Мен ернім жыбырлап, іштен есептеуге кірістім.
— Дұрыс па екен?
— Дұрыс сияқты.
— Ендеше Шалдуар шатаспасын! Бұл қаламақы дегеннің өзі қып-қызыл саясат. Мен сені қанша жақсы кергеніммен, тиісті мөлшерден артық ақша қоя алмаймын. Өйткені ол менің өз ақшам емес қой. Түсінікті ме, Ербол?
Мен басымды изедім.
— Бәсе, арқамнан ауыр жүк түскендей болды ғой, - дедім шын қуанып.
Күн сайын жүгіріп жұмысқа барып, ай сайын ақша тауып жүрсем де, мен бұл екі ай бойы өзімді қараңғы қапаста қалғандай сезіндім. Жатақханаға келсем де, жұмысқа барсам да бір нәрсемді, аса бір қымбат затымды жоғалтқандай боп, іштей аландаумен, елегізумен болдым. Кейде жеген тамақ, жұтқан суымды да ұнатпай қалатын сәттерім кездесті. Осының бәрі маңымда Меңтайдың жоқтығынан еді. Осы күйім Меңтайға арналған үшінші елең боп және қағазға түсті. Менің оған арнаған ең соңғы өлеңім де осы болды. Ол мынау еді:
Күн күңгірт, түн қараңғы, ай болса да, Келмес үйқы жақсы орын, жай болса да. Күншығыс жоқтай болып- көрінеді Төрт бұрышы төңіректің сай болса да. Күн шығып тұрсадағы түк көрмеймін. Айналам қаранғыдай қол сермеймін. Сәулесін аспандағы ай мен күннің Меңтайдың ақ жүзіне теңгермеймін. Жұтуға ауадағы жайсыз аса. Сөйтпек пе әлде көңіл жабырқаса? Қайдан тәтті болмақшы ауа шіркін Меңтайдың демлебізі қосылмаса. Іздеумен елегізіп қысылдым сан. Тән терлеп, жүрек жүдеп, қиналды жан. Құн - күңгірт, ай - қараңғы, ауа - ауыр - Меңтайдың бұл маңайда жоқтығынан!..
Сонымен жаз етті. Күзде оңтүстікке қарай бет түзеген тырналардай тізіліп, Алматыға лек-легімен студенттер қайтты. Әр жақтан, алыстан келіп, өзінің үйреншікті көліне қонған аққудай сыланып, отыз қыз өзіміздің отыз үшінші аудиторияға жиналды?
Меңтайды көріп, менде ес қалған жоқ. Өзіме онша назар аударып, жақын тартпаса да, бар бейілім соған ауды. Оның аудиторияға кіріп-шыққаны, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, күлген күлкісі - бәрі маған қуаныш болды. Енді маған күн де күлімдеді, ай да жарқырады, ауа да жақсарды. Сары алтынның буына масайғандай, кеңілім көтеріліп, көзім күлімдеп, мәз болдым да қалдым. Сөйтіп жүріп сентябрьдің өткенін де аңғармаппын. Бұл күнде мен бұрынғыша Меңтайдың қасына отырмаймын. Жұрттың көзі түсіп, сөзі көбейгеннен кейін, оның үстіне өзімнін оған деген құмарлығым артқан соң, амалсыз қоныс аударғандай боп, артжаққа, Жомартбектің қасына кеткенмін. Қазір Меңтай мен Майра жұптасып, екеуі бірге отырып, бірге жүретін болған. Ол екеуі сияқты, курстағы еркек кіндікті бұл екеуміздің де жұбымыз жазылмайтын.
Бір күні, октябрьдің аяқ кезінде, Жомартбек екеуміз сабақтан қайтып жатақханаға жаңа ғана кірген едік. Жомартбек дереу шай әкелуге кетті. Оның артынан іле-шала ентіге жүгіріп бөлмеге Тана келді. Терезе алдында тұрған менің қасыма әзер жетті де, мойнымнан бас салып, құшақтай алып, еңіреп жылап қоя берді. Мен шошып кеттім. Өне бойым қалтырап, не істерімді, не дерімді білмей қалдым. Қыз байғұстын құшағы ажырайтын емес.
— Жыламашы, тоқташы, не болды, Тана? - дедім мен үрпиіп.
Қыз тоқтап, сәл сабыр тұтып, сөз бастамақ боп, көзін сүртті. Сөйтті де:
— Заман... Заман... - деп, ар жағын айта алмай, қайтадан кемсендеп, ағыл-тегіл боп және жылады.
Тана «Заман» деп менің досым, өзінің өлген серігін айтып тұр ма деп бір ойладым. Әлде «заман» деп дәуірді айтып, басына түскен тағы бір мұңын шаққалы келді ме екен деп тағы да дағдардым.
Бір кезде қыз есін жиды.
— Сүйінші, Ербол, Заман тірі екен! - деді бір жылап, бір күліп. - Досың тірі екен, сенің!..
Мен сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Төбе шашым тікірейіп, өне бойым түршігіп кеткендей болды. Өйткені осы байғұс бала ойсоқты боп кеткен жоқ па екен деген күдік келді маған.
Сонымды сезгендей қыз басын шайқап, безек кақты.
— Рас, рас, Ербол, айналайын, қуатым. Илан менің сөзіме, илан! - деп Тана тез ридикюлін аша бастады. Одан бір конверт шығарып, конверттің ішінен екі хат суырып алды. - Мынау - Заманның біздің үйге жазған хаты, мынау - менің сіңлімнің маған жолдағаны.
Мен жалмажан, саусақтарым дірілдеп, Заманның хаты деген қағазды аша бастадым. Рас, Заманның жазуы, соның өз қолтаңбасы. Хаттың басына бір қарап, дереу аяғына көз жүгірттім. «1946 жыл, 15 сентябрь» деп жазылыпты. Содан соң мен бассалып, Тананы шепілдетіп сүйе бастадым. Осыдан нақ екі жыл бұрын бір төсекте жатып, Тананың бетінен сүйіп, көзінен аққан қайғылы жасын қоса жұтып едім. Енді міне, оның бетінен екінші рет сүйіп, көзіндегі қуаныш жасын қоса сіміріп тұрмын. Екеуміз біріміздің бетімізді тыным таппай шөпілдете сүйісіп жатырмыз. Бір кезде дедек қағып Жомартбек келді. Сүйісіп жатқан екеумізді көріп ол танданғандай боп сәл тұрды да, қолындағы шайнекті еденге қоя салып, жүгіріп келіп, екеуміздің бетімізден кезек сүйе бастады.
— Сен неге сүйесің Тананы? - деймін мен Жомартбекке қуана күліп.
— Сен сүйген соң сүйіп жатырмын. Ал сен неге сүйесің?
— Онда себеп бар. Жарайды, сен Тананы қыз болған соң сүйдің дейік. Ал менде нең бар?
— Сен Тананы сүйген соң, ол сені сүйді. Өзін мен сүйсем, Тана да мені сүйе ме деп дәметіп жатырмын, - деді Жомартбек шімірікпестен.
Үшеуміз де күлдік. Содан кейін:
— Ендеше сені де сүйейін, бауырым, - деп Тана Жомартбектің оң бетінен шөп еткізді.
— Мына бетім өкпелеп қалады, мұны да сүйіңіз, - деп Жомартбек дереу Танаға екінші бетін тосты. Тана Жомартбектің сол жақ бетінен тағы да сүйді.
Тағы да ду күлдік. Осыдан соң ғана есімізді жинағандай болып, хаттарды қайта оқыдық.
Сөйтсек, 1943 жылы Заман өлмепті. Ол ротасымен қоршауда қалады. Қоршауды бұзып шығамыз деп түнде шептегі немістерге шабуыл жасағанда Заман ауыр жаралы боп, жау қолына түседі. Ротаның жартысы аман- есен өзіміздің жаққа өтеді. Ол тұтқындар лагерінде болады. Бірнеше рет қашуға талаптанып, қолға түсіп қалады. Ақыры, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге біздің қолға өтіп, кейін сотталады. Содан бері Орал тауында шахтада жұмыс істейтін көрінеді.
Заман хатының соңында өздерінің Свердловск қаласының солтүстік-батыс жағында сексен шақырымдай жердегі Билимбай деген жұмысшы поселкесінде тұратындығын айтып, әдірісін көрсетіпті. Келем деген кісі алдымен Свердловскіге жетсе, одан кейінгісі қиын емес - біздің рудниктің кен тасыған машиналары ағылып жатады депті. Әрине, ол ешкімге де, Танаға да кел демеген, бірақ ерікті өзіне тастаған. Ол қалай дегенмен де, уақыты бітіп, босағанша біраз қиындық көруге тура келетінін ескерткен. Ал хатының ең соңында былай депті: «Соғыстан кімдер тірі қалды? Ербол аман оралды ма? Көрсең, менен көп-көп сәлем айт. Әдірісімді бер». Сонымен Жомартбек, Тана, мен үшеуміз үстел үстіне жайып жібердікте, картаға үңілдік. Ары қарап, бері қарап, ақыры Орталық Оралдан Свердловскіні таптық та, оның маңынан Билимбайды іздедік.
— Осы Билимбай дегеніміз картаға түсетін жер аты емес, Заман ағайдың пәтерде тұрған үйінің иесі боп жүрмесін, - деді Жомартбек күлдіріп.
— Расында да өзі қазақ атына ұқсас екен, - деді Тана бір жылап, бір күліп. Тана жылаған көзінде көзінен көк маржан домаласа, күлгенде аузынан ақ маржан шашылған секілденеді.
— Бәлкім, башкұрт жері болар, - деймін мен оларға өз жорамалымды айтып.
— Бәсе, - деді бір кезде Жомартбек масаттанып, - бала кезімде бірсыпыра б... жесем керек еді. - Осылай деп ол сұқ саусағын шошайтып, картаға тіреді.
— Ой, ой, Жомартбек, байқа, картаны тесіп жібересің, - дедім мен оған күлместен, жымимастан, көзімді бақырайтқан болып. - Сенің саусағың саусақ емес, шеге екенін білмейтін бе едің? - Жомартбек мырс етті. Өйткені арық, қолы-басы шидей Жомартбектің саусақтары шегедей салалы, ұзын болатын. Оның саусағы бүйіріне тиіп кеткен қыздардың қайсысы болса да баж ете қалатын. Әсіресе Зайкүл: «Әй, әй, Жомарт-бек, тілінді қалай сұқсаң, олай сұқ, бірақ ана шегелерінді ары әкет» деп безек қағатын. - Бірақ мақтануыңа әбден болады - бала күнінде б...-ны көп жесең, әрине табасың. Жарайды, саусағынды тарт енді.
— «Б» деген немене, витамин бе? - деді Тана да мырс етіп. Жомартбек тез саусағын ала қоймады.
— Немене, сен «б... » дегенге ананы айтып тұрсың ғой, - деді ол маған бұрылып. Қазақта кімде-кім бала күнінде өз кәкейін көп жесе, өскенде сол көргіш болады деген әзіл сөз бар емес пе. Менің де ойыма келгені сол еді, Жомартбектің де «ананы» деп тұрғаны сол. - Оны жесең, өзің жеген шығарсың. Ал мен ботқаны айтамын. Біздің жақта күріш көп болады. Мен бала күнімде күріш ботқаны көп жегенмін. Ал ботқа жегеннің көзі көреген болады дейтін үлкендер.
— Біздің жақта күрішті жасық ас деп есептейді. Сенің көреген боп жүргенің күріштен емес шығар, - дедім мен күліп. Тана да күлді. Басын шайқап Жомартбектің өзі де қосылды. Күлкіміз тыйылғаннан кейін Жомартбек картадан саусағын көтерді. Билимбай картада расында да бар екен. Оған көзіміз түсіп, әрқайсымыз өз ауылымыздың төбесін көргендей, қуанысып қалдық.
— Ал енді не істеймін мен? - деді Тана менің бетіме шыдамсыздана қарап. - Сенімен ақылдасуға келдім. Хатты кеше алғамын, бүгін сабаққа да барғамын жоқ.
Мен ойланып қалдым.
— Заман өлді деп хабар келгелі екі жылдан асты. Басқа сөз беріп қойған ешкімің жоқ па еді? - дедім төмен қараңқырай, күбірлеп. Қыз жылап жіберді.
— Ербол-ау, Заманның аты ойымда тұрғанда мен кімге қараушы едім. Оның аты мәңгі менің жанымда, жүрегімде, жадымда емес пе!
Осылай деп қыз көзінің жасын қайтадан сүртті. Мен күліп, әзілге айналдырдым.
— Маған да қарамас па едің, Тана? - дедім.
— Иә, саған да, - деді қыз да күліп. - Бірақ, Заман болмаса, саған қарауым мүмкін еді.
— Рақмет, Тана, - дедім мен қызды шашынан сипап. - Ендеше сенің Билимбайға баруың керек болар.
Қыз қуанып, орнынан атып тұрды.
— Өзім де осы қорытындыға келіп едім, Ербол, - деді ол түрегеп тұрып, мені иығымнан құшақтап.
— Ойбай, бұл мәселеден мені де шет қалдырмаңыз, - деп Жомартбек орнынан ұшып тұрып, Танаға ол да иығын тосты. Тана оны да құшақтады.
— Түу, рақаттанып қалдым ғой, шашымнан бір сипап жіберіңізші. - Тана Жомартбекті шашынан сипап, басын бауырына қысып, босатты. - Осында отыз қыздың ортасында отырмыз Ербол екеуміз. Бірде-бірінің дәл сіздей шарапаты тиген емес бізге. Ербол Меңтайға неге құмар десем, қыздың сипағаны жақсы болады екен ғой, шіркін!
Үшеуміз де ду күлдік. Күлкі тынған соң Жомартбек байсалды қалпына келді де, Танаға қарады.
— Оқуыңызды қайтесіз, Тана? - деп сұрады.
— Тастаймын, - деді Тана бірден. - Заманым ана жақта ауыр жұмыста жүргенде оқу, қызық маған не керек? Барамын, қасында боламын. Ол отқа күйсе - бірге жанамын, ол су түбіне кетсе - бірге батамын! Мен Тананың түрінен шын ғашықтың шешімін таныдым. Таныдым да: «Ер екенсің ғой, айналайын!» деп іштей құптадым.
Ары талқылап, бері талқылап, ақыры біз мынаған келістік. ЖенПИ берсе, Тана екінші курсын бітіргені жайында анықтама алады. Бермесе - жүре береді, артынан жібереміз. Өйткені ол документтерін ала кетсе, Свердлов оқу орындарынын біріне түсіп, Заманға жақын жерге орналасады. Ал, анықтаманы аттестатымен қоса кейін жіберсек, онда ол сон-дағы бір институтта сырттан оқитын болады. Сексен шақырым жерде институт болса, оны бітіріп алудың не қиындығы бар?!
Одан кейінгі мәселе қаражат жайына тірелді. Менің жазда курьер, корректор болып тапкан екі мың сомдай ақшам болатын. Тананың қаражатына сол жарайды деп есептедім. «Әттең, бір 7-8 мың сом болса, жақсы болар еді», - деп өзімнен өзім кіжіндім. Бірақ қара табан студенттің құр кіжінгенінен не шығады?! Жоққа жүйрік жетпегенде, ол қалай жетсін?
— Қашан жүресің? - дедім мен содан соң.
— Ұшарға қанатым жоқ, Ербол. Тез жүрсем, тез жетсем, тезірек көрсем екен! - деп қамықты Тана.
Мен тығып жүрген бар ақшамды алып, ескі ақшаның көзі ғой онда, қобыратып, Тананың редикюліне салып бердім.
— Апырай, Ербол-ай, - деді Тана тағы да тамағына жас тығылып, - мен сенің адал дос екенінді білгенмен, мынадай мырза екенінді білмейтін едім...
Мен бұл сөзді де әзілге айналдырып жіберуге тырыстым.
— Жолдасың жомарт болса, сен қалай сараң боларсың, - дедім күліп, Жомартбекті нұсқап.
Жомартбек менің осы сөзімді пайдаланып, тез жәп ете түсті.
— Мұны сіз жалғыз Ерболдың бергені деп ойламаңыз, Тана, -деді ол қутындап. - Бұл сіздің жолыңызға Ербол екеуміздің қосқанымыз.
— Рақмет. Бұл еңбектерінді тірі болсам ұмытпаспын да, өтемей және тынбаспын!
— Әрине, сіздің екі есе ғып өтейтініңізге мен шүбәланбаймын, - деді Жомартбек қуақыланып.
— Әкел қолыңды, бауырым, - деді Тана күліп, екі көзі оттай жайнап, - осы еңбектеріңді үш есе ғып өтейтініме ант етемін.
Мен баж ете қалдым.
— Қой, Тана, Жомартбек қалжындап тұр. Бұным саған қарыз емес, достық қарызының титімдей төлеуі ғана болар бұл. Ана қарызынан кейінгі өмірде өтелмес үлкен қарыз достық қарызы екенін білесің ғой өзің. Бұл әшейін жол қаражаты болсын -дегенім. Бала боп кеткенбісің, қайдағыны айтып.
Мен ашуланған болып аузымды бұлтиттым.
— Айналайын, айналайын, қалқам, - деді ол тағы жылап, - ашуланбашы маған аптаның орайында қалайда жүрмек болды. Жомартек екеуміз билет алып, шығарып салуға уәделестік.Ертеңінде бұл оқиға бүкіл біздің курсқа тарады. Жомартбек менің анада, емтихан кезінде Тана туралы айтқан әңгімемнің шын екендігін, Тананың жігіті, менің досым Заманның өлмей, тірі боп шыққаны, соны естіп, Тананың ЖенПИ-дегі оқуын та-стап, Оралға жүргелі жатқанын, менің алдағы базарда костюм, пальто, аяқкиім сатып аламын деп жинап отырған ақшамды бір тиынына дейін қалдырмай Тананың редикюліне салып бергенімді бірін қалдырмай қыздарға айтып қойыпты. Қыздардың бәрі танаулары делдендеп, дүрлігіп алыпты.
— Рас па, ағай?
— Шын ба Жомартбектің айтып жүргені? - деп менен бірінен соң бірі сұрасады.
— Алла-ай, не деген күшті махаббат! - дейді Зайкүл жағасын ұстап. - Бұл заманда да мұндай махаббат болады екен ғой. Мен ойлаушы едім махаббат анау Қыз Жібек, Баян сұлулармен біткен шығар деп.
— Иә, неге сен олай ойлайсың? - деп Майра шап ете түсті оған. - Махаббат мәңгілік, ол ешқашан өшпейді деп оқыған жоқсың ба? Ендеше әр заманның өз махаббаты, өз Қыз Жібегі болады.
— Бірақ мен махаббат бар екен деп сонау Оралдағы тұтқын адамға төбеңнен алтын құямын десе де бармас едім, қыздар, - деді Зайкүл иығын қиқандатып.
— Ол - сен ғой, Зайкүл, - деді Меңтай козін алысқа қадап, катты ойлана отырып.
— Сонда сен барар ма едің? - деп Зайкүл шап ете калды оған.
— Мен ғашық емеспін, - деді Меңтай бұрылып. - Ал шын сүйіп, уәделескен кісім болса, әрине, барар едім.
«Рас, шын сүйіп, уәделескен кісісі болса, Меңтай сөзсіз барар еді» деп ойладым мен де ішімнен.
— Жоқ, Зайкүл, сен барасың. Баратынынды өзің байқамай отырсың, - деді Қанипа қасқа тісін ақситып, көзін құйқылжыта күлімдеп. - Төбеңнен алтын құямын десе, неге бармайсың, барасың, әрине. Өйткені, - Қанипа бұл тұста дауысын да құбылтып жіберді, - ол алтын ғой...
*
Қыздар ду күлісті. Зайкүлдің өзі де күлді.
— Қайдан білейін, - деді ол басын шайқап, - онда барып та қалуым мүмкін-ау. - Бірақ ол бұл ойына табан тіремей жатып, тез жалт бұрылды. - Әй, алыс қой, бара алмайтын шығармын. Айдаладағы Орал тауы тұрғай, мына тұрған Қордай тауының етегіндегі ауылыма барып келуге де қиынсынамын..
Жомартбек әндетіп қоя берді.
- Бектер мінер сүр каска, Шаба алмаса, үр баска. Батырлык, байлык кімде жоқ. Ғашықтың жөні бір баска! -
деген емес пе? Ғ ашык болсаң - қашык болса да барасың, Зайкүл апа.
Зайкүл киім жағынан өзгелерден өзін ерекше ұстауға тыры-сатын. Кексе әйелдерге ұксап, мойнына студент қолы жетпейтін кызыл түлкі салып, екі колын бірдеҮі қаракөл жеңқолғапка ты-ғып, окшауланып жүретін. Сонысына ерегесіп Жомартбек оны ызаландыру үшін кейде осылай, «апа» деп атайтын.
— Әй, Жомартбек, сен қотыр тоқтыша сүйкенбей, тыныш отыр, - деді Зайкүл бұл жолы оның «апа» дегеніне шамданбай. - Мен ғашықтарды құрметтеймін. Бірақ өзімнен ғашықтық шықпайды. Ғашық болу үшін бір-ақ кісіні сүю керек. Ал маған өзіме күле қараған жігіттің бәрі жақсы сияқты боп тұрады. Аудиторияны бастарына көтеріп, қыздар ду күлісті.
— Зайкүл турасын айтады, - деді Ақанас.
— Мен Зайкүл апамды сөл шындығы үшін жақсы көремін ғой, - деп Жомартбек орнынан тұрып, кеудесін қақты. Оған Зайкүл масаттанып қалды.
— Ә, бәлем, мойындадың ба? Жақсы көретінінді айтқыздым ба өзіңе?!. Енді мына Ерболды мойындатсам, онда тіпті арманым болмас еді.
Зайкүлдің бұл сезі тағы күлкі тудырды. Екі кезі жалт етіп, Қанипа Зайкүлге бұрылды.
— Әрине, группадағы екі жігітті бірдей иемденіп алсаң, сенің не арманың болушы еді!..
Осындай әзіл-күлкімен бұл әңгіме де басылған сияқты болды. Алғашқы қос лекцияны да тындап шықтық.
— Қыздар, маған бір ой келіп отыр, - деді Меңтай бір үзілістің кезінде.
— Қойшы-ей, саған да ой келе ме? - деді Қанипа қуақыланып. - Онда сал ортаға ойыңды.
Меңтай орнынан тұрып, сөзін бастады.
— Менің ойымнан Тана құрбымыз бен Заман ағай кететін емес.
— Ал?
— Сонсоң? - десті Зайкүл мен Қанипа жарыса.
— Ол екеуінікі қандай мөлдір махаббат десеңші, қыздар, а!
- Рас, рас! - десіп, басқа қыздар бастарын шұлғыды.
— Заман ағайдың суретін анада ағай көрсетіп еді ғой бізге, - Меңтай иегімен мені нұсқады. - Сондай бір сымбатты, өңінен инабаты білінген әсем жастың тұлғасын танығандай боп едік қой суретіне қарап. Сол асыл жігіт тұтқынға түсіп, қор болып, мына-дай күйге ұшырапты. - Меңтайдың дауысы дірілдеп кеткендей болды. Ол сәл тоқтап, бойын бекітіп алды да, қайта сөйледі. - Тана болса, «өлді» дегенге сөнбей, өмір бойы күтуге бекінген екен. Енді оның тірі деген хабарын естігенде бар бейнетке белін байлап, соған жүргелі жатыр. - Меңтай үні тағы да булыға бастады. - Біз ғашық тарды құрметтеген елдің қыздары емеспіз бе? Шамамыз келгенше бұл сапарға Тананы дұрыстап аттандырып салсақ қайтеді...
Осылай деп Меңтай, сөзінің аяғын айта алмай, кемсендеп, бетін басып, жылап жіберді. Бірсыпыра қыздар оған қосыла көздерін сүртгі. Жомартбек екеуміз де босап, төмен қарап, партаны шұқылай бердік.
Меңтай қайтадан басын көтерді.
— Ағай кеше қалтасындағы бар ақшасын беріпті ғой. «Бақа бірдеңе етсе көлге сеп» деген бар емес пе? Тананың жолына біз де қаражат жинап берейік. Танымайтын, бөтен жерде жарын іздеген шүйкедей жалғыз қыздың күні не болатынын кім білсін... Бірақ ең жоқ дегенде қалтасында ақшасы болса, ол да көңілге медеу ғой... Менің дайын ақшам жоқ. Бірақ бір кесек нәрсемді беремін. Жомартбек соны ертең базарға апарып сатсын да, ақша-сын ағай екеуі Танаға апарып берсін.
Меңтайдың ұсынысы отқа құйған майдай болды. Қыздар лап етіп, оны бірден қостап әкетті. Біреу елу, біреу жүз сомнан тауып беретіндерін айтысты. Нәзилаш қолма-қол тізім жасауға кірісті. Осы кезде Зайкүл орнынан тұрды.
— Меңтайдың жаңағы сөзі жүйе-жүйемді босатып жіберді, қыздар-ау, - деді ол. Әшейінде Зайкүлдің әр сезін қыздар күлкімен қарсы алатын еді. Бұл жолы ешкім езу тартқан жоқ. Әлде оның алдында айтқан Меңтай сөзі жүректерін тебірентті ме, әлде Зайкүл қайтер екен деп, соны сынағылары келді ме, әйтеуір, қыздар бірінші рет тырп етпестен, тыныш күйде қалды. Бірақ Зайкүл олардың неге үндемей қалғандарына мән берген жоқ, сөзін әрі қарай айта берді. - Иығымда түлкі жағам болған соң мына Жомартбек мені бай деп ойлап, «апай» деп мазақтайды. Бірақ менде де бір теңге ақша жоқ. Өйткені бір теңге ақшам болғаннан бір үзім наным болғанды артық көремін.
— Мен де сондаймын, апамнан айнымағанмын, - деді Жомартбек.
Осы тұста ғана қыздардың еріндерін күлкі қытықтап, сәл-пәл жымиысып қалды.
— Жомартбек, қоя тұршы қыстырылмай, - деді Зайкүл оның сөзін шыбын шаққан құрлы көрмей. - Одан да сен ертеңтаңертен біздің бөлмеге келіп, менің түлкі жағамды алып кет. Соны базарла да, ақшасын осы іске қос.
Мұндай ерлікті Зайкүлден ешқайсымыз да күтпеген едік. Бәріміз таңырқап, таңданып, бір сәтке үнсіз қалдық. Бұл үнсіздікті Жомартбек бұзды.
— Айналайын, апам-ай, жүрегің қандай жақсы еді. Келші, бетіңнен бір шеп еткізейін, - деп Ш Зайкүлге қарай ұмтылды.
Зайкүл қымсынбастан бетін тосты. Жомартбек оны құшақтап, бассалды. Жұрттағы да қыран күлкіге батты.
Ертеңінде Жомартбек қыздардың берген заттарын осы күнгі стадион орнындағы ескі-құсқы базарына апарып өткізіп келді. Оның ең қымбатқа сатқаны Меңтайдың қызыл көрпесі болыпты. Жомартбек Меңтайдың шешесі мен ағасынан қалған белгі - жалғыз көрпесін сатпаймын, алмаймын деген екен. Ол: «Ал, апар, басқа бағалы затым жоқ» деп қиылып, болмапты. Сөйтіп мен үшін махаббаттың жалауындай болған қызыл көрпе ақыры асыл махаббатгың мұқтажына жұмсалды. Сонымен, қыздардан бас-аяғы төрт жарым мың сом ақша және жиналды. Сол күні кешке кітапханадан шығып, жатақханаға кірсем - маған келген телеграмма жатыр екен. Тез ашып жіберіп, асыға көз жүгірттім.
«Алма-Ата Виноградова, 62, комната, 69
Есенову Ерболу.
Бесконечно рад, мой бесценный друг. Обнимаю и целую тебя тысячу раз. Таня, если хочет, если любит меня по-прежнему, пусть приедет. Буду ждать с нетерпением. Твой Заман».
Тана келіп, Заманның хатын көрсетіп, баруға бел байлағаннан кейін мен Заманға телеграмма жібергенмін: Тананың барғысы келеді, қабылдай аласың ба, тез хабарын жібер дегенмін. Бұл Заманның соған жіберген жауабы екен. Демек, оның Танамен бірге тұруға мүмкіншілігі бар деп түйдім.
Ертеңінде Жомартбек екеуміз Танаға барып, телеграмманы көрсеттік. Одан соң Жомартбектің Жоғарғы Совет Президиумында қызмет істейтін туысына барып, келесі күні жүретін Алматы - Москва поезына билетке бронь алдық. Сол бронымен Свердловскіге дейін деген билет қолымызға тиді. Тек Тананың Куһбышевта басқа поезға отыруына тура келеді.
Тана жүретін күні вокзалға соңғы лекцияны тастап, біздің группа түгел барды. Вокзал басында қыздар Танамен шетінен көрісіп қоштасты. Әсіресе, Тана мен Меңтай бірінен-бірі ажыраса алмай, көп жыласты.
— Жайықтан жеке жөнелген Төлегендей болып, жалғыз аттандың-ау, құрбым, - деп Меңтайдың егіле айтқан сөзі бәріміздің сай-сүйегімізді сырқыратты.
Көзімнің құйрығын қайта-қайта сипалап, ернімді үсті-үстіне тістелеп, бордай босап, ішімнен егіліп, мен тұрдым.
Содан соң Тананы вагонға орналастырдық та:
— Қош!
— Қош!
— Заманға сәлем айт!
— Сәлем айт! - деп біз қалдық.
Алматының қою түні бүркеген поезд ішінде, вагон доңғалақтарының рельс қоспасына сарт-сұрт соғылған ырғағымен теңселіп, белгісізге бет қойып, Тана кетті алысқа. Аяулы ғашық аттанған поездың барлық дүрсіл- гүрсілін жүрегімізде сақтап, біз қалдық перронда.
XV
Көктемде топыраққа түскен дән алдымен нәзік сабаққа ай-налып, артынан уақыты жеткенде бас жарады. Уақыты жеткенде тал бүршіктейді, өсімдік түйін тастайды, алма ағашы гүлдейді, гүл аузын ашады - шешек атады. Өсімдік үшін осы бір ғажап шақ тек қана жазда болады. Ал махаббатқа мерзім жоқ - ол жылдың төрт мезгілінің қалаған маусымының сәтті сағатында жүректе гүл жарып шыға келеді. Махаббат гүлдегенде жас адамның аузынан «сүйемін» деген асыл сөз ақтарылады. Менің Меңтайға деген махаббатымның сол сағаты ноябрьдің алғашқы күндерінің бірінде, Никольск шіркеуінің түнгі он бірдегі қоңырауымен қоса соқты.
Соның алдында ғана жүрегім өз-өзінен өрекпіп, үйде отыра алмай, сыртқа шыққанмын. Жомартбек жоқ еді, Пернеш кітапханадан қайтпаған. Тек Телеубек қана төсегінде қорыл-дап, ұйықтап жатқан. Соның қорылы ойымды бөлгеннен кейін, оңаша жер іздегі, екі жатақхана арасындағы ашық алаңға бет қойғамын.
Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанында, басына темір телпекті шам орнатылған биік бағана түбінде ұзын орындық болушы еді. Соны бетке алып, аттай бердім де, онда біреудің отырғанын аңғардым. Аяндап қасына келсем, ол отырған Ментай болып шықты. Оның Меңтай екенін танығанда жүрегім дір ете түсіп, өз- өзімнен дегбірім кетіп, састым да қалдым.
— Кеш жарық, Меңтай, - дедім әр сөзім кекештің аузынан шыққандай әрең қиюласып.
— Жарық кеш жан ләззәтті болсын, ағай. Келіңіз, отырыңыз.
Қасында бірнеше кісілік бос жер болса да, Меңтай сырғып, маған ез орнын берді. Менің жүрегім одан сайын лүпілдей түсті. «Өз орнын бергені - өзгеше қадірлегені ғой Меңтайдың» деп ойладым ішімнен. «Кадірлегенің жақсы-ау, бірақ құрметіңнің бәрі менің аузыма қақпақ, басыма тоқпақ боп жүр ғой» дедім тағы да. Ойлағаным осы болса да, аузымнан шықканы баска сөз болды. - Жалғыз неғып отырсың, Меңтай?
— Жай. Жатар алдында ауа жұтайын деп шығып едім. - Меңтай біздің жатақхана жаққа көз тасап алды да, сөзін қайтадан жалғады. - «Кімді ойласа, сол келеді» деген рас екен, ағай. Мен жаңа ғана сіздің бөлменің терезесіндегі шамды көріп, «ағай әлі сабақ қарап отыр екен ғой» деп ойлап едім.
Достарыңызбен бөлісу: |