Акциздік салықтар. Акциздік (жанама) салық дегеніміз – сатылатын тауардың бағасына қосылатын, сатып алушы төлейтін салық болып табылады. Акциздік салық салынатын тауарларға Қазақстан Республикасының аумағында шығарылған немесе Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлар, яғни спирттің барлық түрлері, темекі өнімдері, құрамында темекісі бар басқа да өнімдер және күнделікті қолданылмайтын басқа да бұйымдар жатады.
Қазақстан Республикасы аумағында акцизделуге жататын тауарларды өндіретін немесе акциздеуге тиісті тауарларды импорттайтын немесе Қазақстан Республикасы аумағында ойын бизнесін жүзеге асыратын барлық заңды тұлғалар акциз салығын төлеушілер болып табылады. Кәсіпорындарда акциз салығын есептегенде:
Д-т: «Алынуға тиісті қарыздар» деп аталатын шоты,
К-т: «Акциз салығы» деп аталатын шоты түрінде бухгалтерлік жазуы жазылады.
Кәсіпорындар мен ұйымдар бұл жоғарыда айтылған салықтардан басқа да өзінің меншігіндегі жерге, көлік құралына және мүлкіне заңда бекітілген мөлшерде салық төлеп тұруы тиіс. Салықтардың бұл түрлері есептелген уақытта кәсіпорынның бухгалтериясында:
Д-т: «Жалпы және әкімшілік шығындар» деп аталатын шоты,
К-т: «Жер салығы»,
«Көлік құралына салық»,
«Мүлікке салық» деп аталатын шоттар түріндегі екі жақты жазуы жазылады.
Сондай-ақ «Бюджетке төленетін басқадай салықтар мен алымдар» шотында Қазақстан Республикасы заңдарында қаралған басқадай салықтар, алымдар мен міндетті төлемдер есептеледі. Бұл айтылғандардың қатарына:
шығарылған бағалы қағаздарды тіркеу алымы;
жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салығы және тағы да басқалар жатады.
Салықтардың, алымдар мен міндетті төлемдердің түрлері, мөлшері және олардың төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы заңдарында қаралады. «Бюджетпен басқадай есеп айырысу» шотының кредитіне тиісті шығындар есептелетін шоттардың дебитінен есептелген салық, алымдар мен міндетті
төлемдер сомасы, ал бұл шоттың дебитіне тиісті төлем төленген шоттардың кредитінен төленген сомалар жазылады.