Дәріс 7 Тақырыбы: Қазақ диалектілеріне тән морфологиялық сипаттар Қарастырылатын сұрақтар: Септік, тәуелдік, жіктік жалғауларына байланысты ерекшеліктер
Дәрістің мақсаты: Қазақ диалектілеріне тән морфологиялық сипаттар мен ерекшеліктерін студенттерге меңгерту.
Қазақ тілі говорларында грамматикалық ерекшеліктер көп емес. Говорлардың морфологиялық құрлымы мен әдеби тілдің морфологиялық құрлымы бір. Говорларда әдеби тілден бөлек оқшауланып тұратын септік, көптік, тәуелдік, жақтық категориялары жоқ. Қазан революциясына дейін тюркологтар қазақ тілінде диалект жоқ деп есептегенімен,1861 жылы жазылған Ильминскийдің «Краткая грамматика казах киргизского языка» деген еңбегінде мынадай морфологиялық ерекшеліктерді байқауға болады: 1. Жамандырақ (жаманырақ) 2. Үлкендірек (үлкенірек) 3. Еркін (еркіндеу) 4. Ойнарқы (ойнақы) 5. Табандық (табалдырық) В. В.Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен» еңбегінде диалектілік ауытқулардың ізі байқалады. 1. Шығыс септік формасы- менен(мынан) 2. Сілтеу есімдігі – мында(мыны) 3. Етістік – әкелді (екпелді) 4. Шығыс септік орнына батыс септік қолданылады: Молдаға оқу оқып едім. Септік жалғау, шылау түрлеріне байланысты ерекшеліктер мен әдеби тілдегі жұрнақтардың диалектілік сөз тудыруға қатысуынан басқа қазақ говорларындағы морфологиялық ерекшеліктердің басым көпшілігі етістік тұлғаларымен байланысты. Негізгі тұлғалық ерекшеліктер мынадай. -Мынан, -бынан, -пынан, -бан, -пан, -ман. Көмектес септік жалғаудың бұл варианттары оңтүстік аймақтарының кейбір аудандарында кездеседі. Мысалы: Арбамынан келдім — арбамен келдім. Ол бұрын балдақпан жүретін (Шымк., Сар.). Ол Ақсуатқа атпан келді (Сем., Үрж.). Ол заттарын қағазбан орады (Сем., Қөкп.). Бұл бала осы бойымынан диірменге барып келді. (Шымк., Лен.). -Сыңыз, -сіңіз. Жіктік жалғаудың II жақ сыпайы; түрін жасау үшін жұмсалатын бұл жалғау батыс говорлар тобында жиі кездеседі. Мысалы: Сіз Текеге бара-сыңыз (Орал, Чап.). Сіз кім боласыңыз деп сұрады (Орын., Ад.). Сіз баласыңыз ба, ересек адамсыңыз ба, неге түсінбейсіз? (Қарақалпақ қаз.). -Улы, -улі. Бұрынғы өткен шақ мағынасында жұмсалатын бұл жұрнақ та батыс говорлар тобына тән. Мысалы: Ол Орал қаласына барулы — Ол Орал қаласына барды (Орал, Жымп.). Сырым Ұлы жүзге барулы — Сырым Ұлы жүзге барған (Орал, Чап.). Бұл тұлға батыс өлкелерде туып-өскен ақын- жазушылардың тілінде де кездеседі. Біздің жаққа келулі бәрің қашып, Үш тағаннан қалың құм төрін асып (X. Ерғалиев). Батыс аймақтарын мекендеген қазақтардың тілінде жиі кездесетін бұл тұлғаны алғаш рет Н. И. Ильминский байқаған болатын. Ол бұл тұлғаның өткен шақ есімшенің қызметімен парапар екендігін атап көрсеткен. Келер шақта айтылатын жүретін шығармын, баратың шығармын, барады екенмін сияқты тұлғалармен катар Ақтөбе облысының кейбір аудандарында жүрем шығар, барам шығар, барам екен тұлғалары да айтылады. Мысалы: Мен ертең ауылға жүрем шығар (Акт., Байғ.). Елге қарай жүріп кетеміз шығар (Орын., Ад.). Ұмытып барамын екен ғой. Сен өзің жер сағына білмейсің екен ғой (Ж. Тілеков). -Жақ, -шақ, -шек. Бұл жұрнақ көбінесе Қазақстанның батыс облыстары тұрғындарының тілінде жиі кездеседі. -Жақ, -шақ, - шек жұрнақтары жалғанған етістіктер келер шақ формасының қызметін атқарады да, көбіне бару, келу, алу, беру етістіктеріне жалғанып айтылады. Мысалы: алажағым болса да, бережағым болмасын (мақал). Ол алдағы демалысқа дейін осында оралып кележақ (Гур., Маң.). Колхозшылар алажақ-бережақтарымен есептесіп жатыр (Орын., Ад.). Бұл тұлға Қазақстанның батыс аймақтарында туып өскен ақын-жазушылардың тілінде де кездеседі. Адайлар әлде бүгін шатты ғажап, Әлдебір өліспекке ант қылажақ. Он-он бес ошарылған әр төбеде, Сардары садағы бар атты қазақ (X. Ерғалиев). Кележақ қонақтарды қабылдауды Раушанға тапсырды (Ж. Тілеков). Долгунов әңгіменің бір кележағында:— Генерал риза боп кетті ғой,— деді (Ә. Нүрпейісов). Бұл тұлғаны өткен ғасырдың аяқ шенінде П. М. Мелиоранский байқаған болатын. Орталық-солтүстік қазақтарының тілінде тек - шақ, -шек варианты ғана кездеседі. Мысалы: Ол Қостанайға барашақ (Қост., Торғ.). Қалқаман берешегі мол ақындардың бірі. Бұл жұрнақ әдеби тіліміздегі болашақ, келешек сияқты бірен-саран сөздерде ғана сақталып қалған. Батыс және солтүстік аймақтарында барсайшы, келсейші, сөйлесейші болып айтылатын тұлғалар оқтүстік аймақтарда барсаңшы — барсаңчы, келсеңші — келсеңчі, сөйлесеңші — сөйлесеңчі тұлғасында айтылады. Мысалы: Чақырып отырған соң барсаңчы (Алм., Нар.). Біреудің сөйлесеңші сырын біліп, әр жерде шала бердің сүріндіріп (Н. Ахметбеков). Баспана тауып берсеңчі, Сенбесең келіп көрсеңчі (Ш. Смаханұлы). Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында -малы, - мелі, -қалы, -келі көсемшенің орнына -ғайы, -гейі, -қайы, -кейі тұлғалары қолданылады. Мысалы: Барғайы отырмын (барғалы отырмын), айтқайы отыр (айтқалы отыр) т. б. Бұл тұлға Таулы- Алтай автономиялы облысындағы Қосашағаш ауданын мекендеген қазақтардың тілінде де бар. Сен темір де мен көмір, Еріткейі келгенмін. Егесетін ер болса, Еліткейі келгенмін. Сар жабысқақ шайыр боп, Жабысқайы келгенмін. Жөнмен бітім берсең сен, Табысқайы келгенмін. Жөнмен бітім бермесең Шабысқайы келгенмін. Монғол қазақтарының тілінде көсемшенің -ғалы, -гелі, - қалы, -келі жұрнақтары -ғайы, -гейі, -қайы, -кейі тұлғасында айтылады: барғайы жатыр, қайтқайы жатыр, келгейі отыр, кеткейі жатыр. -Лы, -лі (-алы, -елі) жұрнағы қалау-тілек мағыналы етістіктің I жақ көпше түрін жасау үшін жұмсалады. Мысалы: баралы - барайық, келелі -келейік, әңгімелеселі — әңгімелесейік т. б. Жаңа шақырып кетті, жүр баралы (Гур., Маң.). Үйге кірген соң, ұлықсатсыз сөйлемелі (Қарақалпақ қаз.). Етпеске кеңес келелі, Азырақ сөйлеп берелі (Майлықожа.). Сөз болып отырған тұлға түрікмен, ұйғыр, алтай т. б. тілдерде де кездеседі. XIV ғ. жазу ескерткіші «Соdех Сumаnіkusте» де қолданылады: ауtо1у («Соdех Сumаnіkus». Вudареstіnі, 1880, 188-бет) — айтайық//айталық. Профессор Н. А. Баскаков -лық,-лік жұрнағы (баралық, отыралық) мен -лы,-лі жұрнағы төркіндес, бір тұлғадан тараған деген пікір айтады.