Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет20/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28

Осы сәтте әлдебір ерлігі есіне түсіп кеткендей, Тұмажан қай-мыжықтай ернін жымырайтып, жымиып алды. Тілін шағатын жыланның тіліндей жалақтатып қойды.

— Өзім де қумын, - деді ол содан соң маңғазданған боп. - Оқ тиіп, құлағаннан кейін қыздың ағасы өлетінін біліп, қарындасын маған тапсырды. Тірі қайтсаң көз қырынды салып, қамқорлық жаса, менің орныма аға бол деді. Оның қарындасының суретін талай рет кергемін, сұлу екенін білетінмін. Бір жаман ой келе қалды да: «Осы айтқаның рас болса, қарындасыңа деген бұл өсиетінді қағазға жазып кет» деп, қойын дәптерімді алдына тоса қойдым. Ол сорлының ойы шын екен. Өлетін адам өтірік айта ма? Бейшара қолы қалтырап, сөз құрастырып жаза алмады. Сонсоң блокнотты шапшаң қайта алдым да, ақ бетіне сүйкектете жөнелдім. Анау өліп кетпей тұрып, тез қолын қойдырып алайын деп асықтым. Ақ қағаз бен оның қағаздай боп ағарып кеткен бетіне кезек қарай отырып, былай деп жаздым:

«Бауырым Меңтай! Тумажан - менің досым. Елге тірі барса, осының етегінен ұста, сенің басыңды қор қылмайды. Бұл менің саған өлер алдында айтқан өсиетім, бауырым. Орында, қалқам, Ағаң Ербосынов»

Осылай деп, оған сүйемелдеп отырып, қолын қойдырдым. Не жаздын деп сұрауға да шамасы келген жоқ. Тез қолын қойдырып алғаным жақсы болды. Өйткені Жүніс содан кейін бірден әлсіреп, сәл сұлық жатты да, біраздан соң өне бойы қақайып, ол дүниеге кетті. Аяғында жақсы ботинкасы бар еді, алдымен соны шешіп, обмоткасымен орап, киіп алдым. Қалтасындағы заттарын, қойнындағы қыздың суреті мен әдірісін алдым да, сүйегін сүйретіп бір шұңқырға апарып тастай салдым. Ошақбаев опық жемейді!

«Тым болмаса мынау сасық мәтелді осы жерде айтпасаң етті» деп ойладым мен. Одан соң:

— Бетін де жаппадыныз ба? - дедім оған шошына қарап.

— Оның қажеті не? Топырақ өзі де бүркеп алады, - деді Тұмажан шімірікпестен.

— Ал сіз ол кісінің басына зират орнаттым деп келіпсіз ғой, - дедім мен Меңтайдың маған бұл адамның ағасына жасаған «жақсылығын» соншама сүйсіне айтқаны есіме түсіп.

— Сен оны да біледі екенсің ғой, - деп Тұмажанның жылан көзі маған тағы да шаншыла қадалды. Содан соң көзін тез тайдырып әкетті де, өзіне-өзі риза болғандай, қарқылдай күлді.

— Қыздар ертегіні жақсы көреді. Ендеше сен оны біліп қой. Оның үстіне менің ол қыздың басын айналдырып, алдымен уәдесін алуым керек болды емес пе? Қыз бен командирдің алдында лыпылдап тұрмасаң болмайды. Сонда олар сенің сыртыңды ішің екен деп қабылдайды, өңінді өзің деп түсінеді. Бірақ тәжірибелі командир сенің ар жақ, бер жағыңды бірден аңғарады. Ал тәжірибесіз қыздар жігіт неғұрлым жылпылдай берсе, соғұрлым соған қарай жығыла береді. Мен де сөйттім. Ошакбаев опық жемейді.

Мен ернімді тістеп, басымды шайқадым. Тұмажан өзінің арсыз қылығына өзі мәз болып, поездың терезесіне бір қарап қойды да, әңгімесін жалғады.

— Соғыстан келген соң қызды Алматыға іздеп барып, ағасының сәлемін алдымен ауызша айттым. Сенбеді. Сонсоң қойнымдағы сары майдай сақтап жүрген блокнотты суырып алып, жаңағы сөздерді оқыттым. Дәптерімнің сол бетіне бір қызыл бояу да жағып қойған едім. «Мынау ағаңыздың жарасынан тамған қаны», - дедім қызға. Осыдан кейін қыз байғұс оқ тиген жапалақтай боп, жалп ете түсті. «Өзің жапалақ, зұлым, - дедім мен

ішімнен. Оқ тиген үйректей деуге тілін келмей ме сен сұмның. Періштедей Меңтайды жапалаққа теңеуін бұл жауыздың. Өзі құзғын болған соң өзгені жапалақ дегі біледі ғой бұл сұмырай!» - Жалп еткені емес пе, блокноттағы ағасының қолын танып, оны қайта-қайта бетіне басып, ағыл-тегіл жылады-ай көп. Ақыры уәдесін берді. Бірақ бойына дарытпады, «асықпаңыз» деп қарыласып отырып алды. Әйтпесе мен оны сол жерде-ақ жайлап кететін едім. Ал асықпағаннын арты жаңағыдай болды. Оқуды тастап, маған ти, ауылға кетейік деп бірнеше рет хат жаздым. Көнбей қойды. Көнбесең... дедім де, - ол былш еткізіп былапыт сөздер айтты, - мен елде үйі-күйі, қора-жайы, 3-4 сиыры бар, шалқып отырған жесір, жас, бай әйелге үйлендім де алдым. Тышқақ лағы жоқ студент қыздың қасында бұл дегенің шылқып жатқан байлық емес пе? Өйткені Ошакбаев опык жемейді! -Тұмажан менің бас изеп, мақұлдауымды күтті. Мен міз бақпай, отырып қал-дым. - Үйленер алдында ол қызды ең болмаса бір жайлап кетейін деп, қалтаға ақшаны сықап, қасыма Ерғазыны алып, ә дегенше апыл-ғұпыл айда Алматыға тарттым да кеттім емес пе! Жаңа айттым ғой, онда мына сенің көмегіңмен ойлағанымды орындап, «екі жылдан соң оқу бітіресің, содан соң, біржола аламын» деп қызды алдап, абыройын жосадай ағызып, қатын ғып кеттім де, келе сала жаңағы әйелге үйлендім. Енді маған бұл әйелім де бір, Алматыда қызбын деп жүрген Меңтайың да бір. Қыз атандыратын белгісі бойынан кеткеннен кейін әйелден әйелдінайыр-масы болмайды, шырағым. «Жоқ, бекер айтасын, - дедім мен іштей зығырданым қайнап. - Алтынды адал қол да, арам қол да ұстайды. Арам қол бір тигенге алтын арам болып қалмайды. Сол қадірлі, қымбат күйінде қалады. Ендеше Меңтай сол саф алтын сияқты. Сен алтынға тиген арам қолсың ғой. Алтынды бір сипағанға арманымнан шықтым деп ойлайсың. Оны кірлетіп, кадірін кетірдім деп түсінесін. Жақсы кыздың абырой белгісі тәнінде ғана емес, жанында болатынын сен білмейсің, сұмпайы. Меңтай бойындағы асыл белгі - оның ақылдылығы, адалдығы, арлылығы, жанының жібектей жұмсақтығы. Меңтай бойындағы бұл белгіні сен ешқашан да жоя алмайсың, ақымақ. Болатты тот баспайды, алтынға кір жұқпайды. Меңтай суы таза, мөлдір бұлақ іспеттес. Ал сен - итсің. Иттің тұмсығы бір тигенге бұлақарам болып қалмайды... »

Осы сөздер көмейіме келді. Лак еткізіп айтып салсам ба деп те ойладым. Бірақ аузымнан басқа сұрақ шықты.

- Сіздің мұныңызды, үйленіп қойғаныңызды Меңтай біле ме? - дедім қыстығып. Ана жолы бұл сұмның өтінішін орындап, театрға ертіп барып, Меңтайға кездестіргенімді қылмыстай көріп, өзімді өзім жерледім. «Меңтайдың мені сүйетінін неге анғармадым, неге батылдық жасамадым, не деген соқыр, не деген ынжык едім мен», - деп Тұмажан жасаған қылмысты өзім жасағандай қиналдым. Оның осы қылмысты жасауына анқаулық, адалдықпен еріксіз көмекші болғаныма күйіндім.

— Е, білмегенде ше, - деді Тұмажан едірендеп. - Олардың өткен қыстағы каникулы кезінде мен әдейі командировка алып, Алматыға бардым. Ондағы ойым ол қызды тағы да бір жәукемдеп кету еді. Бірақ өткен жолғыдай емес, қыз қиқандап, маңына жуытар болмады. Жалынып та айттым, қорқытып та айттым. Көнбеді. «Енді оқу бітіргеннен кейін бір-ақ қосылайық. Әйтпе-се бойыма бала бітіп қалады, сонсоң оқуды бітіре алмаймын» деп бәлсінді. Тіпті ыза болғаным сондай, сол жерде бетіне былш еткізіп айттым да салдым: «Ендеше, сенің бір тиынға да керегің жоқ. Мен үйленгелі екі ай болды. Сен құр тұлыпқа мөңіреген сиырсың» деп. Бірақ соны бекер айтқан екенмін деп өкінемін. Қызға өзімнің үйленіп қойғанымды айтпай, қатынға сездірмей, оқу бітіргенше оны да пайдалана беруім керек еді, бірін бәйбіше, бірін тоқал етіп. Шыдамсыздық жасадым. Өйтпесіме тағы болмады. Жігіттік намысым жібермеді. Білсін, бәлем, онсыз да күн көре алатынымды деп, айттым да салдым, қайдан шықса, одан шықсын деп. Ошақбаев опық жемейді ешқашан!

«Намысының түрін шошқаның!» дедім ішімді ыза кернеп. Оның бетіне былш еткізіп, түкіріп те жібергім келді. Немесе шарт еткізіп жағынан шапалақпен тартып жіберсем бе екен деп ойладым. Өйтсем, бұл ит менімен төбелесе кетеді де, мені қазір милиция бұл түсетін Біртөбеден қоса поездан алып қалып, тергеу, тексеруге салады. Сөйтіп, уақыт босқа кетеді, жазғы сессияға кешігіп қаламын деп, өзіме-өзім амалсыз тежеу салдым.

— Анадағы, қасыңыздағы еріп келген жігіт қайда? - дедім Тұмажанға теріс қарап отырып.

— Ерғазы ма? Ол бір ашық ауыз ғой. Алматыда қолына ұстатқан мынадай қыздан аузы аңқайып, айырылып қалған одан не сұрайсың. Жүр ауылда әлі күнге дейін әйел ала алмай.

Осы кезде поездың жүрісі баяулап, Біртөбе станциясына жақындап қалды. Тұмажан шеті жемтір-жемтір әскери сумкасын қолына алып, орнынан тұрды.

— Не қызмет істейсіз? - деп сұрадым мен одан орнымнан қоса түрегеліп.

— Осы мына Біртөбе ауданында жинақ кассасының бастығымын, - деді ол қолымен сол жақты нұсқап.

— Ақшаның көп жерінде екенсің ғой.

— Еһе, көп жерінде. - Осыдан кейін ол менің құлағыма сыбырлады. - Мемлекет деген қайнап жатқан қара қазан ғой. Ебін тапсаң, ол қазаннан қалқып ішіп, қылқып жей беруіңе болады. Нарда бір көктөбел үйім, осында бір шифер шатырлы үйім бар. Құдайға шүкір, жаман тұрмаймын. Ошақбаев опық жемейді! - деді.

Осыны айтып болып ол қисандай аяндап, есікке қарай жөнеле берді. Есікке жете бере артына қайта бұрылып, маған қарады.

— Сен Алматыға бара жатсаң, бұрынғы байың сәлем айтты де Меңтайға, - деді ол кеңкілдей күліп, томпиған қозы қарнын үсті-үстіне сипалап. Мен қабағымды шыттым. Соны аңғарды ма, ол сөзін дереу басқа арнаға бұрды. - Айтпақшы, сенің көңілің болса, ол қызды нетуіңе болады, - деді ол бұғақтанып қалған мұқыл иегімен поездың алдыңғы жағын нұскап. - Ол нешауа қыз. Бірақ енді маған оның керегі жоқ. Ошақбаев опық жемейді!

Осы сөздерімен ол мені бақытты еттім деп ойлаған болуы керек. Есікке қарай қайта бұрылып, талтандай жөнелді.

— Әй, тоқта, - дедім мен осы кезде өзімді-өзім ұстай алмай, өне бойым қалш-қалш етіп. Оның қасына қалай жетіп барғаным-ды да білмеймін. Бара сала бала күнгі әдіспен шықшыттың астын ала бар пәрменіммен періп кеп жібердім. Тұмажанның басы сарт етіп, вагонның қабырғасына соғылды да, қолтығындағы сумкасы сусып, жерге түсіп кетті. Ол көзі бақырайып, қайта түзеле берген кезде иектің ұшынан баспен және бір сүзіп кеп қал-дым. Ошакбаев үн шығара алмастан жалп етіп барып, еденге құлады. Осы кезде:

— Ұр, айналайын! - деп бағанадан бері біздің сөзімізді үнсіз тындап отырған еңгезердей мұртты қазақ орнынан атып тұрды. - Қызды қорлаушының сазайын осылай беру керек! Ұр, айналайын!.. Ата-бабамыз оң жақтағы қыздың өзі түгіл, отауына шаң жуытпаған; қыз абыройын қызғыштай қорыған. Қыз балаға қасқыр боп тиген еркекте еш қасиет болмайды. Бұл жігіт емес, жылмандаған ұры ит қой, шырағым. Аяма мұндай сүмелекті!

Онсыз да қаным қарайып, Тұмажанды түтіп жердей күйге келген едім. Оның үстіне мына сөз жаныма және қамшы болды ма, әлде көрші қазақтың өзімді қостағанына арқаландым ба, білмеймін, орнынан тұрып келе жатқан Тұмажанды ал көп тепкілейін. Проводник әйел жүгіріп келіп, арашалағанда ғана әрең тоқтадым.

Менің долданып алған түрімнен қорықты ма, әлде қасымдағы таудай қазақтың қияпатынан сескенді ме, әйтеуір, Тұмажан ләм деп аузын ашқан жоқ. Бар болғаны: «Әй, сен де осындай ма едің?» деп таңданғандай, жыпылықтап бетіме қарай берді. Содаң соң

жанында жатқан сумкасын алып, орнынан сүйретіле көтеріліп, есікке қарай зытты.

— Арсыз! - дедім мен оған артынан айқайлап. Тұмажан менің сөзімді естімеді ме, естісе де елемеді ме, жаман сумкасын бауырына қысып, семіз денесін алға нтіндіріп, вагоннан түскелі жатты. Терезеден оның домалаңдап жерге түскенін көргенде, үйге кіріп кеткен сұр жыланнын сыртқа шыққанына көзім жеткендей, «уһі!» деп, орныма келіп отыра кеттім. Бұндай сұмға жұдырық өте ме? Бұғанам қатқан білікті журналист болып, өмірдегі осындай сұмдардың қылмыстарын ашып, өздерін фельетоннын өткір найзасымен аяусыз түйрер ме едім! - деп кіжіндім ішімнен.

Ол күні вагонда түні бойы жаман түстер көріп, ұйықтай алмай шықтым. Тұмажанмен төбелесіп, милиция қолына түскен екенмін деймін. Мені тергеп отырған милиционер біресе Тұмажан болып: «Ошакбаев опық жемейді» деп сақ-сақ күледі келіп. Содан соң ол әлде қайдан Меңтайды шашынан сүйреп алып келіп, қол- аяғым байланып қалған менің көз алдымда іштен тепкілеп, сабай бастайды. Жаны қысылған Меңтай мені көмекке шақы-рып, құлындағы дауысы құраққашығып: «Аға-а-ай!»деп шыңғырып, мені шақырады. Мен жан терге түсіп, не тұра алмай, не қолымды босата алмай, қиналамын.

Өстіп қысылыгі жатқанымда мені қасымдағы көршім, Алма-тыға қазақша күреске қатысу үшін келе жатқан балуан қазақ түртіп, оятып жіберді.

— Жаман түс көрдің білем, шырағым, - деді. Осыдан кейін ұйқы болған жоқ. Меңтай байғұсты аяп, қазір қандай күйде екен деп жаным отқа ұстаған майдай шыжғырылды. Оның маған ең соңғы айтқаны: «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар емес пе? Мен енді осы кісімен қарайдым, осы кісімен ағаруым керек» деген сөз еді. Мен онда Меңтай Тұмажанға қосылады деп кәміл сенгенмін. Сенгендіктен де басқа ештеңеге қарайламай, облыска кеткенмін. Анда-санда Жомартбектен хат алатынмын. Бірақ ол бұл жайды білмейді, арлы қыз жан қиналысын ешкімге айтар ма, сірә? Айтпаған ғой деп ойлаймын ішімнен. Қаладан Меңтайды таба алар ма екенмін? Әлде ол каникулға, еліне кетіп қалды ма? Тапсам, енді ол менің тілегімді қабылдар ма екен? Әлде тағы да басқа біреумен серт байласып қойды ма?

Міне, осы ойлармен мен шілденің ыстығында екінші Алматы вокзалына келіп жеттім.

Облыстан шығарда курстас қыздар қарсы алар деп Жомартбек атына телеграмма берген едім. Поезд тоқтағаннан кейін вагон терезесіне қарағанымда маған келіп тұрған ешкім байқалмады. Бәрі де жазғы каникулға тарап кеткен болар деп, чемоданымды алып, вагонның аузына келдім. Есіктен шыға бергенімде аяғы аяғына жұқпай сумандап, плашының етегі түлеген жыланның үстінен түскен қабықтай сусылдап, вагоннын жанына Зайкүл жетіп келді.

— Сәлем! - деді ол ақ қолғапты қолын жоғары көтеріп, екі көшенің қиылысында машиналарға жол сілтеп тұрған ақ қолғапты милиционердей қалшиып.

— Сәлеметпісің, Зайкүл? Аман-есенбісің?

— Есен-есен, Ербол, - деп ол қолын созып, жақындай берді. - Қайда жоқ боп кеттің сен, сағындырдың ғой әбден. Екеуміз қол алыстық. Құшақтассақ та болатын еді. Зайкүл оған тіпті де қарсы еместей екен. Бірақ мен бірден чемоданымды көтеріп, жүруге ыңғайландым.

— Жомартбекке телеграмма берген екенсің, - деді Зайкүл аяғы көстендеп менімен қатар аяндап. - Ол кеше аулына қайтып кетті. Басқа қыздар да кетіп қалған. Жатақханада қазан түп болып жалғыз қалған мен ғана болған соң өзім қарсы алдым сені. Сені бәріміз сондай сағындық, Ербол.

— Рақмет, Зайкүл.

— Сен бізден бекер кетіп қалдың. Рас, Меңтайға қолым жетпеді деп өкпелеп кеттің. Бірақ бізде басқа да қыздар бар емес пе еді?

— Өзіңе бұйырмайтын өзге қыздан не пайда, Зайкүл.

— Мен-ақ бұйыратын едім ғой. «Зайкүл, айналайын» деп бір күн жалынсаң болып жатыр еді. Ал сен: «Меңтай! Меңтай!» дедің де жүрдің өзгені көзге ілмей. Тегі жігіттерде ақыл жоқ осы. Өйткені олардың бәрі өз шамасына қарамай, жақсы қызға қарай жүгіреді. Жақсы қыз жете ме, қарағым-ау, бәріңе бірдей. Сөйтіп, көп жігіттер біз сияқты өзіне лайықтыдан құр қалып, артынан өкінеді.

Біз аялдамаға келіп, жатақханаға баратын екінші трамвайға отырдық.

— Жігіттер ауылда қыздарға үйленіп алып, артынан оқу оқып келемін деп, тастап кетіп жатыр ғой адастырып, - деді Зайкүл трамвайға мінгеннен кейін. - Сен де сөйтпедің бе? - Орындықта отырған Зайкүлдің қасында түрегеп тұрған мен басымды шайқадым. - Онда қазір Меңтайдың да басы бос. Ал ол анау Тұмажан зәліммен жанасып қойды десең, мен бармын...

— Сен жанаспаған шығарсың, - дедім мен күліп.

— Құдай ақына. Сен өзің сенсеңші маған. Кешке паркке барасың ба?

— Жоқ, сенемін, - дедім мен тағы да күліп. - Саған сенбегенде кімге сенемін?

Бұдан әрі сұрамауға шыдамым жетпеді.

— Меңтай қайда, Зайкүл? - дедім біраз бөгеліп барып.

— Меңтайды қайтесің? Ана сұм алдап кетті. Содан соң тағы бір жігіт сонына түсіп жүріп, терезеден тас лақтырып, басын жарды көктемде. Биыл ауылыма бармаймын деген. Осыдан екі күн бұрын Майраға ілесіп, Бүргендегі соның үйіне кетті-ау деймін тегі. Жаздай сонда болуға тиіс. Әлгі тас лақтырған сүмелегі соңынан қуып барып, шырқын бұзбаса тағы. Айтпақшы сол сүмелек тағы біреуді ұрып, милицияға түсті деген ақыры.

— Ол кім?

— Сен білесің оны, Ербол. Әлгі Сейітқали деген сүмелек бар емес пе еді ақынмын деп кеудесін қағып жүретін. Бір газетке «Қызыл бұзау» деген өлеңі басылып, қыздар тегіс оны Қызыл бұзау деп атап кетіп еді ғой. Ол өзі барып тұрған жағымпаз болатын. Әр лекциядан кейін оқытушыны тоқтатып алып: «Сіздің бүгінгі лекцияңыз ғажап болды, ағай. Тура миға құйып бердіңіз. Бұл лекцияға Әуезовтың лекциялары да астар бола алмайтын шығар» деуші еді ғой беті бүлк етпестен. Енді есіңе түсті ме? Міне, сол. Меңтайдың басын жарғаннан кейін университеттен қуып жіберген оны.

— Меңтайды неге ұрады ол?

— Менімен жүрмейсің, айтқаныма көнбейсің деп ұрады да. «Мен саған ғашықпын!» деп көкиді. Ал Меңтай оны иттің етінен жек көреді. Сол Қызыл бұзау еліне кетпей осында жүр деген мөңіреп. «Мен Меңтайды қайтсем де аламын. Меңтайды алмасам - анам қатыным болсын!» дейтін көрінеді оттап. Айттым ғой мен жігіттерде ес жоқ деп. Өздерін сүймейтін қыздардың аяғына бас ұрып, жатып алады. Ал өздерін сүйетін қыздарды олардың ешқайсысы көрмейді. Зайкүл сықылықтап көп күлді.

— Мына өлең есінде ме? - деді де ол тақпақтата жөнелді:

Өртенуші ем көрген сайын Сенің нұрлы жүзінді. Сүюге де едім дайын Басып кеткен ізінді. Бір сен үшін суға батып, Отқа түсіп, күюге. Әзір едім алдып жатып, Аяғыңнан сүюге!..

Ал, мен, қымбаттым, «андып жатып, аяғымнан сүймей-ақ», жігіттер саусағымнан сүйіп отырса да, разы болар едім, - деп Зайкүл көзін құйқылжытып, басын қиқандатты.

Никольск базарының қасына келіп, трамвайдан түстік.

— Меңтайдың басы қатты жарылды ма? Зақым келген жоқ па? - дедім мен жатақханаға қарай бет ала беріп.

— Алла-ай, немене, жаның ашып бара ма? Ол бәрібір сенің қызың емес қой қазір.

— Әңгіме онда емес қой, Зайкүл. Жолдастың жайын сүрап білуіме болмай ма менің?

— Иә, жолдас деп жаның шығып бара жатқан шығар сенің. - Зайкүлдің мінезі қызық болатын. Алдында қылжақтап тұрса да, соңынан түзу жауабын бере салатын. Бұл жолы да сөйтті. - Қазір жарасы жазылып кетті. Шашының арасында пышақтың қырындай ғана ақ дақ қалған. Бірақ білінбейді онысы. Сүйегі аман. Ал түсті ме жүрегің орнына?

Зайкүл екеуміз жатақхана алдында қоштастық.

— Ал, кешке паркке келесің бе, Ербол?

— Рақмет, Зайкүл, - дедім мен. - Қарсы алғаныңа, айтқан әңгімелеріңе - бәріне рақмет. Бірақ мен бүгін ешқайда тырп ете алмайтын шығармын. Қазір университетке баруым керек. Ертең - емтихан.

— Қойшы, сен емтиханды көзіңді жұмып отырып тапсырасың ғой. Бұрын да жақсы оқитынсың. Ал мен кеттім онда. Айтпақшы, мен ертең Қарағандыға жүремін, сондағы туыстарыма барып қайтамын. Көшеден бері жатақхана емес, апайдың үйінде жатырмын. - Осылай деп ол маған қолын берді. - Сен жаңағы менің айтқандарымның бәрін шын екен деп қалып жүрме, жігіттер жайындағы сөзімді айтамын. Оның бәрін жай, қалжың үшін, сен қайтер екен деп айтып жатырмын.

— Оны түсінемін ғой, Зайкүл. Ал жолың болсын!

Жазғы сессия біткен күннің ертеңінде мен Меңтайды іздеп, Бүргенге бардым. Сессияның арасында барып қайтсам ба деп талай рет оқталдым да. Бірақ шыдадым.

Бүргенге келіп, автобустан түскен соң, алғашқы кездескен біреуден Абаеваның үйі қайсы деп сұрадым. Маған ауылдың орта тұсындағы көк терезелі, тоқал үйді нұсқады.

Қос қыз үйде онаша отыр екен. Олар мені қуана қарсы алды. Әсіресе Майра жылап көріскендей бөлды.

— Иә, иә, есенсіз бе, ағай? - деп кеудеме мандайын төседі. Осы кезде оның көзінен жас та шығып кетті. Оған мен де босаңсып, көзім жыпылықтай жөнелді. Тек Меңтай ғана сыр бермеу-ге тырысып, ернін тістеп, бір қызарып, бір бозарып, қолынын ұшын ғана берді де, үнсіз қалды. Амандасқаннан кейін қыздар мені есік алдындағы көленкелі жай - беседкаға алып барды. Онда, дөңгелек үстел жанында салулы көрпе бар екен. Майра үкідей ұшып, үйден екі жастык әкеп жаныма қойды.

— Иә, ағай, жастыққа жантая отырып, демалыңыз, - деді Жайғасып отырғаннан кейін мен қыздардың бетіне қарадым;

Майра бұрынғысынан сәл тола түскенге ұқсайды. Меңтай жүзі шүберектей боп, қатты жүдегі қалыпты.

— Ал, халдерің қалай, қыздар? - дедім мен.

— Иә, не халды сұрайсыз, - деді Майра тез және жауап беріп. - Сіз кеткеннен кейін талай сұмдықты бастан кешірдік қой Меңтай екеуміз.

Осылай деп ол Меңтайға қарады, содан соң сөзін әрі қарзй жалғастырмай, үнсіз отырып қалды.

— Мен бәрін де естідім, бәрін де білемін, - дедім қыздар ол сұмдық жайларды естеріне алып, тағы да қиналмасын деп- Зайкүл айтты. Тұмажанды да көрдім.

— Иә, Зайкүл байғұс бәрін де айтып үлгірген екен ғой, - деді Майра күліп.

Меңтай басынан өткен бар ауыртпалықгы өз құлағыммен естіп келгендіктен бе, мен өзімді оның алдында кінәлідей танып кібіртіктей берген едім. Осы тартқан азабына мені жазғырып

жазалайтындай кергемін. Бірақ Меңтай өйтпеді. Жылап-сықтап мұң да шақпады.

— Мұндай өкінішке ұшыраймын деп ойламап едім, - деп бір өкініш, арызын бір-ақ ауыз сөзге түйіп, үндемей отырып қалды-Содан соң барып, сәл ғана иегін көтерді. - Жігіттің де жігіті, майдангердің де майдангері бар екен ғой...

— Иә, ол рас. Ал ағай, өз жайыңызды айта отырыңыз, - деді Майра.

Мен қос қызға жақсы әңгіме айтып, жандарын жадыратсам

деп ойладым. Бірақ ондайда аузыңа тілеген әңгімең келіп түсе қоя ма? Мен алдымен облыстық газетке тілші боп қызмет істегенімді ел аралағанымды айттым. Көп мақалалар жаздым дедім.

— Иә, бізден кеткеннен кейін басыңыздан кешкеннің бәрін де айта беріңіз, - деді Майра.

— Айтайын, - дедім мен аузыма қыздарды күлдіретін ешбір қызық әңгіме түспей, сасқалақтап.

— Тек көргеніңізді ғана айтыңыз, ағай, естігеніңізді емес, " деді Майра сұқсаусағын шошайта күліп, профессор Әуезовтың оқыған Алдаркөсе жайлы лекциясын еске түсіріп.

Мен де күліп, басымды изедім. Осы кезде Меңтай сұрақ қойды.

— Сәлиманы көрдіңіз бе? - деді баяу үнмен.

— Көрдім.

— Иә, соны айтыңыз, - деді Майра.

— Айтайын.

XVIII

- Көленкесін сүйретіп ашық күнде ұзақ жортқан салт атты жолаушыға ұқсап, біздің тілші деген ағайындар да кезбе келеді, - деп бастадым мен әңгімемді. «Иә, бәсе, ағайдың әңгімесі осылай боп келсе керек еді», - деп Майра күлміндеп, қуанып қалды. Меңтай да ықыластана жымиып қойды. Олар күлгенге мен мәз болып, әр сөзімді одан сайын бейнелеп, бедерлеп айтуға тырыстым. - Ел кезіп, аудан аралап жүрген күндердің бірінде жолым түсіп, өзіміздің «Ақбота» ауылына соқтым. Жұмабай жездем соғыстан аман-есен қайтқан болатын. Кешке келіп сонда түсіп, апайымды, жиендерімді қуантып, аунап-қунап жаттым да, ертеңінде Бүркітбайға сәлем берейін деп колхоз кеңсесіне бардым.



— Ассалаумағалейкүм, - дедім председатель кабинетінің табалдырығын аттай бере.

Төрде күжірейіп Бүркітбай отыр екен. Мен бала күнімнен білетін кешегі ширақ, кірпі шаш, ұзын бойлы, көзі тұздай көк сары жігіт бұл күнде үйелмендей сары шал болыпты. Иегі ілгері ұмсынып, шошқаның кірпігі сияқты қою ақ кірпік торлаған, тұзы азайғандай түссіз көк көздері өзін жұтқалы келе жатқан жыланнан қорыққан тышқандай боп бүрісіп, бұғып қалған қарсы алдындағы жұдырықтай әйелге тікенектей қадалып, тесірейе қалыпты. Бүркітбай маған мойын да бұрмастан, ормандағы сары аюдың табанындай балпиған күректей етженді алақанын жас баланың қос жұдырығындай қызыл мұрнына қонған шыбынды қаққандай бір сілтеп қалып:

— Әй, сәлемінді қойшы әрі, - деді.

Бүркітбай бұрынғысынша жай сөйлейді екен. Әр сөзін ақпанда құтырып, адам тарпыған бураның тізесіндей тегеурінмен нығарлап, нығыздай айтатын болыпты. Оның оң қол жағында соғыста үлкен командирлер ғана ұстайтын, қалындығы қылыштың қырындай сары әмірқан былғарыдан жасалған, иыққа асынатын ұзын баулы, әскери сумка жатыр. Шабуылға шыққанда кей командирлер оған гранат, немістердің олжа пистолет - ауыр парабеллумын салып алатын. Бүркітбай шарап сауытының тығынын бұрала сүңгіп тесіп өткен темір бұрандадай боп әйелге қадалып қалған түссіз көк көзін бұрмастан, он қолын сумкаға қарай созып, сипалап, оның аузын ашабастады. Мен мына мылқау дүңгене сумкадан мылтык суырып алып, сорлы әйелді бүрісіп отырған бойында басып салар ма екен деп қорықтым. Шынында да ол сумкадан немістердің ағаш сапты гранатасы сияқты ұзындау бірденені суырып алды. Сөйтсем онысы ішімдіктен босаған сида сауытқа толтыра салып алған, тышканның құмалағы сияқты, қныршық-қиыршық қара бұйра насыбай екен. Соның шошайған қағаз тығынын алып, сол жақ алақанының шұңқырына бір уысқа жуық насыбайды бір-ақ салды да, насыбай емес, қылқ еткізіп коньяк жұтқандай етіп, апандай аузына апарып, тастап кеп жіберді. Тілінің ұшымен екі ұртын кезек-кезек бұлтитып, тығырыққа қасқыр қуып тықандай құмарлықпен, аузындағы насыбайды салпы ерін мен сары тістің арасына жинады да, рақаттанғандықтан екі езуі үнсіз ырылдаған сары төбеттің езуіндей жыбырлагі қоя берді. Содан соң, сабалақ сары шашты аю басын әрең қозғап, солға қарай бұрды да, кәрі қойдың тісіндей мүжіліп, түп жағы қарайып кеткен, ұш жағы сап-сары сирек тістерінің арасынан сыздықтата, шырт еткізіп түкіріп қалды. Бүркітбай түкірмек боп басын бұрған кезде бұрандаға ілініп, суырылып бара жатқан тығындай, әйел байғұс орнынан көтеріле берді де, Бүркітбай бері қарай қайта бұрылғанда әйел де сылқ етіп, орнына отырды - өн бойын темір бұранда бойлай кіріп, қозғалтпай тұрған тығын сол күйінде қалды.'



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет