Дәріс-12. ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ПЕН ИНФЛЯЦИЯ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ РЕТІНДЕ
Дәрістің мақсаты: Жұмыссыздық пен инфляция теориясын түсіндіру.
Жұмыссыздықтың мәні мен түрлері.
Жұмыссыздықтың зардаптары.
Инфляция түсінігі және қазіргі кездегі инфляцияның салдары.
Инфляция түрлері. Инфляция қарсы саясат.
Жұмыссыздық - еңбек нарығының біртұтас элементі болып табылады. Жұмыссыздық өте күрделі құбылыс және қоғам даму барысында әр түрлі экономикалық мектептердің көзқарастары әр түрлі болған. Осы көзқарастарға қысқаша тоқталып назар аударайық.
Мальтузиандық мектептін ірі өкілі Т. Р. Мальтус жұмыссыздықтың пайда болуын халық санының артып кетуімен байланыстырды. Халықтың саны геометриялық прогрессиямен өседі (яғни 1,2,4,8,16…), ал өмір сүру жабдықтар тек арифметикалық прогрессиямен өседі (яғни 1,2,3,4…). Сондықтан тұрғындардың жоғары қарқынмен өсуі жұмыссыздықтың себебі болып табылады.
Батыс мектептің өкілдері жұмыссыздықты жұмысшының еркін таңдауы деп есептеді. А. Пигу жұмысшылар шектен тыс жоғары жалақыны талап етеді, сондықтан жұмыс күшіне сұраныс төмендейді. Бірақ XX ғасырдың 30 жылдарындағы жаппай жұмыссыздық бұл теорияның дұрыс еместігін дәлелдеді.
Кейнстік мектеп жұмыссыздықты тауарға сұраныстың төлем қабілеттілігінің жеткілісіздігімен және жалақының жоғары деңгейімен
түсіндіреді. Жұмыспен қамтудың негізгі параметрлері тауарлар мен қызметтердің тұтынулық және инвестициялық нарығындағы сұраныстың көлемімен белгіленеді. Еңбек нарығындағы сұранысты жиынтық сұраныс, инвестициялар және өндірістің көлемдері реттеп отырады. Жұмыссыздықтың болуы жиынтық сұраныстың жеткіліксіз болуымен байланысты, яғни жұмыссыздықтың төмендеуіне жиынтық сұраныстың өсуі және жиынтық сұраныстың құрылымы әсер етеді. Жұмыссыздықтың деңгейі мемлекеттің инвестициялық іс-әрекеттерінің молаюы және экономикалық дамуы арқылы реттеледі.
Монетарлық теорияны жақтаушылар жұмыссыздықтың себебі мемлекеттің ақша саясатын дұрыс жүргізбеуінде деп түсіндіреді. Ақша массасын дұрыс басқара отырып өндіріс процессін реттеуге болады. Жұмыссыздық пен инфляцияның өсу қарқыны арасында тұрақты өзара байланыс болады. Экономикалық теорияда бұл құбылыс Филлипс қисық сызығы деп аталады (ағылшын экономисі А.Филлипстің атымен аталған және жұмыссыздықты қысқарту салдарынан болатын бағаның жедел өсуінің «заңдылығын» ол алғаш рет 1958 жылы график түрінде бейнелеген болатын). А.Филлипс 1881-1957 жж. арасындағы Ұлыбританиядағы жұмыссыздық деңгейі мен жалақының ақшалай мөлшерінің арасындағы тәуелділіктің қисық сызығын тұрғызған.
Достарыңызбен бөлісу: |