Пысықтауға арналған сұрақтар: 1.Қоғам биліксіз өмір сүре ала ма?
2.Билік анықтамасы мен оның түрлерін ата.
3.Билік қорына не жатады?
4.Саяси билік пен мемлекеттік биліктің айырмасы неде?
5.Қазіргі Қазақстандағы билік легитимдігінің түрі қандай?
Дәріс №7 Тақырыбы: Мемлекет және азаматтық қоғам
Сұрақтар: 1.Мемлекеттің пайда болуы мен мәні; 2.Мемлекеттің негізгі белгілері мен қызметтері; 3.Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет 1. Мемлекет деген ұғым екі мағынада қолданылады: 1) кең мағынасында үлкен әлеуметтік топтың ұйымын білдіреді де «халық», «қоғам», «ел» деген ұғымдарға сәйкес келеді; 2) тар мағынасында басқару құрылымының, мемлекеттік аппараттың жиынтығын білдіріп, «үкімет», «әкімшілік» деген ұғымдарға сай келеді. Саясаттануда екінші мағынасында пайдаланылады. Бұдан кейінгі жерде біз де сол көзқарасты ұстанамыз.
Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратаны адамдардың мүдессін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм.
Мемлекет алғашқы қауымдық қоғамда болған жоқ. Ол құл иеленушілік қоғамда дүниеге келді. Оның пайда болуы және мәні жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде ең кең тарағандары мыналар:
Теологиялық теория. Оның негізін салушылар А.Августин мен Ф.Аквинский мемлекеттің пайда болуын құдайдың құдіретімен түсіндірді.
Патриархтық теория. Оның негізін салушы XVIII ғ өмір сүрген ағылшын ойшылы Роберт Филмер мемлекеттің пайда болуын рулардың тайпаға, тайпалардың одан үлкен қауымдастыққа, олардың одан әрі мемлекетке дейін бірігуінен деп санайды. Осыған ұқсас идеяны Аристотель де айтқан болатын.
Қоғамдық келісім теориясы (Т.Гоббс, Г.Гроций, Ж.ЖРуссо) егеменді әмірші мен оның қол астындағы адамдардың келісімнің арқасында мемлекет пайда болды дейді.
«Зорлық жасау» теориясы (Е.Дюринг, Л.Гумплович, К.Каутский) бір елді екінші елдің басып алуының нәтижесінде арадағы қатынастарды реттеу үшін мемлекет пайда болды деп пайымдайды.
Географиялық теория (А.Ратцель, В.Соловьев, Б.Чичерин) мемлекеттің прайда болуы географиялық ортаның (ауа райы, жер бедері және т.б) өзгешеліктерінен деп түсіндіреді.
Психологиялық теория адамдарға бағыну мен құлшылық ету қажеттігі мәңгі бақи тән болған дегенді айтады.
7. Марксистік теория мемлекеттің пайда болуын жеке меншік пен таптардың шығуымен байланыстырады, Ол экономика жағынан үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету үшін және басқа таптардың қарсылығын басу үшін керек деп санайды. Ф.Энгельс мемлекет әрдайым «ең қуатты, экономикалық жағынан үстем таптың мемлекеті болып табылады, сондай ақ ол тап мемлекеттің көмегімен саяси жағынан да үстем тап болып алады және осы арқылы езілген тапты басып жаңыштау және қанау үшін жаңа құралдарға ие болады» деп жазды. (К.Маркс пен Ф.Энгельс. Шығармалар, 21 – бет, 171 – бет).
8. Қазіргі шетелдік зерттеушілер мемлкеттің мәні таптық күресті бітістіруде, татуластыруда деп біледі. Оған барлық халықтың, ұлттық мүддесіне сай келетін қоғамдық тәртіпті жасайтын ұйым, құрал ретінде қарайды. Қоғамға қауіпті әлеуметтік шиеленістерді асқындырмауға тырысып және оларды бейбіт саяси жолмен шешу үшін мемлекет негізгі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарға белсене араласып, ортадағы әділ төреші сияқты болуы керек дейді.
Сонымен, мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтердің ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.
Мемлекеттің белгілері мен қызметтері
2. Мемлекеттің бірнеше белгілері бар Аумақтық (территориялық) бөлінуі. Алғашқы қауымдық қоғамда халық қандас туысқандығы жағынан ұйымдасып, ру ру, тайпа тайпа болып тұратын. Жоғарғы өкімет халық жиналысының қолында болған, яғни ол не шешсе, сол орындалатын. Ер азаматтар қаруын қасында сақтаған, тосыннан жау шапса, дер кезінде тойтарыс беру керек болған. Сондықтан халықтан оқшау қарулы күштер болмаған.
Қоғам таптарға бөлінгеннен кейін жағдай өзгерген. Өндірістің өркендеуі, еңбектің бөлінуі, сауданың өсуі, халықтың көбеюі ру мен тайпаның бұрынғы бірлігін бұзды. Түрлі рулар мен тайпалардың мүшелері кәсіптеріне қарай қоныстана бастайды. Соның арқасында олар бір бірімен араласады. Қол өнер мен сауда өркендеген соң қалалар пайда болды. Бұларға басқа ру, тайпалардан көптеген келімсек халық келіп қосылды. Ру жағынан бөлінудің орнына халық аумағы бойынша бөліне бастайды. Штаттар, губерниялар, болыстар пайда болды. Мемлекеттің заңдары мен өкілеттілігі сол аумақта тұратын адамдардың бәріне де қатысты.
Ерекше өкімет аппараты (жария билік). Құлдық дәуірінде құл иеленушілер мен құлдардың арасында тап күресі күшейді. Аз ғана құл иеленушілерге мыңдаған құлдарды бағындырып, дегенін істету үшін бұқара халықтан бөлек, оның үстінен қарайтын айрықша өкімет аппараты керек болды. Ол өзінің үстемдігін қарулы әскер, шенеуніктік аппарат, полиция, сот, барлау, шіркеу, баспасөз және т.б құралдары арқылы жүзеге асырды. Алғашқы қауымдық қоғамда олар болмаған.
Мемлекеттің егемендігі. Ол ішкі және сыртқы істерін атқарудағы толық тәуелсіздігі дербестігі. Сондықтан ол бүкіл қоғам атынан ресми істі жүргізе алады. Өзінің аумағындағы барлық адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге міндетті заңдар мен ережелерді шығаруға мемлекеттің ғана құқығы бар.
Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру. Қылмыс жасағандарды еркінен айырудан бастап, өлім жазасына дейін кесе алады. Оны орындауға жоғарыда екінші белгісінде көрсетілген құралдары бар.
Салық салу. Орасан үлкен мемлекеттік аппаратты ұстау үшін халықтан салық алынады. Бертін келе қазынаның тапшылығын толтыру үшін заем шығарып жаздыртады. Салық пен заем рулық құрылысқа жат құбылыс болатын.
Мемлекеттің міндетті түрде мүшесі, азаматы болуы. Жалпы мемлекет болу үшін оның өз аумағында (жерінде) тұратын халқы болуы керек. Ол халық бір ұлтты немесе көп ұлтты болуы мүмкін. Халықсыз мемлекет болмайтыны белгілі. Алайда мемлекетсіз халық болуы мүмкін. Мысалы, 1948 жылға дейін еврейлердің мемлекеті болмады. Ал курд халқының әлі күнге дейін өз мемлекеті жоқ.