Аш ішек және мықын ішек. Бұл екеуін ішастардың шажырқайлық бөлігі деп біріктіреді, өйткені бүкіл бұл бөлім 12-елі ішектен өзгеше ішастармен жабылып, шажырқай арқылы артқы іш қабырғасына бекиді.Аш ішек пен мықын ішектің айырмашылығы: аш ішектің d-і үлкен, қабырғасы қалың, қан тамырлары көп болады.
Құрылысы: жіңішке ішектің шырышты қабығы оны жауып тұратын көптеген ішек бүрлерінен барқыт тәрізді көрінеді. Бүрлер - ұзындығы 1мм, шырышты қабықтың өсінділері, бір қабат цилиндрлі эпителиймен жабылған және орталығында лимфа қойнауы мен қан капиллярлары болады. Бүрлердің қызметі - өт, ұйқы безі мен ішек бездері бөлетін сөлдің әсерінен ыдыраған қоректік заттарды сіңіру, белоктар мен көмірсуларды вена тамырлары, ал майларды лимфа тамырлары сіңіреді. Бүрлер бәрінен де аш ішекте көп болады, олар жұқа және ұзындау.
Жіңішке ішектің шырышты қабығының сіңіру ауданы ондағы дөңгелек келген көлденең қатпарлардың арқасында едәуір үлкейеді. Бұл қатпарлар тек шырышты қабық пен шырыш асты негізінен ғана тұрады.
12-елі ішектің шырышты қабығында дөңгелек қатпарлардан басқа, оның басталатын жерінде - ампуласында бойлық қатпарлар болады және төмендеген бөлігінің медиалды қабырғасында екі бүртік бар: жоғарғы үлкен бүртікке жалпы өт түтігі мен ұйқы безінің негізгі түтігі ортақ тесікпен ашылады. Үлкен бүртіктен жоғары кішілеу 2-ші бүртік жатады, оған ұйқы безінің қосалқы өзегі ашылады. Бүкіл жіңішке ішек және тоқ ішектің бойындағы шырышты қабықта көптеген ұсақ түтікті бездер орналасқан, олар ішек сөлін бөліп шығарады. Жіңішке ішекте зиянды заттар мен микробтарды зарарсыздандыратын лимфа аппараты болады. Ол жеке түйіншелерден және олардың жиынтығы шоғырланған лимфа түйіншелерінен тұрады.
Тағам жіңішке ішектен тоқ ішекке келеді. Қабылданған контрасты масса 30 минутта аш ішекке келіп, 1,5 сағатта мықын ішекті толтырады, 4 сағатта соқыр ішекке келе бастап, 7- 8 сағатта толық тоқ ішекке өтеді.
Тоқ ішек, intestinum crassum, ас қорыту жолының соңғы бөлігі, жіңішке ішектің шетінен артқы тесікке дейін созылып, мына бөліктерден тұрады: 1) соқыр ішек, caecum, оның құрт тәрізді өсіндісі бар; 2) жоғарылаған жиек ішек; 3) көлденең жиек ішек; 4) төмендеген жиек ішек; 5) сигма тәрізді ішек; 6) тік ішек. Тоқ ішектің жалпы ұзындығы 1,0 - 1,5 м, ені соқыр ішек аймағында 7 см, біртіндеп тарылып, төмендеген ішекте - 4 см.
Ерекшеліктері: 1) ерекше бойлық бұлшықетті таспалары бар; 2) өзіне тән қампаймалары бар; 3) майы бар сірлі қабық өсінділері бар. Таспалар саны үшеу (бос таспа, шажырқайлық таспа, шарбылық таспа), олар құрттәрізді өсінді түбінен баста -лып, тік ішек басталатын жерге дейін созылады. Тоқ ғбішек қампаймалары іш жағы- нан қапшық тәрізді ойыс, сырт жағынан дөңес. Олар қорытылмаған ас қалдықтарының өңделуіне көмектеседі. Егер таспаны кесіп тастаса, қампайма жоға -лады. Шарбылық өсінділер сірлі қабықтың бос және шарбылық таспа бойын -дағы ұзындығы 4 - 5 см өсінділері.
Тоқ ішектің ішкі шырышты қабығында сіңіру үрдісінің әлсіреуіне байланысты (негізінен су сіңіріледі) бүрлер болмайды, сондықтан ол тегіс болады. Жұмыс істеп тұрған тоқ ішекте бойлық және қиғаш қатпарлар пайда болады.
Бұлшықет қабығы екі қабаттан тұрады: сыртқы – бойлық, ішкі – дөңгелек. Дөңгелек қабат тарылтатын тұтас, ол тығыз нәжіс бөліктерін жылжытуға байла- нысты қалыңдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |