Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет19/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28

Сары да екі саусағын белбеуіне тығып жіберіп, қораздана бастады.

— Меңтай үйде жоқ, - дедім мен олардың қасына онша жақындамай тоқтап.

— Қайда кетіпті? - деп сары шегір тағы әкірен ете қалды.

— Театрға.

— Қасындағы жолдас қызы да жоқ па екен? - деді екінші жігіт сәл қысыла үн қатып.

— Майра қайда екен? - деді Тұмажан онымен жарыса.

— Екеуі де кетіпті.

— Қай киноға дейсің? - деп сары шегіт қайта сұрады.

— Киноға емес, театрға. Өзің саңырау емеспісің? - деп мен де оны шағып алдым.

Тұмажан менің кекеткеніме мән бермеді. Қайта сұрақ қойды.

— Ол қай жерде, алыс емес пе?

— Жоқ, алыс емес. Осыдан үш-төрт-ақ квартал жерде, Дзержинский мен Виноградов көшелерінің қиылысында, - дедім Никольск шіркеуі жақты нұсқап.

Мен олардың қасынан өтіп, жаңағы карташыларға қарай беттедім. Зығырданым қайнап, өзімнен-өзім ыза боп келе жаттым. Неге ашуланғанымды және білмеймін. Осы кезде сырт жағымнан: «Ағай, тоқтаңызшы» деген дауыс естілді. Мойнымды бұрсам, сары шегіттің жолдасы екен.

— Ағай, ана кісінің сөзіне ашуланып қалдыңыз ба? Ол кісінің мінезі солай. Майданда батырдың жолдасы болған кісі, өзі де ер мінезді адам. Меңтай оның қарындасы емес, уәделескен қызы, жаңа оны өзіңіз дәл тауып айттыңыз. Алда мейрам келе жатқан соң сол кісіге жолығып қайтайық деп ауылдан, сонау Нар станциясынан келіп едік. Оның үстіне ана кісі «Меңтайдың жақсы құрбысы бар, соны саған таныстырамын» деп сүйрелеп болмады мені. Менің де әскерден келгеніме екі ай ғана болып еді. Өзіңіз де солдат екенсіз. Сізден өтінішім, мына екі солдат бауырыңызды театрға ертіп апарсаңыз екен. Біз оның қай жерде екенін білмейміз. Ағай, мен сізден жалынып өтінемін...

Осылай деп, Тұмажанның жолдасы лақ еткізіп бар сырын бір-ақ айтты. Және іші-бауырыма кіре өтініш етті. Мен бұл жас жігіттің тілегін қайтара алмадым. Осы жігіт үшін екеуін театрға алып бармақ болдым.

Үшеуміз Никольск базарын басып өтіп, шіркеудің жанымен, базар маңындағы ескі үйлерді артқа тастап, алдымен Дұңған көшесіне, одан соң Аманкелді көшесіне шықтық. Жас жігіт екеуміз анда-санда тіл қатысып қоямыз. Одан жөн сұрадым. Ол Нар ауданындағы бір колхоз председателінін баласы екен. Аты - Ерғазы. Бұл әскерде жүргенде әкесі ауылдағы біреудің қызын әпермек боп, уәделесіп қойыпты. Бірақ жігіт оны ұнатпапты. Қасындағы ағайы бір күні ауылдарына уәкіл болып келіп, үйлерінде қонақ болып отырып: «Мен саған Алматыдан қыздың көкесін тауып беремін» депті. Сонымен ол мұнда «қыздың көкесін» іздеп келіпті. Ерғазы қалған сырын осылай, шелектен су құйғандай етіп, тағы бір ақтарып салды да, кейінірек келе жатқан Тұмажанға естіртпей:

— Бұл кісі аудандық мекеменің меңгерушісі, - деп қойды. Өзбек көшесін кесіп өтіп, драма театры тұрған Дзержинский көшесіне келіп тірелдік.

— Театр осы, - дедім мен кеше жақ қабырғасында кішігірім қазандай аспалы сағаты бар, бүйіріне сыған әйелдерінің киіміндей әр түрлі алаба жақ афиша қағаздары жапсырылған, жатаған, өзен пароходына ұқсас, үлкен үйді нұсқап.

— Бұдан біз қалай табамыз? - деді Ерғазы апалақтап.

— Билет алып, ішіне кіріңіздер.

— Қазір ойын басталып кетті ме екен?

— Басталған болар. Бірінші акт бітіп, жұрт үзіліске шыққанда тауып аласыздар ғой.

Арттан ырғала басып Тұмажан келді. Ол келе сала театр қабырғасындағы афишаға үңілді. Онда көрсетілген спектакльдерді бір-бірлеп оқи бастады.

— Е, бүгін «Қобыланды» екен ғой, - деді ол.

— Иә, «Қобыланды» екен, - деді Ерғазы. «Әр Дон-Кихоттың өз Санчо Пансасы болады» дедім мен ішімнен. Сонсоң бұрылып өз жөніммен кетуге оңтайландым.

— Тоқта, сен қайда барасың? - деді «батырдың жолдасы» дегбірсізденіп.

— Театр осы. Керек кісілеріңізді осыдан іздеп тауып алыңыздар.

— Әй, сен тауып берсеңші, біз қалай табамыз?

Бағанағыдай емес, «батырдың жолдасы» жұмсарып қалыпты. Бұл жолғы үні тіпті жалыныштылау болып шықты. «Батырға да жан керек» деген емес пе, театрға келген қалың жұрттың ішінен өзіміз таба алмаспыз деп қорыққан болуы керек.

— Ағай, сөйтсеңізші, - деп Ерғазы қоса жалынды.

Мен олардың бұл өтінішін тағы да жерге тастай алмадым. Ішке кірсем, фойеде кассирден басқа ешкім жоқ екен. Ойынның басталғанына жарты сағаттай болыпты. Бірақ билет бар екен. Мен қойны-қонышымды тінтіп, әрең дегенде балконға кіретін илеттің ақшасын жинап алдым. Бұл ертең тамақ ішуге тиісті

ақшам еді. Намыстанамын деп жаңағыларға ақшамның жоғын да айтпадым. Ішке кіріп, қараңғы дәлізбен өзіміз әзілдеп «Студенттер олжасы» деп атайтын балконға көтерілдім. Қап-қараңғы есіктен ішке бас сұқтым.

Сахнада - сәнді сарай көрінеді. Бұл - Қобыландыға жау ел - Қызылбас жұртының ханы Көбіктінің сарайы. Сарай алдында «Кек, кекелеп» өзінен өзі қойқандап батыр Қазан жүр. Осы арада сыртта қалған Тұмажан ойыма түсті де: «екі заманның екі есер батырының бір-біріне ұқсауы-ай» дедім ішімнен. Бір жақтан сыздана алшандап Алшағыр батыр және шықты. Екеуі хан қызы Қарлығаға таласып, біріне-бірі сапы ала жүгірісіп, текедей тіресті де қалды.

Балконның ең артында түрегеп тұрып көрген бұл көрініске мен мырс етіп тағы да күлдім. Жаңағы Тұмажан екеуміздің жатақхана жанында шарпысқанымыз ойыма түсіп кетті. Бұлар да қызға таласып жатыр екен ғой дедім ішімнен.

Сахнадағы бұдан кейінгі көріністерге жете назар аудармадым. Бар болғаны Кекланның шашы жалбырап, «Зу-зу арзу» деп сахнада ұшып жүргені. Қарлығаның өзіне құмар қос батыр Қазан мен Алшағырға қыр көрсетіп, жалаң қылышты жарқылдата би билегені есімде қалды.

Бір кезде жарқ етіп шам жанды. Жұрт орындарынан тұра бастады. Үзіліс болғанын мен сонда ғана білдім. Жалма-жан балкондағы жұртқа бір, төменге бір қарап, өзі арық мойнымды қыл-қандатып соза бастадым. Жоғарыға шапшаң көз жүгіртіп, төмендегі жұрт арасынан іздеуге асыққандықтан ба, балконда біздің қыздар жоқ сияқты көрініп, тез төмен қарай жүгірдім. Жан-жағыма алақтап көз салып, әркімге бір тесіле қарап, елпендей басып келе жатыр едім. Сол кезде фойедегі жұртты қақ жарып, таныс, бейтаныс адамдарымен қайта-қайта бас изей сәлемдесіп, көрермен қауымға мейірлене, бейілдене жымиып. сол жымиюмен жан- жағына шуақты жылу шашып, маңғаз аяндап профессор Әуезовтің қарама-қарсы көп қалғанын бір-ақ аңғардым. Жалма-жан шетке бұрылып:

— Мұхит аға, сәлеметсіз бе, - деп оң қолыммен кеудемді басып, бас идім.

— Бәле, бұл, Ербол, сенбісің, «Қобыландыны» көруге келдің бе?-деп Әуезов бұрылып келіп, мені білегімнен ішды. Осы арада мен көптеген таныс, жүздеген студенттері бар Әуезовтің адам аттарына соншама зеректігіне тан қалдым. Профессорға сәлем бере тұрып, бұл кісі менің жүзімді танығанымен, атымды біле қояр дейсің бе? Күн сайын алдынан топ-тобымен өтіп жататын шәкірттерінің қайсысының аты- жөнін біле береді, менің есімім де есінен шыққан шығар деп ойлаған едім. Жоқ, олай емес екен. Профессор мені өзімен ілесе жүруге икемдеп, сөзін жалғады. - «Қобыландыны» көруге келгенің абзал болған, көру керек. Жалпы театрға көп барғаның, спектакльдерді көп көргенін дұрыс. Мен Ленинградта оқығанда әрбір жаңа спектакльді босатпай көретінмін. Кітаптан оқығанда көп нәрсе көзден таса қалып қояды. Ал сол оқиғаны сахнадан көрсең, ол ешкашан ұмытылмастан есінде жүреді. Сахна тәрбиесі деген - ерекше тәрбие. Ол ұғымды, жұғымды, ұтымды болады, Ербол. Жалпы өнердің бәрі ұстаз ғой. Ал ұстаздардың ішінде тындаушының құлағына құйып беретін бір сұңғыла, шешені, ұқпас ерік алдыңа қоймайтын өзгеше салауаттысы болмай ма? Ендеше театр өнерін де сондай ұстазға пара-пар деп білуің керек. Театр - бос ермек, орынсыз күлкінің орны емес. Ол ақыл мен сезімге нәр беретін орын...

Әуезов өзінің теңіз ырғақты үнімен тебірене сөйлеп кеткен еді. Мен даладағы екі жігітті де, театрдан өзім іздеуге келген екі қызды да ұмытып, профессордың шабытты сөзін ұйып тындап қалған болатынмын. Осы кезде біреу көлденең деп келіп, қос қолын бірдей ұсынып, Әуезовтің сөзін бөліп жіберді. Онымен амандасқаннан кейін профессор қайтадан маған қарады.

— Орның бар ма өзіңнің? Қай жерде? - деп сұрады.

— Бар, Мұхит аға, - деп мен саусағымды шошайтып, төбені нұскадым. Оным «орным балконда» дегенім еді.

— Менің қасымда, бірінші қатарда бір бос орындар тұр. Мен саған ақша берейін, Ербол. Егер сол орындардың бірі шын бос болса - билет ал. Орын болмаса - ақша қалтанда қалсын, басқа бір керегіңе жаратарсың, өз орнында отырып көре бер, - деп Әуезов жұрт көзінен тасалай қалтасынан жүз сом суырып, менің алақаныма салып, жұдырығымды өзі жұмды. Сонсоң иығымнан қағып: бар, тез билет алып кел, Ербол, - деді.

Мен: «Рақмет, Мұхит аға» деп міңгірлеп, өз-өзімнен қызарып, сыртқы есікке қарай аяндадым. Есікке тақағанда бүйірден бір таныс дауыс құлағыма шалынды.

— Иә, ағай, кімді іздеп жүрсіз?

Жалт қарасам, Майра екен. Қасында Меңтай тұр.

— Сендерді, - дедім қуанып кетіп. - Қайда отырсыңдар өздерің, бағанадан бері шарқ ұрып, таба алмай жүрмін.

Сөйтсем олар балконда, нақ менің алдымда, иегімнің астында отырыпты. Мен жарты сағаттай қараңғыда, солардың желкесінде тұрыппын.

— Иә, ал, неге бізді іздедіңіз? - деп сұрады Майра. Меңтай да етіме қарады. Бұл сұрақты ол маған үнсіз қойды. Менің жүзімнен өзіне аса қажет бір нәрсені іздегендей боп, қымсына, қиыла, үміттене, үзіле қарағандай болды. Сәл тобарсыңқырап тұрған жұқа ернінің жиегін күлкі қозғап өткен іспеттенді. Содан соң лезде ернін жымырып, орынсыз келген күлкіні қымтап, тас қылып бекітіп тастаған сияқтанды, - Жай, бір кісілер іздеп келген екен екеуіңді... Солар тауып бер деген соң...

— Иә, ол кім? - деді Майра сөзімді аяқтатпай маған қарай сәл ентелей түсіп.

Меңтай үндемеді. Қайта менің: «Бір кісілер екеуінді іздеп келіпті» деген сөзім оның иығынан батпан болып басқандай, жаңағы күлкі қозғаған ернін жазалағандай боп, аяусыз тістелеп, төмен қарады. - Иә, қандай кісілер - әйел ме, еркек пе, айтсаңызшы тез.

— Екі жігіт, бірі Меңтайдың ағасымын, атым Тұмажан дейді, - дедім мен бәсең, солғын үнмен.

Меңтай селк еткендей боп, ернін одан сайын тістелеп, теріс айналып кетті.

— Неге әкелдіңіз оларды? Әкелмеуіңіз керек еді ғой, - деді қынжылған қалып білдіріп.

Мен сасып қалдым. Біреуге істеймін деген жақсылығым екінші біреуге жамандык болар деп ойламаған басым не айтарымды, не дерімді білмедім.

— Жік-жапар боп жалынған соң... Қайдан білейін... және уәдем бар демеп пе едің өзің...

Меңтай қиналғандай боп басын шайқады. Онысы уәдем жоқ дегені ме, әлде тағы да бекер әкелгенсіз дегені ме - оны анық ұға алмадым.

— Ендеше көргемін жоқ, таба алмадым деп айтыңызшы, - деді ол жалынғандай боп.

Мен қысылдым, не дерімді білмедім. Бар аузыма түскені:

— Меңтай-ау, қалай өтірік айтамын, - деппін.

— Иә, рас, ағай не деп өтірік айтады, - деді Майра. - Жүр шығайық. Әдейі іздеп келген кісілерге шықпау ұят болады.

Ол Меңтайды білегінен ұстап, сыртқа қарай икемдеді. Меңтай басын шайқап, күрсінді де: «Ал, баста» дегендей ишара жасады. Байқасам, бетінде қан қалмай, бейне бір өлімге бара жатқан адамға ұқсап қуарып кетіпті. Мен өзімді Меңтайды жігітімен жүздестіруге емес, дар ағашына қарай айдап апара жатқан жендеттей сезініп, қалбақтап алға шықтым.

— Онда мен... мен... жоқ екен деп айтайын, - дедім.

Қыздар менің бұл сөзімді естімеді ме, естісе де енді кеш деп, елемеді ме, ілбіп, ілгері жүре берді. Жігіттер сыртқы дәлізге кіріп, бір бұрышта күтіп тұр екен.

Шегір көз сары қыздарды көргенде құбылып сала берді. Жымыңдап, жылмиып, маймаңдап басып, бізге қарай ұмтылды. Иіріліп, иіліп, еңкейіп келіп, Меңтайға бас иді. Аяғын сарт еткізіп жіберіп, оның қолын алды да, алдымен ернін тигізді, сонан соң алақанын апарып бетіне басты. Меңтайдың қолын жайлап босатып, тез Майраға қарай бұрылды да, аяғын тағы да сарт еткізіп, жанағы жасағандарын жылмия тұрып қайталауға кірісті.

«Апырай, мына Тұмажан бір емес, екі кісі болып шықты-ау, - деп ойладым мен оның мына қылықтарына қарап тұрып. - Жаңа маған соншама сызданып еді. Енді қыз алдында құрдай жорғалауын қарашы».

— Бикештер, өздерің қашып, ұстататын емессіндер ғой, - деді ол қыздарға қырлана үн қатып.

— Бізді аяғымыздан тұсап, арқандап кеткен ешкім жоқ шығар, - деді Меңтай сабырлы үнмен.

Шегір көз сары иығын қозғап, ұрынбақ болып қопандап қалып еді. Одан бұрын Майра сөйлеп кетті.

— Иә, Меңтай түні бойы қатты ауырып, түске дейін төсекте жатып еді, - деді ол. - Содан соң бой жазайық деп театрға келдік. Әйтпесе, әрқашанда үйдеміз.

Шегір сары Меңтайға қадалып, оның шынында да жабырқап тұрғанын көрді. Сондықтан ол оқталған сөзін айтпады.

— Ал, қош болыңыздар, - дедім мен кетуге ыңғайланып.

— Ағай, сізге ракмет, - деп Ерғазы келіп қолымды алды. - Сіз болмасаңыз, біз таба алмайтын едік бұл кісілерді.

Тұмажан жай ғана иек қақты. Меңтай үнсіз, төмен қараған күйде қалды. Майра көзінің астымен Меңтай мен Тұмажан екеуіне кезек қарай берді.

Мен енді қайта театрға кіре алмайтынымды, кірсем де орнығып отырып, ұғып, ойын көре алмайтынымды сездім. Театрдан шықтым да, ішім толып бара жатқандай боп жатақханаға қарай жүгірдім. Өкпем күйгенде барып бір-ақтоқтадым. Ненің қуанышы қуалап жүгіргенімді өзім де білмедім. Жоқ, ол қуаныш емес еді. Бағанадан бері денесінде снарядтын жарықшағы қалған жаралы адамдай күйде болатынмын. Енді сол «жарықшақ» қозғалып, жанымды шығара бастады. «Апырау, неге ертіп әкелдім осы екеуін сол пендетіп?» - деп бір өкіндім. «Мен әкелмегенмен олар бірін-бірі бәрібір табады ғой», - деп қайтадан өзімді өзім жұбаттым. «Меңтайдың өтінішін орындап, қыздар мұнда жоқ екен деп, неге өтірік айта салмадым оларға? Өмірімде бір рет өтірік айтсам, аузым қисайып кетпейтін еді ғой» деп және қиналдым. «Қой, өлсем де, өтірік айтпаспын» деп ол ойыма тағы қарсы болдым. Мені мұншама ойға қалдырып, жанымды қинаған «жарық шақ» -қызғаныш пен өкініш еді. Мен Меңтайды уәделескен жігітінен қызғандым. Мен оған берген уәденді бұзбадегеніме бір өкінсем, енді екеуін қолдарынан жетектегендей боп біріне-бірін табыстырғаныма және өкіндім. Өкініш пен қызғаныш өксік болып, тамағыма кептеліп еді.

Ол күні осылай болған-ды.

— Сол үш күн бойына сізді ойыма алумен болдым, - деді Меңтай күрсініп, қайтадан сөзін жалғап. - Тұмажанды тасырлап, одыраңдап театрға жетіп келгенінен-ақ ішім жаратпап еді. Оны сол ұнатпағаным ұнатпаған болды. Меңтай булығып, қыстығып сөйледі. Әлденеге іш құса болған адамның қалпымен ішіндегі ешкімге жария етілмес жасырын деген сырын актарды.

— Ол мені ерік алдыма қоймай, көшеде жүргенімізде Майрадан бәліп, оңаша үйге алып кетті, - деді Меңтай орамалымен көз жасын тағы бір сүртіп алып. - Майра анау жуас жігіттен құтылып кетіп, шарқ ұрып, мені іздепті. Бір қаланың ішінен бір адамды табу бір мая шөп ішінен жоғалған инені іздеумен пара-пар ғой, таба алмапты. Үш күннен кейін ана пәледен құтылып, үйге келсем, менен айырылдым деп жылап-сықтап Майра жатыр екен. Келгенімді көріп, жаны қалмай қуанды ол байғұс.

Келгенімді қайтейін, кеше ғана қыз боп аттап жүрген табалдырығымнан енді басқа боп аттаған соң. Жұрттың бәрі маған Тұмажанның не істегенін біліп отырған сияқты болды. Маған бәрінен де сол батты. Бөлмедегі қыздардың бетіне қарай алмадым. Тұмажан ойыма түскенде сө сұммен қалай бірге жаттым деп, өзденемнен өзім жиіркендім. Тұмажанның дегеніне көніп, оны ұнатпай тұра осалдық жасағаныма өкіндім. Ішім удай ашыды. Оған неге көнгенімді, жетегіне неге ергенімді өзім де білмеймін, сенсеңіз. Содан соң сізді есіме алып, және жылай бердім егіліп. Осы бір жылдың ішінде сізге сондай бауыр басып кеткенімді сол үш күнде бір-ақ білдім. Сыртқа сездірмесем де маған сіздің адалдығыңыз, әділдігіңіз, ақ көңілдігіңіз ұнайтын. Жаныңыздын жұмсақ, жүрегіңіздің мейірбандығын жаратушы едім. Көпшіл көңіліңіз, адамға деген қамқорлығыңыз жанымды тебіренте тербейтін. Ата-анадан, сүйген қыздан, сүйікті достан айырылып қалған күйініш, қасіретіңіз, олар жайында адал көңілмен бәрімізге айтып, ақтаратын мұңды әңгімелеріңіз жүрегімді елжіретуші еді. Сіздің маған деген оттай ыстық махаббатыңыз ерітіп, есімді алатын. Бірақ бұрын біреумен уәделесіп қойғаннан кейін сізге сырымды бермей, ұқпаған, елемеген, естімеген боп жүре беретінмін. Еріп, елжіреп тұрсам да шегедей қатты, шегендей берік боп көрінуге тырысатынмын. Меңтай аузынан бұл сөздерді естігенде мен өне бойым қалтырап, не болғанымды білмей кеттім. Қатты тістеніп, қайта-кайта басымды шайқай бердім.

— Оны мен білдім бе, Ментай-ау, - дедім онымен қоса жыларман болып, дауысым дірілдеп. - Өзін уәдем бар, сол кісіге сөзімді беріп қойдым деген соң... Оның үстіне ағайымның өсиеті еді дедің...

— Ой, ағай-ай, сіз қызық екенсіз ғой. Қай қыз жігітке айтқаның бола қойсын дейді. Көңілі бар қыздың «болмайды» дегені -«болады» дегені екенін білмейтін бе едіңіз? Сонда сіз анау Тұмажанға ұқсап, бауырыңызға қысып, босатпай қойсаңыз, онда сіздікі едім ғой.

— Ендеше... әлі де... кеш емес қой, - дедім сөзім үзік-үзік шығып, Меңтайдың Тұмажанмен қосылып қойғаны көңілімді күпті етіп, ішімді ашытса да, оны елемеуге тырысып. - Әлі де өтінемін, Меңтай, мендік бол.

Меңтай басын шайқады.

— «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар қазақта, - деді ол. - Мен енді не болса да Тұмажанмен боламын. Өйткені сонымен қарайып қалдым. Уыздай ақ күнімде қасыңызда, еркіңізде, құзырыңызда едім. Үндемей жүріп, ішпен ғана сізді тіледім. Енді бәрі бітті, маған өкпелемеңіз, ағай... Осыны айтып, орамалымен бетін басып, Меңтай тағы да жылады. Мен не істерімді білмей, оның ақ білегінен ұстап, қоса қиналып, қолының басын қайта-қайта сипай бердім. Төбедегі шамның жарығы орындықта отырған ақ жүзді, ақ мойын, ақ жүректі ару Меңтайдың сол сәттегі мұңды пішінін, ұлы суретшінің майлы бояумен жасаған картинасындай етіп, менің жүрегіме мәңгі сақталып қалу үшін, сансыз сәуле, нұрмен өрнектегі салып жатқан сияқты еді.

Меңтай орнынан тұруға ыңғайланып, ең соңғы сөзін айтты.

— Еркек өзін сүймеген қызбен жау боп, жамандасып кетеді деп ойлушы едім. Ең жоқ дегенде ол қызға теріс айналып, өш алу үшін басқан ізін андып, кекеп-мұқап жүретін болар деп ойлайтынмын. Солай екені де рас. Сіз өйтпедіңіз, қасыма келіп, хал-жайымды сұрадыңыз. Мен оған лайық болмасам да, жылы көңіл көрсеттіңіз. Мен сірдің бұныңызға да шексіз ризамын. Рақмет, ағай.

Меңтай орнынан тұрып, кібіртіктей басып, өз жатақханасының (бұл кезде ол Калинин көшесіндегі корпуста тұратын) есігіне қарай аяндады. Менің қабырғам сөгіліп, іші-бауырым езіліп бара жатқан сияқтанды. «Әйел жанын ұғу оңай емес деген осы екен-ау, - деп ойладым. - Тұмажанды жек көремін дейді. Жақсы көретін кісіге және бұрылмайды. Кіммен қарайсам, сонымен ағарамын дейді. Ағарасың ба? Ағарсаң жақсы-ау» деп, мен басымды қайта-қайта шайқадым. «Көзге жақын, көнілге алыс қыз шіркінді түсіну қиын екен-ау» деп қиналдым. Қозғалмасын деп біреу өзімді орындыққа қыл арқанмен таңып тастағандай боп көрінді, Меңтай есік алдына барып, кейін бұрылып, маған иіліп, бас изеді де ішке кіріп кетті. Ай батып, айналам түнек тартып, қараңғыға қамалғандай боп, мен қалдым.

Ойлап-ойлап, ақыры мен университеттен кетуге бел байладым. Өзімді де, Меңтайды да кинамайын дедім.

Ертеңінде университеттің сырттан оқу бөліміне ауысып, емтихан, сынақтың бәрін келесі жазда келіп тапсыруға рұқсат алдым. Содан соң газет қызметіне орналасармын деп көрші облысқа жүріп кеттім.

Облыстық «Алатау жұлдызы» газетінің редакциясы мені жұмысқа бірден қабылдады. Газеттің аудандарға жүріп тұратын тілшісі болып, бара сала қызметке кірістім.

1947 жылы июльдің басында мен өзім тұрған облыс орталығынан поезбен Алматыға сапар шектім. Университетке, сырттан оқитындардың жазғы сессиясына қатысуға келе жаттым. Бір купеге балуан бітімді, ұзын қара мұртты, қартаң қазақпен қатар жайғасқан едім. Біз отырғаннан кейін поезділгері қозғалып, қала кейін сырғып, артта қалды. Көршім терезеге үңіліп, мен кітапқа бас қойдым. Сөйтіп уақыт өткізуге кірістік.

Жолда, Нар станциясынан біздің купеге жүзі таныстау сияқты бір жігіт келіп кірді. Мен быржиып семіре бастаған бұл адамды қайдан көрдім деп ойланып отырғанда ол мені тани кетті.

— Ой, сен солдат емессін бе? - деді салған жерден.

— Иә, бірақ қайдағы солдат?

— Қой, қой, бұлталақтама, - деді бейтаныс адам бірден сен деп сөйлеп, бейне бір менімен бірге өсіп, өмір бойы біте қайнасып келе жатқандай-ақ. - Сен КазГУ-де оқисың ғой. Өткен күзде көріп едің ғой, 7 ноябрьдің қарсаңында, жатақхана жанында. - Менің жүрегім жырқ ете түсті. «Апырау, осы сол болмасын» дедім ішімнен оған абайлай қарап. - Ұмыттың ба? Сен мені театрға ертіп апарып, Меңтаймен жолықтырғаның қайда?

Анық сол болды.

— Иә, аман-есенсіз бе? - деп қолымды ұсындым. - Сіздің атыңыз, ұмытпасам, Тұмажан Ошақбаев еді ғой.

_ Иә оны қойшы. Саған, жігітім, сол жолғы қызметің үшін көп рақмет. Сен болмасаң, мен ол жолы Меңтайды таба алмай кететін едім де, онын несі... - деп танауын желбендетті сары шегір. - Өзің де білесіғ ғой қыздың бойындағы ана несін... белгісін... Сол жолы сен кездеспесең, маған ол қыздың сонысы бұйырмайтын еді. Нардан Алматыға босқа далақтап, барып қайтатын едім. Бірақ жолым болды.

«Жолы болғыш келеді мұңдайлардың» деп ойладым мен ішімнен.

— Өзім де «Әттең, қолыма түссе» деп алақаныма түкіріп барып едім. Түсті ақыры. Өй, құлындай шыңғырттым-ау өзін де... Ошакбаев опық жемейді!

Мен не дерімді, не істерімді білмей, қызарып, қысылғанымнан терлеп кеттім. Ол мені әңгімемнің қызықтығына елтіп отыр деп ойлады-ау деймін, дарақыланып, жаңағы сөзін сол тұрпайы қалпында қайтадан жалғастырды.

— Ал үшінші күні қызың сүзектен тұрғандай боп, екі көзі шүңірейіп қалды. Кешке қарай көшеден такси ұстап әкелдім де, ішіндегі бар нәрін сорып алып, сыртындағы қабығын лақтырып жіберген лимондай етіп, қызды жатақхана жанына жеткізіп тастадым. Ол сең соққан балықтай теңселіп, салы суға кетіп, есікке қарай жылжыды. Ал мен бір рота немісті жалғыз өзім жайпағандай көңілім есіп, Нарға қарай тарттым да кеттім құйғытып. Ошакбаев опық жемейді!

«Ошақбаев опық жемейді» деген мұның сөзінің мәтелі екен. Әр сөйлемнің соңында осы бір дарақы, жаттанды сөзді екілене қайталауды ол өзінің әдетіне айналдырып алыпты. Мен бұл парықсызға не айтарымды білмедім.

— Сіз қыздың ағасымен дос болмап па едіңіз? - дедім бар аузыма түскен сөз осы болып.

— Болса несі бар, онда не тұр? - деді Тұмажан екі танауы едірендеп. - Қыздың не үшін жаратылатынын білесің бе өзін? Білмесең мен айтайын: қыз - қызық үшін, ләззат үшін жаралған. - Осылай деп өз-өзінен тамсанып, тісін ақситты. Бұл тұста ол маған кісі емес, тісі сақылдап тұрған қасқыр сияқты боп көріңді. - «Қыз» деген сөздің өзі қызды көріп, бүйрегің бүлкілдесін, бүйірің қызсың, оны көрсең лап қой, бассал да, умажда деген мағынаны береді. Ал мен бас салдым да, өмірдің өзіме тиісті қызығын көрдім. Кеше немістермен біз не үшін соғыстық осындай қызық көрмесек, а? Мен саған айтайын бар ғой, Дүние екі келмейді. Сондықтан тірі күніңде тәтті қыздардың шырынын сорып қалу керек, мына мен құсап. - Ол жыртқыштың тұяғы іспетті мұқыл саусағымен өз кеудесін бір түртіп қойды. Содан соң қысық көзін одан сайын сығырайта түсіп, сөзін аяқтады. - Жалғыз қыз ғана емес, өмірдегі тәттінің бәрінен өз үлесінді үзіп, жұлып, жұлмалап, алып қалуың керек! Міне, мұны білетін Ошақбаев ешқашан опық жемейді!

«Философиясын азғынның» дедім ішімнен қаным қыз-қыз қайнап. Одан соң оның арсыздығын бетіне баспақ боп, тағы да бір сұрақ қойдым.

— Қыз ағасының сізге айтқан өсиеті бар емес пе еді: тірі қалсаң, менің қарындасыма қосыл, қорған бол деп тілек етпеп пе еді? Сонда сіздің мұныңыз қалай болғаны?

— Тоқтай тұр. Оны сен қайдан білесің? Тегі сенің сол қызбен бірдеңең бар шығар, түрің жаман, - деп Тұмажан бетіме тесірейді. Көзі жыланның көзіндей өткір екен, кірпігін қақпады. Содан соң бейне бір менің кінәмді кешіргендей боп, мардымси сөйледі. - Жарайды, болса, бола берсін, - деп қолын бір сілтеді де, сұрағыма жауап берді. - Бірақ «өлгеннің өсиетін тірі орындамайды» деген бар емес пе, сен оны білесің бе? Мен өзім өмірде осы қағиданы мықтап ұстайтын кісімін. - «Сен кісімісің, кісі бейнесіндегі қорқау емеспісің?» дегім келді осы жерде. Бірақ ол сөзін аяқтасын деп, үндемедім. - Өлген адам өлді, топырағы торқа болсын! - Ол өз-өзінен ыржалақтап, кеңкілдей күліп қойды. - Өлген адамның жамбасы жайлы жерде жатыр. Ал тірі менің де, - ол тағы кеудесін түртті, - жаныма жайлы өмір кешуім керек. Ендеше шөп желке бір студент қыз оқу бітіреді екен деп алтын өмірімді өксітіп отырмақпын ба тосып? Оқуды таста, маған қатын бол дедім ол қызға. Көнбеді. Көнбесе өз обалы өзіне оның. Ошақбаев опық жемейді!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет