Денешынықтыру



бет22/390
Дата07.02.2022
өлшемі353,16 Kb.
#88022
түріБағдарламасы
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   390
Байланысты:
2 5404868312226072454

Еңбектеу


Түрлі қимылдардың жиынтығына еңбектеу, еңбектеп өту, еңбектеп кіру және өрмелеу сынды қозғалыс түрлері жатады. Бұл – бала дамуы үшін ауадай қажет қимылдар. Өйткені олар дене, иық белдеуі, аяқ, қол сынды ірі бұлшық ет топтарының нығаюына, омыртқаның иілгіштігін дамытуға ықпал етеді. Солардың көмегімен балаларды ептілікке, батылдыққа баулып, биікке талпынуға дағдыландыруға болады.
Еңбектеу мен өрмелеу жүгіру мен жүру сияқты циклдық типте орындалады. Яғни екеуінде де аяқ пен қолдың қимылдары бірдей. Еңбектеу аяқ пен қолға тірелу арқылы орындалады. Бұл еңбектегенде көлденең қалыпта тұрған омыртқаға түсетін салмақты төмендетуге мүмкіндік береді. Балаларға түсетін жүктеме аяқ пен қолға теңдей түседі. Қозғалыстың басқа түрлерінде (жүру, жүгіру, секіру) көп жүк түсетін аяққа түсетін салмақ еңбектегенде аздау болады.
Еңбектегенде жоғарғы иық белдеуі, қол мен мойынның бұлшық еттері белсенді жұмыс істейді. Бұл балалардың дене сымбатын дұрыс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
4-5 жастағы балаларға арналған ұйымдастырылған оқу қызметі барысында еңбектеу, көбіне жаттығулар кешеніне немесе жүру, жүгіру, секіру сынды қимылдармен бірге орындалатын қимыл-қозғалыс ойындарына енгізіледі.
Төрт аяқтап еңбектеу көбіне жіптің, құрсау мен доғаның астымен еңбектеп өту жаттығуларымен бірге орындалады. Алдымен бас, одан кейін қол мен аяқ кезекпен шығады.
Оң жақ бүйірмен еңбектеу кезінде қосалқы адыммен қозғалады: жіптің астынан оң қол мен оң аяқты алдыға қозғап, басты иіп өткізу және осыдан кейін сол аяқ пен сол қолды қозғау.
Биігірек кедергілерден (бөрене, орындық) балалардың қарғып түсуіне тура келеді.
Бұл қимыл да әртүрлі тәсілдермен орындалады: тігінен, кедергіге алдымен екі қолын, содан кейін екі аяғын қою; бүйірімен, оң қолы мен оң аяғын, содан кейін сол қолы мен сол аяғын кезекпен өткізу. Сол жақ бүйірмен қарғып өткенде алдымен сол қол мен сол аяқты алып өтеді.
Еңбектеу міндетті түрде бойды тіктеу, тартылу, жоғарыға секіру жаттығуларымен бірге орындалуы шарт.
Еңбектеу көбіне жаппай немесе топтасу әдісімен ұйымдастырылады. Оған балалардың бәрі немесе басым бөлігі белсенді түрде қатысуы шарт. Тіземен еңбектеу жаттығуларын орындаған кезде жарыс элементтерін қосуға болмайды. Себебі мақсатқа бәрінен бұрын жетуге асыққан балалар өз күшін бағамдай алмай, тізесін жарақаттап алуы әбден мүмкін.
Балалар гимнастикалық орындықтың үстімен орындықтың шетінен ұстап еңбектейді (бас бармақпен астынан, қалған төрт саусақпен үстіңгі жағынан ұстау қажет. Орындыққа екі түрлі тәсілмен шығады: орындықтың бір жағында тұрып, иіледі, оның шетінен ұстап, қолмен таянып, алдымен бір аяқтың тізесімен, сонан соң екінші аяқтың тізесін қойып шығады; орындыққа салт мініп отырып, орындықтың өзінің алдындағы шетінен ұстап, қолға сүйеніп, аяқты кезекпен орындықтың үстіне қойып шығу.

Гимнастикалық қабырғамен өрмелеу


Гимнастикалық қабырғаға аяқты тіреп, қолмен ұстап өрмелейді. Жаттығу үшін көлденеңінен, тігінен немесе көлбеу тасталған баспалдақтар пайдаланылады. Баспалдақтың орналасу реті де денені тиісті қалыпта ұстауды талап етеді. Көлденең немесе көлбеу баспалдаққа кермелерге және қапталдағы сырықтарына сүйеніп (егер баспалдақтың ені 40 см болса) өрмелейді. Ал тігінен қойылған баспалдақтарда тек қана кермелерге сүйеніп өрмелеу қажет. Педагог, әсіресе, кермені дұрыс ұстауға көңіл бөлуі тиіс. Ереже бойынша баспалдақтың тақтайынан ұстағанда бас бармақпен астыңғы жағынан, қалған төрт саусақпен үстіңгі жағынан ұстаған дұрыс.
Баспалдаққа өрмелегенде салмағын көтеру үшін көп күш қажет. Соған қарамастан балалар оған тез әрі сеніммен өрмелеп шығады. Ал, түскенде қорқақтауы мүмкін. Түскен кезде бұлшық етке көп салмақ түспейді, бірақ ол үлкен батылдықты, табандылықты қажет етеді. Оның үстіне, кеңістікте бағдарлау қабілеті де артықтық етпейді.
Бастапқы кезеңдерде балалар қосалқы адымның көмегімен өрмелейді. Олар бір кермеден қос қолдап ұстайды, астыңғы кермеге алдымен бір аяғын салып, кейін екінші аяғын соның қасына қояды. Осылайша, бір кермеге бір уақытта екі қолды, екінші кермеге екі аяқты қатар қойып тұрады. Көптеген жаттығулар жасап жаттыққаннан кейін балалар аяғын кезектестіріп өрмелейді. Былайша айтқанда, әр кермеге бір аяқ немесе бір қолын салып өрмелейді. Бұл қозғалыс біржақты және екіжақты әдіспен орындалады. Біріншісінде, мысалы, қозғалысты сол қолмен және сол аяқтан бастайды. Кейін оң аяқ пен оң қолды қосады. Екінші тәсілді пайдаланған жағдайда бала бастапқыда оң қолы мен сол аяғын пайдаланады, кейін сол аяқ пен оң қолды кезектестіріп қимылдайды.
Өрмелеуді үйренген кезде балалар денесін қысып ұстап, еркін қимылдай алмайды. Олар қажеті жоқ жерде шектен тыс күш жұмсайды. Тырбаңдап, аяқтарын қатты серпиді, кермеден ұстаған кезде қолдарының арасын кең ашып, оқыс қимылдатады. Қолды шектен тыс бүгу және жазу салдарынан дене баспалдаққа тым қатты жақындап кетеді немесе одан қашықтайды. Баспалдақтан түскен кезде аяқ пен қолдың қимылын үйлестіре алмайды, екеуін бір-біріне қатты жақындатып жібереді, еңкейеді. Бұл да дене сымбатының дұрыс қалыптасуына кері әсер етеді.
Аяқ пен қолды белгілі бір ізбе-ізділікпен үйлесімді қимылдату 4-5 жастағы балалар үшін қиындық тудырады. Бұл қимылдарын басқару, бұлшық ет топтарының қысылуы мен жазылуын реттеу қабілетін талап етеді. Ол үшін көптеген жаттығулар жасау қажет. Баланың қимыл тәжірибесі оның өрмелеуді тез меңгеруіне, қолдары мен аяқтарын үйлестіруіне көмектеседі.
Өрмелеп өту бір құралдан екіншісіне өткен кезде қолданылатын тәсіл. Мәселен, гимнастикалық қабырғаның аралығынан екіншісіне өткенде, көлбеу тақтайдан тік қабырғаға өрмелеп өткенде. Бір аралық ағаштан екіншісіне өткен кезде қосалқы адымды пайдаланған ыңғайлы. Алдымен балалар қатты биік емес жерде, яғни, астыңғы бірінші, екінші тақтайлармен өрмелеп өтеді.
Өрмелеп кіру тәсілі қабырғасынан қойылған баспалдақ тепкішектерінің арасымен, шеңбермен жұмыс істегенде пайдаланылады. Өрмелеу жаттығуларына мұқият басшылық ету қажет. Әрі балалардан да жоғары деңгейде тәртіп талап еткен жөн. Балалардың өрмелеу құралдарына бірге өрмелеп, бір жерге шоғырлануына жол беруге болмайды. Бұл олардың құлап жарақат алуына себеп болуы әбден мүмкін. Мысалы, бір бала екіншісінің қолын басып кетеді, ол абайсызда құлап кетеді деген сияқты кездейсоқтықтар орын алады. Дегенмен осылай болмас үшін балаларды қиын жағдайда тығырықтан шығу жолын табуға, тапқырлыққа баулыған жөн. Баспалдақпен өрмелеу қимыл-қозғалыс ойындарында көп қолданылмайды. Ол көбіне жеке жаттығу түрінде беріледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   390




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет