Дәлірек түйіндесек, Қазақстандағы «кіші октябрь»



бет2/5
Дата12.11.2016
өлшемі1,26 Mb.
#1570
1   2   3   4   5

«Мемлекеттік саяси мекеменің Күншіғыс бөліміне тұтқын Дулатұлы Міржақыптан Мәлімдеме

Мен абақтыға жатқаннан бері неше рет жауап бердім. Бірақта әдейі болсын, қаталасып болсын, ұмытқаннан болсын, білгенімді түгел айтқаным жоқ” – деп өзі хат жазған.
Міржақыптың мұндай мазмұндағы баяны бірнешеу. Алғашқысы 5 бет. Аудармасы машинкамен төрт бет. Көк сиямен сарғыштау қағазға жазылған. Солардың соңында мынадай өтініш бар.

«ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығына тұтқын Дулатовтан мәлімдеме.

Мен өзімнің 32 беттен тұратын қазақ тілінде жазылған жауабымды ұсына отырып бұл жауапты орыс тілінде аудартуыңызды және содан кейін маған қарап шығып, қатесін түзетуге мұрсат меруіңізді сұраймын.

Міржақып Дулатов.

30/ХІ-29 жыл».
Неге мұндай шешімге келді? Оған нақты жауап бере алмаймыз. Зады, Москвадағы тергеушілердің әділдігіне сеніп, Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелеуге ұмтылған сияқты. Одан өзге жол жоқ екенін бәрі де білген. Сондықтан неден де болса тайынбай шындықты айтуға бекінген.

ҮІІ том:. Қосымша айғақтар


Бұл томда негізінен қамауға алынғандардың жеке хаттары, құжаттары сақталған. Түптемелердің арасынан жұлынып алынған сияқты. Хаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы жоқ, бірақ та орысша аудармасы бар. Біз мүмкіндігінше сарғайып кеткен сол хатттардың түпнұсқасын пайдаландық. Ал кейбір жерлерде оның аудармасын бердік. Мұның өзі тікелей қажеттіліктен емес, мәжбүрліктен туды. Біріншіден: хаттағы жазулар өше бастаған, оны ажыратуға кейде бір-екі күн қажет еді. Ал біздің уақытымыз шектеулі болатын. Екіншіден: орысша аударылған хаттар тасқа басылған еді. Бұл жұмысты жеңілдетті. Сондықтанда біздің амалсыздықтан барған бұл лажымызды түсінер деп ойлаймыз. Кейін мұның барлығын асықпай, түбегейлі зерттейтін мезгіл туар. Сонда бәрі де орынына келер деп үміттенеміз. Біз кейбір хаттарды тәржімалау барысында сол адамның сөйлесу, жазу мәнерін және оның сөздік қолданысын сақтауға тырыстық. Біз бұл хаттар тақырыпқа байланысты тарауларда пайдаланылатын болғандықтан да, ішінара ғана іріктеп келтірдік.
Бұл том Ахмет Байтұрсыновтың Смағұл Сәдуақасовқа жазған тілдей хатынан басталыпты. Хаттың мазмұнына қарағанда С.Сәдуақасов Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновты партия сьезіне қонақ ретінде шақырыпты. М.Дулатовтың жауапқа тартылуы алаңдатса керек, өзгелердің де сақтығын ойластыруы да мүмкін, тобырдың бас қосуынан бас тартыпты. Онда:

«Смағұл баурым! Менің өзім утопист емеспін. Сондықтан сенің мартттағы болатын партия сиязыңа (...) кел дегеніңе бара алмаймын. Әңгімеге тойғанмын. Тағы да қайтадан бастап құр ауыз ауыртуға көңілім шаппайды. Басқа оқу деген ақылың көңіліме қонады. Мұхтар аман шығар. Басқалар да аман. Әбдірашқа сәлем. Бауырың Ахмет. 12.1.1929 ж.» деп ( 7 том, 2-бет) деп жазыпты.

Бұл қатты қайдан жолдап отыр? Ол жағы белгісіз. Хаттың сыртында: «Смағұл Мұхтарға: «Мен бармай тамақ алып қойма. Бүгін мейрам болғандықтан обед алады. Смағұл» – деген жазу бар. Зады бұл Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың Орынборда бір бөлмеде тұрған кезінде жазылған ескерту сияқты. Смағұл ескі қағаздың бетін пайдаланып Ахаңа хат жазған, Ахаң сол беттің екінші жартысына жауап жазған. Ал 1921-1922 жылы айттың қай күні өткенін біліп, бұл тілшенің (записканың) қай күні жазылғанын анықтауға болады.

7 томның 9 бетінде Міржақып Дулатовтың кішкене бір жапырақ қағазға жазылған тілшесі бар. Тілшеде:

«24/ ҮІ – 21 ж. Ғ-ман! Мынау Ахмет жолдасты қудалап жүргендер бар көрінеді. Жұмысының мәнін өзі түсіндіріп айтар. Саяси сенімді адам екендігіне қолына қағаз берсең, бұзақылар орынсыз қоқаңдауын қояр еді. Осыны саған әдейі тапсырамын. М-дияр» деп жазылыпты.

Мұндағы Ахмет деген кім? Хат кімге арналған? Сол кездегі губкомның төрағасы Әбдірахман Асылбековке пе, әлде белсенді Әбдірахман Байділдин бе, мұны нақты анықтаудың орайы келмеді.

7 томның 13-бетінде Әлихан Бөкейхановқа жолданған: « 28/ V-21ж. См 4-ию страницу. Дорогой товарищ Алихан Букейханович! Вашего тов-ща по институту, Зосима Александровича Буторина, 14 апреля с.г. арестован. Причину ареста я не знаю, по частный случаем сылышало, что личные счеты» деп басталатын фельдшер әйел А.Буторинаның хаты бар. Ә.Бөкейхановтың өзі қатаң бақылаудың астында, өлім мен өмірдің арасында жүрсе де одан өзге ұлттар да көмек қолын созып, үміт етеді. Қазақша мәтінін мынадай:

«Құрметті Әлихан Бөкейханұлы жолдас!

Сіздің институтта бірге оқыған досыңыз Зосим Александрович Буторинді осы жылдың 14-сәуірі күні тұтқынға алды. Тұтқындалуының себебін нақты білмеймін, жеке адамдардан естуімше, өзара есеп айырысу екен. 20-сәуір күні неге екені белгісіз, оны Ақмола қаласына алып кетті. Ол сонда, суық жерде, аштықта, кір басып, биттеп жалғыз отыр. Мен сізден көмек сұраймын. Маған көмектесе көріңіз. Сәуірдің 23-24 күні Омбыдан: оны Петропавлскідегі губерниялық атқару комитетіне қызметке шақырғаны туралы хабар келді. Бұл жердегі жер бөлімінің адамдары Омбыға телеграмма жіберіп, оның түрмеге қамалғандығын хабарлапты. Соған қарамастан Омбыдағы жер бөлімінің қызметкері 1-майдың қарсаңында маған келіп, оның түрмеде жатқандығын, онада ешкім білмейді деді. Мен қызметтемін. Барып мән-жайды білейін десем, жұмыстан бостапайды. Сондықтан да сізге хабарласып отырмын. Мазаңызды алғаныма кешіріңіз. Губчека арқылы тұтқындалуының себебін анықтап, егер сотталған болса, онда Көкшетаудағы түрмеге ауыстыру туралы өтініш етсеңіз екен. Сонда аптасына екі рет тамақ пен киім апаруға мүмкіндігім болар еді. Ақмолада менің ешқандай туысым да, танысым да жоқ.

Қарт досыңызды аяңыз. Ол мүлдем жүдеп, қартайып, арықтап кетті. Мазаңызды алғаныма тағы да кешірім өтінемін.

Сізді сыйлаушы – Афиса Буторина. Менің адресім: Көкшетау қаласы, 2 Кеңес ауруханасы, фельдшер А.Д.Буторинаға.1921 жыл».

Әйелдің хатының соңына ілестіре:



«3 май, 21 жылы, Орынбор. Бауырым Әбдірахман! Бұл Буторин менің жолдасым. Өзі жақсы кісі. Бұрын еш партияда болған жоқ. Жұмысқа жегілсе жақсы да атқара алады. Мұны шығарып алып жұмыс қылдыр.

10 шақырым туралы декретті Әйтиевтің атына «Бостандық туына» жібердім. Жер туралы декреттерді орындаңыздар. Мені босатса, КирЦИК-тің сессиясынан кейін Семейге барам. Жолда сендерге соғам. Ондағы бауырларға сәлем. Сүйдім Ғали-хан» деп ( 7 т., 15-бет) ескертпе жазыпты. Мұндағы Әбдірхман кім? Әбдірхман Асылбеков пе, әлде Әбдірахман Байділдин бе? Кеңес жұмысында беделі бар Ә.Асылбеков болуы әбден мүмкін.

Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке де жазған хаты жүр. Әдемі мәнермен жазылған.



«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15. Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң - өзге жол бізге бөгелді ғой. Сүйдім- Ғали-хан».

Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”- деп қолын қойыпты.

Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүрген тіршілігінің мағынасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені - оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.

Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған. Ендеше, артық сөз айту асылық болар. Ал шындықтың жолы бұл мүлдем басқа мәселе.



Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы сақталған, біразының фотокөшірмесі бар, ал кейбіреуінің аудармасы ғана сақталған. Түпнұсқаның кейбірі танылмады..

«16 май. 25-жыл.

Бауырым Ахмет!

Әілмхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. Жоқтауым 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – Т.Ж.), мен оны қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц.И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мекетеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.

Біздің Нәзір: Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық – дейді. Мен “Жарайды ” – дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім, “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: сен тақсыр, баспа, өзің жаз - дедім.

Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кетеді ме деп қорғанып тұрмын.

Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.

Жоқтауға әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.

Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары: баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр:газетті былай қылып елге тарат – дегенде дым-ақ шешен. Өзінің газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны озып жүреді. 31-майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.

Елдесім жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.

Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?” – деді. Мен: “Жоқ” – дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем” – деді.Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.

Бәріңді құшақтадым, сүйдім. Ғали-хан».
Мұндағы айтылған мәселелердің бәрі де анық, артық түсінікті қажет етпейді. Ал мына төменде келтірілген А.Байтұрсыновтың Ә.Бөкейхановқа жазған жауап хатының түпнұсқасын байқай алмадық. Сондықтан ад тәржімаға жүгіндік:

«Қадірлі (құрметті) Әли!..

Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының ауыспайтынына қарамастан оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда мен де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптен ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.

Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15-маусымда, екіншісін – 1-шілдеде, үшіншісін 1-тамызда және төртіншісін 20-тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20-тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.

Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты жарты емес, нағыз “96-пробаның” өзі.

Алтынсарының баласының суретін “Шолпан”журналының №6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.

Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: “Гая жеңілдеді, ұл тапты!” – деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадым. “келдім” бе, жоқ “Е” келді ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл “Елдес Омаров” деген сөз. Ал “2” деген сан болса – онда “2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі сьезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліппесі” сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.

Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақта, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін арап қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет – делінген. Олар: латын “назира” қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрініңде қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды – дейді.

Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.

Құшақтап сүйемін. Ахмет . ІІ/ҮІ-25 жыл».
Осындағы “Ибрагим” дегенді Абай деп аудармашы жақшаның ішінде көрсеткен. Зады, бұл Ибаргим – Ыбырай Алтынсарин болуы керек.

Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлейхан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да түп нұсқасы жоқ. Фотокөшірмелері ғана бар. Одан әріпті ажыратып оқудың мүмкіндігі болмады. Орысшасы сақталған хат: “Бауырым Ахмет! Сенің 11-ҮІ күні жазған хатыңды алдым, профессор Берлин қаласына қайтып кетті” деп басталады. Әрине, алаштың көсемдерінің барлығының әрбір тынысы қымбат, әр сөзі алтын. Алайда шамамыз келгенше қамтуға тырыссақ та, түгелдей кешірудің реті келмеді. Жоғарыдағы жауапты біз толық жазып алмаппыз. Мәтқапылық деген осы.



Бұдан кейін «28.02.26ж. алынды» делінген бүркеншік атпен жазылған хат және 2 фота сурет бар. «Өте құпия» деген бұрыштама қойылған бұл жазбаны көшіріп алуымыздың мақсаты, мұнда Ә.Бөкейхановтың 27 еңбегінің аты, тақырыбы, жарияланған басылымдары аталады. Сондықтан да тиянақтап тұрып көшіріппіз:

«Алушы: Москва, Воздвиженка, Жіберуші: Қызылорда.С. Киловскийй п. 4, 15 пәтер. 10/ІV – 28 ж.

Ә. Бөкейхановқа

Әлеке!

Сіздің «Жаңа мектепке» жіберген 27 мақалаңызды Мадиярдың қолынан алдым. Нағында 33 мақала екен. «Жарасын алдырған апа» № 5 санға салынды. «Семенның әкесі» № 6 санға барады. Сондай-ақ «Ақылсыз қасқыр да» (Жаңа мектептің «Балаларға базарлық атты» № 6 қосымшасында) сонда берілді. Қалғандары да бірте-бірте осылай жариялана бермек. Бір-екі мақаланы Мадиярға қайтардым. Сіз шамасы «Жарасын алдырған апаны» көрген жоқсыз-ау деймін. (Өйткені «Жаңа мектепті» жаздырып алмайсыз ғой). Сізге тиесілі төмендегі соманы «орамал ретінде» (қаламақы – Т.Ж.) «Жаңа мектептің» кезекті санымен қосып жіберіп отырмын. Жарияланған мақалаларыңызға тиісті қаламақыны алу үшін «қағаз жіберіңіз». Онсыз мында босатпайды.

«Жаңа мектепте» «Сырлы әдебиет» бөлімі ашылды. Соған да арнап мақала жіберіңіз. Бірден «Басқарманың атына» жолдаңыз.

Енді алдағы уақытта «Жаңа мектепке» қандай мақалалар керек екеніне тоқталайын. «Жаңа мектептің» әр санында «өлкетану» деген айдармен менің немесе басқа біреудің мақаласы тұрақты түрде беріліп тұрады. Оған ешқандай редакциялық түсіндірме жасалмайды. Сондықтан да редакция біздің пікірімізбен санасады ғой деп ойлаймын. «Жаңа мектеп» мұғалімдердің сұранысын қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бір сөзбен айтқанда «Жаңа мектеп» журналы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ем ретінде қонады деп үміттенеміз. Бұған «Жаңа мектептің» таралымының өсуі мен әр жерден келіп жатқан хаттар көз жеткізеді. Қаражаты тапшы, газет-журнал оқып үйренбеген, арнайы маманданған баслымға үйренбеген мұғалімдердің сұранысы күшейіп, ақшаларын жіберіп жатыр. Бұрын 50 адам ғана жаздырып алушы еді, қазір олардың саны 800-ден асты. Арнайы ұйымдастырушы ұстамаймыз, бірақ та кейінгі екі жарым айдың ішінде (№ 3 саннан бастап) жазылушылардың саны 1000-ға жетті. Оқу-ағарту коммисариаты «Жаңа мектепті» үлгі ретінде ұстанып отыр. Осыған қарағанда «Жаңа мектеп» дер кезінде ашылған сияқты. Сондықтан да олардың пікіріне қосылмау мүмкін емес. Оқырмандар мен (мұғалімдермен) талап етушілердің тілегі бойынша әдебиет бөліміндегі материалдарға берілетін түсініктермен келісу керек шығар.

«Сын бөліміндегі» материалдар жеткіліксіз. Бұған сіздің араласуыңыз керек деп есептейміз. Сіздің келіспейтініңізді білсем де (әрине бұл менің өз күдігім) «Табиғиттану бөліміне» жазып тұрыңыз. Жер, ауа райы, топырақ, су, құм, өсімдік, геология, Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін. Көп адам бізге қатыспаса да, кеңес бермесе де, мұғалімдер бұл туралы жазып тұрады. Тым болмаса 1908 жылы қазақ жері туралы Сібір журналдарына шыққан мақалаларыңыздың қазақ тіліне аударып жіберіңіз. Желкен 13/V – 26 ж.» (7 том, 189-бет).

Желкен деген кім? Оны анықтай алмадық. . «Жіберуші» деген жолда «С» деп қол қойылғанына қарапжәне алдыңғы хатта аты аталғанына орай Сейдазым Қадырбаев па деп те жорамалдауға болады. С.Сәдуақасов ол кезде Мәскеуде. С.Сейфуллин емес. Оқу-ағарту саласындағы Сүлеев Біләл ме? Осы томның 168 бетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Әлди-әлди» өлеңінің қолжазбасы тігіліпті.

Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке де жазған хаты жүр. Әдемі мәнермен жазылған.

«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15. Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң өзге жол бізге бөгелді ғой.

Сүйдім Ғали-хан».

“Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев” деп қолын қойыпты.

Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» - дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүруі, көрген тіршілігінің мағнасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені – оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.

Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған. Ендеше, артық сөз айту асылық болар. Ал шындықтың жолы бұл мүлдем басқа мәселе.



ҮІІ томның 171-бетінде Ә.Бөкейхановтың үстінен түскен арыз тіркелген. Кейін Голощекин мұны пайдаланып, жиналыста айтты. М.Төлепов деген адам «саққұлақтық» жасай, қырағылық көрсеткен. Хат былай:

«ВКП/б/ өлкелік комитетіне

ВКП/б/ мүшесі М.Төлеповтен

Партиялық билеттің №............

КССР-дағы біздің партиямыздың алдында өзінің шешімін табуға тиісті көптеген күрделі мәселелер тұр. Соның ішіндегі ең бір шиеленіскен әрі қиын және саяси және шаруашылық тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе жер мәселесі. Бұл жөнінде неше түрлі пікірлер айтылып, қилы-қилы «теориялар», «тұжырымдар» мен «көзқарастар» қалыптасып отыр.

Бұл мәселе тек қана еңбекші-кедей табының ғана назарын аударып отырған жоқ, сонымен қатар, бізге жат, біздің партиямыздың жаулары бай-кулактар мен қоса эсершіл-алаордашыл элементтер де ерекше белсенділік танытып отыр. Өзгені былай қойғанда біздің жауапты қызметкерлеріміздің бір тобының осынау күрделі ішкі мәселелер жөнінде Бөкейханов Әлихан сияқты контрреволюциялық элементтермен пікір алысып, соның ықпалымен шешім қабылдауға бой ұрған қатерлі де қауіпті бағыт аңғарылады, сөйтіп, әлгі адамның партия қатарына ықпал етуге жағдай жасап, біздің құрылысымыздағы шешуші мәні бар КССР-дағы ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленістіріп, оны шешуге бөгет жасап отыр.

Төменде айтылатын партияға қарсы құбылыстың еріксіз куәсі болғандықтан да, мен мұны Өлкелік комитетке хабарлауды өзімнің партиялық парызым деп есептеймін:

Биылғы жылдың шілде айының аяғында Жер жөніндегі халық комиссары Сұлтанбеков жолдас Қырымға демалуға кетіп бара жатып жолай Мәскеуге тоқтады. Сол күні Сұлтанбеков жолдас қонақ үйге заттарын орналастыра салып Әлихан Бөкейхановтың үйіне кетті, ал өзінің сонда баратыны жайлы Қазақ өкілдігіндегі Жер комиссариятының осындағы өкілі арқылы хабар бергізіп қойып еді, ол (ҮІІ том, 172-бет) мұқым кеш бойы Әлихан Бөкейхановтың үйінде болды. Таңертеңінде әңгімелесу одан әрі жалғасты. Бөкейхановпен пікірлескеннен кейін кезекте Төреғожин мен Төлепов жолдастармен болған әңгімеде: «- Әлихан маған Швецовпен әңгімелесіп, оны көндіремін деп уәде берді» деді. Әңгіме федеральдық ұйымдардың арасында келіспеушілік туғызып отырған жер бөлу мен оның мөлшері туралы болды. Менің ойымша, партияның өз ішінде туындап отырған аса күрделі мәселені «алашорданың» көсемімен бірігіп талқылау өте өрескелдік болып табылады. Бұл большевиктер партиясының ішіне жат идеологияның кіріп кетуіне және қатардағы мүшелердің улануына жол ашады, сондай-ақ, Жер жөніндегі халық комиссариаты сияқты аса жауапты мекеме түгелдей не жарым-жартылай болса да өте реакцияшыл «Алашорданың» идеологиясынының ықпалында қалмасына кім кепілдік береді, бұл біздің жұмысысызды қиындатады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет