Деректі фильмнің беташары
Деректі фильмдер жасаудың әлемдік деңгейдегі атақты шеберлерінің бірі, американдық киногер Алан Розенталь деректі фильмдердің өмірге қалай келетіні туралы: – “Олар адамзат баласының ‑ замандас қатарластары мен келешек ұрпаққа өмірлік мәні зор, өзі үшін есте қалған ерекше оқиға, өзгеге де қызығушылық туғызып, ойландырар мәселелер қақында айтқысы келетін ықыласынан туады”, - деп байлам жасайды.
Расында да, деректі фильмдер өз табиғатында белгілі бір мұрат‑мақсаттарды ұстанады. Мұндай фильмдердің қатарына Сергей Азимовтың “Аралмен қоштасу” немесе Владимир Рерихтың “Полигон”, Қайнар Олжайдың “Бірінші” секілді еңбектерін жатқызуға болады.
Еліміздегі есімі танымал режиссер Бақыт Қайырбековтың “Қазақтың ұлттық дәстүрлері”, деп аталатын нақтылы бір тақырып аясын жан-жақты қамтыған, тамаша да танымдық деректі сериалы аса құнды, мән‑маңызы жоғары еңбек ретінде бағаланады. Әдетте, жақсы деректі фильмнің негізіне – қызғылықты да, барынша ұғыныңқы мәнерде баяндалатын өзекті оқиға мен тарихи жайлар арқау болады. Ал, бірден еліктіріп әкететін сюжеттер фильмді “қызықты” фильмнен – есте қалатын фильмдер қатарына шығара алады. Сюжеттің күштілігі бір ғана тұлғаның шеңберінен шығып, оқиғаны кең аяда баяндауға жол ашады.
Артур Әліпов, Асқар Бәпішев, Нұрлан Дәуітовтер елімізде ең үздік деректі фильмдер және бейнеклиптер жасап жүрген режисерлер. Олар кей-кезде ешқандай сценарийсіз де деректі фильм немесе бейнеклип түсіруге білек сыбанып кірісіп кететіндері бар. Осы аталған режиссерлердің талантты еңбектеріне қарай отырып, сценарийсіз де деректі фильм түсіруге болады деген ой айтуға болар. Бірақ, фильмнің тұжырымдамасынсыз оны түсіру мүмкін емес.
Сөйтіп, сценарий не үшін керек деген сауал туады. Ақиқатын айтсақ, сценарий - фильм жасаудың ең қисынды да қажетті жолы. Тіптен беташары десек те артық емес. Фильмді бұл жерде белгілі бір ғимараттың сәулет жобасымен теңеуге болар. Ғимаратты негізгі дизайнсыз, жұмыс сызбаларынсыз салуға, ал фильмді сценарийсіз жасауға болар. Бірақ осы екі салыстырудан байқайтынымыз, шығармашылық шабыт тууы үшін, түптің түбінде қолымызға тиер дүниенің елес көрінісін, алғашқы идеясын жазып-сызып алу керек. Онсыз іске бел буып, бекем кірісу көп жағдайда туындыға тұсау бола береді. Сондықтан да, сценарий қажет және ол сол дүниенің мәні мен мазмұнын, айтар ойын аша алатын туынды болса, тіптен жақсы.
Сценарий жаза білу ‑ дербес мектеп. Оқиғаны қызықты баяндау, кейіпкердің мінез-құлқын дөп басу, композицияны құра білу, ә дегенде қиын еместей көрінеді. Бірақ, күнделікті өмірдегі тәжірибе көрсетіп жүргендей, талай-талай “сен тұр, мен атайын” дейтін қаламгерлеріміз сценарий жазуға келгенде кібіртіктеп қалады. Ақыры сценарийдің формасы, құрылымы қандай болу қажет деген әңгіме туындағанда, режиссер мен сценарийшінің арасында түсінбестік, келіспеушілік туары анық.
Менің түсінуімше, деректі фильм көрерменін қызықтыра алуы үшін аталмыш туындының басы мен аяғы жұмыр келуі тиіс. Диалог көркем фильмдегідей жанды болса – ұтқаның. Сондай-ақ, фильмнің өне бойында сюжеттерді әрлендіріп, әспеттейтін, асқақтатып көтеретін пікірлер тағысы мол болғаны дұрыс. Олар бірде бірін-бірі толықтырса, енді бірде келіспеушілік пікірталасына соқтырып, көзқарас қайшылықтарын тудыруы тиіс. Әлбетте, көрермен үшін ертеректен етене таныс тақырыпқа тосын жаңалық енгізе алсаңыз, бұл фильмнің шынайылығын шыңдай түспек.
Мысалы: “Президент Всея Руси” атты Борис Ельциннің ғұмырбаяндық фильмінің авторы Евгений Кисилев КСРО-ның соңғы Бас хатшысы Михаил Горбачев пен Ресей Федерациясының тұңғыш президенті Борис Ельцин арасындағы қырғи-қабақ саяси кереғарлықтың басталуына себепкер жәйттің, жұрт имандай сенген оқиғаның ойдан шығарылған қауесет екенін ашып береді. 1980‑ші жылдардың екінші жартысында егер де есімізде болса, Бас хатшының жұбайы Раиса Максимовна Горбачева халық алдына жиі-жиі шығып, жаппай жақпаса, жұртшылыққа да ақыл-кеңес беріп жалықтырғаны бар. Ол Бас хатшы М. Горбачевтің қызметіне де араласады, кадрларды тағайындауда шешуші сөз “қатынында” деген сөз ду ете түскен. Тіптен Мәскеу мэрі Б. Ельцинге маза бермей, ақыры отставкаға кетуіне мәжбүр етті дескенбіз. Ал, ақиқат тіптен басқа болып шықты. Б. Ельциннің ақылшысы, ақпарат министрі болған В. Полтаранин сол фильмде деректі шындықты жайып салады. Раиса Максимовна ешқашан да билікке араласпаған. Тек Б. Ельциннің жақтастары тобырға жағатын қауесетті өздері ойлап тапқан және де ол оқ ондыққа дөп тиген. Тегінде, шет елде ауыр сырқаттан қайтыс болған Раиса Горбачеваның мәйітін Мәскеуге алдыруға арнайы ұшақ бөлуге рұқсат бергенде де сол кездегі Ресей Президенті Б. Ельцин сол бір жылдардағы жұрт өзін жақтап, Горбачевті жек көріп кеткен қауесетті жуып-шайғаны – кешірім сұраған қадамы болса керек. Міне, осындай фактілер деректі фильмнің салмағын арттырып, биліктегілер саяси саудада бірін-бірі іреп-соятынын біліп, қолдан жасайтын ақиқаттың жәй-жапсарына қанығады.
Әрине, сценарий жазылар алдында туынды неден тұратындығы туралы синопсис әзірленеді. Ол фильмде сөйлейтін кейіпкерлерге қойылар сұрақтар тізімі, түсірілуі мүмкін мекен-жайлар, фильм авторлары айтқысы келетін ой-пікірлердің қысқаша нұсқасы.
Синопсис – фильмді зертеуден соң жазылатын қарапайым жоспар жобасы. Бұл – нағыз сценарий болмағанымен, тапсырыстан гөрі толығырақ, фильмнің мақсаты айқын жазылған шығарма. Синопсис – күрделі де көлемді саяси немесе тарихи картиналарды түсіру қарсаңында идеяларды іріктеп бөлу мен баяндау десек те болады. Көбіне фильм түсіру үшін шарт жасалғаннан кейін, тапсырыс беруші синопсисті талап етіп жатады.
Әдетте, синопсис төмендегі ақпараттардан тұруы мүмкін.
фильмнің идеясы;
сюжеттің дамуы;
негізгі көріністер;
негізгі кейіпкерлер;
басты кейіпкерлер тап болар жағдайлар туралы;
олардың іс-әрекеттері мен оқиғалар сарыны;
оқиғалар дамуы мен шарықтау шегі;
негізгі сюжеттік өзгерістер, қарама-қайшылықтар, шиеленіскен жайлардың шешілу тәсілдері;
фильмнің драмалық құрылымы және ырғағы.
Фильм түсірер алдындағы ең басты жәйт – жақсы сценарий жазу екені анық. Режиссерлер пікірінше “үш” деген бағаға жазылған сценарийден “төрт” деген бағаға тұратын фильм түсіруге болады. Мұны Кеңес Одағынан қалған көнерген ұғым дегенімізбен, дәл қазір бізде осы жағдайдың қалыптасып отырғанын мойындауымыз керек. Режиссерлер әдебиеттегі классиктеріміз Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің прозасындағыдай сценарийдегі әрбір сөйлем тірі суреттен тұрса деп армандайды. Амал қанша, ондай тасқын – таланты таудай тұлғаларға ғана тән. Сондықтан да біздің режиссерлер көп ретте жазылып, тіптен демеуші, не қаржы төлейтін мекеменің басшылары бекітіп қойған сценарийлерге өз тарапынан өзгертулер енгізіп жатады. Мұндайда сценарийдегі ойға тиісті бейнекөрініс таба алмаған режиссердің әлсіздігі деп біржақты баға беру жөн болмас. Өйткені, әрбір режиссер өз фильміне жас нәрестедей мәпелеп қарайтындығына талай рет куә болдым. Ал, сценарий авторлары дәл режиссерлердей дауға бара бермейді. Көп жағдайда режиссердің айтқанына көнеді. Сондықтан да деректі фильмді түсірер алдында осынау идеялық салмақты лайықты көтере алар-ау деген режиссерді іздеп дәл табу – фильмнің көп көңілінен шығуына апарар төте жол.
Бұл айтылған мәселелер енді-енді қалыптасып келе жатқан деректі фильм жасаудың қазақстандық мектебінде жиі кездесетін жәйттер. Дүниежүзілік деректі фильм жасау жүйесінде ғылыми-тәжірибелік тұжырымдамалар қалыптасқан. Теориялық тұрғыда оны жетік білу артықтық етпесі ләзім. Осыны ескере отырып, әлемдік мектеп сұрыптауынан өткен ұсыныстармен де танысып өтейік.
Қазір елімізде түсіріліп жатқан фильмдер тікелей тапсырыс берушілердің дайын идеясы арқылы жүзеге асып жатқаны шындық. Сценарист, режиссерлер сол ұсыныс-идеяны сабақтастыра жалғастырып, толымды дүние әзірлейді. Тегінде экономикамыз қарышты дамыған сайын өнер мен мәдениетке бөлінетін қаржы көбейіп, сұраныста күшеймек. Міне, сол тұста ерекше идея сәтті сценариймен толығып, талантты режиссер қолына тисе, өркениетті елдердегідей бізде де ондай туындыларға қаражаты мол, меценат демеушілер табылары кәміл.
Деректі фильм үшін сценарийдің қажеттілігі неде?
Сценарий – фильмді жасауға қатысушылардың барлығына жетекші құрал қызметін атқарады.
Сценарий – фильмнің идеясын қарапайым да бейнелі түрде, қысқа да нұсқа, не жайында екендігін білуге көмектеседі. Алдын-ала өткізілген пікір алысулардың негізінде фильмге қойылған талап, оны орындаудың мүмкіндігін бағамдауға, түпкі идеяның қалыптасуына жол ашады.
Сценарий – режиссер үшін де, камерагер үшін де керек. Онда камерагер үшін бейнесәттерді түсірудің қыр-сырына аса қажет сұрақтарға жауаптар жеткілікті. Ал, режиссер үшін ол сюжеттің дамуына, ішкі қисынына, оқиғалардың жалғасу әдістерін анықтауға көмектеседі.
Сценарий –
‑ фильм бюджетінің көлемін:
- түсіру алаңдары мен күндерінің санын;
қажетті жарық беру құралдарының мөлшерін;
арнайы эффектілер түрлерін;
мұрағат материалдарын қолдану аясын;
қосымша аппаратуралар мен оптикалардың нақты қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Сценарий – монтаж режиссеріне фильмнің бағыт-бағдарына қажетті жүйесін және бейнекөріністердің ретін анықтап бере алады. Бірақ, тәжірибеде монтаждаушы сценарийді оқығанымен, монтаж парақшаларына сүйеніп жұмыс істейді. Кейбір себептерге байланысты монтаж парақшалары бастапқы сценарийден айтарлықтай өзгеше болуы да ықтимал.
Сондықтан сценарий әдеби шығарма емес, жұмыс құжаты болып есептеледі. Сценарий – фильмге қатысты бүкіл жоспарлар мен іс-әрекеттердің негізі.
Сценарий фильмнің мазмұнын баяндап, оны іске асырудың оңтайлы жолдарын ұсынуы керек.
Сценарий – фильмді жасаудың алғашқы тактикалық жоспары, фильмді әзірлеудің ең оңтайлы әдісі.
Жоғарыда атап өткеніміздей бейне түсірілімдер сценарийдегі алдын-ала жазылған мәселелердің бірқатарына өзгерту, қажетті жағдайда толықтыру енгізуге себеп болмақ. Мысалы: жоспарланған бейне эпизодтар діттеген сюжеттің дамуына сай келмеуі мүмкін. Сұхбаттасу сәтінде сергек те, жарқын көрінген кейіпкер таспада еңсесі төмен, ұсқынсыз шығатыны кездесіп тұрады. Бұл ойлаған идеяның бәрін кадрда көрсете алмайтын жағдайға әкеледі. Және де түсіру барысында қызықты персонаждар, оқиғаның ойламаған тұстан басқаша бағыт алуы сюжетті күрт өзгертеді. Сондықтан, ең нақтылы, тіптен ойластырылған жоспардың өзін мұндай жағдайларда алдын-ала көзге елестету қиын.
Әдетте, деректі фильмді жасау кезінде теория нақты іспен қабыса, үйлесіп шендесе бермейді. Қағаз бетінде тамаша бағаға ие болған, кереметтей көрінген сценарий түсірілген материалдардың бастапқы монтаждау кезінде-ақ түкке жарамай қалуы әбден мүмкін. Сөйтіп, фильм мәресіне тақаған сайын жинақталған материалдағы көріністерді аямай кесіп, сценарийді қысқартуға мәжбүр болатын жағдайлар болып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |