Психологиялық кідіріс. Мәтіннің мазмұн-мағынасына, ондағы қатысатын кейіпкердің іс-әрекетіне, оның көңіл-күйінің құбылуына байланысты оқылады. Мәтінге дұрыс психологиялық кідіріс жасалып оқылғанда, тыңдаушы ерекше назар аударып, онан әрі не болатынын тағатсыз күтеді. Кейде шығарма кейіпкерімен қосыла қуанып, қосыла ренжиді. Психологиялық кідіріс мәтін мазмұнына лайықты жасалған жағдайда тыңдаушының алған әсері ұзаққа созылады.
Мысалы, I.Жансүгіровтің «Шәутеннің шәркейі» деген диалогқа құрылған әңгімесін шолып керейік. Бұл әңгімеде мәнерлеп оқудың барлық тәсілдері мен кідірістерін дәлелдеуге болады. Соның ішінде психологиялық кідірісін қарастырайық. Ол үшін шығармаға аз ғана талдау жасайық. Шығармаға қатысатындар — автор, Шәутен, анасы.
Автордың сөздері оқылғанда дауыстың құбылуы біршама тұрақты. Себебі, автор — болған оқиғаны сырттай бақылап, хабарлаушы. Асықпай, бірқалыпты қоңыр дауыспен оқылады. Ал Шәутен- әлі еш нәрсенің байыбына жетпеген кішкене бала. Үстіндегі киімі, ішіп-жеген тамағы т.б. қалай жасалынады, қайтіп жасалынады, оны ажыратып ой тоқтатар жаста емес. Сондықтан анасы ақ марқаның жүнінен шәркей жасап бермекші болып іске кіріскенде балада тағат қалмайды. Анасы жүнді сабап жатса да, шиге тартып жатса да айтатыны «Болды ма? Енді болды ма?» деп қайталай беру. Сондықтан баланың сөздері өте тез, келте, асығыс оқылады. Шәутеннің сөзі салмақты, сабырлы, бірқалыпты. Басынан аяғына дейін бір ғана дауыс құйылысымен жайбарақат оқылады. Баласы қанша асықса да, анасы асықпайды. Өйткені, ана оның тез бола қоймайтынын біледі. Ана мен баланың ой-өрісін, жас ерекшелігін, мінез-құлқын түсініп көз алдына елестетіп оқыған оқушы дауысты дұрыс қояды. Психологиялық кідірістер кейіпкердің көңіл күйіне іс-әрекетіне қарай жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |