Құрайыш басшысының ұсынысы Ертеректе Әбу Суфиан бастап Шамға барып келген сауда керуені
Мұхаммедтің (с.а.у.) қолынан құтылып, Меккеге әупірімдеп жеткен.
Артынша Бәдір шайқасы басталып кетіп, керуендегі тауарлар үлестірілмеген
күйі Дарун-Нәдуада сақталуға қойылады.
Осы тұста, әсіресе, Бәдірде жақындарынан айрылған Жубәйір ибн
Мутим, Сафуан ибн Үмаййа, Икрима ибн Әбу Жәһил сияқты құрайыштың
баскөтерерлері Әбу Суфианға былайша ұсыныс айтады: "Мұхаммед (с.а.у.)
үлкендерімізді өлтіріп, қабырғамызды қайыстырды. Олардан кек қайтарар
уақыт келді. Керуендегі мал-мүлікті иелеріне бөлістіріп берейік. Түскен
пайданы мұсылмандарға қарсы ұрысқа жұмсайық".
Ұсыныс көпшілік тарапынан қабылданады. Мал-дүние сатылып,
алтынға айналдырылды, барлығы жүз мың алтын түсті. Үлес алатындарға елу
мыңын бөлістіріп, қалған бөлігімен ұрыс дайындықтары басталып кетті.
Бәдірден жүректері шайлыққан мүшріктер бұл жолы қалың қол
әзірлігіне кірісті. Жергілікті ерікті әскерлер, әрдайым одақтастары болып
келген Ахабиш тайпасы жігіттерінен өзге
Арабстан жарты аралындағы өзге тайпаларды да көмекке шақырды.
Бұл іспен арнайы топ айналысты. Ол топты шешендер, шайырлар, мәшһүр
басшылар құрады. Үгіт-насихат үшін халық арасына еніп, тілдерінен бал
тамызып, ұрыстың "маңызын" айтып, көпшілікті пайғамбарымыз бен
мұсылмандарға қарсы үгіттеп, қолдарынан келгендерін жасап, түрленіп
бақты. Шайырдың сөзін бүлжымас заң деп қабылдайтын араб қоғамы үшін
үгітшілер тобының қаншалықты әсерлі болғаны айтпаса да түсінікті.