Сабақ №1. Зоогигена зертханасындағы қауіпсіздік ережелері



бет1/5
Дата14.05.2017
өлшемі1,05 Mb.
#16262
түріСабақ
  1   2   3   4   5
Зертханалық сабақ №1. Зоогигена зертханасындағы қауіпсіздік ережелері

Студенттерді кафедра жағдайындағы зертханалардағы қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, қауіпсіздік журналына қол қойдыру. Зоогигиена пәнінің еркешеліктері және зертханалық сабақтардағы өткізілетін жұмыс түрлері және тақырыптармен таныстыру.



Зертханалық сабақ №2.Ауаның барометрлік қысымы және температураны анықтау.

Қаралатын сұрақтар:

1.Мал қоралардың микроклиматына бақылау

2. Ауаның физикалық қасиеттеріне сипаттама

3. Ауа температурасын анықтау

4. Атмосфералық қысымды анықтау


1.Мал қоралардың микроклиматына бақылау

Сыртқы ауа-әртүрлі физикалық, химиялық, механикалық және басқа факторлардың жинағынан тұрып, мал организмінің физиологиялық көрсеткіштеріне, оның денсаулығы және өнімділігімен өсіп-өну қабілетіне әсер ететіні белгілі. Ауа мен оның әрбір элементтері климат және ауа райы мен микро¬климатты туғызуға қатысады.

Мал қоралардың микроклиматы деп шектелген ортаның климатын айтады. Ол - ауаның температурасы, ылғалдылығы, қозғалысы, жарықтануы, шуылы, иондалуы, көмірқышқылы, аммиак, күкіртті сутегі және басқа газдар мен шаң-тозаң және микробтардың жинағынан құралады.

Мал қоралардың микроклиматы жер орайы, ауа райы, қоралардың жабдықталуы, малдарды ұстау технологиясы, желдету жүйелері мен жылу өткізгіштік қасиеттері мен көң шығару тәсілдері, мал басының саны, оны азықтандыру түрлері мен күн тәртібі және малдарды санитарлық ереже-лерге сәйкес күтіп бағуына тікелей байланысты болады.

Қораның микроклиматына оның бөлшектерінің темпе¬ратурасы мен онда орналасқан малдардың денесіндегі жылу алмасу процесстері әсер етеді. Мал басы мен өнімін пайдалы түрғыда өсіріп-өндіру көбінесе оларды дұрыс күтіп-бағуына, ал ол оның қалыпты микроклиматына тығыз байла¬нысты болады. Малдардың қандай тұқымдық қасиеттері жоғары болғанымен оларға дұрыс микроклиматты жағдай жасалмаса, ондай мал өзінің денсаулығын сақтап, оған тән тұқымдық ерекше өнімділік қабілетін көрсете алмайды.

Микроклиматтың мал организміне дауасы оның барлық факторларының жиыны қосылып немесе әрбіреуінің жеке-жеке әсер етуінен тұрады. Микроклимат мал организміндегі барлық физиологиялық процесстерге (жылу, газ, зат алмасу, тыныс алу, қан айналысы мен ас қорыту) және өнімділігі мен денсаулығына әсерін тигізеді. Жағымсыз микроклимат малдың өнімділігін, өсіп-өну қабілетін төмендетіп, азық шығынын арттыруға апарып соғады. Онымен қоса мал қораларының пайдалану уақытының қысқаруына әсерін тигізеді.

Мал қораларын жобалау, салу және пайдалануға қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып және жүйелі бақылауды жүргізген түрде ғана мал организміне сәйкес микроклимат жасауға болады. Жасанды микроклимат организмнің физиологиялық қабілеттігіне сәйкес, оның денсаулығы жоғары болып, одан мол өнім алуға қолайлы жағдай туғызуы керек.

Мал қоралардың микроклиматының қалыпты шектері осы оқу құралында көрсетілген.



2.Ауаның физикалық қасиеттеріне сипаттама

Ауаның физикалық қасиетіне оның температурасы, ылғалдығы, қозғалысы, барометрлік қысымы, жарық энергия, механикалық қоспалар (шаң-тозаң, тұман, түтін), биологиялық қосындылар (микроорганизмдер, өсімдік қалдықтары, көң, төсеніш, азық, шыбын-шіркей т.б.) жатады.

Бұл факторлардың әрбіреуінің қасиеттері әртүрлі болса, олардың денеге тигізер әсерлері мен анықтау тәсілдері де әрқилы. Сондықтан осылардың әрбіреуіне жеке-жеке тоқталған дұрыс. Бұл факторларды анықтау кезінде дұрыс нәтиже алу үшін тәулігіне үш мезгілде зерттеген (өлшеген) жөн. Өлшеу жұмысы қораның ішінде диагонал өтімі бойымен қарама-қарсы екі бұрышынан және ортасынан жүргізіледі.

Қабырғадан, терезеден, жылыту жүйесінен 0,8 - 1,5 м қашықтықта өлшеу жүргізу қажет. Осы көрсетілген нүктелерде өлшеу жұмыстары үш биікте жасалады:

а) Сиыр қораларында еденнен 0,5м, 1,2 м және 1,5 м биіктікте.

б) Шошқа және қой қораларында еденнен 0,3; 0,7 және 1,5 м биіктікте.

в) Құстарды еденде ұстауға арналған қораларда еденнен 0,2 м және 1,5 биіктікте, ал бірнеше қабатты клеткалы батареяларда ұстағанда әрбір қабат тұсында, биіктігінде анықталады.

3.Ауа температурасын анықтау

Сыртқы және қора ішіндегі ауаның температурасын анықтау үшін сынапты, спиртті және электрлі термометрлер пайдаланылады. Сынапты термометрлер кең тараған. Өйткені олар жоғары дәлділікпен 35 градустен плюс 375 градусқа дейін температура алшақтығын анықтауға мүмкіндік бере алады. Ал спиртті термометрлер аса дәлдікте болмаса да, сынапты термометрмсн анықтауға болмайтын (сынаптың қату нүктесі минус 37,4 градус С) төменгі температураны минус 70 градусқа дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Термометрлердің бағанасы градус цельсиясымен бөлінеді. Градус цельсия (градус С) дегеніміз судың қайнау нүктесі мен (100 гр. С) қату температурасының (0 гр.С) аралығының жүзден бір бөлігіне тең болады. Маңызын қарап 1 градус цельсия осы күнгі температура өлшемі бойынша бір градус Кельвинға (К) теңеледі. СИ жүйесі бойынша ноль градус цельсия - 273,15 К, ал 100 градус цельсия-375,15 К болады.

Максимальды термометрдің шыны түтікшесінің (капилярды) ішінде көрсеткіш ине болады. Сынап, температурасы жоғарлаған кезде, ол көрсеткіш инені шыны түтіктің бойымен жоғары жылжытады да, ал температура төмендегенде сынап сығылып темендейді де көрсеткіш ине орнында қалыпты жоғары температураны көрсетіп тұрады.

Максимальды термометрдің шыны түтікшесінің (капилярды) ішінде көрсеткіш ине болады. Сынап, температурасы жоғарлаған кезде, ол көрсеткіш инені шыны түтіктің бойымен жоғары жылжытады да, ал температура төмендегенде сынап сығылып темендейді де көрсеткіш ине орнында қалыпты жоғары температураны көрсетіп тұрады. Мұндай термометрмен ауаның температурасын өлшегенде оны жатқызып қойған дұрыс.

Кейбір сынапты термометрлердің сынап сақтайтын бөлішгінің шыны түтікшеге айналатын жері тар қосылған болады. Температура жоғарылағанда сынап тар жерда сынап өтеді де, тек қана жоғарғы температураны ғана көрсетеді. Оны қалпына келтіру үшін әрбір пайдаланудың алдында басы термометрді сілку керек. Минималды термометр, яғни спирт тұратын бөлігі (резервуары) ауаға көпқатысты болу үшін тармақты болып жасалады. Термометрдің шыны түтікшесінің ішінде боялған шыны таяқша көрсеткіш (штифтік) болады. Температураны өлшемес бұрын ол көрсеткіш таяқша термометрді аударып тіктей ұстау арқылы спирт деңгейінің кедергінің үстіне шығарады да, өлшейтін жерге жатқызып қойылады. Температура жоғарлаған кезде спирт көрсеткіш таяқшаның жанынан өтіп кетеді де, ал төмендеген кезде спирт таяқшаның төменгі басының аралығындағы тартылғыш күш әсерімен көрсеткіш таяқшаны төмен жылжытып отырады.

Сондықтан көрсеткіш таяқшаның жоғарғы басы әрқашанда төменгі температураны көрсетеді.

Аралас максималды-минималды термометр. Оны мал қораларда ауа температурасының ауытқуын бақылап отыру үшін пайдаланады. Бұл термометр оң басы дөңгелек, сол басы сопақша болып аяқталатын имек шыны түтіктен тұрады. Оның төменгі орта бөлігі сынаппен толтырылса, сол жақ сопақша бөлігі мен оң жақ дөңгелек басының жартысы спиртпен толтырылады да, оның жартысында спирт буы болады. Сынап бағанасының екі басыңда да түтікті болат көрсеткіш тұрады. Термометрді пайдаланған кезде екі болат көрсеткішті де асыл магниттің көмегімен сынап бағанасының үстіне шығарып қояды. Жұмыс жасау принципі мынада: температура жоғарлағанда сол жақ сопақша түтіктегі спирт ұлғайып сынап бағанасына қысым түсіреді де, оны оң жақ дөңгелек түтікке қарай сығылыстырады да, онымен бірге болат көрсеткіш те көтеріледі. Ал температура төмендеген кезде спирт пен сынап қайта төмен түседі де, болат көрсеткіш өзінің түтігіне ілініп орнында қалып ең жоғарғы температураны көрсетіп түра береді. Ол кезде сынап сол жақ сопақша түтікке қарай ауытқып, үстіндегі көрсеткішті қоса жоғарлатып, зерттеу кезіндегі температураны көрсетеді.

Қора бөлшектерінің жайдақ беттерінің (еден үсті, қабырға, төбе т.б.) температурасын анықтау үшін спирт, сынап тұратын жерлері, затпен түйісу беттерін молайту үшін жалпақ термометрлер қолданылады.

Термометрдің көрсеткішін бақылауға қолайлы болу үшін оның төменгі бұрандалы басы термометрдің жалпы бойына 90 градус бұрышпен орналасады. Оны қабырғаға, еденге, төбеге басқада жабысқыш заттардың көмегімен жапсырып қояды. Бірақ оған ауаның температурасының әсерін тигізбеу үшін бұрандалы басының сыртқы бетін қалпақпен немесе шүперекпен қоршап қояды.

Электр термометрлер. Олардың қабылдағыш бөлігі ауаның температурасының әрбір ауысуын өзінің электрлік кедергісінің өзгеруі арқылы көрсетіп отырады.

Электр термометрлер тасымалдауға қолайлы, көрсетуі дәлді, қора ауасының, оның бөлшек беттерінің температурасын өлшеуге пайдаланылады.

Электр термотетрлер бірнеше типті болады. Электр термометр ЭТП-М типті өндіріс орындарында, мал қораларда ауа температурасын, бөлшек беттерінің т.б. температураларын өлшеуге арналған. Онымен ауаның температурасын минус 30-дан 120 градус цельсия аралығында 80 процентке дейін, ылғалдылығы болғанда да өлшеуге мүмкіндік туғызады.

Құралдың негізгі бөлігі микроамперметр мен жартылай өткізгішті қабылдағыштан (датчик) тұрады. Оған ток көзі үшін арнайы "Марс" немесе "Сатурн" деген элементтерді пайдаланады.

Осындай мақсатта жоғарыда айтылған электр термотерден басқа ТЭМП-60, АМ-2М, ЭВМ-2 т.б. типтерді қолданады.

Термограф М-16 ауаның тепмературасының ауытқуын үздіксіз сағат, күн, апта бойлап жазып көрсететін құрал. Оның екі түрі болады: - тәуліктік, 2-ші – апталы қайналған механизмді.



Сурет 1 - Термограф құралы


Термограф үш бөліктен тұрады:

1. Қабылдағыш бөлігі- ұлғаю коэффициенті әртүрлі екі металдан (биметалл) дәнекерленген пластинка.

2. Жеткізуші бөлігі - рычагтар жүйесі, тілі мен жазғыш қаламұштан тұрады.

3. Тіркеуші бөлігі - сағат механизмі мен жабдықталған айналғыш барабан және оған оралып бекітілетін сағат аралығына бөлінген - тәуліктік және апталық - таспа қағаздан тұрады. Бұл құралдың жұмыс жасау принципі ондағы биметалдық пластинканың иінінің ауа температурасына байланысты өзгеруіне негізделген. Биметалдық пластинканың иіні өзгеріп қаламұштың көтеріліп немесе төмен түсіп, айналып тұрған барабандағы қағаз таспаның бетіне температураның имек сызығын сызып калдырып отырады.

Жұмыс кезінде термографтың дәлдік көрсетуін термометрмен бақылап қойған жөн. Оның таспасын ауыстыру және бұрап зауаттау тәулігіне немесе аптасына бір рет жасалады. Бір тәуліктік термографтың таспасында бір сағат он бес минуттық аралыққа, ал апталық термографтың таспа¬сында әр апта күні екі сағаттық аралыққа бөлінеді. Құрал дәлді жұмыс басталған сағат пен күнінен белгіленеді.

Таспасын ауыстыру мен құралды бұрап зауыттау үшін оның үстіңгі қақпағын көтеріп ашып, қаламұшты артқа аздап қайырып тұрып барабанды білігі суырып алады. Барабандағы таспа бекітетін қысқыш пружинаны босатады. Таспаға уақыты мен күнін жазып барабанға орап бекітеді де, оны бұрап зауаттап қайта білікке кигізеді. Қаламұштың қуысына суықта қатпайтын сыя толтырып, барабанды сағат тілінің айналыс бағытына қарама-қарсы айналдыра отырып таспаның уақыты мен күні белгіленген жеріне қаламұшты түйістіріп қояды да, құралды жауып, қисайтпай, мал соқтықпайтын жерге орналастырады.



Қора ауасының температурасын анықтау ережелері

1. Ауа температурасын тәуліктің әр мезгілінде (таңертең, түсте, кешке), әр түрлі биіктікте (малдың тұрған, жатқан және кісі бойы) анықтайды. Жазық бетпен алғанда ауа температурасы қораның ортасын және екі басқы бұрышта - ұзын қабырғадан - 3 м, қысқа қабырғадан - 0,8 -1 м қашықтықта өлшенеді.

2. Термометр мен термографтарды орналастырғанда оларға басқа жылу көздерінің: күн сәулесінің, терезе, желдету жүйелерінің әсерлері тимейтіндей болуға керек.

3. Әрбір нүктеде өлшеу уақыты 10 минуттан кем болмауға тиіс.

4.Термометрдің көрсетуін қарағанда оны тексерушінің деміне жақындатпай алысырақ ұстап тұрып қараған дұрыс.

4.Атмосфералық қысымды анықтау

Атмосфералық қысым осы қысымды теңестіретін сынап бағанасының биіктігімен өлшенеді. Қалыпты атмосфералық қысымды 760мм сынап бағанасына тең немесе бар әр бір 1000 миллибардан (мбар) тұрып, ал 1 мм.с.б. 1,33 мл бар деп есептеледі. Кейінгі кезде қысымы Паскал (Па) өлшемімен өлшейді. Ондай жағдайда қалыпты қысым 1013 Па тең болады.

Атмосфералық қысым сынапты және металды өлшегіштер барометр - анероидтармен анықталады. Сынапты барометрлер сифонды және табақшалы болып бөлінеді.

Сынапты сифонды барометр - өте дәлді, бірақ тасымалдауға шыдамсыз сынғыш келеді. Сондықтан лабораториялық жұмыстар мен металды барометрлердің көрсеткіштерін бақылап тексеру үшін қолданылады.

Бұл құрал төменгі басы 180 градус иілген шыны түтіктен жасалып, сынаппен толтырылады. Ұзын басы тығындалып, ал қысқа басы ашық жасалады. Ауа қысымы сол ашық басымен қабылданып, ол жоғарылағанда сынаптың қысқа басындағы мөлшері көтеріледі.

Табақша барометр - іші сынаппен толтырылған жалпақ, үсті жабылған шыны табақшадан тұрады да, сыртқы ауамен арнайы қалдырылған тесікпен қатысады. Ұзындығы 80см барометрдің шыны түтікшесі ашық басы мен оның қақпағына бекітіледі, ал түтікше сынапқа толтырылып төменгі басы сынабы бар табақшада тұрады. Түтік жезбен қапталып жоғарғы басы бөліктермен (шкала) белгіленеді. Түтіктің жоғары бекітілген басында аз ғана кеңістік қуыс орын қалады. Атмосфералық, ауаның өзгерген қысымы табақшадағы сынаптың бетіне әсер етеді де, ал ол түтікшедегі сынаптың деңгейін өзгертеді, яғни қысым жоғарылағанда сынап деңгейі көтеріліп, керісінше төмендегенде азаяды.

Барометр - анероид - қысымды өте дәлді көрсетпейді, бірақ сынап барометрімен уақытында көрсеткішін бақылап тексеріп отырған жағдайда гигиеналық тәжірибеде кең қолдануға болады және тез сынбайтын тасымалдауға қолайлы боп келеді.

Бұл құралдың негізгі бөлшегі иректелген түбі бар жұқа қабырғалы металды қорабша, немесе таға тұрғыда иілген жұқа түтікше болады. Қорабша немесе түтікше сиретілгеи (50-60 мм.с.б.) ауамен толтырылады. Соның салдарынаи ауа қысымы өзгергенде қорабшаның қабырғасы не көтеріліп, немесе таға тәріздес түтікшенің иіні ашылып қысымы өзгереді.



Бұл өзгеріс рычаг жүйесі арқылы құралдың тіліне (стрелкасы) беріліп қысымның мөлшерін көрсетеді. Оны жабық қорабта тура орналастырады.

Сурет 2- Барометр – анероид құралы


Барограф - ауа қысымы белгілі бір уақыт аралығындағы өзгерісін бақылап жазып алуға арналған құрал. Бұл құралдың ауа қысымының өзгерісін қабылдағыш сезімтал бөлігі - жұқа қабырғалы ішінің ауасы сиретілген металды қорап болады. Ол рычаг жүйесі мен арнайы барабанға оралған таспаға қаламұштың көмегімен ауа қысымының ауытқуын апта, тәулік аралығында жазып қалдырып отырады.

Сурет 3- Барограф құралы


Кесте 1 - Теңіз деңгейінің биіктігіне байланысты ауа қысымының өзгеруін даптерге сызып алу керек.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет