Баланың дұрыс психикасының ерекшелігі - танып-білуге деген белсенділігі. Баланың құштарлығы өзін қоршаған әлемді тануға және осы әлемнің құрылысын өзінше бейнелеуге бағытталған. Бала ойнай жүріп тәжірибеден өтеді, себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділіктің себебін ашуға тырысады.
Бастауыш сынып жасындағы бала әртүрлі жағдайларды өз қиялында бейнелей алады. Ойын үстіндегі бір затты екінші затпен алмастырып көру арқылы баланың қиялы іс-әрекеттің басқа түрлеріне ауысады. Оқу іс-әрекетінің жағдайында бала қиялына арнайы талаптар қойылады, олар бала қиялын өз күшімен әрекет етуге ұмтылады. Мүғалім сабақта балаларға заттардың, бейнелердің, белгілердің қайта пайда болу жағдайын көз алдарына елестетіп көруі жөнінде тапсырма береді. Бұл оқу талаптары бала қиялының дамуына мүмкіндік береді, алайда оны арнайы құралдармен пысықтап отыруға тура келеді, әйтпесе баланың өз қиялын өз күшімен ілгері жылжытуы қиын болады. Ол құралдар заттар, схемалар, макеттер, белгілер, графикалық бейнелер және т.б. болуы мүмкін.
Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағынан қалыптасуының жеткіншектік шағы (11-15 жас) ең қиын кез болып есептеледі. Балалардың тәртібі нашарлап, сабаққа үлгерімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда тіпті қоғамды жатсыну әдеті пайда болады.
Жеткіншектердің мінезіндегі мұндай қылықтардың негізі осы жастағы соматикалық және психикалық дамуда жатыр. Бұл кезде баланың бойы тез өседі. Жеткіншектік шақтағы бойдың өсуі бұрынғыға қарағанда бір жылда екі есе шапшаңдықпен өсетін болады. Баланың бойының шапшаң өсуіне әртүрлі жағдайлар әсер етеді, мысалы, баланың ішетін тағамы, еңбек, спорт. Алайда, әсер ететін осы жағдайлардың өзінде де белгілі бір заңдылықтар болады, мысалы, баланың аяғы кеудесіне қарағанда жылдам өседі де ерекше ұзын сияқты болып көрінеді. Бала денесінің өсуіндегі осындай әркелкілік дененің басқа мүшелері мен органдарында да көрініс береді, мысалы сүйек етке қарағанда тез өседі. Сүйектің өте тез өсуі кейде жанға батарлықтай ауыратыны байқалады, денесі құрысып, қатты мазасызданып, баланың берекесі кетеді. Соның әсерімен баланың мінезінде ашушаңдық, қызбалық пайда болады.
Бастауыш сынып жасындағы бала әлемге ерекше қызығушылықпен, балалық аңғалдықпен қарайды, жеткіншек өзін қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасын орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық құбылыстарды бағалауда ешкіммен ымыраға келмейтін, өз дегенім болсын дейтін әдет табады. Ол-айналадағының бәрінің сыншысы. Ол өзі жақсы көретін адамдардың кемшілігін де көргіш болады және сол үшін қиналады. Кез келген жалғандық оның ызасын тудырады және көңілін қалдырады.
Жасөспірім шақтың біраз бөлігі орта мектептің жоғары сыныбына сәйкес келеді және жеке тұлғаның қалыптасу процесінде айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Бұл жаста /15-17 жаста/ адамның тұлғалық жағынан пісіп-жетілу кезеңі аяқталады, оның өмірге көзқарасының негізгі сипаттары қалыптасады, үлкен өмір алдындағы ең алғашқы рет өз бетімен шешім қабылдап, болашақ кәсібін тандау міндеті жүзеге асырылады. Қоғамда балалық шақтан жастық шаққа өту кезеңі тек қана оның тұлғалық жағынан пісіп-жетілуінің ғана белгісі емес, сонымен бірге мәдениетке ұмтылу, белгілі бір деңгейіндегі білім, нормалары мен дағды жүйесін игеруі, сол арқылы жеке тұлға еңбек етіп, қоғамдық қызметтер атқара алады және әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді.
Жасөспірім шақ пен жастық шақтың арасында ап-айқын көрініп тұрған аралық шек жоқ, ол шартты түрде ғана алынады, тіпті көп жағдайда бірімен - бірі үйлесімді болып келеді. 14-15 жаспен 16-17 жас аралықтары кей жағдайларда ерте жастық шақ болып есептеледі, ал кейбір жағдайларда жасөспірімдік шақтың соңы деп аталады. Жас шамасы бойынша кезеңге бөлу схемасында жасөспірімдік шақ бозбалалар үшін 13-16 жас, қыз балалар үшін 12-14 жас, ал жастық шақ жігіттер үшін 17-21 жас, қыздар үшін 16-20 жас болып анықталған.
Балалықтан есейген шаққа өту сол қоғамның бала мен үлкенге қоятын нормалар мен талаптарының арасындағы айырмашылықтың болуына байланысты. Әлеуметік және таптық жағдайы жеке тұлғаның өмірлік жолының тұлғалық жағынан қалыптасу кезеңінен бастап, білім алу деңгейі мен дүниеге көзқарасы қалыптасуында зор мәнге ие болады.
Жоғары сынып оқушылары "Неге" деген сұраққа үнемі және табанды түрде жауап іздейді және берілген жауаптың жеткіліктілігіне әрі негізділігіне өз күдігін білдіріп отырады. Олардың ойлау қызметі әлдеқайда белсенді және еркін.
Жастық шақтағы маңызды психологиялық процес - өзіндік ақыл-ойдың және өзіндік "Меннің" бейнесінің қалыптасуы болып табылады. Жастықтың психологиялық құндылығына ие болу деген сөз - өзінің ішкі әлемін ашу деген сөз. Өзінің ішкі әлемін ашу - бұл аса маңызды да, қуанышты, жан толқытарлық жағдай, бірақ ол сонымен қатар көңілді аландататын және қақтығысқа толы шақтарды да бастан кешіру деген сөз. Сананың толығуымен бірге өзінің ғайыптылығымен, қайталанбастығымен, басқа сезімдерден өзгешелігімен ерекшеленіп жалғыздық сезімі пайда болады. Жастық шақтағы "мен" әлі толық анықталмаған , бұлыңғыр сезім, ол көп жағдайда ішкі дүниесі бос қалғандай әсерде болып, оны толықтыруды қажетсінетіндей сезімге келеді. Осыдан келіп басқалармен араласуға деген құштарлық, сонымен бірге кіммен қарым-қатынаста болудың да таңдалуы пайда болып, оңаша болуды қалайды.
5. Әрбір оқушының танымдық іс-әрекетінің, әсерленушілігінің, ерік-жігерінің, мінезінің, жүріс-тұрысының тек өзіне ғана тән сапалық ерекшеліктері болады. Демек, жеке ерекшелік - бұл, адамның өз басындағы қасиеттерінің бір-бірімен сәйкестікпен түйісуі, оның басқа адамдардан өзгешелігі осы қасиеттері арқылы көрініс табады. Әркім өзінің жеке даму жолын бастан кешіреді, ал ол оның бойына табиғат берген қасиеттерге және тіршілігінің жағдайына байланысты болады. Мектеп оқушыларын олардың қабілеттеріне қарай топтарға біріктіруге болады, яғни, типология жүргізуге болады. Балалар типологиясында екі ерекше бағытты атауға болады:
- қыз балалар мен ер балалардың даму ерекшеліктері,
- дарынды балалар мен педагогикалық жағынан қараусыз қалған балалар.
Жеке ерекшеліктерді есепке алу - бұл әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын, бейімділігін, сапасын, қасиетін, талабын және мүмкіншілігін ескере отырып, өскелең үрпақтың әлеуметтік қалыптасу процесінде сәтсіздіктер мен қателіктерді барынша кеміте отырып тәрбиелеуде педагогикалық құралдардың, әдістемелердің және түрлердің барлығын пайдалану. Мектеп оқушыларының жеке ерекшеліктерін есепке алуда нерв жүйесінің қызметі, адамның темпераменті көп жағдайда ескеріле бермейді.
Жеке ерекшеліктерді есепке алу маңызды жағдай. Мұғалім бұл мәселеде шектен шығып кетпеуі керек, яғни, баланың мүмкіншілігін артық бағалау да, ескермеуі де баланың жеке дамуына зиянын тигізеді.
Міне, осылайша тәрбие беруде де, оқытуда да әр балаға жеке қарым-қатынас жасау маңызды, себебі әр балада оның рухани қажеттілігінің, өзіндік қызығушылығының көрінісі ретіндегі жеке ерекшелігі айқын көрініс береді, ал ол әр адамның жан-жақты дамуы үшін қоғамның талабы негізінде туындайды. Жеке қарым-қатынас әр баланың бейімділіктері мен қабілеттерінің ашыла түсуіне жақсы жағдай жасау үшін аса маңызды, сондай-ақ ол оқу бағдарламасының талаптарын орындаудағы қиыншылықтарды жеңуде де зор рөл атқарады.
НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА РАХМЕТ!