Дәріс 4 Тақырып: Қазақстанның Орталық Азиядағы қауіпсіздік стратегиялары



бет1/5
Дата31.01.2022
өлшемі23,58 Kb.
#116524
  1   2   3   4   5
Байланысты:
Дәріс 4 Кауіпс стратегия
Орта Азиядағы Эколгиялық, Дидар дип работа, Дидар статья 1, abuev

Дәріс 4

Тақырып: Қазақстанның Орталық Азиядағы қауіпсіздік стратегиялары

1.Орталық Азия елдеріндегі экономикалық ынтымақтастығының қиыншылықтары мен даму жолдары

2. Орталық Азияда ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі Қазақстанның саясаты

3.Орталық Азияда Қазақстанның саясаты: екі жақты және көпжақты ынтымақтастық

Орталық Азия аймағы – қауіпсіздік тұрғысынан алғанда дүниежүзінің ең маңызды да күрделі аймақтарының бірі. Еуропаны Қытаймен, Ресейді Ислам әлемімен байланыстыратын Орталық Азия аймағы геостратегиялық орналасуы жағынан бірнеше ірі аймақтардың қауіпсіздік жүйелерінің түйіскен нүктесінде орналасқан. Сонымен қатар Орталық Азияның Ресей, Қытай, Еуропа, Үндістан, Иран, Пәкістан және Түркия сияқты ықпалды күштердің арасында тығыз орналасуы бұл аймақтың геосаяси рөлін де арттыра түсуде. Әсіресе Ресей, АҚШ және Қытай сияқты үлкен  күштердің  осы аймаққа қатысты геосаяси жобалары мен геоэкономикалық мүдделері үнемі ескерілуі қажет.

Иранның ядролық бағдарламасына байланысты туындаған келіспеушіліктер, Ауғанстандағы белгісіздік кезеңінің әлі аяқталмауы, Кавказдағы шиеленістің аймаққа жағымсыз ықпал ету қаупі, радикалды исламизм пен діни экстремизмнің көрініс беруі, Каспий теңізі мәртебесінің әлі күнге шейін айқындалмауы, тіпті, Шығыс Түркістан мәселесі, Орталық Азия елдер арасындағы су және жер ресурстарына қатысты келіспеушіліктердің болуы сияқты бірнеше күрмеулі  мәселелер аталмыш географияның қаншалықты күрделі екендігін көрсетеді.

Орталық Азия үшін қауіпсіздік ұғымы тұрақтылықты білдіреді.  Тұрақтылық дегеніміз осы аймақтың әр түрлі сыртқы және жағымсыз әсерлерге қарсы қорғана білуі. Орталық Азия қауіпсіздігінің елдік, аймақтық және сыртқы үш өлшемін атауға болады.

Орталық Азияның ең тұрақты елі ретінде Қазақстанды атаған қисынды. Орталық Азияда мемлекет деңгейінде ұлтаралық тұрақтылықты сақтап, әртүрлі қақтығыстардан өзін алыс ұстаған елдерге Қазақстанды және салыстырмалы  түрде Түрікменстанды жатқызуға болады. Тәжікстанда 90-шы жылдарда болған азаматтық соғыс, кейін, Таулы Бадахшан аумағындағы оқиғалар, қазіргі кезге дейін шешілмеген терең әлеуметтік  және  экономикалық  мәселелер; Қырғызстанда 2000 жылдардың соңындағы «демократиялық» өзгерістерге байланысты туындаған дағдарыстар, Жалалабад пен  Оштағы қайғылы оқиғалар, халықтың күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалы; Өзбекстанда 2005 жылы орын алған Әндижан оқиғалары, халық санының жылдам өсімі, су ресурстарына байланысты туындаған экономикалық қиындықтар аймақтағы мәселелердің өте күрделілігін көрсетеді. Десек те, Қазақстанда да ешкім күтпеген жағымсыз оқиғалар орын алды. Мысалы, діни әсірешілдердің бірнеше лаңкестік оқиғалар ұйымдастыруы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы Қазақстанда да кейбір шешілмеген қауіпсіздік мәселелердің болғанын көрсетті.

Сарапшы Ерлан Кариннің ойынша, Орталық Азияның мәселелерін екі топқа бөліп қарастыру қажет. Біріншіден, «аймақтағы елдердің кейбір қатынастарының белгілі деңгейде бұзылғандығын» айту керек. Су ресурстары мен жер мәселесі кейбір елдердің арасында үлкен келіспеушіліктер туғызуда. Бұл келіспеушіліктер шешілмеген жағдайда аймаққа төнген қауіпқатерлерге қарсы ұжымдық қорғану  мәселесі  де өте күрделене түседі. Әсіресе, шекара мәселелерінің толық күйде шешілмеуі аймақтағы елдер арасындағы қатынастардың тепе-теңдігіне кері әсер етіп, аймақтық сенім мен тұрақтылыққа зиян келтіреді. Өзбекстанға келсек, аймақта тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі, Ауғанстандағы жағдайдың жақсаруы, шекараларға жақын су ресурстарының тиімді пайдалануы, ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыс істеуде. Десек те, Өзбекстанның Тәжікстан мен Қырғызстанмен арадағы қатынастары көптеген күрделі мәселелерді де қамтиды.

Орталық Азия елдері арасындағы қатынастар ішкі саяси дағдарыстың күшеюіне және жаңа сайлаулар кезеңінің жақындауына байланысты жергілікті элиталар арасындағы шиеленістің артуы жағдайында дамуда. Орталық Азияның қауіпсіздігі бұл аймақтағы елдердің өздеріне байланысты болуымен бірге Ресей, Қытай және АҚШ сияқты күшті орталықтардың да үйлестірілген және теңдестірілген қолдауына сүйенеді. ШЫҰ және ҰҚКҰ секілді аймақтық қауіпсіздік саласында қызмет жасап жатқан халықаралық құрылымдар Орталық Азияда қауіпсіздіктің нығаюы үшін мейлінше жасампаз, икемді және жұмсақ ұстаным ұсынып, аймақтағы елдердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын барынша қолдауы тиіс. Өйткені ресми мәліметтер бойынша, атал-  мыш үш алпауыт ел де Орталық Азияның экономикалық дамуын, саяси тұрақтылығын, әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуін қалайды.

Әзірше, аймақтағы елдер қауіпсіздік сияқты басқа да мәселелер бойынша өте нәтижелі ынтымақтастық жүргізіп отыр деп айта алмаймыз. Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері тек Ауғанстандағы жағдаймен ғана байланысты емес, бұған қоса аймақтың ішкі мәселелерімен де тығыз байланысты. 2014 жылы İsaF (Қауіпсіздікке қолдау көрсету жөніндегі халықаралық күштер) коалиция күштерінің Ауғанстаннан шығарылуы Орталық Азиядағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауына да алып келуі мүмкін. Бұл жағдай Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздік жүйесінің біршама әлсіреуі тұрғысынан алғанда қауіпті. Есірткі сияқты заңсыз сауданың Ауғанстаннан бастау алатыны да жалпыға мәлім .

Кейбір сарапшылардың айтуынша, 2014 жылдан соң АҚШ Орталық Азиямен тығыз қатынастардыдамытып,аймақтыңмәселелерімен жақыннан айналыса бастауы ықтимал. Басқа саясаттанушылардың  айтуынша,  Орталық Азия АҚШ үшін тек табиғи ресурстардың экспорттаушысы болып қана  қалады.  Десек те, үлкен геосаяси ойынның бір бөлігі болып табылатын Ауғанстан жобасы «Үлкен Орталық Азия» идеясымен де байланысты. Ресей болса, аймақтың қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті өз мойынына алып, Еуразия Одағы және ҰҚКҰ сияқты жобаларының көмегімен аймаққа экономикалық және әскери құралдар арқылы ықпал етпекші. Кейбір мамандар Ресей мен Қытайдың Орталық Азияны бірге бағыттау мәселесінде бейресми түрде өзара келісіп алғандығын алға тартуда. Бұл мәлімет рас болса, АҚШ-тың да Орталық Азияда болуы қажеттілікке айналуы мүмкін. Қытайға келсек, Түрікменстан-Қытай табиғи газ құбыры және Батыс Қазақстан-Қытай мұнай құбырлары сияқты өзінің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты жобаларға көбірек мән беруде. Бұл жайт, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан сияқты табиғи ресурстарды экспорттайтын елдер үшін мүмкіндігінше тәуелсіз және анағұрлым тиімді энергетикалық саясат жүргізу, әртүрлі рисктер мен тәуекелдерді азайту тұрғысынан өте маңызды. Аталған үш елдің барлығы да өз энергетикалық жобаларының жүзеге асырылуы үшін аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне көп көңіл бөлуде.

Осылайша, үлкен күштер бұл аймақтың қауіпсіздігі мен тепе-теңдігін сақтау үшін ортақ жауапкершілікке ие болып отыр. Бірақ аймақішілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде негізгі жауапкершілік Орталық Азия мемлекеттерінің мойнына жүктелген. Орталық Азияның қауіпсіздігі алдымен осы аймақтағы елдердің  өздеріне  байланысты.  Бұл мәселеде Қазақстанның қосқан үлесі өте қомақты. Қазақстан шекараларға қатысты барлық мәселелерді түбегейлі шеше алған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Сондай-ақ Қазақстанның ешбір көршісімен ешбір күрделі мәселесі жоқ. Қазақстандықтардың немесе қазақ халқының төзімділігі мен кеңпейілдігінің арқасында елімізде ешбір этникалық топпен немесе өзге ұлтпен айтарлықтай қақтығыстар орын алған емес.

Қазақстанның ШЫҰ, ҰҚКҰ, НАТО, ЕҚЫҰ, ИЫҰ секілді халықаралық құрылымдармен ынтымақтасуы Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өте маңызды. Орталық Азияның қауіпсіздік жүйесінің ары қарай жетілдірілуі үшін аймақтағы елдердің өзара ынтымақтастықты арттырулары қажет.

Орталық Азияның тұрақтылығы туралы сөз болғанда көбінесе сыртқы геосаяси күштер мен олардың аймақтық саясаты туралы көп айтылып, аймақтың ішкі факторлары ұмыт қалдырылады. Қазақстанның қауіпсіздік және тұрақтылық саясатының негізін қазақ халқының бейбіт қатар өмір сүру дүниетанымы мен пацифистік философиясы құрауы тиіс. Қазақстанның тұрақты, ашық, төзімді және бейбіт ел ретінде танылуының негізінде жергілікті фактор – қазақ ұлтына (қазақстандықтарға) тән терең қауіпсіздік ұғымы мен нәзік тепе-теңдік түсінігі жатыр. Орталық Азияның қауіпсіздігіндегі Қазақстанның үлесі мен стратегиялары өте үлкен маңызға  ие  болуда.  Қазақстанда  тұрақ тылықтың орнауы бірінші кезекте бейбіт халық қазақтардың арқасында (есебінен) және солардың ұлтқұраушы мүдделеріне сай жүзеге асып отыр .

Сөзіміздің дәлелді болуы үшін нақты айғақтарды келтірейік. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚКҰ, АӨСШК және ШЫҰ сияқты ұйымдарды басқара білген орташа мемлекет. Қазақстанның еуразиялық, түркі, мұсылман, Орта Азиялық сипаттары оның философиялық, мәдени және саяси ұстанымына да әсер еткен. Қазақстан Еуразия құрлығында жаңа қауіпсіздік архитектурасының құрылуы, ТМД аумағында жаңа қауіпсіздік ұғымының қалыптастырылуы, Еуропа-Шығыс  әлемдері   арасында   түсіністік көпірінің құрылуы, АӨСШК шеңберінде Азия кеңістігінде сенім мен қауіпсіздіктің нығайтылуы, «Жібек жолы» ескі сауда жолдарының қайта жаңғыртылуы, Орталық Азия одағы идеясының жетілдірілуі, Еуразияда дінаралық диалогтың орнауы, Түркі елдерінің ынтымақтасуы, Ауғанстанға гуманитарлық көмектің көрсетілуі, Иран ядролық бағдарламасының талқылануы, Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына үлкен үлес қосып келеді. Қазақстан өзінің ядролық арсеналынан өз еркімен бастартқан бейбіт елдердің бірі ретінде ядролық қарусыздануда да көшбасшы қатарында. Қазақстанның ядролық қарудан бастартуы агрессиялық ел болудан гөрі жауы жоқ, бейбіт ел болғысы келгендігінің  бірден-бір  дәлелі. Бұл да елбасының ерік-жігерімен қатар қазақ халқының бейбіт дүниетанымдық көзқарасымен тікелей байланысты.

Қазақстанда 2013 жылы Иран ядролық мәселесіне байланысты 5+1 тобының екі кездесуі, Ауғанстан мәселесі бойынша кездесулер, Астанада Еуразия халықаралық медиа форумы өтті. Бұл шараларды өткізу арқылы Қазақстан халықаралық қауымдастыққа маңызды белгі берді. Қазақстандықтар, оның ішінде қазақтар бүкіл әлемге бейбітшілік, төзімділік, қауіпсіздік, сыйластық, ілгерілеужәне диалог сияқты рухани түсініктерді жеткізгісі келеді. Бұл жерде қазақ ұлтының үлесін әсірелеп тұрған жоқпыз. Қазақстан – тыныштық пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет. Қазақстан диалог, түсіністік, қауіпсіздік пен сенімді орнату бағытында   өз   саясатын   жүргізуде.   Әлемнің күшті орталықтарынан «тұрақтылық» сөзін жиі естілгенімен, «диалог» (түсіністік) сөзі сирек естіледі.

Қазақстан Астана eXPo-2017 көрмесін ұйымдастыру арқылы өзін әлемге танытқысы, жарнама жасағысы, көкжиегін кеңейткісі, әлемдегі өзгерістерді дұрыс түсінгісі, дүниежүзіндегі үрдістерге интеграцияланғысы, әлемге ашылғысы келеді. Бұлар мәселенің жәй үстіртін себептері ғана.

Кейбір шетелдік сарапшыларды геосаяси ықпалы шектеулі Қазақстанның неліктен осыншама көп геосаяси істермен айналысатындығы, жоғары деңгейдегі жиындарды жиі ұйымдастыратындығы, соларға үлкен қаржы салатындығы қызықтырады. Қазақстан жүргізіп отырған тұрақтылық саясатының дұрыс түсінілуі аймақтағы көршілес елдерді жаңа диалог пен ынтымақтастық кезеңіне жетелеуі мүмкін.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет