Саяси қозғалыс деп өкімет билігі үшін күрес арқылы қазіргі жағдайды өзгертуге немесе үкіметке ықпал жасай отырып, оны нығайтуға тырысқан қоғамдық күштерді айтады. Басқа қоғамдық ағымдармен салыстырғанда саяси қозғалыстың айырмасы ол өкімет үшін немесе үкіметті жүзеге асыру тәсіліне ықпал ету үшін күреседі, яғни ол бұл жолда саяси тәсілдерді пайдаланады.
Саяси қозғалыстардың пайда болуына төмендегідей саяси жағдайлар себеп болады: 1) жеке адам өз ойын, көзқарасын өкімет орындарына тікелей жеткізе алмайды. Сондықтан өзі сияқтылармен топтасады; 2) экономикалық және әлеуметтік қайшылықтар, наразылықтар себеп болады. Мысалы, Жаңа Өзендегі (1989) әлеуметтік жағдайға наразылықтан онда «Бірлік» деген ұйым құрылды, ал Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында сол уақытта «Парасат деген ұйым дүниеге келді; 3) ұлттық мәселелердің шешілмеуі. Мысалы, Қазақстанда «Азат», «Желтоқсан» партиялары солай туған болатын.
Саяси қозғалыстар сияқты қоғамдық ұйымдар да адамдардың мүдделерін іске асырудың құралы ретінде пайда болады. Казіргі заманда ондай ұйымдар мен қозғалыстар өте көп. Ол қоғамның саяси өміріне қатысушы адамдардың мақсаттары мен қарым-қатынастарының әр алуандығын білдіреді
Қоғамдық ұйымдар әр түрлі келеді. Оған: партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары, кооперативтік бірлестіктер, шығармашылық (творчестволық) одақтар, әр түрлі ерікті қоғамдар (ғылыми, ғылыми-техникалық, мәдени-ағарту, спорттық, қорғаныс және т.б.) жатады. Қоғамдық ұйымдар арқылы миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өтеді.
Қоғамдық ұйымдардың түрлері
2 . Қоғамдық ұйымдар мынадай түрлерге бөлінеді:
1. Қоғамдық-саяси мүдделеріне сай құрылған ұйымдар. Бұған алдына саяси мақсаттар қойған ұйымдар жатады.
2. Экономикалық мүддесіне қарай құрылған ұйымдар.
3. Таптық белгісіне сай ұйымдар (кәсіподақтар, шаруалар одағы).
4. Қызмет түріне қарай құрылған ұйымдар (ғылыми-техникалық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ұлттық-мәдени, спорттық, қорғаныс, діни, т.б.).
Көпшілік ұйымдардың ішінде айрықша көзге түсетіні – кәсіподақтар. Кәсіподақ – бір мамандықтың немесе өндірістің бір саласында еңбек ететін адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйым. Алғаш рет кәсіподақтар капитализмге тұңғыш аяқ басқан Англияда XVIII ғ. басында пайда болды. Кейінірек олар өнеркәсібі дамыған барлық елдерде қалыптасады. Себебі, капитализмнің әкелген аяусыз қанауына төтеп беру үшін жалданушы жұмыскерлер бірігіп, ұйымдасқан түрде өз мүдделерін қорғауға мәжбүр болды. Кәсіподақтар олардың еңбегі мен тұрмысын жақсарту, жоғын жоқтау жолында өкілі, қорғаны болды. Кәсіподақтар өзіне мүше болса да, болмаса да еңбекшілердің экономикалық және әлеуметтік мүдделерін қорғайды. Олар жеке адамның өмір сүруіне қажет ілімдер, ережелер мен айлықтар жүйесін меңгеруге, еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәдени деңгейін көтеруге көмектеседі.
Қоғамдық қозғалыстардың ішінде кең тарағанының бірі – «Халық майдандары». Оларға жалпы қоғамға қатысы бар, әлеуметтік таптардың барлығының немесе көпшілігінің мүддесін қамтитын мәселелерді шешуге бағытталған бірлестіктер жатады. Олар жалпы демократиялық принциптердің негізінде құралады және жұмыс істейді. Онда қатал айқындалған ұйымның түрі мен мүшелігі болмайды. Оның құрамына қалың бұқара халықтың мүддесін көздейтін саяси партиялар, кәсіпорындар, жастар және т.б. ұйымдар да кіруі мүмкін.
Халық майдандарының мынадай түрлері болады:
3. 1. Қоғамда терең батыл өзгерістер кезінде саяси күштер дүниеге келіп, қалыптасады. Сол саяси күштерден пайда болған халық майдандары. Бұған мысал ретінде Африка, Азия елдерінде ұлттық азаттық алу барысында пайда болған халық майдандарын келтіруге болады. Олардан кейін әлеуметтік топтардың бөлшектенуі және саяси партиялардың мақсатының өзгеру барысында басқа қозғалыстар шығуы мүмкін.
2. Өздерінің саяси ықпалы жетіспегенде маңызды мақсатқа жету, саяси билікті алу үшін саяси партиялардың немесе олардың көсемдерінің бастауымен құрылған халық майдандары. Мысалы, оған 80 жылдары КСРО-да пайда болған халық майдандарын жатқызуға болады.
Соғысқа, фашизмге қарсы, демократияны қорғау үшін интернационалдық негізде қалыптасқан халық майдандары. Олар осы ғасырдың 30 жылдарында капиталистік елдерде пайда болып, соғыс алдындағы жылдары фашизмге қарсы күресті басқарады. Мысалы, Францияда халық майдандары 1936 жылдың көктемінде парламент сайлауында және оған сүйенген үкімет бұл елде фашизмнің дамуына жол бермеді. 1936-39 жылдары Испанияда халық майдандары бұқара халықты топтастырып, оларды фашизм мен реакцияға қарсы күреске жұмылдырды. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизм мен реакцияға қарсы күресте көптеген елдердің халық майдандары асқан зор рөл атқарды. Халық майдандарының ерлігі 1991 жылы тамыз айында Ресейде төңкеріс жасауға тырысқан бүлікшілерден демократияны қорғауда да айқын көрінді.
Баска елдердегі сияқты Қазақстанда да қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар баршылық. Алдына қойған мақсаттарына қарай оларды былайша топтастыруға болады:
1) экологиялық бағыттағы ұйымдар. Оларға жататындар: «Невада – Семей» қозғалысы, «Арал – Азия – Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті, «Табиғат» комитеті және т.б.;
2) ұлт мәселелерін шешуге тырысқан топтар. Оларға: Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысы, славяндардың республикалық қоғамдық «Лад» қозғалысы, «Русская община», «Единство» қоғамдық бірлестігі, республикадағы қазақтар қозғалысы, неміс, ұйғыр, грек, кәріс және т.б. мәдениет орталықтары;
3) тарихи-ағартушылық қоғамдар: «Мемориал», «Әділет», «Ақиқат» және т.с.с.;
4) әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: «Атамекен», «Алтын бесік», «Жерұйық», «Шаңырақ» және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |