Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет1/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау, құрғырлар.

Абай
Пролог орнына

Әңгіме сүйіспеншілік жайына ауысты. Қазіргі әдебиетте махаббат туралы қалай жазу керектігі сөз болды.

- Тургенев былай деген екен, - деді әдебиет зерттеуші, - «Емен - ең берік ағаш. Оның беріктігін мынадан да білуге болады: өзге ағаштардың жапырағы күзде-ақ қурап, түсіп қалады; ал еменнің жапырағы қыста да бүлк етпейді, тек келесі көктемде - бұтақтарында жаңа, жас бүршіктер қылтиып, бас жарғанда ғана оларға орын босатып, жерге құлайды. Мықты жүректі мекендеген ескі махаббат та осыған ұқсайды - өшсе де орын бермей, қоламталанып жатып алады; оны жалынды жаңа махаббат қана тықсырып шыға алады».

- Ал, белгілі жазушы Пришвин өз күнделіктерінің бірінде былай деп жазыпты, - деді жазушы, - «Бүгінгі күннің тақырыбы - жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу, екінші сөзбен айтқанда: жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу». Өте дұрыс айтылған. Бірақ осыны қалай көр-сетуге болады?

- Оны білмеймін, - деді журналист. - Мен сіздерге тек қана өз махаббатымның тарихын айтып берейін.

- Айтыңыз, тілеуіңізді берсін.

- Ал, тыңдаңыздар онда.

I

– Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады, - деп бастады Ербол әңгімесін. - Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге. Сонымен, мен 1945 жылдын он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым. Тарих-филология факультетінің деканы, батыр тұлғалы, кесек пішінді, жалпақ бетті, қысық көздеу келген орта жас мөлшеріндегі сабырлы кісі документтерімді байыппен қарап шықты да, бұрын пединституттың бірінші курсын бітіргендіктен, бірден екінші курсқа алынатынымды айтты. Мен содан бір сағат қана бұрын, астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің екінші қабатына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді міне, декан екінші курсқа қабылдандың дегенде өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім.



Декан алдында, стол үстіндегі шыны астында жатқан сабақ кестесіне қарап отырды да:

— Сіздің курс қазір осы дәліздегі 33-аудиторияға жиналады. Бес минуттан кейін сабақ басталады. Өзіңізді студентпін деп есептеп, курсыңызға барып отыра беруіңізге болады, - деді.

Мен деканға рақмет айтып, бас идім де, есікке қарай бұрылдым.

Дәлізді қуалай жүріп келемін. Ұмытып қалмайын деп қайта-қайта ішімнен: «Отыз үшінші аудитория... отыз үшінші аудитория...» деп күбірлеп келемін. Міне, сыртында «31» деген жазуы бар есік тұр. Есігінің аңқайып, ашық қалғанына қарағанда аудитория бос тұрған тәрізді. Өзімді толық праволы студент деп сезінгендіктен бе, білмеймін, кенет оның ішін көргім келіп кетті. Бас сұқтым. Аудитория іші ат шаптырым дерлік кең екен. Еденнің оң жағы сахна тәріздендіріліп қойыпты. Оның төрінде - қабырғада қара тақта ілулі тұр. Сол жақта жыпырлаған биік парталар. «Әлде бұл клуб па екен? » деп ойладым одан шыға беріп. «Отыз үшінші аудитория... отыз үшінші аудитория...» деп күбірлеп, тағы ілгері аяңдадым.

Келесі есіктегі «32» деген жазуға көзім түсе беріп еді, сол-ақ екен ол шалқасынан ашылып кеп кетті. Кітап қолтықтаған бірнеше студент шығып келе жатты. Мен солардың арасынан есікке және көз салдым. Сол жақта алдарындағы кітап, қағаздарына үңіліп, бұқшия төмен қарап отырған көп студент көрінді. Оң жақта, сөреде қатар-қатар тізіліп тұрған кітап-тардың алтын жазулы түптері көзге шалынды. Үстіне көк халат киген татар өңдес жас келіншек қашаның қасында тұрған біреуге кітап ұсынып жатыр. Бұл немене, кітапхана ма өзі?» деп ойлап, мен аяғымның ұшымен көтеріліп, мойнымды соза бергенде іштен шыққан соңғы студент есікті серпіп жіберді. Менің жорамалым шынында да дұрыс екен. Екі жармалы есіктің жабылған белігінің сыртына бадырайта «Кітапхана» деп жазып, оның бетін шынылап қойыпты.

Сонымен, не керек, отыз үшінші аудиторияны таптым-ау жағалап келіп. Ендігі барлық бақытым, көрер қызық, кешер қуанышым отыз үш деген екі сөзге тірелгендей болып, есіктің жоғарғы жағына жазылған екі цифрға ентелей қарап, күлімдеп тұрмын. Бойым жетсе, қолымды созып, өзім үшін өзгеше ғажап бұл цифрды сипағым да келетін сияқгы. Өйткені мен төрт жыл бойы Жеңісті арман еттім. 9 майда батыста неміс фашистері тізе бүкті, 3 сентябрьде шығыста жапон империалистері жеңіліп, қол көтерді. Отан үстінде жеңіс туы желбіреді. Қаһарлы қыс өтіп, халық аңсаған жазғытұры жеткенде жер бетіне қаулап бір көк шықпайтын ба еді. Сол сияқты боп, соғыс біткеннен кейін жұрт жүрегін жаңа арман кернеді. Ана ұлын, әке баласын, жігіт жарын, қыз ғашығын көксеп, тезірек қауышуды тіледі. Көгеннен ағытылған қозыдай жамырап, батыс пен шығыстан елдің түкпіріне қарай тірі қалған солдаттар ағылды. Жолда кездескен жыпырлаған село, көп қаланың біріне тоқтамастан әркім өз ауылына, өз үйіне жетуге ынтықты, өз ұясын көруге асықты. «Менің ұям сенсің - университет, сенсің - отыз үшінші аудитория! Сенен басқа менің ешкімім жоқ!» деп іштей тебірене есіктін тұтқасына қол создым мен.

Солдаттын ауыр салмақты керзі етігімен еденді тарс-тұрс басып, есіктен кірдім. Менің бұл кірісім аудиториядағыларға асфальт көшеде тағалы ат келе жатқандай әсер еткен болуы керек. Олай дейтінім, парталарына жайғасып, алдарындағы қағаздарына үңіліп отырған студенттердің бәрі бастарын көтерісіп, күнге қарай бұрылған күнбағысқа ұқсап, мойындарын соза маған тесірейді. Мен де оларға қарадым. Қарасам, алдымда қаптап отырған қыз екен. Соғысқа дейін бір қыз бетіме тіке қараса, бәшірем кететін мен байғұс аудиториядағы отыз қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай шыдап тұрғанымды білмеймін... Түнде, майдан шебіне жау самолеті келіп қалғанда прожекторлардың қараңғы аспанды қатарласа тілгілеп, жерден жарқ етіп көтерілгендей найзағай сәулелерінің бірі алыста жүйткіп бара жатқан ақ ноқатты шалатын. Самолетнокат прожектор сәулесінен тез сытылып кету үшін жанталаса сасқалақтап, олай бір, бұлай бір бұлтаратын. Бірақ қанша қашқанымен, қараңғы аспанның қабатына кіріп, жасырынып қалуға мұршасын келтірмей, барлық прожекторлардың сәулесі лезде тұс-тұстан шаншылып, қадалып қалатын. Сол кезде жерден атылған зенитка оқтары шөкім-шөкім ақ бұлт болып, бұрқ-бұрқ етіп, жау самолетінің жанынан жарыла бастайтын... Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған самолеттей күйге түстім. Сасқанымнан командирдің алдына келген солдаттай болып, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, тік тұра қалдым да :

— Сәлеметсіздер ме, жолдастар! - дедім.

Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған ғажайып сәтті көріп пе едіңіз? Бақшаның жер нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ, қызыл, қызғылт, сарыкөк гүлдері біртіндеп, бірімен-бірі жарыса ашыла бастағанда жаныңызды ләззат кернеп, өз-өзіңізден өзгеше бір рақатқа кенелмейтін бе едіңіз. Сол гүлдердің торғыннан жұқа, әсем үлбектерінің әр дірілі жаныңызды толқын-толқын қуаныш боп кернеп, басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп, елтітіп әкетпейтін бе еді?!. Міне, қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ деген осы болар, осы отыз үшінші аудитория шығар деп ойладым. Қыздардың томпақ, толық, жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда олардың ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей көрінді.«Ал енді не айтасың?» дегендей, жазық маңдай, қыр мұрын, аққұба, аққу мойын, аршын төс, қара торы қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап отыр. Енді не айтарымды өзім де білмедім. Алма ағаштың бұтақтарын қайыстырып, «өзіме кім көл созар екен?» деп жерге телміре қарасып, сабағында самсап тұрған хош иісті, піскен алма секілді осынау тәтті қыздардың қасынан ілгері қарай үндемей, одыраңдап, бос орын іздеп өте беруді орынсыз көрдім бе, білмеймін:

— Рұқсат па кіруге? - деппін тағы да сасқалақтап. Есік жақ қатарда екінші партада отырған шашы көмірдей қара, жазық маңдай, қызыл шырайлы қыз күлкі қысып, теріс айналып кетті де, танадай көзін жалт еткізіп, қайтадан маған қарады.

— Рұқсатты кірмей тұрып сұрамаушы ма еді? - деді ол жалпақтау біткен күрек тісі жарқ-жұрқ ете көзге шалынып. Содан соң ол анқаусып, арт жағында отырған қыздарға бұрыла қарап қойды. Әлдекім мырс ете түсті. Мен қызарып кеттім.

— Қанипа, сен қойсаңшы, - деді оның алдында отырған аққу мойын, сары қыз. - Бәлкім, бұл кісі біреуді іздеп келген шығар.

— Ағай, сізге кім керек еді? - деді алдыңғы партада отырған кішіректеу екі қыздың аққұбасы орнынан көтеріліп. - Біреуді іздеп жүрсіз бе?

— Отыз үшінші аудитория керек еді, - дедім мен. - Осы курсқа қосылатын жаңа студент едім.

— Е, онда төрлетіңіз, - деді тағы да жазық маңдай, қасқа тіс қыз. - Қосылыңыз...

Менің «жаңа студентпін» деген сөзімнің қыздарға жаңаша бір әсері болды-ау деймін. Олар бір сәт шаштарын сипап, сәнденген сияқтанды. Содан соң, әлдекімнің командасын орындағандай, кеуделеріне түсіп тұрған білектей бұрымдарын бір кісідей болып арқаларына қарай серіпті. Сөйтті де қыздар қайтадан маған қарады. Бұл жолы бұрынғыдай самарқау емес, менің жүрегімді жандыра, күйдіре қараған сияқтанды. Әрине, бәрі емес қой, кейбіреулері ғана сөйткен болар. Бәлкім маған солай сияқтанып көрінген шығар... Прожекторлар сәулесінің найзасына ілінген самолетке оқтимей қоймайды. Оқ тиген самолет өртеніп, лаулап, соңынан қара түтін сүйретіп, бет алдына ауытқып, жер қайдасың деп құлдилап, лаға жөнеледі... Отыз қыздың көзі менің де жүрегімді өртеп жібергендей болды. Оқ тиген самолеттей теңселіп, теп-тегіс еденде жаңа жыртылған тақтаның үстінен келе жатқандай сүріне аяңдап, бос орын іздеп, аудиторияның ең түкпіріндегі бос партаға қарай беттедім.

II

Ең артқы партаға келіп, еңкейіп, оның кітап қоятын қуысына әскери сумкамды, қоқайма фуражкамды сүңгітіп, енді отыра бергенімде дәл қасымнан дүр етіп бір топ көгершін кө-терілген іспеттеніп кетті. Олардың лапыл қаққан женіл қанаттарының жақыннан шыққан лебін де естіген сияқтандым.



«Мұнда көгершін қайдан келді?» деп ойлап, басымды көтеріп алдым. Сөйтсем, көгершін дегенім орындарынан өре түрегелген қыздар екен. Қыздардын жауырындары қақпақтай, етжеңді, бойшаңдары да, иықтары қушиған, бірақ бойлары тартқан сымдай тіптік, нәзік денелі, талшыбықтай майысқан талдырмаштары да бар екен. Оларды шолып келіп, менің көзім өз алдымдағы көрші партадан көтерілген екі қыздың жып-жылтыр шаштарына, олардың қос-қос бұрымдарына түсті. Орындарынан тез тұрғандықтан болар, қыздардың тастай ғып өріп тастаған әсем бұрымдары тақтайдай жауырындарын сипағандай боп, жеңіл ғана қозғала тербеліп қалыпты. Қыз бұрымдарының осы әлсіз тербелісі аудиторияға оқытушы кіргенін, ендеше бұл қауымға қазір қосылған жана студент менің де оған құрмет көрсетіп, орнымнан тұруым керектігін есіме салды.

Орнымнан ұшып тұрған бойда мойнымды созыңқырап, алға қарадым. Келген оқытушы қандай адам екен деп ойладым. Алда, қыздардың бастарынан биігіректе біреудің қозы бұйра шашы төрге қарай жай жылжып барады екен... Соғыста жүргенде компаспен жөн бағдарлайтынбыз. Компас қозғалса, оның тілі жан-жағына қыпылық қаға шайқалып кететін де, сәл тыныштық болса, «міне, менің іздегенім!..» дегендей сұқтанып, солтүстік жаққа телміре қалатын. Неге екенін білмеймін, тегіс жерге қойған компастың тілі сияқтанып, менің көзім қайтадан алдымда тұрған қыздардың бұрымына ауды. «Білектей арқасында өрген бұрым» деген Абай өлеңінің жолы ойыма оралды. Жылтыр, қара шашты қақ жарып өтіп, маңдайдан желкеге дейін тартылған шаш жармасының кіршіксіз құйқаны ашып көрсеткен ақ сызығы жүрегімді қытықтағандай болды. Қос бұрымның арасындағы қағаздай аппақжелкелер өне бойымды балқытып бара жатқан сияқтанды. Осы кезде сол қанатта түрегеліп тұрған қыздардың бірі бұрылып, арт жаққа қарады. Кейін білдім, ол Зайкүл деген қыз екен. Ол тура маған қараған тәрізді болды. Менің қыздарға сұқтанып тұрғанымды сезіп, «апыр-ай, мына жігіт келмей жатып елтіп қалған екен» деп ойлайды-ау деп ұялып, төмен қарап кеттім.

Ұялшақтық - ұлтымызға тән қасиет қой. Әсіресе ауыл балалары ұяң келетін әдеті емес пе? Жасымда мен де сондай болдым. Үлкендердің алдында суырылып сөйлемейтінмін, әйелдердің бетіне қарамайтынмын. Жақсы көрген қызымның жанына жолай алмайтынмын. Соғыстан қайтып оралғанша әйел алдындағы өзімнің осы ұялшақтығымның қандай күйде екенін білмейтін едім.Оны енді сезе бастадым. Жаңа, қыздар толы аудиторияға кіріп келгенде бірінші рет ұқтым. Сол бұрынғы, бала күнгі қалпымда екенімді білдім. Бірақ бала күнімде менің қыздардың сыртынан сұқтана қарауға да батылым бармайтын еді. Төрт жыл соғыста болып, жаман, жақсыны көп көргендіктен бе, кім білсін, енді қыздардың желкесіне қызыға қарауға жарап қалған сияқтымын. Ішімнен бұл күйіме де шүкіршілік еткендеймін. «Тіпті қыздардың бетіне де, сыртына да қарамай- ақ қояйын, - деп ойладым көзімді төмен салып тұрып. - Жұртпен бірге жауды жеңіп, аман-есен елге келіп, осы қыздардың қасында тұрғанымның өзі қаншама бақыт!

Оқытушының: «Отырыңдар!» дегенге ұқсас үні естілді. Шырқап биікке көтерілген көп көгершін құйыла төмендеп келіп, жаңағы ұшқан жеріне дүр етіп қайтадан қонды. Көгершін тобына тақау келіп, қалбаң етіп қонған жалғыз қарға тәрізденіп, қыздардан кейін орныма жалп етіп мен де жайғастым. Содан соң жайлап, алдағы қыздардың бастарының ара-арасымен оқытушыға көз жібердім. Бірінші көрген оқытушым болған соң ба, әлде жүзінде есте қалар ерекше белгілері бар ма, білмеймін, көмірдей қара, қозыдай бұйра шашы мен бірден бүркіттің тұмсығын көзге елестететін үлкен имек мұрыны бар, қоңырқай өңді келген отыз үш-отыз төрттер шамасындағы сабырлы кісі өмір бойы ойымда сақталып қалды. Оқытушының қоңырқайлығынан басқа бетінде қазаққа ұқсайтын еш белгі жоқ сияқты еді. Сондықтан мен оны соғыстың соңғы жылында бастығым болған аз ұлттан шыққан командиріме ұқсаттым да, бұл кісі қай сабақтан лекция оқиды екен деп ойладым. Ол лекцияның орыс тілінде оқыларына да күмәнім болған жоқ.

— Ал, балалар, дайынсыңдар ма?

Мен елең етіп, мойынымды ілгері создым. Қазақша сөйлеген осы оқытушы ма, әлде басқа біреу ме деп, өз құлағым мен өз көзіме өзім сенбегендей сияқтандым.

— Дайынбыз, ағай, - деген оң жақ қанаттан шыққан қыз дауысы естілді. Алғашқы сөзді оқытушы айтқанына әлі де иланатын емеспін. Өзгелер сатырлатып дәптерлерін аша бастағанда мен бақырайып, қаранғыда жау пулеметінің қай жерден от шашарын андыған түнгі барлаушыға ұқсап, бүркіт мұрынның астындағы ауызды бағумен болдым.

— Дайын болсаңдар, жол ортасына былай деп жазындар: Сын есім. - Бүркіт мұрнының астынан ақ тістер жарқ-жарқ ете қалды. Оқытушы өзін байсалды ұстап, әр сөзін баппен, байыппен айтады екен. Соғыста командирлердің шапшаң айтылатын бұйрық сөздеріне үйреніп қалған маған бұл ырғақ тосындау танылып, оқытушы әдейі маңғазданып отырғандай көрінді. Менің осылай деп ойлауыма мүмкіндік бергендей, құс мұрын оқытушы сәл бегеліп барып, сөзін ары қарай жалғады. - Біздің бүгінгі өтетініміз: сын есімнің түрлері - сапалық сын есімдер мен қатыстык сын есімдер, сын есімнің мор-фологиялық құрамы, яғни сын есімнің қосымша арқылы жасалуы, сын есімнің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы және форма тудыратын қосымшалар.

— Түу, ағай, тіпті көп қой, - деді төмен тұқырып алып, дәптерлеріне сусылдатып жаза бастаған қыздардың бірі.

«Бәләй, көп деп бекер айтты-ау» деп ойладым мен ішімнен жаңағы сөзді айтқан қызға жаным ашып. Өйткені командир сабақ беріп тұрғанда солдаттардың бұлай деп, оның әрекетіне баға бермек тұрғай, сөзін бәлуге хақысы жоқ. Мұндайда командир жаңағы сөзді айтқан адамды орнынан тұрғызып, казарманың еденін жууға жазалайды да, сабақтан қуып жібереді. Әскер өмірінің тәртібі солай. Төрт жыл бойы сол өмірге қалыптасып қалғандықтан ба, кім білсін, оқытушы жаңағы студентканы да аудиториядан қуып шығатын болар деп қауіптендім.

Бірақ ол сөз оқытушының кәперіне мүлде келген жоқ.

— Программа бойынша солай ғой, - деді де, лекциясына кірісті.

Бөтен ұлттың адамы болар деген оқытушының қазақша сөйлегеніне, оның үстіне қазақ тілінің өзінен сабақ бере бастағанына таңданған мен оның тілін қабылдағанмен, қазақ де-уге түрін қабылдай алмай біраз отырдым да, ақыры оған да көндіктім.

Содан соң өз дәптерімді алдыма қарай тартып, мен де жұртпен ілесе конспект жазуға талаптандым. Бірақ бір ғажабы, қаншахалаптансам да жаза алмадым. Дәптердің дәл орта-сына «Сын есім» деген екі сөзді баттитып қойдым да, төбеден ұрғандай боп тұрып қалдым. Біріншіден, төрт жыл бойы қолыма қалам орнына салмағы сегіз килограмм снаряд ұстап үйренген саусақтарым икемге келетін емес. Екіншіден, бәлкім сол себептен де болар, жаңа ғана өзім жай сөйлейді екен деп ойлаған оқытушының дауыс екпіні тындауға қырсау сияқты боп көрінгенмен, менің әрқайсысы әрең бүгілетін, буындары шөр-шөр, барбиған, жуан саусақтарымның шапшаңдығынан әлде-қайда жылдам болып шықты. Оның үстіне соғыста зеңбірек пен винтовка сияқты жауынгер қарулардың тілін ғана ұғып,-тас төбеңнен төне түсіп, боздай сорғалап келе жатқан мина мен бомбалардың қай жерге көп бұрқ ете қаларын үніне қарай ажыратуды мүлтіксіз білгенмен, мынадай аудиторияда лекция тындаудан мүлде тосырқап, әрі мүкістенген солдат құлағы оқытушының «сын есім... сын есім...» дегеннен басқа сөздерін және ажырата алмады. Маған құсмұрын оқытушының лекцияға кіріскеннен кейінгі шыныдай шыңылдап қалған ликциясы тағы ұнамады. Ол сөйлеген сайын біреу аудитория терезелерінің әйнегін шылдырата сындырып келе жатқан тәрізді немесе аязды күні әлдекім ақ қарды шықырлата басып, қасыңнан өтіп бара жатқан сияқты болды да тұрды. Маған сөзден гөрі сол бір шыңыл көбірек естіле берді.

Қойшы, қаншама тырыссам да ештеңе жаза алмайтыныма көзім жетті. Қауырсындай ғана жеп-жеңіл қарындашты қағаз бетінде жорғалату алпамсадай зеңбіректі ашық позицияға дөңгелетіп алып шығудан ауыр тиді. «Жоқ, бүйтіп босқа қиналмайын, - деп ойладым ішімнен. - Алдымен оқытушының үнін құлағыма сіңісті етейін. Содан соң бірте-бірте лекциясын жазуға да жаттығармын. Осы отырғандардың бәрі лекция тыңдап, конспект жазу шеберлігіне бірден емес, біртіндеп жеткен болар. Ендеше, төрт жыл окопта жатып, соғыс академиясын тауысқан солдаттың бұлармен бірге бейбіт өмір университетін тәмамдауға да шамасы келер әлі». Осы ойдан кейін қарындашымды дәптерімнің ортасына қойдым да, бала күнгі әдетім бойынша, сол жақ алақаныммен жағымды таянып, жақсылап тыңдамақ болдым. Тыңдай бастап, қыздардың кесте тоқығандай жыпылдатып, жылдамдата конспект жазып жатқан әсем қолдарына көзім түсті де, тағы да солар туралы ойлап кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.

«Қыздар! Сендер қандай ғажайып жансыңдар, шіркін! Жаудырай қадалған қап-қара көздерің мен жанды еріткен көмірдей шаштарың, иықтарыңдағы толқындай тулаған, білектей бұрымдарың мен сол қос бұрым арасынан көрінген кіршіксіз аппақ желкелерің қандай әсем еді сендердің. Өзеннің құба талындай солқылдаған бойларың неткен көркем, апырау. Қыр жігітінің қанын қыздырып, құшақтауға құмартатын қыпша белдерің мынау бұралған! Сендердің сымбаттарынды суреттеуге соғыстан қайтқан солдаттың тілі жетер алар ма ешқашан?!»

Осындай ойлар бірінен соң бірі жалғаса береді, жалғаса береді. Ой құшағында отырған мен қыздардан өзге дүниенің бәрін де ұмытып кеткен сияқтымын.

«Бұл қыздарды көріп отырған мен неткен бақыттымын! - деймін тағы да ішімнен. - Соғыс бойы жауды жеңіп, сендерді көрсем деп имандай арман тұтып едім ішіме. Сыз окопта суық жаңбыр төбеден сорғалап тұрғанда да сендерді ойлағанмын. Ақ қар, көк мұзда жол жағасында жау танкісін тосып, зеңбіректі құрып қойып, шұңқырдың төбесіне плащ-палатка тұтып, тісім тісіме тимей сақылдап, тоңып отырғанда да сендер жүрегімде жатқансыңдар, қыздар. Жаяу жорықта жан қиналып, күндіз жау самолеттерінін төбеден атқылаған оғы шинелімнің етегін шұрқ-шұрқ тескілеп, түнде ұйқы қаумалап, кірпіктеріме қайта-қайта желім жағып, буындарымды босатып, мазамды алып, есім шығып келе жатқанда да сендер менің ойымнан кетпегенсіндер, арулар. Сол күндердің, сол айлардың, жылдардың бәрінде де мен сендерді бір минут та есімнен шығарған емеспін. Жалғыз менің ғана емес, майдандағы бар жігіттің жүрегінде болдыңдар сендер. Сендерден ауық-ауық хабар алу қандай бақыт еді майдандағы жігіттерге. Әр жауынгер қолына үшкіл хат тиіп, оның сыртындағы өзіне таныс қолдың таңбасын көргенде жел қозғаған жапырақтай дірілдеп, тез оқып шыққанша тағаты қалмай асығатын. Жаңа ғана жаудың жебір танкін жайратып, қираған болаттың беріктігі мен сұстылығын өз бойына, өз өңіне жиып, шымырқанып тұрған қаһарлы солдаттың қыз хатын оқып шыққанда жаны жадырап, қара көзі күлімдеп, бүйрек бетіне алқызыл бояу шабатын. Ақтістері ақсия көрініп, өзгеше бір рақат табатын. Осы бір өңі жұмсарып, жүзі жылып, жүрегі нәзік лүпілге басқан шағында оның көкірегіне өзгеше бір күш құйылатын. Сол сәтте ол бір емес, жаудың бірнеше танкін жалғыз өзі жайратуға әзір болатын. Міне, майдандағы жігіттерді біресе болаттай қатайтып, біресе қорғасындай ерітетін сендер едіндер, сендердің ғажайып хаттарың еді, қыздар. Сендердің «жауды жеңіп қайтыңдар!» деп әр хатта айтатын өмірлерінді орындап, тезірек Берлинге барып, одан соң өздеріңе жетсек деп ынтығушы едік бәріміз. Бір қазақ қызының жүзін көріп, қасында отырсақ арманымыз болмас еді деп аңсайтын едік біз. Енді міне, мен біреуіңнің ғана емес, бір аудитория толы қыздың қасында отырмын. Қандай бақыттымын мен! «Мен бақыттымын!» деп Алатаудың төбесіне шығып айғайлағым келеді қазір. Отан армиясының сапында зұлым жауды жеңгеніме бақыттымын! Сөйтіп, өз еліме оралып келгеніме бақыттымын! Каншама ер-азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай, арманда өтті. Олер алдындағы әр солдаттың аузында ең соңғы сөзі әйел аты болды. Біреуі анасын, біреуі жарын, біреуі ғашығын есіне алып, тілі күрмеліп, мәңгіге көз жұмар алдында ақтық күш жиып, солардың есімін атады. Олардың өздеріне деген махаббатының қарызын солдат сол бір ауыз сөзді ұмытпай айтып өтеуге тырысты. Содан кейін Отан сүйгіш, ана сүйгіш, жар сүйгіш солдат жаны мәңгіге тыншықты».

Осындай ойлар арынды өзеннің ақжал толқынындай төпеп, бірін-бірі қуып жөнелді-ай келіп. Мен өзімде қыздарға деген осынша мол, нәзік сезімдер бар екенін бұрын да білетін едім. Сол сезімдердің бүгін университетке түсіп, алғашкы лекцияға қатыскан сәтте-ақ ағыл-тегіл ағылғанына таңдандым. «Қой, мұным болмас. Университетке алынбай жатып аңсарым қызға ауғаны несі? Мен мұнда қызға қырындаймын деп емес, оқу оқимын деп келіп едім ғой. Ендеше қыз туралы ойлаудан тыйылуым керек» деп өзіме өзім тоқтау салмақ та болдым. Бірақ айы, күні жеткен әйелді ауық-ауық қинаған толғақтай әлде бір арылмас мазасыздық менің бойымды билеп, барған сайын бастағы ой ерістеп, ершелене берді.

«Ұлы Отан соғысында біз жауды қаруымыздың - самолеттің, танктің, артиллерияның құдіретімен жендік, - деп ойладым мен онан әрі. - Сол сияқты алаулаған асыл махаб-баттың күшімен де жеңдік. Біздің жүрегімізде Отанға, анаға, сүйген жарға деген шексіз махаббат болды. Соңғы күш алдыңғының қуатты қозғаушысына айналды да, өлім мен өмірдің арпалысындай айқаста біз жеңіп шықтык. Меніңше, махаббат - дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ. Ендеше, қыздар, махаббаттың мөлдір бастауы - сендерді көргенде қалай тебіренбейін, қалай қуанбайын мен! Кеше өгей Европадан өз Европама жеткенше асығып ем, өз Европам өз Азиямдай қуанышпен қарсы алды мені. Жолдағы ағайын жұрттың жылы жүз, ыстық ықыласы жүрегімді тербеп, ежелден таныс үнді славян сөздері құлағыма тәтті күй боп құйылды. Ал өз Қазақстаныма жеткендегі күйім қандай болды десеңші! Ауызбен айтып жеткізе алмаспын мен оны. Жол бойындағы жадау разъезд, жапырайған қазақ ауылдары қоңырайып алдымнан шыққанда Батыс Европаның салтанатты сарайларынан артық көрдім мен оларды. Үй жанында үймелеп күз тіршілігін жасап жатқан жүдеу жүзді, жалбыр киімді ауыл адамдары көзіме шалынғанда жүрегім елжіреп, еріп қоя берді шайға салған қанттай боп». Осы кезде «Көнілді бес жүзінші поезд» деп аталатын әскерден қайтқан солдаттар тиелген қызыл вагонды ұзын составтын Қазақстанның шеткі, шағын станцияларының біріне келіп

тоқтағаны көз алдыма елестеді. Тәкен деген жолдасым вагонган қарғып түсті де, поезға сүт, айран, жұмыртқа алып шыққан әйелдердің қасына барды одыраңдап.

— Апалар, амансындар ма, бәріңізге мың сәлем! - деді ол бас иіп. - Айран бар ма?



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет