осындай тергеуінен кейін, мен одан:

— Өзіңіз қанша алдыңыз? - деп сұрадым ақырын ғана. Ол басын шайқады.

— Бұл жолы мен ештеңе алғаным жоқ. Қазір өзі очеркке лайық материал жоқ, - деп қабағын шытты.

Мен одан сайын қысылдым. Бейне бір Шалдуарға тиісті ақшаны өзім алып қойғандай қуыстандым. Мені бұл қиындықтан Шалдуардың өзі шығарды.

— Ал енді бұған ішпейміз бе? Аһ? - деді ол менің ақшамды ұстаған оң қолынан жоғары көтеріп. Мен басымды изедім.

— Жүріңіз, Шәке, сіз ішіңіз, менің ішпейтінімді өзіңіз білесіз ғой.

Бұлай дейтінім, курьерлік жалақымның алғашқы жартысын алғанымда дәл осылай Шалдуар кездесе кеткен. Сонда да ол менің аз ақшамды қолына алып, ерні жыбырлап санап шығып, «ал енді ішпейміз бе?» деген. Мен оны көше бұрышындағы көк будканың біріне ертіп барып, екі жүз грамм арақ әпергенмін. Одан кейін де жалақы, қаламақы алған сайын Шалдуар менен міндетті түрде екі жүз грамм ішпесе, аузы қисайып кететіндей боп әдеттеніп алған. Сол кездесулерде менің жарытып ішпейтініме оның көзі жеткен.

— Бұл сенің нешінші қаламақың? - деді Шалдуар ақшаны өзіме қайтарып беріп жатып.

— Үшінші ғой, Шәке.

— А, солай ма? Сен де үшінші рет қаламақы алып жібердің бе, ей? - Ол қарқылдай күліп, әдеті бойынша арқамнан қойып кеп қалды. Ыңқ ете түскен менің аузымды аштырмастан тағы да өзі сөйлеп кетті. - Онда былай болсын. Үшінші қаламақыны жақсылап жууымыз керек. Бәріміз де сөйткенбіз. Әйда, жүр, көк базардағы шайханаға барамыз.

Мен бұрынғы әдет бойынша Шалғынбаевты көшелердегі көк будкалардың бірінен сыйлап қайтарармын деп ойлап едім. Ол мені дедектетіп, көк базардағы шайханадан бір-ақ шығарды. Үстелге отыра сала, даяшыны шақырып, өзі заказ берді.

— Жүз елу грамм арақ, - деді ол даяшының қолындағы қағазын иегімен ымдап, оған тез жаз дегендей ишара білдіріп.

— Шәке, екі жүз грамм ішіңіз, - дедім оның күнделікті мөлшерін тұспалдап қалған мен.

— Жоқ, өзімнің есебім бар, - деді-Шалғынбаев, - жүз елу, жаздыңыз ба? Аһ? Жазсаңыз, оған үш рет дұңған кеспесін қосамыз.

«Біз екеу емеспіз бе, үш кеспе деп осы кісі қателесіп айтты ма» деп ойлап, оның бетіне қарадым. Менің ойымды ұққандай Шалдуар: «Үш кеспе деп жаздыңыз ба? Үшеу деп жазыңыз» деп және екі рет қайталады. «Бәлкім тағы біреу келетін шығар, үшінші кеспені соған алып отырған болар» деп түйдім де, үндемедім.

Заказ алған даяшы кухняның есігіне қарай кетіп бара жатыр еді, Шалғынбаев қайтадан баж ете түсті.

— Тоқта, тоқта, бері кел, - деді даяшыға қолын үсті-үстіне сермеп. - Тіркемесі қалып қойыпты ғой, тіркеме қосыңыз.

Даяшы үстел шетіне еңкейіп, қағазына және бірдеңе түртіп алды. «Мұның тіркемесі не нәрсе, қымбат бірдеңе емес пе екен?» деп қыпылдап отыр едім, Шалдуар маған қарады.

— Әй, сен, тым болмаса бір кружка сыра ішсеңші, аһ?

— Бір саптыаяқ ішсем ішейін, - дедім мен. Кетіп бара жатқан даяшыны Шалдуар тағы тоқтатты.

Тағы бір кружка сыра қосыңыз, - деді ол мойнын созып. - Қостыңыз ба? Енді әкеле беріңіз, тез әкеліңіз.

— Жаңағы бір тіркеме дегеніңіз не? - дедім мен Шалғынбаевқа.

Шалдуар сақылдап күліп, мені бүйірімнен тағы бір періп қалды.

— Соны білмейсің бе?

— Менің білетінім машинаға тіркеп, сүйретіп жүретін бір нәрселер сияқты еді. Мәселен, зеңбірек сүйреткен машинаны...

— Е, оны білсең болды, - деді Шалдуар сөзімді аяқтатпай. Шалдуар тегі өзі ғана сөйлеуді жақсы көретін. Әсіресе ол менің сөзімді кез келген жерден киіп кетіп, шірік жіптей үзе салатын да, өзі сөйлей жөнелетін. - Бұл да сол сияқгы: жүз елу грамм арақ - машина, бір кружка сыра - соған тіркеме.

— Ал егер арақ жүз елу емес, жүз грамм болса ше?

— Онда бір кружка сыра тіркеме бола алмайды.

— Неге?

— Сол. - Ол менің бетіме білгішсініп, бажырая қарады. - Жүз грамм арақ, бір кружка сыраны тарта алмайды. Түсінікті ме енді? Аһ?



Мен басымды шайқадым.

— Сен топассың, - деді ол бетіме бедірейген күйі. - Түсінігің нашар, ұтымың жоқ. Сондықтан сенен мына мен сияқты жүйрік журналист шықпайды. Сенікі ет пен терінің арасындағы желік сияқты бірдеңе. Майданда бір нәрселерді шатпақтаған болуың керек. Уазитов сол үшін сені көкке көтере мақтайды. Меніңше сенде ешбір талант жоқ.

Мен не дерімді білмей, қызарақтап күле бердім. Осы кезде қасымызға даяшы келіп, біз сұраған ас-суды подноспен әкеп, алдымызға қойды.

— Кеспенің біреуін, сыраның бірін ал, - деді Шалғынбаев.

Мен айтқанын істедім. Содан соң ол кеспенің бірін өз алдына жақындатты да, екінші тарелкадағыны соның үстіне төңкере салды. Қара бұрыш пен ұсақ тұзды мол етіп септі де, асықпай араластырды.

— Дұңған кеспесін жаным жақсы көреді, аһ? - деді ол. - Сондықтан мен бір жегенде оның екеуін осылай бір табаққа саламын да, бір-ақ жеймін. Ал, сыранды көтер.

Көбігі көпіршіген қырлы шыны саптыаяқтың құлағынан ұстадым. Шалғынбаев бүйірлі келген қырлы стаканға кеңірдектете құйылған араққа асқа телмірген иттей еміне қарап, жұтқыншағын секең еткізіп бір жұтынып алды. Содан соң, біреу алдынан ала қашатындай, шап беріп қос қолдап ұстап, діріл қаққан стаканды жыбырлай жөнелген ерніне тез тақап, қылқылдатып жұта бастады. Стаканды басына көтеріп болып, қабағын шытты да, дереу сыраға қол созды. Одан қылқылдатып екі жұтымды және ұрттап жіберді. Осыдан кейін ол терлеп-тепшіп, кеспеге бас қойды.

Шалдуар қасықпен копара көтеріп, қауып асап, асты да тез жейді екен. Мен шектей шұбатылған ұзын кеспенің бір-екеуін сораптап жұтып үлгіргенше, ол өз табағын қотарып та тастады. Шанышқы мен қасықты бос табаққа салып, үстелдің жиегіне қарай сырғытып жіберді де, саптыаяқта қалған сырасына қол созды. Қол созып жатып, әрірек үстелдерде отырғандардың бірімен бас изеп амандасты.

— Әй, сен менің кіммен амандасқанымды көріп қой, - деді ол мені бүйірден нұқып. - Таяуда әскерден босаған ақын жігіт, өзі арақты өкіртіп ішеді. Аһ!

Мен жолдасым нұсқаған жаққа бұрылдым. «Арақты өкіртіп ішетін» қызыл шырайлы келген еңгезердей жігіт екен. «Болса болар» дедім ішімнен.

— Әй, сен мына сыраға қарашы, - деді Шалдуар саптыаяғын көтере ұстап. - Осының түсі қандай?

— Қоңыр емес пе?

— Жоқ, таба алмадың. Жақсы ішетін бір журналист мұны былай деп суреттеген:

Тобылғы торы сыраны Толқыта ішер күн қайда? Тостаған көз қоздарды Толықси құшар күн қайда!

«Тобылғы торы сыра» дегені жақсы теңеу емес пе, аһ? Ғажап тауып айтқан. Аһ! - Осылай деп Шалдуар қалған сыраны басына бір-ақ көтерді.

— Тобылғының түсін торы демеуші еді ғой, - дедім мен серігім саптыаяғын үстелге қойғаннан кейін. - Қызыл тобылғы десе керек еді. Торы деген сөз тек жылқыға ғана айтылмай ма? Егер арақтың дәмін аюдай ақырған ащы дей келіп, сыраны торы жылқыдай жуас десе бір сәрі емес пе?

— Жок, сен түк білмейсің, тобылғының да түсі торы, - деді ол маған бет бақгырмай. - Жә, сен оны кой, - Шалдуар білегімнен қысып ұстап алды. - Енді мен осы тобылғы торы сырадан ішемін бе? Аһ?

— Озіңіз білесіз.

— Жоқ, сен оны қой. Мен сыра ішемін бе? Аһ!

— Ішіңіз.

Көзі кілегейленіп, ол маған тесірейе қарады.

— Жаңағыдай тіркеме қылып ішемін ғой? Аһ!

— Оз жайыңызға қараңыз.

— Жоқ, менің жайымды неғыласың, енді бір тіркеме жүргіземін бе мен? Аһ!

Шалдуардың тағы да дәметіп отырғаны белгілі болды. Осы жолғы қаламақымды қосып, киім алып кисем деген есебім бар еді. Ол ойым жүзеге аспауға айналды. Ішімнен қынжылсам да, мен оған ақшам азайып қалады дей алмадым. Амалсыз бас изедім. Шал-ғынбаев дереу даяшыны шақырып алды да, қайтадан заказ берді.

— Жүз елу тіркемесімен... - Ол тез маған бұрылды. - Сен ішесің бе?

— Жоқ, - деп мен безек болдым.

— Дұңған кеспесін жейсің бе?

— Жоқ, жоқ, әбден тойдым.

— Онда, - деді Шалдуар даяшыға қарап, екі саусағын көрсетіп, - екі рет дұңған кеспесін әкел.

Менің бір апта ішетін тамағымды мынаның бір жола ішіп кеткелі отырғанына ішім ашыды. Ендігәрі шайханаға келмеспін деп өзіме өзім ант та бердім. Сол екі арада Шал-дуар құлағынан күн көрінетін бір арық адамға орнынан тұрып, кеудесін басып, бас изеді. Биске шақырылған әншінің сахнаның екінші шетінде нотасын реттеп жайбаракат отырған пианисті орнынан тұрғызып, өзімен қоса көпке бас идіретіні сияқты, Шалдуар тұқырайып, кеспе жеп жатқан мені иығымнан жұлқылап, шайнаңдатып, орнымнан тұрғызды.

— Ағаңа сәлем бер.

Мен аузымдағымды әрең жұтып, жаңағы Шалғынбаевша оң қолыммен кеудемді басып, жұқа құлақ кісіге қарап, бас идім. Ол менің сәлемімді керек етпеді-ау деймін, ары бұры-лып кетті.

— Бұл кісі кім еді? - дедім Шалдуарға ілесе мен де орныма отыра беріп.

— Білмейсің бе?

— Жоқ.


— Мәссаған! Бұл атақты ақын ғой. - Шалғынбаев оның қай ақын екенін айтпастан, бірден мінездеме бере жөнелді. - Жасында мықтап ішкен кісі. Кәрі тарлан сыр берместен әлі сол шабысымен сілтеп келеді. Айтпақшы, сен білесің бе? Аһ?

Тамаққа ұмтыла берген мені ол тағы да бүйірімнен түйіп қалды. Мен қасығымды қайта орнына қойып, Шалғынбаевқа қарадым.

— Жазушылар одағы осы көк базардың іргесінде ғой. Аһ! Түсте олар осы шайханадан келіп тамақ ішеді. Екеуміз сәл кешігіп келдік, әйтпесе мен саған олардың небір жайсаңын көрсететін едім. Сен маған жазушылар ас ішетін жерге әкелгенім үшін және анадай екі ақынды көрсеткенім үшін рақмет айт. Аһ! Мен сені ана кәрі тарланның өзімен қол ұста-стырып таныстырайын ба? Аһ! Бірақ оған ана... не.. - деп Шалдуар оң қолынын сұқ саусағы мен бармағын бір-біріне шапшандата үйкеп-үйкеп жіберді. - Ана... нетіп... тағы да ақша шығаруың керек. Аһ!

Мен күліп, басымды шайқадым.

— Шәке, рахмет. Мен өзге емес, осы сіздің өзіңізбен танысқаныма бақыттымын!..

Осы кезде жүз елу грамм араққа бір саптыаяқ сыра, екі тарелка дұңған кеспесін «тіркеп», даяшы жетті. Шалдуар алға-шқысындай, кеспесін бір табаққа қотарып алды да, босаған ыдысты сырғыта салды. Содан соң араққа қолын созып жатып, маған: есептесіп, қайтып оралсам, қырлы стақан босап, табақ тақырланынқырап қалған екен. Шалғынбаев терлеп- тепшіп, қызара бөртіп кетіпті. Табақ түбінде қалған асты сынырып-сиырып бір-ақ асады да:

— Сен жақсысың! Аһ! - деді ол маған бұрылып. Содан соң қабырғамнан тағы да бір қойып кеп қалды. - Рас айтамын. Сен жақсысың деймін!

— Мақтағаныңызға рақмет, Шәкі- дедім мен ыржия күліп, бүйірімді сипалап. Шалдуардың өзімді мақтап тұрғанының әсерінен бе, білмеймін, бұл жолы бүйірім бұрынғыдан аз ауырған сияқтанды. Осы арада: «Бәләй, жаңа ақшам көп кетті деп бұған бекер ренжіген екенмін» деп те ойладым. Егер емеурін білдірсе сол сәтте мен оған енді бір «тіркеме» алып беруге де пейіл едім. Бірақ Шалдуар өз шамасын біледі-ау деймін, бірден орнынан тұрды.

— Кеттік.

Есік алдына шыққан соң Шалғынбаев екі сөзге келген жоқ. Маған қолын сілтеді де:

— Ал сен кете бер, енді керегің жок. Аһ! - деді. Содан соң көңілдене аяңдап, өз жөнімен кетті.

Осыдан кейін бір күні жауапты секретарға жолықтым.

— Халың қалай? - деді ол.

— Жақсы.


— Қаламақы алып жүрсің бе?

— Алып жүрмін, бірақ сіз маған көп қойып жүрген жоқсыз ба?

— Неге олай деп ойлайсың?

— Шалдуар мен қаламақы алған сайын «саған көп қойыпты» деп басын шайқайды.

— Содан сөң?

— Содан соң: «Мұны мөлшерлі қалыпқа келтірейік, жүр шайханаға», - дейді.

Жауапты секретарь қалың қасы түксиіп, төмен қарады да, үстелдің тартпасын ашты. Одан бір папка суырып, мені қасына шақырды.

— Мынау қаламақы шқаласы, - деді ол папканың бетін ашып. Мұнда қандай мақалаға қанша сом қойылатыны көрсетілген. Міне, мынау - сен жазған хабарларға қойылатын баға. Осыған қарап еткен жартыда жазған мақалаңның саны мен оған қойылатын қаламақы мөлшерін есептеп көрші.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет