Дәріс №1 Пәнге кіріспе


Дәріс № 14. Н.Ә. Назарбаев – тарихтағы тұлға



бет43/48
Дата29.03.2022
өлшемі275,59 Kb.
#137149
түріСабақ
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48
Дәріс № 14. Н.Ә. Назарбаев – тарихтағы тұлға
(2 сағат)
1.Бірінші Президенттің бастамалары мемлекеттің жаңғыру жолында.
2. Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Тарих толқынында», «Әлем эпицентрі», «Сындарлы он жыл», «Қазақстанның даму жолы» еңбектері
3. «Тәуелсіздік толғауы» атты Елбасының 2014 жылғы 15 желтоқсанындағы сөйлеген сөзінің маңызы.


1. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған болатын. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбе­гейлі батыл қадамға барған да емес.
Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекорд­тық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың әлеуметтік опти­мизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Астана елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды.
Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік ал­ған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толған Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.
«Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткер­лердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Тұң­ғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өт­­пе­лі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлауларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келді.
Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді.
Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н. Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты.
Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жү­зеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.
Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, пре­зиденттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, со­нымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дү­ниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәр­тебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Прези­дентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңіре­гіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.


2. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнын табуы, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастыруы, сыртқы саяси басымдықтарының бара-бар жүйесін құруы және сыртқы саяси стратегиясының негіздерін қалауы тиіс болды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл міндеттер елдегі күрделі кезеңде оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаруының арқасында ойдағыдай шешілді деп санайды. Н.Назарбаевтың ең жоғары деңгейде тікелей өзі орнатқан байланыстар отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге көмектесті. Басты мақсат ретінде Президент Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қалыптастыру мен ұстап тұрудың жолдарын қарастырды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының негізгі ұстанымдарын Президент 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» атты еңбегінде айқындады, онда халықаралық аренада ҚР сыртқы саясатының бейбітшілік сүйгіш бағыты жарияланды: «Кез келген әскери жанжал апатты салдарларға әкеп соғатынын түсіне және өз жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілікті сақтау Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықты мақсаты деп танимыз; саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде соғысқа немесе әскери күштер қаупіне жол бермейміз; ядросыз мемлекет мәртебесін алуға және ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға ұмтыламыз; жаппай қырып-жоятын қаруларды бірінші болып қолданбау ұстанымын қуаттаймыз және осы міндеттемелерді барлық әлемдік қоғамдастық мемлекеттері қабылдауын жақтаймыз; белгіленген шекаралардың мызғымастығы ұстанымдарын, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қолдаймыз». Н.Назарбаевтың сыртқы саясат доктринасының жүйе құраушы элементі болған көпвекторлы саясат әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және ел үшін практикалық маңызы бар барлық мемлекеттермен достық және болжана алатын өзара қарым-қатынастарды дамытуды көздейді.
Ұлттық сананы өзгерту үшін ұлттық тарихымызды түгендеуіміз қажет. Осы мәселені, тарихшылар, әдебиетшілер емес, қазақтың тарих таңдаған перзенті, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Ол егемендік, тәуел­сіздік алған қазақ елінің тарихын өзінен бастаған жоқ. Ол 1999 жылы «Тарих тол­қынында» атты танымдық-зерделік кітап жазды. «...Мен қазақ болғандықтан, қазақ мемлекеттігінің ғұмыр-шежіресін ізге көтерген кезден бастағанның өзінде, қа­зақтың бес ғасырлық төл тарихын білуге тиіспін. Бұған қоса бүкіл түркі халық­тарының тарихи бесігі - түркі қағанатын естен шығаруға болмайды, ал бұл дегеніміз, асау аттай 1500 жыл бұрынғы тарихи кезең...» (Н.Назарбаев. Тарих толқы­нында. А. 1999. 5 б.). Н.Назарбаев осы талғам-таным кіта­бында тарихшылар алдында тұрған ке­лелі, кезеңді міндеттерді айқындап берді. Ол: - Ұлт мәдениетінің ұлы тұлғалық-ке­зеңдік тарих сахнасындағы орнын ай­ғақтау; - Бүгінгі таптаурын жолдан шығып, та­рихты безбендейтін жол тауып, тәсіл жасау; - Біз кімбіз, шұғыл тарихтың жолы бізді қайда апарды және қайда апармақ? - Жойдасыз ауыр міндетті тарихшы кемесі жолаушы келер ұрпаққа жеткізуге тиіс; - Тарихқа археологиялық зерттеулер тұрғысынан қарамай, өмір тану тұрғы­сынан қарау керек; - Бүгінгінің тұнығы мен тұманы қа­бат­тасқан тарихтың тұңғиығы мен та­мырластығын ашу қажет. Қазақ елі тарихының концептуальды жолы тайға таңба басқандай жазылған-ды. Қазақтың рухани тарихы қазақтың тарихи тұлға ретінде қалыптасқанынан жазылып отыр. Ұлы далада өз өрнегін салған, ұлттық құндылығын, тарихын жасаған, жерін қалыптастырып, қоғамдық қаты­нас орнатқан халық қана рухани дүние қалдырмақ.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» кітабы Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясаты, жаһандану, есірткі бизнесі, қауіпсіздік, Каспий аймағы, халықаралық құқық, жікшілдік саласында соңғы 10 жылда әлемде және Қазақстан Республикасында болған жағдайлары мен өзгерістері туралы айтады.
Елбасының Қазақстан жолы» кітабы Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды. Тоғыз тараудың әрқайсысы, тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын ашып көрсетеді. Бұл – Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын жасау жөніндегі жұмыс, қазіргі қолданыстағы ел Конституциясын қабылдау үрдісі, мұнай-газ ресурстарын игеруді бастау, ұлттық валютаны енгізу және табысты банк жүйесін құру туралы жазылған еңбек. Жекелеген тарауларда жекешелендіру мен жер реформасын жүргізу үрдісі әңгімеленеді, елорданы Астанаға көшіру және Қазақстан азаматының тұңғыш ғарышқа ұшуы айтылады. Кітап Президенттің ел жастарына арнаған үндеуі түрінде ойластырылған. Автор бұл кітаптың Қазақстан көшбасшыларының жаңа буыны үшін қолдан түсірмейтін құралға айналар деп сенеді.


3. 2014 жылғы 15 желтоқсанындаҚазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік толғауын» жариялады.
«Халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік Еліміздің болашағы мені үнемі толғандырады. «Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы керек?» деген сауалды мен өзіме сәт сайын қойып отырамын. Осы жайындағы ой орамдарын қағазға түсіріп «Тәуелсіздік толғауы» деп атағым келді. Ол азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға бүгінгі буынның ерен істерін лайқыты жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа арналады», - дей келе сол толғауын да жариялады. «Заман ағымы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата - 1991 жылдың 16 желтоқсанынан күн сайын, сағат сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдыретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол - егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол - өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады», - деп толғайды Елбасы. Бұдан бөлек, Елбасы Тәуелсіздік - сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі екенін, Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткеніндей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі екенін де атап өтті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет