Дәлірек түйіндесек, Қазақстандағы «кіші октябрь»



бет3/5
Дата12.11.2016
өлшемі1,26 Mb.
#1570
1   2   3   4   5

Менің ойымша, бұл мәселені Бөкейхановпен және оның тобымен емес, керісінше партияның басшы органдарымен ақылдаса отырып шешуі керек еді және солай ету қажет. 23/ІХ-27 жыл. М.Төлепов».

Енді түсінікті болды. Жер туралы мәселені қозғаған ақылдасуларды Голощекиннің назарына салып, оны ауызын көбікке толтыра сөйлеуіне жол берген өз қандасымыз болды. Іс осыдан барып насырға шапқан. Ал бұл арызды Голощекин ОГПУ-ға жолдаған. Одан арғы жағы белгілі. Соншама несі не күйіндіекен? Осыдан кейін Сұлтанбеков орнынан алынған.


ДІНШЕ ӘДІЛЕВКЕ ҚАТЫСТЫ ХАТТАРЫ

7 томның 10-бетінде Д.Әділевтің Әбдірахман Байділдинге жазған хаты тіркеліпті. Екеуінің де бұл кезде алдағы түрме азабы мен арбасуынан ада, тату күндердің әсерінде жүрген, алдан ұлы үміт күткен қамсыз шақтары еді. Кейін абақтыда бірімен бірі жарысып, жаныға көрсетінді жазды.



«1/ ХІ 20 ж. Алаш қаласы, Семей губерниясы.

Құрметті Ғабдірахман! Саумын. Жақында Алматыдан мұнда келіп, енді Орынборға жүрейін деп даярланып жатқан жайым бар. Менің хабарымды Түркістан делегаттарынан естіген шығарсыңдар. Көбірек һам анығырақ менің өзімнен білесіңдер. Жан-тәніммен Алашқа қызмет қылармын. Орынборға жүрсем, Омбыда (Эмбыда деп аударған Т.Ж.) саған хабар беремін. Астанада жолығармыз. Бәкеңе, Аяңа, Қасымға, үй-іштеріңе, ауылға, Хадиша, Жәмилә апайларыма, Нұғыман, Дайыр жезделерге һам басқа мені сұрағандардың бәріне сәлем айтқайсың. Мағжанға, Қошкеге айырықша сәлем. Хош! Дінше Әділев».

Колчактың қуғынынан бас сауғалап Ә.Байділдиннің ауылына барған кезінде өзі жақсылығын көрген адамдарды есіне алып, сәлем айтқан. Бұл хат Ә.Байділдиннің үйін тінткенде табылса керек. Сонымен қатар тергеу ісінде ағасы Байсейіт түрмеде жатқанда жазылған Дінше Әділевтің 3-4 хаты бар. Бір-бір жапырақ қағаз. Әбден тозған. Соның бірнешеуін ғана келтіреміз. Байсейіт Әділевтің қолжазбасы төрт бүктеліп тігілген, қарындашпен жазылған, жазуы өше бастаған. Оны тану өте қиынға соққандықтан да тек қана Қара-Ноғайға қатысты тұстарын ғана көшіріп алдық. «Хат 8/І-24-жылы» жазылған. Жалпы сәлем мен ауыл-аймақтың жаңалығынан соң былай деп жалғастырады:

“… Айтарлық сөз ескіше бірінші июнь күні Шу бойында Өксікбай ауылында ойдағы, қырдағы кіші жүз бас қосып, қоныс жайын сөйлемек. Сол кеңеске біз де шақырылыппыз. Алдағы екінші күні жүремін. Ол жиылыста менің айтатыным: Жер таппағаны Арқаға шығып кетсін, һұқмет Әулие-Атада болсын. Ақмоладан бір жолата қолыңды үз демекпін. Ақмоланың өзі де бұл тамадан күдерін үзгендей болса керек. Бірақ кесірлі Әтидің баласы Плакстың ізденуі, шақыруымен Шабдан Ералиев келіпті, Ахметжан Мықанов келіпті. Үшеуі елден мал жиып алып, ол кездемені сатып жатыр. Шабдан Ералиев өзіне тиген сыбағасына інісіне бір қыз алып беріпті. Мал алған кісілерге берген тиянақты документ жоқ. Артықша қаһар қылған Жүсіп болды. Жалғыз Жүсіптен 13 мал алды. Бәрі де ірі малдар. Бұл қылғандарының толық мағлұмат екенін Ташкенге бір жеткізермін. Тілегім “Ақ жолға” бастыру.

Ендігі сөз тірі болсам февраль жұлдызында Әулие-Атаға барып, сендерге хабарласып, Ташкентке барамын. Басқа ел бері – Арқаға кетсе де, өзім жонға барамын.

Айтпақшы, Плакс Орынборға барамын деп кетіп, Түркістаннан қайтып келді. Бір Омар Диуанов деген ноғайды ертіп келіпті. Ол ноғай ел-елдің налогін алды, кеткеннен қалғанының есебін алды. Ақмоланың хүкімінде қалғандардан да, қашып кеткендерді де есепке алды, қашқындарды ұстайды. Ол ноғай әзір Шу жағасындағы наймандарда жүрсе керек. Тамаға әзір келген жоқ. “Жауды аяған жаралы қалады” – деген. Не қылса да Плакстың ызасы өтті. Адамды құса қып.

Ендігі сөзді өзімнің ауызымнан естисің. Мен мынау Ескендірді разы қылып жібердім. Аман бол, бауырым. Наурыздың бас кезінде барамын. Асқарға көп-көп сәлем, шәкіртке…

Байсейіт Әділ ұлы.8/І-24 ж.
Бұл хат – Дінше Әділевке арналған. Ал мұндағы айтылатын адамдардың жанама аттарының түсініктемесі былай беріліп, соңына Д.Әділев деп қол қойылған.

«Мұндағы Плакс - Сәдуақас Жалмақанов.

Иралиев Ақмола милициясының бастығы.

Мықанов Ақмола уезінің Сарысу ВК-нан.

Шақаев Жүсіп Сарысу ауданының бір байы.

Ерденбаев Ескендір Ақмола округінен, ол кезде САКУ-дің – Орта Азия коммунистік университетінің студенті, хатты сол әкелген. Д.Әділев. 25/І-29 жылы” деп жазылған.

Ендігі бір хат түрмедегі Байсейітке арналған.


«26/ҮІІ-27 жыл. Бәке! Аманшылық. Рамазан мерген мен Нұрланды жіберіп отырмыз. Жетегінде сізге арнаған бос ат бар. Қаражатқа 175 сом бердік. Бір винтовка, бір бердеңке, 200 шама оқ бар. Мерген, 2 мылтық, 200 оқ, өз жігеріңіз, құдай қаласа бір әзірше жарап қалар. Не түрлі ақыл болса да о жерде өздеріңіз лайығына қарап істерсіздер. Жолыққанша. Қош боларсыз. Дінше.».
Түрмедегі жайлар және Байсейітті алып қашып шығушының хаттары бар. Ол бізге пәлендей қажет емес әрі ол интриганың түбіне жету өте қиын. Сондықтан да пайдаланбадық. Осы оқиға туралы «Советская степь» газетінің 1927 жылғы 4 январь күнгі санында «Көз-көрген» деген мақала жарияланыпты.

Әбден тозған келесі бір жапырақ қағаздағы жазу Міржақып Дулатовқа арналған.



«8/ІХ 27 жыл.

Жақа! Мырзағазы, Сейдазым ағай және басқа ағайлар!Жолдастар!

Аманшылық. Ептеп күнімді көріп жүрмін. Қалай, қаладағы жолдастарды сағындым. Ең әрісі бір айдан қалмай Қызылордаға жүремін. Иә, поезбен, иә, атпен барамын. Поезбен жүруді қауіпті көремін. Атпен жүрем. Байсейіттің жұмысын мүмкін болған қадарда бір жола аяқсыз қалдыру жағын қарастырарсыздар – деп өтінемін. Көрген-білгендеріңізді Мұқатай деген жігітке айтып жіберерсіздер.Жолыққанша қош болыңыздар! Дінше».
Діншеге Міржақыптың жазған хаты.

«Дін!

«Бабайды» қырын қаратып қойып, күлдіріп, сөйтіп, қабан сияқты болғанын көруге кездесе алмай жүрмін. Ол былай тұра тұрсын. Не істеу керек, қалай істеу керек?

Мадияр.

13/ІХ-25 жыл».

Діншеге хат жазуының себебі – театрға бір адамды алу туралы өтініш еткен. «Бабай» деп отырған адамы - «Айтуар» ма, әлде «Аймауытов» па, оны тергеушінің сілтемесіндегі жазудан анық тани алмадық. Бұл кезде Дінше – қазақ театрының директоры болатын. Оған төмендегі Д.Әділев пен Ж.Аймауытовтың арасындағы хаттардың мазмұны дәлел. «Бабаймен» Ж.Аймауытовпен алдын-ала келіскен М.Дулатов ол ойын Д.Әділевке жеткізіп, оның қолдауын алған сияқты. Бұдан хабардар болған Ж.Аймауытов Д.Әділевке:



«25/І-26. Дінше! Смағұлдың ділгірамына жауап ділгірам қайырғамын. Өзіңе де ашық хат салдым. Школ оқу біткенше жібере алатын емес. Дүмпу күшті болса жібереді. Мені сонша керек етсеңдер о жағын іс қыларсыңдар. Смағұл ділгірамында: Жалақы екі жүз, келу біздің мойынымызда депті.

Мені кім қылмақсыңдар! Режиссер ме? Песа жазушы ма? Әлде екеуі де ме? Екеуі болса, ондай ақыны жай артис те алады ғой. Максимумдарың 250 емес пе еді? Ол бір. Проездге ақша жібереміз депті. Ол менің ғана келуіме ме, әйтпесе, қатыныммен келуіме жолдық бермегі болса, аз ғой. Маған көшіп келу үшін, әйтпесе, подьемный беру керек емес пе? Бұл екі. Пәтер туралы сөз жоқ. Маған жазарлық үй болса екен. Оңашалау болса екен. Артистердің ортасында шетке тұра алмаймын. Театрға жақын жерден бірер бөлме ескергенің жарар. Бұл үш.

Осыларды анықтап, ашып біліп, маған тезірек хат сыз. Барып тұлыпқа мөңірейтін болсам, әуре қылмаңдар.Сахналарың істелді ме? Не істелді? Түзеген нәрсе бар ма? Ойын қалай шығып жатыр? Одан да сүйкерсің. Мені алдыру жағынан не қам істелді? Жазарсың.

Мынау хатты әнеугі адамға тапсырарсың. Менің шарттарым жолға сиымды шығар. Сиымсыз десең, мінерсің. Әйтеуір саған серік болып көрейін. Ісшығараалсақжарады. Ж.» деген (7 том, 104- бет) мазмұнда сауал қояды.

Конверттің сыртына орысша: «Письмо адресована артистке театра Татимовой Шәкітай, жена наркома Татимова» және «А вот другое письмо передай Амре» деген сөздер жазылған. Бұл хаттар қолжазбада жоқ. Әмірені тергеуге тарту үшін тергеушілер атақты әншіні де іске тіркеп жіберген сияқты. Әдеттегідей хаттың соңына:



«Мұнда, театрдың Қазақстанға гастрольге шығатынын айтып отыр. 2. Татимова Шәкітайға жазған хаты. Ол көңілдесі еді. 3. Әміре – әнші. Бұл 26-жылдың январында келді. 13/ІІІ – 29 жылы. Д.Әділ» - деп хаттарға түсініктеме берген.

Сол томның 106-бетінде Ж.Аймауытовтың осы мазмұндас тағы бір хаты тіркелген:



«Дінше! Мені алам деп онша белсенбесең де болады-ау деймін. Сөзіңді тыңдаушы бола ма екен? Бірақ мен жұмыстан қашатын кісі емеспін. Орындарың қандай баянды болар? Ордадан көшіп кететін болсаңдар, театрға зор план құрудан мән жоқ. Қайтсе де алды-артын ойларсың. Мен бір төңкеріс сарынды пьесаны аударып, бастыруға Исаға (Тоқтабаевқа – Т.Ж) жіберіп отырмын. Қоятын шартым: басылмай ойналмасын дедім. Айналасы бір баспа табақтай-ақ. Тез бастырып алуға болады. Жазба күйінде ойналса бағасы кетеді. Сен жазбадай бер деп Исаны қысып жүрме. Ойнауы жеңіл, үгіт мәнлі, жақсы нәрсе. Зәуде менімен хабарласу керек болса хат жазарсың. Осының ішіндегі міне бір жабық адрес иесінің өз қолына тапсырарсың. Бұл қатыныңа да айтылмайтын сыр болсын. Міне бір хатты әміреге тапсырарсың. Оған айтатын сөздерім саған да зиянды болмас. Әзірше, қайыр. Жүсіпбек» делінген.

Содан кейін Оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасовқа Ж.Аймауытов хат жолдап, өзінің театрға әдеби кеңесші болып ауысуына көмек беруді сұрап жеделхат жолдаған. Хаттардың қисыны солай.Түпнұсқасы 7 томның 237 бетіне тіркелген. Онда:



«13/ІІ – 26 ж. Смағұл! Мектебіміз қыңырлық қылып мені оқу біткенше жібергісі келмей жатыр. Қандай заңы барын білмеймін. Біз өз еркімізбен кірген әскер адамы саналмайтын болсақ керек еді. Жасырын жарлығымыз бар дейді. Көрсетпейді. Ал заңын онда білуге болар. Менің сабағымды осы Әскер мектебінің оқытушысы Абай Байтенұлы деген жігіт оқытуға ырза, ие жарайды. Әдебиетке менен осал көріп, түсем дегендерді школ алмай жатыр. Мұнысы тым қыңырлық. Байтенұлын менің орныма қой деп тағы ұсынуға болады. Менде тартыншақтық жоқ. Жүсіпбек».

Бұл хатты орысшаға Жанұзақов деген аударыпты. Келесі сарғыш ашықхатқа жазылған хат театр директоры Д.Әділевке арналған:



«25/ІІ-26 жыл. Бауырым Дінше! Смағұлға жолықтым. Ол мектеп басшыларымен сөйлесті. Олар кіндік рұқсатынсыз босата алмаймыз депті. Ең үлкен бастығы: орынбасар берсеңдер босаталық депті. Сонымен Смағұл УВУЗ-ға (Мәскеудегі) жолықпақ болып кетті. Қайтсем де баратын шығармын. Тек ресми жағы бөгет болып тұр. Пушкиннің екі пьесасын аударып, Мадиярға (М.Дулатовқа Т.Ж.) жібергем. Сыннан тезірек өткізуге қам қыларсың. Бара қалсам, артистерге, өзіме жетекші болғандай театрға әдебиетін ала қайтуға Смағұлға тапсырып жібердім. Ойындарың тәуірлеп келеді дегенге қуанамын, қазақтың тұңғыш өнерпаздарына (артистерге) менен түгел сәлем айт (Осы хатты оқып бер). Жүсіпбек» деп (7 том, 240-бет) дұғай сәлем жолдайды.

Хаттың сыртында: «1/ІІІ-26 жауап қайтардым – Дінше. 18/ІІ-26 ж. Алынды» – делінген есекерту бар.Араға бір күн салып барып тағы да хат жолдаған. Мұнда өзінің шығармашылық жоспарын барынша тиянақты баяндаған:



«26/ІІ-26 – Орынбор. Дінше! 3/ІІ салған хатыңды 6/ІІ – да алдым. Смағұлдан осының алдында алдым. Менің орныма кісі керек болса табуға болатын. Майор ұлының көнер-көнбесін білмеймін. ПИНО-ны (пединститут народ. образование – Т.Ж.) (педагог оқуын) бітіретін Әлсенұлы Әділ деген жігіт оқытушылыққа тіленіп жүр, ол менің орнымды басуға жарайды. Оған әзір сөйлесіп, уәдесін алғам жоқ, алсам – ділгірам саламын.

Газетте жазған сөздеріңді көріп жатырмын. Смағұлды қолдағаның жарайды. Бірақ сен театр туралы «парламан сарынды» әңгімеңде мені алдырудан зор нәрсе күткендей бадырайтып қойыпсың. Сонша үлкейткендей мен де театр ғылымын оқып, жетіліп шыққан кісі емеспін ғой. Бәрімізге де жаңа нәрсе, бәрімізге де үйрену керек. Жалғыз-ақ – үйрене аламыз ба, жоқ па? Кәп сонда. Бірақ өзге оқудан қиын емес шығар деп ойлаймын.

Театр менің тәуір көретін де нәрсем еді. Баянды нәрсе болса театр арқылы әдебиетке алаңсыз қарауды көксеймін. Әдебиетке бұған дейін тұрақтай алмай, жағдай болмай жүрген кісімін ғой. Театр жанды да, қызық та жұмыс. Тек әлеумет көзінде Шуат-скоморых пояц... деген жеңіл қоя жаман аты болмаса, анығында ол – өнер ғой. Қайтсе де ол жаман аттан жиренуге болмайды, онсыз да қай бір маңызды кісіміз?

Мен баратын болсам, құралақан бармайын деп, пьеса қамдап жатырмын: Пушкиннен, «Скупой рыцарьды» өлеңмен аударып болдым. «Каменный Часть» деген 4 перделі пьесасын аударып жатырмын, бір пердесін бітірдім. Өзімде де бұрыннан жатқан бір-екі пьеса бар еді: мыналарды болған соң соларды түзетіп жазуға кіріспекпін.

Ордадан хабар келмей тұрғанда осындағы Рязанов дейтін тарихшы орыспен қосылып, киноға лайықтап сақналық (сценарий) жазуға кірісіп едім. Бөкейлік Жәңгірхан тұсында болған Исатайдың көтерілісін жазбақ едік. Оны қалай жазу туралы мұнан да, Мәскеуден де үлгі кітап жинап, теориясымен, жазу әдісімен танысып едім. Сол кинолық жұмысымыздың бір-екі-ақ бөлімі нұсқаланды. Өзгеріс әлі біткен жоқ. (7 бөлімде жазбақ едік) Жазуымыз орысша, бітірсек, Қызыл-Ордаға (компросқа), Мәскеудің Госкиносына лентадағы сөздерді қазақша да, орысша да жазбақшымыз. Бұ да бізде соны жатқан жұмыс, қызық жұмыс. Бір жағынан Наркомпростан алған Покровскийді переуаттап, екінші осындай көлденең жұмыстарға алданып, оның үстіне бала оқыту ауыр тиіңкірейтін көрінеді. Әйтсе де, жан кеудеде тұрғанда, арпалысып істемеске болмайды; қай жерімізге қарасақ та, бәрі үңірейіп тұр, жан тыныштық іздеуге жол жоқ. Заманның әлеуметтік бұйрығын орындаймыз.

Сен осы хатты алған соң Смағұлға жолық. Мұндағы Рязанов деген орыс қазақ тарихынан көп материалдарды тауып, көп нәрсе жазған. Казақтарда төңкерістер болған көрінеді. Сол еңбегін научное Об-во арқылы бастыруға Наркомпросқа берген. Білімпаздар қарап, болуға лайық тауып, еңбек ақысын беруге Стародубцов резолюция салған. Кредит ашылмай ақшасын ала-алмай жүрген көрінеді. Смағұл соған түсінбей қалып, әлде біреудің айтуымен пайдасыз деп танып, ақша бергізбей қойып жүрмесін. Тегінде қазақтың тарихын керек қылсақ, тарихынан әдебиет туғызбақ болсақ, оның еңбегінен көп пайдалы нәрселер табуға болатын

Тохтабаев Иса атына «Октябрь» деген атты пьесаны аударып жіберіп едім. Сол тиді ме? Тағдыры не болды? Жұмысың да көп шығар; әйтсе де тезірек хат жаз. Баруға бел байладым. Школ қай күні босатса, жолдық ақша сұрап ділгірам ұрамын. Бөгетпесіңдер. Қайыр. Ж.» деп (7 том, 109 – 110 бет) ойын аяқтаған.

М.Әуезовтің де «Октябрь үшін» деген аударма пьесасы бар. Осы аударманы пайдалануы әбден мүмкін. Мағжанға Жүсіпбек пен Молдағалидың жазған хаты.



«Орынбор . 1924-жыл. Майдың –16.

Ардақты Мағжан!

Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.

Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын сенсің. “Жаралы жанды”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгіннен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?

Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция), Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса, күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?

Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торықпа, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды” – деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?

Пушкинді – Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен – туысың қазақтың, адымың - қарға, елің - мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның (?..) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.

Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.

Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.

Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”.
Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым таңбасын пайдаланып отырған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.
Жүсіпбек Аймауытовтың Әдебиет туралы екінші хатының жалғасы. Араб харпінде жазылған қазақша мәтіннің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты, анық сұлу жазылған. Алдыңғы беті таспаға жазылмапты. Онда әдебиеттің таптық нысанды көздегені дұрыс па, тағдырды нысана еткені дұрыс па? – деген мазмұнда сұрақ қойылып, кедей мен бай өмірін салыстыра бастайды.

Кедей кейде ...“Жаман – аяғымен, жақсы төсенішті былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектер де байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келеді екен – деп жалшының не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болу мен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ - берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.

Тағы бір қосылмайтын жерім: ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, (?..) байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма? Төңкерістен бұрын деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де болып ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушылары да төңкерістен кейін кей бірі жарамсақтанған, оларда жарамсақтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысы тауқымешін-тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәнін тата алмай (?..) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр. Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, қақолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген. Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябірінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келс, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың? Осының бәрі жүзден бірі, бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре - біле тұра – кімшіл болу керек?.. Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет