https://baq.kz/kk/news/kha/kha_bagdarlamalarga_belsendi_turde_katisui_kerek__memlekettik_hatshi20170425_173300
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламаларына белсенді түрде қатысуы керек. Бұл туралы аталмыш ұйымның кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«ҚХА «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуы керек. Сондай-ақ, ҚХА қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге қатысты түсіндіру жұмыстарын қолға алуы қажет. Осы салада түсіністік болуы шарт. Көптеген сұрақтар мен ұсыныстар болады. Әрине, ҚХА бұл жағдайға талдау жұмыстарын жүргізіп, өз ұсыныстарын айту керек», - деді ол.
Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова ұлттың бәсекеге қабілетті болуы маңызды екендігін жеткізді.
«Бүгінгі күні ұлттың табысты болуы – адами капиталға байланысты. Яғни адамның бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Біздің қазіргі қоғамның дамуы үшін азаматтардың білім алуы бағдарламаларына, олардың кәсіби табысты болуына, салауатты өмір салтын ұстану сынды жобаларға қолдау көрсетуіміз қажет. Осыған байланысты Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасының алар орны ерекше. Олардың өмірі үлгі болуы керек. Осы залда ондай азаматтар бар», - деді Мемлекеттік хатшы.
Достарыңызбен бөлісу: |