— Танысқандарыңа қанша болды? - дедім ол қыр соңымнан қалмаған соң.
— Бақандай он алты күн.
— Тым аз екен, - дедім мен басымды шайқап.
— Сеніңше жігіт пен қыз қанша уақыт таныс боп жүруі керек?
— Бір жыл, екі жыл.
— Ойбай, - деп 3-ның көзі бақырайып кетті. - Оған дейін менің ішім жарылып кетеді ғой, Меңтай-ау.
— Жігіттің жанын сынау айлар мен жылдарды керек етеді дейді, - деп мен күлдім.
— Қойшы, күлмеші, мен оның барлық қасиеттерін санап шығайын, сен маған оның қандай жігіт екенін айтып берші. 3. өлердегі сөзін айтып, жалынғандай болды. Мен оған екі-үш сұрақ қойдым.
— Жігітің арақ іше ме?
— Ептеп ішеді, бірақ көп емес.
— Мас болғанын көрдің бе?
— Бір-ақ рет. Онда да бір вечерде жолдастары іш-іш деп болмаған соң...
— Басқа қандай мінін білесің?
— Басқа еш міні жоқ: жақсы билейді, иіліп тұрады, киноға апарады. Оның үстіне ағасы жақсы қызметте көрінеді.
3. мен жігітің жаман екен деп айтып қала ма деп сасқалақтағандай, оны үсті-үстіне мақтай жөнелді.
— Қой, 3,, - дедім мен тағы күліп. - Бұл сұрақгарды саған әшейін, әзіл үшін қойып жатырмын. Мен сырлас емес кісіге сын айта алмаймын. Бірақ апамның бір жігіт жайында айтқаны есімде қалыпты. Қаласаң, соны айтып берейін.
— Айтшы, жігіттерді қалай сынау жайында болар, - деп 3. одан сайын үздіге түсті.
Апам мен жоғары класқа көшкеннен кейін өмірдің әр алуан қиындығы, жақсы мен жамандық, әр қилы адам мінездері жайлы әңгімелер айтып отыратын. Сонда байғұс апам айтқанының барлығы менің құлағыма сіңе берсін деп ойлайды екен ғой. Бір күні апам өз-өзінен отырып, маған жігіттер жайлы әңгіме айтты.
— Өмірде мінсіз кісі болмайды, - деп бастады апам сөзін. - Қызға жігіт жүз процент жақсы боп ешқашан да кездеспейді. Жігітті жүз процент жақсы ететін жақсы жар, жақсы әйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап- дайын, жақсы күйеуге шыға қоямын деуі қиын. - Апам осылай деп басын бір шайқап қойды. Мен әлдебір кітапқа көз жүгірткен боп, үнсіз тындап отыра бердім. - Ол жігіттердің де кінәсі емес, - деді апам қайтадан сөзін жалғап. - Олардың да бұл істе білім, тәжірибелері жоқ. Келіншек алу керектігін білсе де, онымен қалай өмір сүру керектігін білмейді. Оны жүре-жүре жігітке өмір үйретеді. Сондықтан жас жігіттер маған кесек-кесек руда іспеттес боп танылады. Ал жас әйелге сол руданың кенін алып, жақсы мүсін жасау қажет, өзінің көңіліндегідей күйеу етіп шығаруы керек. Бұл үшін біреудің еркесі боп, бұлғақтап өскен қыз байғұста тәжірибе жоқ. Уһ! - деп апам әлдебір ауыр жүк арқалап келе жатқандай боп күрсініп қойды. - Әрине, руданы іс қылу оңай. Ол үшін заводта арнаулы мартен пеші бар. Пештің қызуы руданы балқытып, оның бойындағы құрышты қоқыстан бөліп алуға мүмкіндік береді. Содан соң шебердің таза құрышты қайда пайдаланамын десе де еркі бар. Ал жігітті руда сияқты пешке салып балқыта алмайсың. Оны тек әйелдің махаббаты ғана балқытады. Күшті махаббат қана куйеудің бойындағы кінәратты жеңеді. Күшті махаббаты бар, ақылды, сабырлы әйел ғана жаман жігіттен жақсы жар жасап ала алады. Содан кейін олар бірінің айтқанынан бірі шықпай, сыйласымды, тату-тәтті өмірді бастарынан кешіреді. Бұл жолда әйелдің көп қажыр, қайраты жұмсалады. Ол жақсы жарды содан соң барып табады.
— Апам байғұс бұл әңгімесін маған бір емес, бірнеше рет қайталап айтқан еді, - дедім 3-ға бұрылып. - Сондықтан құлағымда қалыпты. - Ал енді мен саған не деймін? Менің айтар ақылым біреу ғана...
— Е, соны айтшы, - деді 3. шыдамсызданып.
— Менің айтар ақылым мынау ғана: өзің біл, өзің ойлан, өзің есепте. Қыздың өзіне лайық өмірлік жар тандауы ауыл боп ақылдасып, базардан ат сатып алу емес. Өзің оған жақсы жігіт деп шаң жуытпай тұрсың. Ал жақсы жігіттің әлден арақ ішуі маған ұнап тұрған жоқ. Қосылған соң кемшілігін түзеп әкетуге әлім келеді, апам айтқандай, махаббатымның күші, өз қажырым оған жетеді десең, өзіңе серік ет оны.
— Сонда оны жаман жігіт дегің келе ме?
— Менің ешкім жайында асығыс пікір айтқым келмейді. Оның үстіне өзім көрмеген, білмейтін адамым туралы олай деп тіпті де айта алмаймын. Бәлкім, бір қарағанда біреуге біреу жаман көрінгенімен, негізінде ол жаксы адам боп шығар, кім біледі. Жігіт үстіңдегі көйлек емес қой бірден иә жақсы, иә жаман деп бағасын беретін.
— Осындайдың бәрін қайдан білесің? - деді 3. күліп. Мен оған шындап жауап бердім:
— Адам бойындағы, әсіресе қыз бойындағы қасиет ана берген тәрбиеден ғой. Апам маған ылғи: «Қарағым, адамды білмей жатып, асығыс жамандама. Кім біледі, сол жаман деген адамның да жақсылығы болар» деп отырушы еді. Мен ол кісінің өмірі біреуді «ол солай» деп жамандағанын естіген емеспін. Одан соң адамға тәрбиені мектеп пен кітап береді ғой, - дедім.
— Мектепте мен де оқыдым, менің де шешем бар. Ендеше мен неге сен білгенді білмеймін? Бірақ мен ешқашан да бастаған кітабымның аяғына шыққан емеспін. Неге екенін білмеймін, кітапты қолыма алсам-ақ ұйқым келеді.
— Сен де жақсы қызсың, - деп мен 3-ның мойнынан құшақтадым. - Сен ақкөңілсің, ойындағыны жасырмай тура айтасың. Бұл - жақсы адамның қасиеті. Бірақ сен сәл ұш-қалақсың, көргенің мен естігенінді байыптай бермейсің. Аздаған көрсеқызар, модышылдығың бар. Бірақ мұның бәрі кейін өзінен-өзі қалады.
- Рас айтасың ба? Мен шынында жақсымын ба? - деп 3. қуанып қалды. Қуанғаны сондай, ол маған ақылдасамын деп келген әңгімесін де аяқтатпастан ұмытып кетті.
Біз университеттің екінші курсын аяқтауға айналдық. Ертең бәріміз соңғы емтиханды өткізіп, үшінші курсқа көшеміз. Кейбір қыздар көше алмай қала ма деп қорқып жүруші едім. Әупірімдеп олар да өтіп келеді. Оларға емтихан кезінде Е. ағай қатты көмектесті.
Ертең кешке курсты бітіруге арналған кешіміз болады. Оған бәріміз жаңа нәрсе даярлап апаруға келістік. Мен «Апамның айтқандарын» оқып берсем деймін».
Меңтай дәптерін ең қызық романға үңілгендей боп, бас алмастан оқыдым. Әшейінде көп үндемейтін, ешкіммен ешқашан да сөз жарыстырып жатпайтын, құптағанын жымиюмен жеткізіп, теріс көргенін үнсіз қалумен аңғартатын Меңтайдың жан шешендігін жаңадан тағы да танығандай болдым. Оқыған кітаптарынан жазып алған үлгі, ғибрат боларлық сөздері, қоғамдық мәні бар кейбір мәселелерге өзінше ой жүгіртіп, баға беруі мені сонша тебірентті. «Осындай көрікті, ақылды, адамгершілігі мол қызға қолы жетіп, жар еткен жанның арманы болар ма екен, сірә», - деп іштей күрсініп, ынтыққан үстіне ынтыға түстім. Бағанағы оны бетінен сүйгенім ойыма оралғанда жүрегім лүпілдеп, толкып, лықып аузыма келіп қалғандай болды. Меңтайды ойынның тәртібі дегенді сылтау етіп, рұқсатсыз сүйгеніме қайта қысылып, «апырай, ол өкпелеп қалған жоқ па екен?» деп және қиналдым.
Осы ойлармен мен таң ата бөлменің шамын өшіріп, бажылдауық төсегіме барып қисайдым. Мақтасы түйіртпек-түйіртпек боп екі-үш жерге жиылып, өзге тұсы мүлде жұқарып кеткен, жамбасқа жайсыз ескі матрац үстінде өлі тигендей боп дөңбекшідім. Көзден ұйқы қашып, Меңтай туралы ойым шынжырдың шығыршықтарындай біріне-бірі жалғасып, жаңа бір өлеңнің жолдары туды. Ол жолдарды ұмытпау үшін қайта-қайта орнымнан тұрып, қағазға тіздім. Әрең дегенде бір-екі сағат көз шырымын алып, түске таман Меңтай дәптеріне оның тоқтаған жерінен жалғастырып мына шумақтарды жаздым.
Ай - қасы, күн - Ментайдың екі көзі.
Самал жел -оның күле айтқан сөзі.
Бақыт - ыстық құшағы, байлық қазына,
Дүние деген тек соның жалғыз өзі!
Құлақтың сүйкімдісі - оның аты. Көздің көркі - бір сызық жазған хаты, Ужымақ деген бары рас болса, Ол - тек қана Меңтайдың махаббаты.
Рақат - соның кеудесі, гүл - мінезі. От - өзіңе тура көз тіккен кезі. Дүниедегі ең тәтті - соның ерні.
Дәмі қайтып, ешқашан етпес мезі.
Маржан, жақұт дейтіндер - сонын тісі. Көз тартар әдеппенен қылған ісі. Бір ауыз айтқан сөзі жанды ерітіп, Мас болар ақ дидарын көрген кісі.
Тигенде қолым оның білегіне Жеткендей болдым барлық тілегіме. Басыма бақыт орнап өмірдегі, Бар шаттық құйылды кеп жүрегіме.
Қайтер ем егер Меңтай құшақтатса - Жарқырап, күнше күліп, таң боп атса?! Сүйгізіп тағы да бір ақ тамактан, Өң беріп, жылы шырай жауап қатса?!
Бәрі аз бағасына барша санның, Тәж, тағы мал мен мүлкі патша, ханның - Меңтайды мәңгі құшып сүйетұғын Бар екен не арманы жігіт жанның?!
* *
Дәптерді өзіне қайтарып берейін деп алпыс екінші бөлмеге барсам, Меңтай бүгін түстен кейінгі поезбен каникулға ауылына қайтпақ боп әзірленуде екен. Кітаптарын текшелеп буып қойыпты. Үстел үстінде аузы жайындай ашылып, қара чемодан жатыр. Қанипа, Майра, Ақанас, Нәзиләш, Зайкүл бәрі сонда жиналған, жапырласып жүк буысып жүр.
— Өй, сен қайда жүрсің? - деді Зайкүл мені көре салып, жүк салатын кенепке тығыздап жатқан Меңтайдың көрпе-жастығын тастай беріп. - Аузын түймелеп, бу мына қызыл көрпені.
Мен қолымдағы дәптерді Меңтайға қайырып үлгіргенше Зайкүл ағаш тұтқалы, жүк буатын екі айыр брезент белбеуді менің мойныма салып кеп жіберіп, бұйдалап алған тайлағындай елпеңдетіп, жүгі жиналған жаланаш төсекке қарай жетелей кеп жөнелді.
— Қойсаңшы, Зайкүл, - деп қыздар ду күлісіп жатыр.
— не қоятыны бар. «Қызыл көрпе» деп таңдайы тақылдағанда сондай, бусын қызыл көрпесін. Мен бұрылып, қолымдағы дәптерді Меңтайға ұсындым.
— Ә, менің дәптерім бе? - деп Меңтай оны маған бергенін мүлде ұмытып кеткен сияқтанып, жайлап қолына алды да, бетін ашпастан ашық жатқан чемоданның ішіне тастай салды. Мен біреу-міреу дәптерді ақтарып, ондағы менің өлең-сымағымды көріп қояр ма екен деп қорыққан едім. Асығыс болғандықтан ба, әйтеуір, ешкім оған назар аудармады. Лезде ол Меңтайдың чемоданға салған басқа заттарының астында қалды.
Зайкүлдің басшылығы, Майраның көмегімен мен Меңтайдың көрпе-жастығын, қысқы пальтосын кенепке жайғастырдым.
— Сенің осы жалқаулығың-ай, Зайкүл, - деді Меңтай қасымызға келіп, - ағайды әуре қылмай, өзің-ақ буа салмайтын ба едің?
— Е, Ербол тұрғанда мен неге буамын? - деді Зайкүл. - Жігіт деген қыздың көк есегі емес пе, тәйірі. Қыздардың жүгін көтеріп, жұмысын тындырғанды бақыт деп білуі керек бұлар. - Осылай деп Зайкүл қыздарды ду күлдіріп алды да, сөзін қайта жалғады. - Оның үстіне мен бұған жақсылық жасап тұрмын, - деп иегімен мені нұсқап, Меңтайға бұрылды. - Сенің етіңе тиген көрпені қолына ұстаттым, сенің иісің сіңген заттарды мұрнына иіскеттім. Бұдан артық не керек жігітке! Ербол, солай ма? - Зайкүл мені иығымнан нұқыды.
Мен терлеп-тепшіп, күліп, басымды изедім.
— Түу, Зайкүл, сен де жоқты айтады екенсің, - деп Меңтай қып-қызыл боп, теріс айналып кетті. Қыздар сылқ-сылқ күлісіп, төмен қарасты. Зайкүлдің сөзінен бе, қыздардың күлкісінен бе, күннің ыстықтығынан ба, әлде шынында да, Меңтайдың заттарына қолым тиген соң елжіреп, есеңгіредім бе, әйтеуір, мандайым, өне бойым жіпсіп, лезде арқамды тер жауып кетті. Қалың солдат гимнастеркасы оны сырт көзге көрсетпегенімен, соған ерегесіп, қасақана, қыздар керсін дегендей, екі самайымнан жарыса домалаған қос моншақ еңкейіп жұмыс істеп жатқан менің мұрныма қарай жылжыды. Мұны қыздар кермесе екен деп, меңкитін асаудай мойнымды ішіме алып, одан сайын бұға түстім. Дес берісі, осы сәтте біреу дүбірлете жүгіріп келіп, сартылдата бөлменің есігін қақты да, жұрттың бәрінің назары солай қарай ауды. Ол түнде қаладағы жақындарының үйіне қонып, қыздарды шығарып сала алмай қалып қойдым ба деп желпендеп келген Жомартбек екен. Қыздар жапырласып оған бұрылып кеткенде мен ұрланып, гимнастеркамның жеңімен екі самайымды, маңдайымды сүрттім. Содан соң жүк қаптың екі жақ басын буып, тығыздап, белбеуін тарттым.
Қыздардын кейбіреуі қолдарына бір-бір бума ұстап, буылған жүкті мен, чемоданды Жомартбек көтеріп, әзіл- күлкімен жатақхананың дәлізін басымызға көтеріп, көшеге шықтық. Есік алдында Жомартбек екі қолыма тең болсын деп мен көтеріп келе жатқан жүкке ұмсынып еді, Қанипа қолын қылыштай сермеп кегі қалды.
— Жоқ, болмайды, мұны тек Ербол ғана алып жүруі керек.
— Неге? - деді Жомартбек апалақтап.
— Себебі бар. Солай ғой, Зайкүл?
— Солай, солай! - деп Зайкүл Жомартбек екеуіміздің ортамызға кимелеп кіріп, арамызды алшақтатып жіберді.
Ерігіп келе жатқан жұртқа бұл да езу жидырмас күлкі болды. Қойшы, не керек, аттап басқанымыз әзіл, қит еткен қимылымыз күлкі болып, жатақхана жанынан өтетін трамвай жолына жеттік. Никольск шіркеуінің түбіндегі көк базардың қасынан базардан шыққан жұртпен таласа-тармаса екінші трамвайға отырып, оның ішін және күлкіге толтырып, екінші Алматы вокзалына келдік.
Вокзал басын кернеген кілең студенттер екен. Біз перронға шығып, бірінші жолда тұрған, қабырғаларында «Алматы - Новосибирск» деген жазулары бар вагондарға жақындадық. Бұл поезбен Меңтай, Майра, Сақила аттанбақ. Олардың жүгін вагонға жайғастырып, жерге түстік те, алқа-қотан тұра қалып, әнге кірістік. Әнді Жомартбек бастады.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты. Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті...
— Бәсе, - деп сықылықтай күлді Зайкүл. - Жомартбек «Аққұмды» айтатын шығар деп едім, тура содан бастады. Енді оны поезд жүргенше созады бұл.
Жомартбек өзіне қарап күліп, бірдеңе деп тұрған Зайкүлге басын изеді де, әнін тоқтатпай жалғастыра берді.
Адамның өзім көрген абзалы екен.
Айтайын әнге қосып... перизатты.
Еги-гай,
Еги-гай,
Ек-кәй,
Еги-гай, -
деп ол, қай жерінен суырып алғаны белгісіз, құрықтай ұшталмаған қара қарындашты бізге қарай сілтеп, сәл бөгелді де: «Ал енді қосылыңдар» дегендей, әрқайсымызды бір нұқып,
дирижерше басын изей бастады. Біз тез әннің қайырмасына кірістік.
Еги-гай, сәулем, Еги-гай, сәулем, Еги-гай, еги-гай! Еги-гай, сәулем. Еги-гай!
Бір вагонның қасында ән басталуы-ақ мұң екен, біртіндеп басқа вагондар тұсынан да көп дауыстар қосыла айтқан әуендер шырқалып кетті. Бізге көрші вагонның жерде тұрған жо-лаушы қыздары «Басында Қамажайдың бір тал үкі» деп бастап, құйқылжыта шырқаса, бір жағымыздан «Маусымжан, Маусымжан, танимын, сәулем, даусыңнан» деп жігіттер екпіндете және жөнелді. Одан әріректе «Айттым сәлем, қаламқас», «Айнамкөз» айтылып, енді бір жақтан «Қызы едім мен Уәлидің... » деп Майра әні сайрады. Мен Жомартбек бастаған әннің «еги-гай, ек-кәйін» қоя салып, солардың әрқайсысына кезек құлақ тігемін. Студенттер мен жүргінші жолаушылар жаңа ғана чемодан сүйретіп, жүк арқалап, қайшыласқан перронның енді лезде ән аланына айналып кеткеніне таң қаламын. Әр жерде нақыш-мәніне келтіре шырқалған әндердін таныс әуендері мен сөздері жүректі қытықтап, жанды тербей тамылжиды.
Сенен артық жан тумас, Туса туар, артылмас...
Мен еріксіз Меңтайға қарадым. Ол ақ мандайы жарқырап, қыздар айтқан екінші ән «Гәккуге» сабырмен қосыла шырқап тұр.
Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым.
Ән салып, талай жердің дәмін таттым...
Әннің әр сөзін айтқан сайын қыздың оймақтай аузынан керінген кіршіксіз аппақ тістері жарқ-жұрқ етіп, көз шағылыстырады. «Секілді қолмен тізген іш қайнайды» деген ақын сөзі ойға оралады. Менің де ішім қайнайды. Мен қыздың мінез, көрік, келбет, ақыл, парасатына қызығамын. Мен оның адамгершілік, инабат, ұстамдылығын ұнатамын. Сары алтындай сабырлылығына сүйсінемін. Мен іштей осы қыз өзімнің жарым болса екен деп тілеймін. Бірақ сол тілегімді оған ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Өйткені қыз мені «аға» деп ардақтайды, туысындай көріп, құрметтейді. Оның осыдан басқа ойы жоқ. Ойы жоқтығын қысқы каникул кезінде «Қызыл көрпе» өлеңіне байланысты бір білдірді. Кеше оны тағы да аңғартты. Кешке, сауықтан кейін университеттен жатақханаға қайтып келе жатқанда менің бетіннен сүйгеніме өкпелеген жоқсың ба деген сұрағыма: «Жоқ, біріншіден, ол ойынның шартына байланысты болды ғой. Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенге қарындасы өкпелеуші ме еді?» деп жауап берді. Бірақ Меңтай қалай қашқалақтаса да, менен бойын қаншама аулақтатса да, бәрібір, мен оны жақсы көремін. Ол күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайды. Маған бір ауыз жылы жауап бермесе де мен оның жақыннан жүзін, алыстан қарасын көргенге мәзбін. Анадайдан Меңтайдың төбесі көрінсе болды, желді күнгі диірменнің қалағындай қалбалақтаймын да қаламын. Өзімнің соншама күлкілі жайға түсетінімді сеземін. Сезсем де, сезімімді тежей алмаймын. Ыржалақтап күліп, ықыластанып, қауқалақтай беремін. Бірақ қыз оны сөзбеген, ұқпаған қалып танытады. Менің жүрегімде оған деген соншама ыстық сезім барын білмеген, түсінбеген күй көрсетеді. Қазір де оның менің өзі жайында ғана ойлап тұрғаныммен шаруасы жоқ. Маған көз қиығын да салмастан, жүзін де бұрмастан қыздармен қосыла ән шырқап, ән ырға-ғымен сәл тербеле, теңселіп тұр. ... Түскенде сен есіме, ерке Гәкку, Құлпыртып осынау әнді толғанамын, - дейді Меңтай қыздармен қосыла. Қыздар бұлай десе, мен ішімнен сол әуенге қосып өз әнімді, өз жүрегімді жарып шыққан жырымды ағытамын. Мен де өз-өзімнен ырғалып, толассыз тербелемін. Бәрі аз бағасына барлық санның; Тәж, тағы, мал мен мүлкі патша, ханның - Меңтайды мәңгі құшып, сүйетұғын Бар екен не арманы жігіт-жанның?.. Мен қайта-қайта жаутандап Меңтайға қараймын. «Жанымның жырын ұқсаңшы, жүрегімнің тебіренісін тындасаңшы!» деп жалынғандай боламын. «Мен сені екі ай көрмеймін. Екі күн көрмесем, есім шығатын басым екі айға қалай шыдаймын, Меңтай? Сол екі айға азық боларлықтай етіп, маған бір рет қиыла қарасаңшы, аясаңшы мені» деп жылағандай боламын. Бәлкім, көлденеңнен анықтап қараған адамға менің иегім Дірілдеп, ернім кемсендеп кеткен де шығар. Бірақ әсем әнге елтіген жұрттың ешқайсысы менің көріксіз бетіме көңіл аударған жоқ.
Вокзал радиосы поездың жүруіне бес минут қалғанын хабарлап, перронға «Саржайлау» күйінің екпінді әуенін төкті. Осы кезде қыздар мен жігіттер шыр көбелек айналып, етек-тер үйіріліп, еріндер күлімдеп, вагондар алды би алаңына айналып кетті. Екі-екіден жұптасқан жастар аяқтарының ұштарымен зыр қаққанда маған вокзал алды бірін-бірі қуалаған сансыз құйынға толып кеткен сияқтанды. Қан көбелек айналған сол құйындар көкке бұрандадай бұралып, қазір ұшып-ұшып, биіктен самғап, алыстап кететін іспеттенді. Жомартбекпен билей жөнелген Меңтайға көзім түсіп еді, екі бетінің ұшы қызарып, екі танауы әсем боп делдиіп кеткен Меңтайдың кішкентай әдемі аяқтары жерден жоғарылай көтеріліп барады екен. Одан айырылып қалардай зәрем ұшып, «алла!» деп көзімді жұмдым. Менің бақытыма қарай осы кезде күй аяқталды да, бауырын жазып, көкке көтерілуге айналған аққу қайтадан жерге қонды. «Уһ!» деп ішіме терең бір дем тартып үлгіргенімше проводниктердің тұс-тұстан жамырай айтқан: «Жолдас жолаушылар, вагонға кіріңіздер!» деген үндері естілді. Перронды кернеген жаңағы «құйындар» тегіс вагондарға қарай лап қойысты. Біз де қыздарымызды қолтықтап, вагонның тепкішегіне көтердік. Олармен асығыс қол қысыстық. Меңтай менің қолымды қаттырақ қысып, ұзағырақ ұстайтын шығар деп үміттенген едім. Олай болмады, оның алақаны менің қолыма тиер-тиместе екінші біреу қағып әкетті. Осы кезде радио «Қараторғай» әнін бастады. Оған перрондағылар қосылды, вагондағылар және шырқады. Көп адамның қосыла айтқан әні желді күнгі теңіздей толқып, вокзал үстіне көтерілді де, кең проспектіні керней Алатауға қарай лықсыды. Келеді қара торғай қанат қағып...
Мен дереу ілгері ұмтылып, вагонның алдына келдім де:
- Меңтай, сен маған ұрыспа, дәптеріңе бір сөз қосып қойдым! - дедім дауыстап.
Осы кезде гудок беріп, поезд қозғалды. Перроннан поезға, поездан перронға қарай қолдар созылды. Меңтай басын изеп, қыздарға қолын бұлғады. Ол басын маған изеді ме, қыздарға изеді ме, менің не дегенімді естіді ме, естімеді ме - айыра алмадым. Менің көзіме мөлтілдеп жас келді. Оны өзгелерге көрсетпеу үшін жылжып бара жатқан вагондарға қарап қолымды сермей бердім. Қол сермеп, жердегілер шырқап тұр. Вагондардың терезелерінен, есіктерінен қол бұлғап, поездағылар шырқап барады. Сермелген қолдар қалықтап ұшып бара жатқан қара торғайларға ұқсайды. Бір топ қара торғай зымырай, самғай ұшып, алысқа бет қойғандай. Бір тобы қалықтай көтеріліп, қайта айналып келіп, алғашқы орнына қонуға бет алып, қайта төмендегендей.
Бұлан, етіп қасымыздан соңғы вагон өтті. Сары жалаушасын шошайта ұстаған кондуктор сан көздің шарасына жалғыз кіріп, бейне бір сол көздердің тұңғиық түбіне сіңгендей болып, тереңдеп батып бара жатты.
Радио музыкасы тынды. Ән тоқталды. Поездың дүрсілі бірте-бірте алыстай да бәсендей берді. Қалған жұрт үн-түнсіз кері бұрылып, вокзал қашасынан қалаға шығатын қақпаға қарай ағылды. Перрон той өткен, жәрмеңкесі тараған тақыр тебеге ұқсап, құлазып, бос қалды. Сол перрондай болып, поездың қарасынан көз айырмай, қалтиып жалғыз қалған менің көңілім құлазыды.
- Ереке, - деді біреу ақырын дауыстап. Бұл Жомартбектің үні еді. Ол мен әскерден келген алғашқы кездегідей «ағайды» қойып, кейде осылай, «Ереке» дейтін болған. Үйренісе келе басқа бірсыпыра қыздар да мені «Ербол» деп атауға көшкен. Тек Меңтай ғана «ағай» деп атайтын.
Мен мойнымды бұрсам, мың кісі сыярлық перронда Жомартбек екеуміз ғана қалыппыз. Жомартбек менің Меңтайды құлай сүйетінімді іштей түсінетін еді. Сондықтан болар, ол жақаурата сөйледі. «Екі ай деген не, екі-ақ күндей боп өте шығады әлі. Содан соң тағы да бас қосамыз ғой бәріміз, - деді ол екі танауы делдендеп. - Жүріңіз, жұртта сіз екеуміз ғана қалдық».
Жомартбек мені жұбаттым деп ойлады. Бірақ онысы жұбату емес, жараның аузын тырнаумен тең болды. «Екі ай екі күндей боп қалай көрінсін, - деп назаландым ішімнен. - Мен қызыққанға келдененнің құрығы түскіш келуші еді. Көңілім құлаған осы қызды да тағы біреу қағып кетіп, дәт деп қалмасам жарар еді. Онда мен қалай өмір сүремін? Сәлиманың шерін соғыс тұншықтырған еді. Бұл қызға қолым жетпей қалса, оның өкінішін не ұмыттырмақ? Мұндай келбет-көркі келісті, ақыл, парасаты мол, жаным сүйген жақсы қыздан айырылып қалсам, сорлы жүрегім өмір бойы қап арқалаған қайыршыдай, арман арқалап кетпей ме амалсыз. Мұны ұмыттыратын басқа жақсы қызға кездессем құба-құп, кездеспесем, мүгедектей мұнды болып қалмаймын ба өмір бойы. Ендеше аузын буған өгізге ұқсап, сегіз ай бойы неге жүрдім үн-түнсіз? Неге айтпадым шынымды? Неге аяғына жығылып, «жарым бол» деп жалынбадым мен оған? Кейбіреулер қызды бір көргенде-ақ «мен саған ғашықпын. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деп, жетім қозыдай қақсамай ма, жақ жаппай? Құмарлығын ғашықтыққа балап, қыр соңынан қала ма қыздың ондайлар? Қант салған қаптай ғып, қолма-қол жүрегінің аузын ашып тастамай ма аңқайтып? Ендеше мен шын ғашықтық сырымды неге ақтармадым сонша күннің ішінде? - деп іштей еңіреп, өз бармағымды өзім шайнап, сүйретіліп, вокзалдың қақпасынан әрең шықтым. Жаным жаңағы поезда кетіп, бұл жерде құр сүлдерім ғана қалғандай, мең-зең күйде Жомартбекке ілесіп келіп, трамвайға міндім.
XIII-XIV
Трамвай Карл Маркс көшесімен жоғары өрлеп келіп, Шевченкоға қарай бұрылған бұрышта Жомартбек түсіп қалды. Қаладағы туыстарының бірінің үйіне кетті. Менен Жомартбектің жағдайы әлдеқайда жақсы: мынадай үлкен қалада ағайын, туғандары бар. Солардың үйіне барып, ас ішеді, аунап-қунап қайтады. Елде әке- шешесі, бір ауданды билеп тұрған ағасы бар. Онда барса да күп ете түседі. Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Қаладағы жалғыз танысым майдандас жолдасымның соғыстан мүгедек боп келген ағасының үйі. Көп балалы және жалғыз кісінің пенсиясына қарап отырған ол үйге сомадай боп, сопиып қашанғы бара бересің. Әскерден алғаш келгенімде паналатып, жатақханаға көшкенше тар үйінің бір бұрышынан орын бергенінің өзіне рақмет. Тірі болсам, ағайдың ол жақсылығын өтермін әлі.
Трамвай салдыр-гүлдір етіп, Никольск базарына келіп тоқтады. Осыдан екі сағаттай бұрын Меңтайдың жүгін көтеріп, жұртпен таласа күліп мінген трамвайдан енді алты ай жаздай сүзекпен ауырып, содан жаңа ғана тұрғандай сүйретіліп жалғыз түстім. Бағана бұл жерде адам да көп, базар да қызу сияқты еді. Енді аялдама басында ешкім жок, базарға кіре беріс манда да ешбір жан көзге көрінбейді. Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да менмұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап, үнемі қожырайып алдыңда тұратын шіркеу де жоқ, тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты.
Трамвай жолынан өтіп, салбырап, жатақхана қақпасына қарай бет түзедім. Өне бойым сал-сал. Бірнеше күн мас болып, мәңгіріп қалған сияқтымын. Басым салбырап, пәленбай жылдан бері студенттердің аяғы таптап келе жатқан тақыр асфальттан көз алмаймын. Жерден бір нәрсе көрсем деп ынтығатындаймын. Бірақ қиыршық тас, ұлпа топырақтан басқа ештеңе көрінбейді. Міне, қызыл кірпіштің сынығы жатыр. Бұл сынық бағана біз жатақханадан шыққанда жол ортасында тұрған. Қыздармен қатар, алда келе жатқан Меңтай тоқтай қалып, аяғындағы кішкентай ақ танкеткасының тұмсығымен кірпішті итеріп, асфальттің шетіне қарай сырғытып кеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |