«Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» газеттеріндегі қоғамдық-саяси және ағарту мәселелері.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстаның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Әрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, қайта патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық –жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасына кеңінен таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылады.
Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті. Оны мынадай мысалдардан айқын байқауға болады. Мәселен, қазақ баспасөзінің тұнғышы «Түркістан уалаятының газеті» екендігі белгілі. Ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады.
Газеттің редакторы - ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал, бұл басылымның аудармашы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеді.
«Түркістан уалаяты газетінің» ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми патша өкіметінің бұйрық- жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім, ғылым, өнер, және әйел теңдігі мәселелері қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған «1731 жылы Қазақстан Россияға бодан болуы» туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Оның үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдардың жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсететін еді. Қазақ тілінде шығатын газеттің 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты.
«Түркістан уалаятының газетінде» жоғарыда айтылған жайлардан басқа мәдениет, оқу, білім, әдебиет, тарих пен этнография, археология және тағы да басқа мәселелерге қатысты материалдар, мәселен ауыз әдебиеті үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты біртуар перзентерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады.
Басылым беттерінен одан басқа орыс және еуропа халықтарының өнері мен мәдениеті, ғылым, білімі жайында да жарияланған материалдарды табуға болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеренария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Мұнда орыс журналистикасының әсерімен заметка, корреспондентция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды.
Жалпы алғанда, қазақ баспасөзінің қарлығашы «Түркістан уалаятының газеті» өзінен кейінгі қазақ халқының саясаты, шарушашылық және мәдени өміріндегі елеулі оқиға болған мерзімді баспасөзінің тууы мен қалыптасуында айтарлықтай елеулі рөл атқарды, болашаққа жол салды. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газетін шығарушылардың бірі, орыс ғалымы Остроумов: «Петр ведомостарының» XVIII-XIX ғасырларда орыстар үшін қандай маңызы болса, «Түркістан уалаяты газетінің» де қазақтар мен өзбектер үшін сондай маңызы болды» деп, газеттің орны жоғары бағалады. Иә, сөйтіп, қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Түркістан уалаяты газетінің» шығудағы мақсаты қазақ халқының сауатын ашу, немесе мұң-мұқтажын айту, жағдайын жақсартуға сабепкер болу емес еді десек те, басылымның сол кездегі ролін жоққа шығара алмаймыз.
Газет патшалық Ресейдің отаршылдығын қазақ халқына мойындату және орыс тілін үйрету саясатын ұстана отырып та, қазақ қоғамының шындығын көрсете алды. Қазақты ұлт ретінде таныту там-тұмдап болса да жүргізілді.
Қазақтар баспасөз жоқ кезде елдің бір шетінде болған уақиғаны екіншісі құлаќтанғанша жылжып айлар, жылдар өтсе енді газет арқылы хабарласып тез әрі тиімді болды. Қара халық сауатын ашып қана қоймай, қоғам өмірінен, оның ішкі –сыртқы жағдайларына хабардар бола бастады.
Мәселен, «Түркістан уалаяты газетінен» 1870 жылғы 4-нөмірінде Түркістан өлкесінде бірінші рет ашылған почта-телеграф қатынасы туралы хабар берілді. Мұның өзі көшпенді халықтың өміріне кіре қоймаған соны жаңалық еді [1].
Газеттің кейінгі нөмірлерінде 1866 жылғы ақша реформасы туралы «Банк хақында» деген ортақ тақырыппен қазақ жұртындағы сауда- саттық, ақша айналымы, банк жөнінде түсініктер беріліп, сауданың пайдасы айтылған. Сонымен қатар, Қытаймен шекарадағы қазақтар арасындағы, Ресей мен Қытай , татарлар мен өзбектер арасындағы сауда қарым-қатынасы көбірек жазылып, банктердің ақшалай қарыз беру ержелерімен таныстыру ұйымдастырылған.
Баспасөздің қай түрі болсын сыртқы саясаттан тыс қалмайды. Біз сөз етіп отырған басылымда бұл мәселеге немқұрайды қарамаған. Мысалы, «Қытайдан жеткен хабар» деген мақалада Қытайда тұратын мұсылмандар көтерілісі туралы жазылған. Сондай-ақ мұнда қазақтардың Қытай –Ресей мемлекеттерімен және Бұқар-Хиуа хандықтарымен қарым-қатынасы туралы да көптеген материалдар жариаланып тұрған.
Оларды бірінде, «Құлжа маңындағы елдердің Ресейдің қол астына бағындырылғаны» айтылса, екіншісінде «Ресейдің Қоқан хандығын бағындырғаны» жайында жазылды. Ал, үшінші бір хабарда «Ресейдің Хиуаны бағындырғаны» туралы, осыған орай «Адай елінің Хиуаға емес, Ресейге бағынышты болатындығы» баяндалды.
«Түркістан уалаяты» газетінің беттерінде жоғарыда тоқталған елдің ішкі-сыртќы жағдайларымен қатар отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылғына байланысты да көптеген іргелі материалдар жарияланып тұрды.
XIX ғасырдың 60-жылдарының орта кезінде Қазақстанды Ресейдің толықтай жаулап алуына орай қазақ халқының малы мен жерінен еріксіз айырылуына байланысты енді егіншілік пен отырықшылыққа амалсыздан бас бұра бастағандықтары туралы материалдар жиі жарияланған. Солардың бірінде егін шаруашылығының пайдасы жөнінде айтылып, Жетісу облысына қараған таулы жерлерде егін еккен Ларионов дегеннің тәжірибесі жергілікті халыққа үлгі ретінде жазылған. Бұдан басқа газет бетінде егін шаруашылығына зиянды жәндіктерді құрту туралы кеңестер де көптеп берілген.
Сондай-ақ Орта Азия жерлерінде күріш, мақта егу жайындағы мағлұматтарда француз күрішінің тұқымын, Америка мақтасының тұқымын Түркістан аймағына егу тәжірибелері айтылған. Ал мал шаруашылығы жайында мәселе көтерілген мақалаларда малдың тұқымын асылдандыру керектігі сөз етілген.
«Түркістан уалаятының газеті» оқу-білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мысалы, 1870 жылдың 10 желтоқсан күнгі нөмірінде күн тұтылатындығын , оның себеп-салдарын жазды. Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғанын және қай қалаға телеграмма жіберудің қанша теңге тұратыны хақында тізім берілген.
Басылым «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесі таулы аймақтарында (Алматы, Ташкент төңірегінде, Түркістанда) жер сілкінгенін үзбей хабарлап тұрды. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан әлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланды. Әлемдік даңқты саяхатшы Магеланның жердің шар тәрізді екенін дәлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басты [3].
«Түркістан уалаяты» газетініњ ғылым жетістіктерін баяндап, дәлелдеумен ғана шектелмеген. Жас жеткіншектерді оқуға, білімге шақырарлық саналы азаматтардың хаттарын жариялап тұрған және балаларды қалай оқыту мәселесін, оның тиімді жақтарын талдап, түсіндіруге талпынған. Бұдан мысал ретінде «Әр хилы хабарлар»деген айдармен берілген материалдар арасында кездескен Хасенов деген автордың мына бір шағын мақаласын алайық:
«Ең бастан балаға әптиек, құрандарды шығарып, бұдан соң бөтен бірнеше араб, парсы кітаптарын оқытқанда, өзі жазуды біліп кетеді деген ақылмен біздің мұсылман жұртының молдалары бес жыл, он жыл оқытқан баласына оқып, жазуды әзер-әзер түсіндіреді. Кейбіреулері сақалы шыққанша оқып, еш нәрсе түсінбей де кетеді. Балаға өз тілінде оқыту керек. Сонан соң оны жаздырып үйрету керек. Ең бастысы бөтен жұрттың жазуын, оқуын өз ықтиярымен, я біреудің оқытуымен білейін десе, жолға түскен адамға адаспақ жоқ дегендей. Жолын көрген соң ыждағат қылса біліп кетеді».
Мұнда мағынасы түсініксіз құран мен әптиекті, араб, парсы тілдерін оқыту жас балаға ауыр тиетінін автор дұрыс аңғарған. Сонымен бірге ол молдалардың қабілетсіздігін, бес-он жыл оқытса да шәкіртіне мардымды білім бере алмайтынын астарлап сынайды. Атап айтқанда, балалары кінәлаған болып молдалардың бет-бейнесін ашып тастайды [2].
Газет әйел теңдігі мәселесіне де көңіл бөлген. Мәселен, оның 1875 жылғы 16-нөмірінде балиғатқа толмаған қызды атастырып, қалың мал алатын қазақтың әдет-ғұрпын сынаған бір автордың мақаласы жарияланған. Онда « Бұл сөзді газетке басып шығарсаңыз, біздің қазақтар біраз ұялап, ойланатын болар еді» делінген.
Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдет-заңдардың зияндылығын әшкерелейтін материалдар да басылып тұрған. Солардың бірінде: «Байы өлген қатын басы бос болып, өз ықтиярымен қалаған адамына баруы керек.» деген батыл ұсыныс та жасалыпты.
Өткен ғасырдың қазақ қоғамындағы әйел теңдігінің аяққа басылуы діни наным-сенімге де байланысты еді. Мысалы, 1877 жылғы 2-нөмірінде Шайсмайл деген молданың 14 жасар ауру өзбек қызын үшкіріп, жазамын деп үйіне әкеліп, некесін қиып, үйленіп алғанын жазған. Соңында «Біз бұл үшкіруінің атын газетке басып шығардық. Егер үшкірімнің тағы алдайтын болса, орыс законы бойынша бұлар қатты іске кез қалар» деген ескерту жасаған.
Қазақтың халық поэзиясы көне дәуірден белгілі. Оның үлгілерін хатқа түсірсе де ерте кезден қолға алынған. Мұны Ж. Баласағұнның «Құтадғу білігінен», тарихи ескерткіштерде кездесетін ескі өлеңдерден, мақал-мәтелдерден байқаймыз. Сонымен қатар М. Қашқари жинаған мақал-мәтелдердің де бірсыпырасы қазақ халқына етене жақын, байырғы ауыз әдебиеті үлгісі болып саналады [7].
XVIII ғасырдың соңғы жылдарынан бастап қазақтың жоқтау жырларымен бірге «Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» , «Алпамыс» эпостары қағаз бетіне түсе бастады. Бұл мәселеге «Түркістан уалаятының газеті» де айтарлықтай үлес қосқан.
Қай елде болмасын, жазба әдебиетінің дамуында баспасөздің рөлі зор болған. Мұның жарқын мысалын «Түркістан уалаятының» газеті беттерінен де аңғарамыз. Онда алдымен түрлі әдеби жанрлар көрініс тапқан. Мысалы, басылымның 1879 жылғы 28-нөмірінде парақор қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме жарияланған. Әңгімеде екі бидің өзара келісе алмай жанжалдасқаны күлкілі суреттеледі. Олардың бірі «Сен мырза қожадан алған ділдәға мастанып отырсың десе, екіншісі «Сен жұрттан параны жеп-жеп, аузыңнан шыққан сөзді білмей отырсың» деп, ақырында екеуі төбелесе бастайды.
Келесі «Бір қудың екі байды алдап кеткендігі туралы» деген әңгімеде фельетон элементтері басым. «Түркістан уалаятының газетінде» очерктердің портреттік, жолсапар, түрлері де алғаш рет пайда болған. Сондай-ақ онда XIX ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Орынбай, Досанбай, Майлықожа тәрізді атақты ақындардың айтыстары мен өлеңдері ауыз әдебиеті туындылары жарияланып тұр [51].
Басылымда Салық Қарауылұлы Бабажанов жинап бастырған мақал-мәтелдер жұртты ойлантып, толғантып, төзімділік пен ізгілікке, тапқырлыққа баулыды. Осымен қатар, редакция қызметкерлерінің тіл мәселесі жөнінен де өзіндік көзқарасы болған. Оны Орынбай ақын шығармаларының тілін мақтап, өзбек, татар, араб сөздерімен шұбарланған кей автор туындыларын сынаған мақалаларынан аңдаймыз [45].
«Дала уалаятының » газеті. 1888жылдан 1902 жылға дейін Омбыда шығып тұрған “Акмолинские областные ведомости” газетіне қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде жарық корген “ Дала уалаятының газеті” халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін қалың жұртқа танытудағы бірден-бір басылым болды. Орыс тілінде “Особое прибовление к Акмолинским областным ведомостям” деген атпен шыққан осы газет 1894 жылдан бастап орыс тілінде “Киргизская степная газета ”; ал қазақ тіліндегі “Дала уалаятының газеті” деген атпен жарық көре бастады. Жалпы бұл газет 1888 жылдан 1902 жылға дейін аптасына бір рет шығып тұрды. Газеттің соңғы саны 1902 жылы март айында басылып, содан кейін “Сельскохозяйственный листокке” айналды. Газетте әр жылдары редактор болғандар: И. Козлов, К. Михайлов, Г. Абаза, А. Попов, Д. Лавров, Газетті қазақша шығыру ісін басқарушылар: Ешмұхамед Аблайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсембаев.
Өзінің прграммасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарын, заң-закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты “Дала уалаятының газеті” де ресми және ресми емес бөлімдерден тұрды. Соңғы бөлімде көбінесе көпшілікке пайдалы, ғылымға білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, тендікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен халық газетіне ұқсайтын еді. Бұл ретте газетке дұрыс бағыт берген Г. Н. Потаниннің, Н. М. Ядринцевтің, Л. К. Чермактың ролі аса зор.
“Дала уалаятының газеті “ басқа жергілікті газеттерге қарағанда қазақ бұқарасының тұрмысын, оның шаруашылык жағдайларын, мәдени тіршілігін толығырақ корсетіп отырған газет болды. Бұрынғы Сібір әкімшілігіне қараған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары өнер-білім жаңалықтарын алғаш рет осы газеттен оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет қазақ жұртшылығын орыс халқының әдебиетімен таныстырды. Оның бетінде А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.Ю.Лермотов, Д.Н. Мамин-Сибиряк, Г.И.Успенский шығармаларының, И.А. Крыловтың мысалдарының қазақ тіліндегі алғашқы аудармалары басылып тұрды. Сондай-ақ газетте қазақ елінің тұрмысын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерінің мақала-хабарларын жиі бастырды. Г. Потанин, А.Алекторов, А.Ивановский, А. Добросмыслов, В.Обручев, Н.Патуносов, Н. Ильминский т. б. қазақ елінің тарихына, этнографиясына қатысты материялдармен қатар қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап бастыруда пайдалы жұмыстар істеді [45].
Газет негізінде жергілікті отаршылдық-әкімшілік орындардың ресми органы болғанымен, халықты отаршылыққа, өнер-білімге, мәдениетке шақырып тәрбиелеуде едәуір роль атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ресми іс қағаздарын жүргізу жөніндегі мақалалар жарияланды, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделген қазақ жазбасында тұңғыш рет тыныс белгілірі қолданылды. Ұлттық баспасөзіміздің қарлығаштарының бірі – «Дала уалаяты газетінің» дүниеге келуі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. « Дала уалаятының газетінде» басылған шығармаларда қазақ халқының әр кезеңдеріндегі өмірі , тұрмыс-тіршілігі, күрделі жағдайлар мен оқиғалар толық, тұтас қамтылмағанымен, тарихымызда болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке-жеке суреттері алғаш рет осы газет бетінде жарияланып, ұлттық әдебиетпен мәдениеттің негізін қалауға көмектесті.
«Дала уалаятының газетінде» басылған көркем шығармалардың бір тобы қазақтың өз төл туындысы болса, енді бір тобы орыс тілінен аударылған немесе шығыс әдебиетінен ауысқан үлгілері еді. Бұлардың бәрі мазмұн, көркемдік жағынан бір-біріне ұқсамағанымен, жалпы қазақтың жазба әдебиетінің дамуына ықпал етті.
Газет бетінде басылған көркем шығармалардың көбі халқымыздың ертеректегі әдеби мұраларынан бізге жеткен азын-аулақ нұсқалары болғанымен, олар жазба әдебиетіміздің алғашқы қарлығаштары еді [19].
Газет қазақ халқының қоғамдық әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени, әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. Саяси-экономикалық мәселелермен қатар оқу-ағарту ісінің жай күйі, өнер білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиетінің хал-қадірі, қазақ зиялылары мен ғалымдарының өмірі жайында бірқыдыру тарихи құнды мақалалар, хабарлар жариялады. Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлихановтың, классик ақын Абай Құнанбаевтың, ағартушы әрі жазушы Ыбырай Алтынсариннің қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына XIX ғасырдың екінші жартысындағы Европа әдебиеті мен мәдениеті ықпал етті.
Ш. Уәлихановтың туғанына 60 жыл толуына арналып берілген мақалада оның жан-жақты білімді, адамгершілігі мол, ғылым жолына берілген адам болғандығы былайша суреттеледі: “… Шоқан Уәлиханов ғылым, өнер иесі,халықтың ғадет заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған жайын жатырқамай һәм ұмытпады.. Тағы да ғалым өнерінің қымбат екенін біліп, құрмет тұтып өзінің халқын бек жақсы көрер еді. Ләйкін Россия халқының қорғап, қоршап болысқанымен Азия халықтары ілгері басып һәм надандықтан құтылар ма деп ойлар еді» - дейді газеттің 1894 жылғы 18 санында жарияланған мақалада [4].
Халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен дарындардың бірі – қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, жазушысы, жаңашыл Ыбырай Алтынсарин туралы да газет бетінде мақала хабарлар жарияланып, оның өзі жазған өлеңдері де басылып тұрды. Ы. Алтынсариннің қайтыс болғаны туралы берілген қаралы хабарда «қырдың кең даласының артықша туған баласы» Ыбырайдың ерекше дарындылығы, білімпаздығы, В. Григорьев, Н. Ильминский сияқты орыстың білімді адамдарының көмегімен және өздігінен ізденіп білім иесі болғаны, өзінің туған халқына пайдалы аса мол мұра қалдырған қайраткер екендігі жазылады. Газет бетінде Ыбырайдың «Киргизская хрестоматия» оқулығына кірген бірнеше әңгіме, өлеңі жарияланған. «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген өлеңі газетте «Нұржан бидің оқудағы баласына жазған хаты» деген атпен Қылышбаев Абахманның қолы қойылып берілген, «Ізбасты би», «Сәтімер хан» сияқты аңыз әңгімелер газет бетінде молынан басылған.
Газеттің 1889 жылғы 7-санында басылған Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибрахим Құнанбай аулының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандығы түрі» деген тақырыппен берілген. Соңынан: «Кісіден үйреніп жаздым, Көпбай Жанатайұлы» деп қол қойылған. Абай бұл өлеңін 1886 жылы жазған болатын. Абайдың кейінірек басылған жинақтарында өлең Мүрсейіт қолжазбасымен 1909 жылы жарық көрген негізінде берілген.
Абайдың өз нұсқасындағы кедейдің ауыр тұрмысы бейнеленетін кейбір тұстары газетте біраз көтеріліп, кейбір жерлері қысқартылған екен. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев газеттің сол жылғы 48-санында жарияланған бір мақаласында «бұл өлеңде … тек Құнанбаевтардың өмірі мен байлығын суреттеуге арналған, өлең халықтың тұрмысын жақсарту сияқты пайдалы нәрсеге шақырмайды.» деп сын пікір жазған. Сондай-ақ осы мақаласында М. Ж. Көпеев Абайды әкесі Құнанбай өлгенде ас бермеді, қазақтың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, дәстүрін бұзды деп кінәләйді. Құнанбай асына деп арналған малдарын Абайдың сатқызып, ақшасын орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына бергізуді Құнанбайдың басқа балаларына да көршілес елдерге де ұнамағаны С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» кітабынан белгілі.
Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінен бұрынғы және сол дәуірдегі халықтың бай әдеби мұраларын, сонымен бірге шығыс елдерінен ауысқан қисса-хикаяттарды немесе газет –журналдарда басылған шығармаларды жақсы білген, кей сәтте өзінің творчествосында пайдаланып отырған. Мысалы, Абай «Дала уалаяты» газетінің 1895 жылғы 3-санында басылған «Тәкаппар әскер басы турасынан» деген аңыз әңгіменің сюжетін өзінің «Ескендір» поэмасына өзек етіп, одан әрі дамыта баяндады дей аламыз [4].
XIX ғасырдың басынан татар баспаханаларынан шыққан ислам дінін уағыздаушы кітаптарымен бірге шығыстың классик әдебиеті нұсқалары да ел ішіне тарай бастаған.
Бұл шығармалардың көпшілгінің сюжеті араб аңыздары негізіне құрылғанымен оларда жалпы адамгершілік , сүйіспеншілік мәселелерін қазақ топырағына лайықтап, жаңа арнамен қайта жырлау тәсілі көптен қолданылады.Шығыстың осы классикалық әдебиетіне ауысқан аңыз -әңгімелерден кейбір үзінділер мен халық арасына кең тараған нұсқалары сол кезде шығып тұрған қазақ газет-журналдарының бетінде басылды. «Мың бір түн «, «Бозжігіт», «Шаһнаме», «Фархат-Шырын» секілді көптеген жыр, әңгімелерді газет бетінен молынан көреміз. «Дала уалаяты газетінің» 1895 жылғы 41-50 сандарында «Мың бір түннің хикаясы» атты өлеңмен басылған нұсқаның орны ерекше. Бұл арабтың «Мың бір түн» ертегілерінен келтірілген үзінді болғанымен қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларымен орайлас, үйлесімді, қиялшыл, әсірелі тамаша көркем шығармаларының бірі.
О баста Дешті Қыпшақ арасында кең тараған, кең қазақ, башқұрт, татар, өзбек халықтарының төл туындысындай болып кеткен сюжеті шығыс халықтарының көбіне ортақ «Бозжігіт» дастанының бір нұсқасын ғалым А. В: Васильев «Дала уалаятының газетінің» 1900 жылғы 26-30,37 сандарында , 1901 жылғы 2. 18, 20, 24-26 сандарында қазақ, орыс тілдерінде қатар жарияланды. Сол жылы ол Орынбор қаласында баспадан жеке кітап болып шыққан. Алғаш рет 1875 жылы Радлов жинағында басылған нұсқасынан бастап, «Бозжігіт» дастаны бұдан кейін Қазан қаласында жеке кітап болып шықты. Сонымен бірге хиссашыл ақын Ақылбек Сабалұлы өңдеп қайта жырлаған нұсқасы Қазан қаласында 1911 жылы жарияланды. «Бозжігіт» жырының қай нұсқасын алсақ та олардың сюжеті ұқсас, яғни Бозжігіт пен Қарашаштың махаббаты адамға қатты әсер етеді, көбінесе аянышты болып келеді. Әсіресе Қарашаш сұлудың бейнесі өте сәтті шыққан. Шығыс дастандарының көбіне ортақ тәсіл – екі жастың бірін-бірі түсінде көріп, ғашық болуы, оқиға желісінде өз бақыты үшін күресулері, сүйгені үшін байлықтан да , мансаптан да бас тартуы айна қатесіз қайталанады. Бозжігіт қазаға ұшыраған шақта бойжеткен оның басына там тұрғызып, ежелден келе жатқан ғашықтар дәстүрін бұзбай өзіне қол жұмсап о дүниеге сүйгенімен бірге құшақтасып аттанады [11].
Діни аңыздарда көп кездесетін Дәуіт патшаның баласы біздің эрамызға дейін 960-935 жылдары көне еврей жұртының патшасы болған Сүлейменнің (тауратша Соломонның) данышпандығын дәріптейтін аңыз әңгімелерде газетте молынан басылған. Солардың бірі «Дала уалаятының газетінің» 1888 жылғы 17-санында жарияланған сюжеті батыстық болғанымен, шығыс елдеріне кең тараған Соломонның кедей қызы Суламиске деген махаббаты, Соломонмен білім таластыруы суреттеледі.
Қазақ ертегілерін зерттеу халықтың осы ауыз әдебиетін жинап, жариялаудан басталады десек қателеспейміз. Қазақ тіліндегі нұсқасымен қатар, олардың аудармасы орыс тілінде де беріліп отырды. Бұл ертектерді жинап бастырған орыс ғалымдары А. Е. Алекторов, А.А.Ивановский, М.Бельский, М.Миропиев және т.б. қатар сол кездегі қазақтың зиялы азаматтары Бөкен Адықов, Жағыпар Айманов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Қорабай Жапанов, Бодаубек Райымбеков, Ташмұхамед Сейфуллин, Рақымжан Дүйсембаев т.б. еді. Бұлардың кейбірі халық аузынан жазып алған ертегілердің соңына жинап, бастырушы ретінде өз қолдарын қойған екен. Ал енді біреулері кімнен қай жерде жазып алғанын көрсетпестен шығарманы оған халық ауыз әдебиеті деп қарап өз атынан бастырыпты. Қалай дегенмен де біз оларды ертегілерді жинаушы, зерттеуші деп білеміз. Алуан түрлі оқиғаларға құрылған бұл ертегілерде қаһарлы хан, қу уәзір, ақылды, тапқыр, еңбекқор кедей шаруа бейнелері дараланып суреттелген. Көлемді шығармалармен қатар, шағын мысалға ұқсас ертектер де көп басылды. Аударма мысалдармен бірге қазақтың өз туындылары да газет бетінде тұңғыш рет жарияланды.
Көлемді және шағын мысал үлгісіндегі ертегілермен бірге газет бетінде эпостық жырлар, аңыз әңгімелер де көп басылған. Мәселен, «Қозы көрпеш –Баян сұлу» жырының мазмұнын Н. Рантусов «Баян сұлу мен Қозы көрпештің моласы турасынан қазақ арасындағы сөз» деп бастырған. Ал, «Нәрік батыр» жырының ертегіге айналдырылған нұсқасын А.Е. Алекторов жазып алып жариялатады. Бұлар ел аузындағы ғасырлар бойы сақталып келіп, алғаш рет баспа бетіне түскен, қазіргі оқушы қауымға қазақ халқының мәдени өмірі мен тарихынан көптеген құнды мәлімет беретін нұсқалар [19]
Тарихи аңыз- әңгімелердің ішінде қазақ елінің қалмақ-монғол басқыншылығына қарсы күресінен деректер беретін шығармалар да аз емес. «Қалмақ толағай яғни қалмақтың басы» деген аңыз әңгімеден қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік кезең суреттеледі. Халық арасында кең тараған «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңыз әңгімесінің екі варианты «Дала уалаятының» газетінде жарияланған. Атап айтқанда, газеттің 1897 жылғы 13-14, 18-сандарында Атбасар уезі, Бағаналы қазақтардың аузынан жазылып алынған «Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» деген тақырыппен, ал 1899 жылғы 50-санында «Темірланның оры» деген тақырыппен Д. Н. Жетпісбаев жазған нұсқалары басылыпты. «Темірланның оры» («Жәнібектің оры» деп театалады), Қазақстанның Тарбағатай тауларынан Іле өзеніне дейін қазылған ор, тек аң аулау мақсатымен емес, сонымен бірге шөл даланы суландыру үшін қазылғаны жайында пікір Ш. Уалихановтың еңбектерінде айтылған.
Бұл ор туралы қазақ арасында көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Олардың негізгі мазмұны былай: хан баласын құлан теуіп өлтіреді. Баласының кегін алу үшін қаһарлы хан халыққа терең ор қаздырып, құландарды соған құлатып құртады. Аңызды орыс тілінде аудармасын А. Мельков жариялаған.
Аңыз туралы жалпы дерекпен бір варианты шығысты зерттеуші ғалым В. Г. Тизенгаузеннің жинастыруымен шыққан парсы тіліндегі жинағында кездеседі. Ал, «Ақсақ құлан» күйінің нотасы А. Затаевичтің қазақ халқының өлеңдеріне арналған еңбегінде берілген. Сонымен бірге «Жошы хан туралы аңыз әңгімелері» қолжазба нұсқасы ҚазССР ҒА-ның Орт. Ғылыми кітапханасында сақтаулы тұр.
Өмірде болған нақты уақиға негізге алынған, кейін ел аузында аңызға айналып кеткен «Еңлік-Кебек» әңгіменің орны ерекше. «Еңлік-Кебек» аңыз әңгімесі қазақ даласында ескі салт-сана, әдеп-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған шағында, шын сүйіскен жастардың бағыт тілеуі «басбұзарлық» болып көрінген кезде туған дүние. Әңніменің бір түрі «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деп басталса, екінші түрі «Қазақ турасынан хикая» деп аталыпты. Мұндағы кісі аттары: батыр – Сергелі, абыз- Келдей, қыз-Қаңлық т. б. өзгертіліп алынған. Жалпы бұл аңыздардағы сюжеттер ұқсас, бәрінде де Абыз батырдың болашағын жағдайға ұшырайтынын айтып береді. Бірін-бірі сүйген екі жас ат құйрығына байланып, азаппен өлтіріледі, артында жас нәрестеге қалады [7].
1891 ж. Басылған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» аңыз әңніменің кіріспесінде қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдет-ғұрып, салт-санасына да қатысты мәліметтер берілген. Бұл аңыз әңгімелерде оқиға көркем, әдеби тілмен баяндалғанымен оларда тарихқа, экономикаға, философия мен заңға қатысты деректер де өте көп кездеседі. Қазақ халқының дәстүріне сәйкес ертеректе құда түсу, үйлену мәселелерін ерексектердің рұқсатынсыз жастар өз бетінше шеше алмайтын. «Еңлік-Кебек» әңгімесінде осыған ерекше сән беріліп бұйыратыны баса айтылған. Әңгімеде әйелдің теңсіздігі, тіпті әйелді сүюдің өзі ерлер үшін намыс екендігі жөнінде мәлімет берілген. Бұл нұсқалардың қазақ әдебиетін зерттеушілерге де, этнографтарға құнды материал болатындығы күмәнсіз. Қараңғы халықты уысында ұстау үшін дін иелері мен үстем таптың өкілдері ғасырлар бойы өздері жасаған заң жолынан былайғы жұртты шағармаған. Кейінірек бұл оқиғаны Абайдың ұсынуымен баласы Мағауия жырлаған. Бұл поэма тіл жағынан соншалықты шебер болмағанымен негізгі идеясы тұрғысынан ескі билікті, Еңлік пен Кебектің өліміне себеп болған Кеңгірбайдың пара алғандығын әшкерлейді [18].
Газет бетінде Жиренше шешен, Алдаркөсе, Асанқайғы, Қожанасыр туралы аңыз-әңгімелер де көп басылған. Асанқайғы халықтың қаралы, мұңды тағдырын, мүшкіл тұрмысын көріп, құлазып жатқан сар даланы көріп, елге жақсы қоныс, жайлы жер іздейді. Міне, сол Асанқайғының хан үшін емес, халық үшін еңбек етпек ниеті дәріптелген аңыз әңгімелері газет бетінде жарық көрген.
Қай халықтың болмасын, ауыз әдебиетінің күрделі түрі –мақал- мәтел, жұмбақтар. Бұл бір ғасырдың, бір дәуірдің ғана жемісі ғана , сонау ертеден келе жатқан көне жанр. Міне, әдебиеттің баспа бетінен орын алуы 19 ғасырдың екінші жартысынан басталады. Мақал-мәтелдерді алғаш ел арасынан жинап, бастыру ісіне В. Радлов, А. Васильев, Ш. Ибрагимов, Ш.Уалиханов, Қ. Бабажанов, П. Мелиоранский, Б. Дауылбаев, М. Ешмұхаметовтер үлкен үлес қосты. Қазақтың төл туындыларымен бірге газет бетінде, басқа халықтардың тілінен аударылған макал-мәтелдер алдымен орыс тілінде тәржімаланып беріліп отырған. Белгілі «Қожахмет пен Әубәкірдің жұмбақпен айтысын» А. В. Васильев бастырған [28].
«Дала уалаятының газетінде» басылған шығармалар түрі, құрылымы, жанры жағынан алуан түрлі. Оларды 19 ғасырдың аяқ шеніндегі қазақ әдебиетінің тарихы, идеялық мотивтері, тақырыптары, көркемдік ерекшеліктері және орыс әдебиетінің игілікті әсері тұрғысынан алып жан-жақты зерттеуге болады.
«Дала уалаятының газеті» мақалаларының екі тілде қатар басылып тұрғандығын сөз еткенде, оның сауатты, түсінікті болуына үлкен үлес қосқан қаламгерлерді атап өткен орынды. Атап айтқанда орыс ғалымдарының қазақтың әдебиеті, мәдениеті жөніндегі мақала, хабар, әңгіме, очерк, публицистикалық шығармаларын қазақ тілінде Е. Абылайханов, Д. Сұлтанғазин, Р. Алтынсарин, А. Құнанбаев, М. Ж. Көпеевтің мақала, хабар, әңгімелері орыс тілне аударылып басылды.
Достарыңызбен бөлісу: |