Мен сенің редакцияға келген хатыңды алғаш оқып, соңындағы атың мен фамилияңды көргенде қуанышымда шек болмады. Бірден сені көз алдыма келтіруге тырыстым. Тезірек өзіңмен кездесуге құмарттым. Бірақ жайыңды көріп, жабырқап қайттым. Мен сені мұндай болады деп ойламаған едім. Сәлеммен сенің майдандас ескі досың Ербол Есенов».
- Бұл - бір, - дедім газет қиындысын қайтадан папкаға салып жатып. - Бұдан басқа да бірнеше мысал айтайын мен сендерге. Мінеки, осы екеуің сияқты, бір кабинетте қатар отырған, бірімен-бірі ойнап-күліп жүрген адамдардың бірінің үстінен бірі арыз жазғанын естідіңдер ме, сендер? Жоқ, естіген жоқсыңдар. Ал мен көрдім ондай адамдарды.
Редакцияға бір колхоздың председателі мен орынбасарының бірін-бірі жамандап жазған хаты келеді. Екі хатта да: «Ол ішіп қойды, жеп қойды. Мемлекет мүлкін талан-тараж етті» деген ауыр-ауыр айыптар бар. «Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, екі етекті белге түріп алып, мен жөнелдім ол хатты тексеруге.
Аудан басшыларымен ақылдасып, адамдармен сөйлесіп, тексеріп қарасам, колхозда шашау шыққан ештеңе жоқ. Бар мүлік орнында, бар дүние қалпында.
— Ау, ақсақалдар-ау, бұларың не? - деймін мен күліп, председатель мен орынбасарға кезек көз тастап. Екеуі де төмен қарап, күмілжиді.
— Мынау бір тойда жұрттың бәрін мақтап сөз сөйлеп, менің атымды әдейі аузына алмай кетті. Мен соған ыза болып едім, - дейді председатель.
— Бұл кісі ылғи ойын-тойда өзі төрге отырып алады. Басты да өзі ұстайды, басқаны да өзі таратады. Маған үлкен едің деп үстел басын бір билетпейді. Мен соған ерегісіп едім, - дейді орынбасар. Сөйтсем орынбасар председательден 2-3 жас үлкен екен.
Мінеки, ол екеуінің арыздасқандағы әңгімелерінің түрі осы.
— Екеуіңіз де үлкен адамсыздар, менің әкемдей кісісіздер, - деймін мен оларға қынжылып. - Екеуіңізге менің өнеге айтуым келіспейді де. Бірақ осыларыңыз ел-жұрт, естір құлақтан ұят емес пе?!
— Қояйық, кояйық.
— Жаздық, жаңылдық, - дейді олар, мен бейне бір ол екеуін атып кететіндей апалақтап.
— Шаршадыңдар ма, қыздар?
— Жок, жоқ, айта беріңіз, ағай, - дейді Майра мен Меңтай қосыла үн қатып, тағы да тыңдауға ынталанып.
— Енді тоқсандағы өлмелі шал жазған тағы бір арыздың қызық хикаясын айтайын да, бұл әнгімені доғарайын біржола.
— Иә, қызық емес, қасірет қой бұл, - дейді Майра. Майраны мақұлдап, бас изеймін де, қызып алған мен тағы да сөйлей жөнелемін.
— Іргелес қатар отырған екі ауылдың бірінің тоқсандағы шалы екінші ауылдың алпыстағы шалының үстінен арыз жазыпты, былай деп көрсетіпті:
«... Үшбу, жоғарыда аталған Әлімбай шал аруағымызды қорлап, атамыздың бейітіне қол тигізді. Соны тексеріп, атамыздың аруағын қорлаған кісіні жазалауды сұраймыз... »
— Иә, түуһ, - деді Майра қабағын шытып. - Ол соншама Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың бейіті ме екен қол тигізбейтін?
— Тексере келгенімде, - дедім мен, - мәселе мынадай боп шықты. Арыз жазған тоқсандағы шалдың арғы атапары білікті кісі болса керек. Ауылдарының шетінде соған орнатылған, бір жақ бүйірі құлаған ескі зират тұрады екен. Көрші отырған екінші ауылдың қарты Әлімбай деген кісі бір күні сол зираттың құлаған жерін қайтадан қалап, бұрынғыдай етіп, жақсартып, түзеп қояды. Тоқсандағы шал осыған ашуланады.
— Әлімбайды неге кінәлайсыз? - деймін мен оған.
— Атамыздың бейітіне қол тигізді.
— Атаңыз қадірсіз кісі ме еді?
— Жок, қадірлі болатын.
— Онда Әлімбайдың атаңыздың құлап жатқан бейітін түзеткені дұрыс емес пе?
— Жоқ, теріс.
— Неге?
— Өйткені ол - біздің атамыз.
— Онда зиратты өзіңіз түзетейін деп жүр ме едіңіз?
— Жоқ, менің оған халім жоқ, Әлімбайдай жас емеспін.
— Жас болмасаңыз, зираттың түзетілгеніне қуанбайсыз ба қайта?
— Жоқ, куанбаймын.
— Неге?
— Ол - біздің атамыздың зираты. Оны түзетсек, біз түзетуіміз керек. Түзете алмасақ, бөтен ешкімнің қолы тиюге тиіс емес!..
Міне, мұны алжыған шалдың сандырағы ғана деп, ешбір мән бермеуге де болар еді. Бірақ дәл осы штрихта жоғарыда айтқан кінәраттың ескі психологиялық элементтері жатыр. Ол кінәрат, ол дерт - арызқорлық, ауылға бөлінушілік. Мен халқымыз осы жаман дерттен арылса екен деп арман етемін. Ең жоқ дегенде болашақ ұрпаққа осы дерт жұқпаса екен деймін. Құр арманмен іс бітпейді. Арманды жүзеге асыру үшін аянбай күресу керек. Жан-жақты күрес қажет. Мен журналист, сендер мұғалім болып, бәріміз бір үнмен осы тілектің ұранын жас ұрпақтың құлағына құюға тиістіміз! Мен осылай деп ойлаймын, қыздар.
— И-иә, ағай-ай, жақсы айттыңыз-ау, - деді Майра менің сөзіме сүйсінгендей болып. Меңтай да Майра екеумізді құптағандай бас изеді де:
— Жалақорларға жаза қолданылса, қандай жаксы болар еді! - деді баяу үн қатып.
— Иә, оның рас, арызқорларды шен-лауазымына қарамай әшкерелеп, халық алдында қарабет етсе, тоқталар еді бұл пәле.
Екі қыз маған қарады. Мен де басымды изедім оларға. Содан соң үшеуміз де, әрқайсымыз іштен ойланғандай боп, біраз үнсіз отырдық. Менің есіме профессор Әуенов түсті.
— Мұхит ағай қалай, қыздар? - деп сұрадым келгелі ол кісіні көрмегенімді айтып.
— Жақсы, - деді Майра. - Сізді лекцияға келген сайын сұрап қояды. «Ерболдан хабар бар ма, Жомартбек?» дейді. «Ол облыстық газетте тілші боп, ел кезіп жүр» деп жауап береді Жомартбек. Оған Мұхит аға риза боп қалады. «Бәле, жас жігіттің өмір көргені жаксы. Ол - соғыстың сұрапылын белуардан кешіп келген азамат. Енді ел өміріне қансын. Ербол сияқты жігіттерге өмірдің өзі университет. Көрерсіңдер, Ербол үлкен журналист болады әлі» дейді Мұхит аға. Біз, Меңтай екеуміз, асыл ағаның сізді мақтай айтқан бұл сөзіне төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қаламыз. Рас, қой, Меңтай? - Меңтай сабырмен бас изеді.
Рақмет, - деп мен де басымды изедім оларға.
Содан кейін мен оларға анада, осы екеуін іздеп театрға барғанда, Мұхит ағай маған алдыңғы қатардан орын ал деп ақша бергенін, бірақ мен ол акшаға билет ала алмағанымды, кейін, облысқа кеткенде жол қаражатына жұмсағанымды айттым.
— Соны алмауым керек еді, алғаным ұят болды-ау деп осы күнге дейін ойлаймын. Бірақ үлкен кісі өзі ұсынып тұрғаннан кейін алмауды тағы ерсі көрдім.
— Иә, оның несі бар? Тәбәрік қой, қайта жақсы болады, - деді Майра.
— Ол күні Мұхит ағаның залда сізді қолтықтап, әңгіме шертіп жүргенін біз де көргенбіз. Мұхит ағай қандай әңгіме айтты деп сізден сұрағалы бұрышта тосып тұрған едік.
— Иә, иә сонда. Енді сол ақшаны Мұхитағаға калай қайырып берсем деп жүрмін.
— Қойыңыз, ол кісі ренжір, - деді Майра.
— Неге? Егер мен студент боп қайтарып берсем, ол кісі ренжір еді. Ал қазір мен журналиспін, жас интеллигентпін ғой.
— Жоқ, тәбәрік болады, оны қозғамаңыз, - деп Майра үзілді-кесілді кесім айтты.
— Ал енді не қалды айтылмаған онда, - деп қос қызға кезек қарадым. - Бүгін мен сондай мақтаншақ боп кеткен сияқтымын. Көңіліме келгеннің бәрін кідірмей, ақтарып жатырмын. Ол сендерді сағынғандығымнан болар, қыздар. Кешірім етіңдер.
— Жо-жоқ, бәрі де жақсы, ағай, - деді Майра бәйік болып. -Сіз келгенге жанымыз жасап қалды. Иә, айта беріңіз, тағы да айтыңыз.
— Онда, мынау менің «Алатау жұлдызында» осында жүрерде жарияланған ең соңғы мақалам еді, - дедім папкамды қайтадан ашып, оның ішінен тұтас газет номерін суырып. - Махаббат туралы. Енді соны оқиық. Тарихы мынадай. Бір жігіттің уәделескен қызы басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Соған назаланып жігіт редакцияға: «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің» деген мақала жолдады. Мақала газетке басылып, оған көптеген пікірлер келді. Сол хаттарды қорытындылау маған тапсырылған еді. Мен бірнеше күн ойланып, толғанып жүріп, осы мақаланы жаздым. Майра, сен оқисың ба, мен оқиын ба? - дедім газеттің ішкі бетін ашып жатып.
— Әкеліңіз, ағай, мен оқиын. Сіз бағанадан бері әңгіме айта-айта шаршаған боларсыз.
Мен газетті Майраға бердім. Ол тамағын бір қырнап алып, мақаланың басына көз жүгіртті.
— «Ербол Есенов, жас журналист», - деп Майра алдымен мақала тақырыбының үстіңгі, оң жақ шекесіне бадырайта жазылған менің аты-жөнімді айтып, сәл тыныс жасады да, содан соң судыратып, төмендегі мақаланы оқи жөнелді.
Алтын діңгек
«Алатау жұлдызы» газетінің осы жылғы 12 майдағы санында «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің?.. » деген тақырыпта мақала жарияланды. Бұдан кейін газет бетінде бірнеше дүркін оқырман қауым сол мақалаға байланысты өз пікірлерін ортаға салды.
Аталған мақалада да, оған байланысты көтерілген әңгімеде де адам жанының ең сұлу, ең асыл сезімі, жас ғұмырдың жалынды әні - махаббат мәселесі сөз болды. Махаббат деген не? Махаббаттың басты шарты қайсы? Тек сұлулық үшін ғана сүюге бола ма? Алған жарыңның мүсіні көкейдегі мұратыңа сай келмесе, не істеу қажет? «Бір көргеннен» ғашық болу деген рас па? Екі адам бірін-бірі көрместен ғашық бола ала ма? Құмарлық пен ғашықтықтың арасында айырма бар ма? Махаббаттың жауы не? Тұрақсыздық қайдан туады? Сезімді тұрақты етіп қалай тәрбиелеу керек? - міне, осы жайлар едәуір талқыға түсті. Көп оқырманның бірі ретінде менің де бұл әңгімеге атсалысуыма тура келді.
Газеттегі мақалаларды оқып шыққаннан кейін менің ойыма сонау жайлауда жатқан бір қарт шопан айтқан сөз түсті. Социалистік Еңбек Ері Ілияш Қызырбаевпен әңгімелесіп отырғанымызда, бір реті кеп қалған тұста мен Ілекеңнен «Махаббат деген не, өзі?» деп сұрадым. Қарт шопан қой бағуға байланысты емес бұл сұраққа да ойланып жауап берді.
— Ол - әр үйдің алтын діңгегі ғой, шырақтарым, - деді.
— Сонда кемпір мен шал сіздерде де махаббат бар ма? - деді менімен бірге келген жас зоотехник Ілекеңе бәйбішесі Ақнұрды нұсқай әзілдеп.
— Осы сен күннің нешеу екенін білесің бе? - Осылай деп, Ілекең зоотехник жігітке қарсы сұрақ қойды.
— Білемін, аспанда жалғыз ғана күн бар.
- Жоқ, - деді шопан бурыл басын шайқап, - күн екеу, оның бірі көкте болса, бірі жүректе. Жүректегінің аты - махаббат. Махаббат мекендемеген жүрек қыстыгүні қар астында қалған қараңғы үймен тең.
Ілекең өзіне сұрақ қойған жігітті осылай жеңіп кетті. Біз шопанның тапқырлығына мәз боп, құттықтап, кезек- кезек қолын алдық.
«Махаббат деген не?» деген сұраққа газет бетінде бұл мәселені талқылауға ат салысқан жұрттың бәрі жауап берді. Бұл жөнінде даналардың да, данышпандардың да айтқандары көп. Бұл сұраққа шопанның да берген жауабы орынды. Өйткені... «қанша бас болса, сонша ақыл болады, демек, сонша жүрек, соншама махаббат болады» (Л. Толстой). Осыдан екі мың жыл бұрын Рим ақыны Тибулл махаббатты «тәтті жұмбақ» деп атаса керек. Шығыстың бір бұлбұлы, атакты Хафиз акын оны «мәні мәлімсіз сәт» депті. Мәселе махаббатты кімнің қалай атағанында емес. Әңгіме адам жүрегінің осы қымбат қазынасын қадірлей білуде ғой.
Газетте жарияланған мақалаларға қарағанда кейбір жастардың махаббатқа жеңіл-желпі қарайтыны байқалады. Мұның өзі олардың махаббат мұраты не екенін алдын ала ойлап, бажайлап, саралап алмайтындықтарынан болуға тиіс. Махаббаттың алдында жазда алыстан көзге шалынған таудай мұнартып, әрқашан екі мақсат тұратыны аян. Оның бірі табиғи тілек те, екіншісі сана мұраты болмақ. Табиғи тілек дегеніміз ұрық, ұрпақ қалдыру жөніндегі соқыр сезімнің жетегі екені түсінікті. Ол қыз бен жігіттің бір-біріне қызығып, құмартуы түрінде білінеді, нәпсіге тіреледі. Ал, сана мұраты жігіттің қыздан немесе қыздың жігіттерден өзімен ойы тең, ақылы сай, бір-бірінің қуаныш-реніштеріне өмір бойы ортақ болысып, мұң шағып, сыр шертіп, шер айтысатын, жанымен жаны үндес адам іздеуі, бірін-бірі шексіз сүйетін жан тауып, соған қосылып, қосылған соң бірін-бірі өле-өлгенше қадірлеп, құрметтеп өтуге ұмтылуы. «Кімнің жаны махаббаттан тән ләззәтімен қоса рухани ләззәт алуға ұмтылса, тек соны ғана адам деп бағалаймыз» дейтін Бальзак сөзінің мәні осы арада айқындала түседі. Қызқұмар жігіттің (немесе керісінше) желекпе, жеңілтек, қызыққыш, құмартқыш келетіні ежелден белгілі жай. Ондай адамдардың қысқа қызық, шолақ шаттыққа аңсарлары ауып тұрады да, бара-бара нәпсінің құлына айналады. Ондай жандар өздерінің осы нәпсі құмарлығын өзгеге махаббат деп ұсынады. Бірақ шынайы махаббат пен құмарлықтың екеуі екі басқа. Құмарлық көбіне аңшыға тән қасиет. Аңшы көрген аңын құтқармауға ты-рысады. Ол көк ала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал, махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды.
Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан ондайлар бетін бояп, қасын күзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып, әлек болады. Жақында трамвайда сондай бір қаракөз қызды көрдім. Қасты қырып, оның орнына бір сызық қара бояу тартыпты. Сол бояуды көзінің құйрығына да жағып, оны және «ұзартып» қойыпты.
Бетіндегі баттасқан бояуды былай қойғанда, қасының орны мен көзінін құйрығынан қатарласа сызылған жаңағы екі жіңішке сызық көлденең адамға жыланның айыр тіліндей танылып, сүйкімсіз әсер етеді. Қыздың онда шаруасы жок, «Мен сұлумын, маған сұқтана қараңдар» дегендей жағын таянып, орындықта сіресіп отыр. Оның қасына қарт ана келіп, түрегеп тұрды. Қыз кішілік жасап, үлкенге орын берер деп ойлап едім, бірақ өйту оның кәперіне де келмеді. Біреу қызға қолын созып, қасындағы кассадан билет жыртып әперуді өтінді. Сұлу адам сыпайы болуға міндетті еместей-ақ, ол міз бақпастан теріс айналып, терезеге қарап кетті.
Мұндай қызға қандай жігіттің ғашық боларына таң қаласың. Табиғаттың өз бояуы бойында тұрған уыздай жас қыздың жалпақ жұртқа деп шығарылған қайдағы бір жасанды бояуды жағып, сұлу боп көрінуге тырысуы келіспейді-ақ. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбексүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс. Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Еңбекте үздікті сүйеді. Оқуда озықты қалайды. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақты жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, таланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес. Бұл арада алғашқы ма-қалада айтылатын Күләш деген қарындастың Жомарт деген жігітті «түр-тұлғасы үшін сүйемін» дегеніне қосылуға болмайды. Сұлулық жоғарыда аталған ғашық болуға қажетті шарттардың бірі ғана. Сұлу деп қазақта көрікті әйелді айтады. Ал көркінің үстіне ақыл-парасаты мол әйелді ару деп атайды. Өмірде сұлу көп те, ару аз. Ауыз әдебиетінде ару бейнесіндегі Құртқа, Қарашаш, Мендісұлу сияқты қыздар ғана суреттеледі.
Кейбір жігіттер «мен пәленшеге бір көргеннен ғашық болдым» деп соғады, ал «бір көргеннен ғашық болу» ешбір қисынға келмейді. Бір көргенде қыздың ұнауы немесе оның жігіт қиялындағы өзі мұрат еткен әйел бейнесіне бір жері (беті, аузы, көзі, мұрны, шашы, т. б.) ұқсауы ықтимал. Сол ұқсастық жігіт жүрегіндегі құмарлық сезімін лап еткізеді де, ол енді қыздың қалған қасиеттерін өз ойындағыдай етіп, қиялмен жобалай жөнеледі. Осыны ол «бір көргеннен ғашық болдым» деп түсінеді. Бұл шындық емес. Өйткені, бір көрінген қыздың басындағы қасиеттер оған қараған жігіттің көңіліндегі бейнеге қаншалықты ұқсайтынын бірнеше көргеннен кейін ғана анықтауға, сонда оның көп белгілері сәйкес келмейтініне көз жеткізуге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі біздің ауыл бозбалаларының көпшілігінің арманы аққұба енді, ақ жүзді жар еді. Өйткені онда әйел жөніндегі біздің мұратымыз фольклордан, ақындардың өлеңдерінен қалыптасты. Біз үшін ол кезде дүниедегі ең сұлу әйел Қыз Жібек болатын. Ал, қиссада ол былай суреттелетін:
Қыз Жібектін ақтығы
Наурыздың ақша қарындай...
Көкейде қалыптасқан осы бір жақсы жар мұратын Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым», Ақан серінің «Аққұба қатын алсаң бойы сұңғақ» дейтін өлеңдері және толықтыра түсті. Сөйтіп олар танадай жалтылдаған қара көзді, қардай аппақ қызға шықты, сондай жарға қолымыз жетсе деп арман етті. Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қараторы, бидай өңді, қызыл шырайлы, ақсары, шикілсары келіншектерге ие боп шыға келісті. Тіпті олардың бойлары да әр түрлі: сұңғақ, орта, тәпелтек; көздері де әр түсті: қоңыр, шегір, көк болды. Енді олар мұраттарын алған жарларының мүсініне лайықтап, қайта қалыптастырды. Осы арада олар өздерінің бұрынғы мұраттарының мол пішілген киімдей олпы-солпысын да көрді, кемшілігін де білді. Егер жарыңның жаны жақсы, адамгершілігі биік болса, оның «ақтығы наурыздың ақша қарындай», ал көзі «аласы аз, қара» боп келуінің тіпті де қажеті жоқ екенін ұқты. Менің құрдастарымның балалықпен тағы бір білмегендері жарымыздың бойы Ақан айтқандай сұңғақ болса деп армандауы болыпты. Енді қарасақ, олардың бәрінің өз бойлары орта, тәпелтек, бәкене екен. Ал өзін тапал, жарың биік болса, онда қандай жарастық болмақ? Жі гіттер оны да байқамапты. (Әрине, өмірде ұзынды- қысқалы боп та жұптаса береді. Бұл қосылушы екі адамның көңіл жарастығына байланысты).
Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың терендігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмар-лығынан туған, жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала сөны құшуға құмартқан жүгенсіз, ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам онын суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.
Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады. «Құмарту - ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф. Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып жұмғанша ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзак сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз, таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдін алтын босағасы - достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, коғам құптайды.
Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені - мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады.
Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеуі үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамызық» тастап отыруы парыз. Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол - тұрақтылық. Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар, борыш. Осы үшеуін ренжітпей, өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің. Осылардың әзәзілі - арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру - мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.
Сайып келгенде әр адам - өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адам да өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашан да бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай, сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, кешірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуды тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өздерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Бұл арада атақты Абайдың: «Болмаса мінезінің жат кесегі, майысқан бейне гүлдей толықсыған, кем емес алтын тақтан жар төсегі» деген сөздерін әрқашан да есте ұстау абзал. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге базар орнатады.
Мен мақаламды шопан қарттың сөзімен бастаған едім. Сөл сөзбен аяқтағым келеді. «Махаббат - әр үйдің алтын діңгегі» деген болатын Ілекең. Бұл - өте орынды айтылған даналық сөз. Өйткені діңгек болмаса, үй төбесі ортасына шөгеді, құлайды. Мен Ілекеңнің сөзін қайталап, әрбір жас семьяның алтын діңгегі әрқашан да берік болсын деп тілеймін. Әр үйдің ортасында нұр шаша жарқыраған алтын діңгектер тұрсын деймін».
Түу, жүрегім лүпілдеп кетті ғой, - деді Майра газетті маған қайырып беріп жатып. - Ағай, өзіңіз мүлде өзгеріп, есейіп кеткен сияқтысыз.
— Ел көріп, өмірімен араласқан соң солай болады да, - деді Меңтай. - Адам ысылмай ма?
— Иә, дегенмен ағай алғашқы әскерден келгендегідей, біздің бәрімізден жасқанып тұратын ұяң жігіт емес, енді бәрімізге ақыл айтатын, нағыз байсалды кісіге айналған. Жалғыз жастардың ғана емес, мен мына мақалалардан жұрт қамын ойлайтын үлкен аза-мат үнін де аңғарып отырмын, Меңтай.
— Түу, қойыңдаршы, - дедім мен қыздардың мақтауынан қысылып. - Мен баяғы қалпымдамын. Ештеңем де өзгерген жоқ. Ал енді күн кешкіріп барады. Жаңағы әңгіменің жалғасы немесе аяғы іспетті бір кішкентай ғана әңгіме айтайын да, кетейін мен.
— Иә, айтыңыз, ағай, - деп Майра тағы да тыңдауға дайындалып, жағын таянып отыра қалды.
— Жаңағы Майра оқыған мақалада жайлауда Ілияш Қызырбаев деген қарт шопанмен кездестім дедім ғой. Ол күні Ілекең бізді босатпады. Қонақ етіп, өз өмірінен көп хикаялар шертті. Июнь айының әсем кешінде далаға төсек салдырып, Ілекең, жас зоотехник, мен үшеуміз далаға жаттық. Ұзақ сөйлесіп, әңгіме аяқталғаннан кейін ұйқы тыныштығы туды. Менің көзім жаңа ілініп бара жатыр еді. Ілекең менен жасырғандай боп, жас зоотехникпен күбірлесе бастады. «Бұлар не сөйлесер екен?» деп ұйықтаған боп жатып, мен олардың өзара күңкіліне құлақ салдым:
— Келінмен қайтадан жарастың ба, балам? - деді Ілекең жігітке.
— Жоқ, Ілеке, ана оқиғадан кейін қайтып жібимін?
— Сұлу әйел бақтан үзіп алған бір шоқ гүл сияқты ғой, шырағым. Гүлді кімнің иіскегісі келмейді. Сұғанақ біреу сен бейқам тұрғанда қолыңдағы көтерген гүліңді бір иіскеп қалса, сол үшін сен оны лақтырып тастай аласың ба?
— Бір емес, үш иіскесе қайтем, Ілеке-ау.
— Гүлің жақсы болса, оның жұпар иісі мың иіскесең де жойылмайды. Бір рет немесе өзің айтқандай, үш рет иіскеді деп, мың рет ләззат алар хош иісті гүліңді лақтырып тастағаның жөн бе, балам?
— Біреу мұрнына тақаған гүлді қалай иіскеймін, Ілеке-ау?
— Сен оны ешкім иіскеді деп ойлама. Тек қана өзім иіскеп жатырмын, бұл тек менің ғана гүлім деп ойла. Сонда ештеңе де етпейді.
— Бұл өзіңді өзің алдау ғой.
— Адам өзін-өзі алдамайды, балам. Адам өзіне-өзі басу айтып, бақытсыздықтан сақтанады. Келіннің бауырында алтын айдар ұлың бар. Оның бір білместігін кешіруің керек, шырағым. Адам бір адасқан жерінен екінші рет өмірде адаспайды.
Достарыңызбен бөлісу: |