Дәріс №8 Түріктердің мәдени мұрасы Қараханид кезеңінің мәдениеті



Дата24.03.2023
өлшемі44,5 Kb.
#172996
Байланысты:
8 Дәріс


Дәріс №8 Түріктердің мәдени мұрасы



  1. Қараханид кезеңінің мәдениеті;

  2. Моңғол шапқыншылығы мәдени апат ретінде;

  3. Алтын Орда кезеңінің мәдениеті;

  4. Тимуридтер кезеңіндегі мәдениет.



XI ғасырдағы түркі тілдес әдебиеттің дамуы белгілі авторлар Жүсіп Баласағұн мен Махмуд Қашқаридің есімдерімен байланысты болды. Жүсіп 1015 жылы Қарахандар астанасы Баласұғын қаласында туған. Ол уқатты түркі жанұясынан шығып, сол кезеңге қарағанда сындарлы білім алған. Жүсіптің есімі оның «Кутадгу билиг» («Құтты білім») атты поэмасынан кейін кең таныла бастады. «Құтты білім» 85 тараудан, 6520 бәйіттерден және қосымшалардан (124 бәйіт) тұрады. Поэма жәй этикалық-моральдық трактат ғана емес, сонымен қатар, адамдардың күнделікті өмірдегі, қоғамдағы адами қарым-қатынастарын, әртүрлі таптар, басқарушылар мен бағыныштылардың мемлекеттегі орнын белгілеген аса терең мағыналы философиялық-дидактикалық шығарма. Махмуд Қашқаридің есімі XI ғасырда белгілі болған. Әкесі Хусеин-Мавераннахрдың жаулап алушысы Боғра-ханның немересі, Махмуд дүниеге келместен бұрын Қашқарға қоныс аударған. Махмуд Қашқарда тамаша білім алып, оқуын Бұқарада жалғастырған. Ол түркі тілдеріне, фольклорына, салт-дәстүрлеріне алабөтен ықылас аударып, сөздерді және олардың мағынасын, түркілердің әндерін, жұмбақтарын, аңыздарын, салттарын қағазға түсірді. М.Қашғариды ғылым әлеміне «Диван лұғат – ат-түрік» («Түрік тілінің сөздігі») кітабы танытты. Сөздікте түркі тілдес халықтарының әлеуметтік өмірі, жан дүниесі, бастан кешкен тарихының үзік-үзік суреттері, этнографиясы, әдебиеті, тіл ерекшелігі, географиялық орналасуы, аспан шырақтары хақындағы ұғымдары, шипалық-емдік тәжірибесі, мал өсіру, егін салу, қала тұрғызу, сауда, қолөнеріне байланысты тіл қорының аса бай інжу-маржандары шоғырландырылған. Лұғатта 10 мыңнан астам төл сөз, жекелеген диалектілер енген. Бұлар сөзбе-сөз, не топшылап баяндау жолымен араб тіліне аударылып, ол сөздерді сипаттарлықтай мысалдар келтіріліп отырылады. Мысалдар ішінде, 300-дей мақал-мәтел, 233 шамалы өлең шумағы, жыл-мүшел аттары, астрономиялық, географиялық атаулар, 80-дей ру-тайпа есімдері (Қыпшақ, Яғма, Арғу, Бұлғар, Ұйғыр, т.б.), оларға түсінік анықтама, 100-дей қала, қыстақ (Берехан, Баласағұн, Сауран, Фараб, т.б.) аттары бар. Мұндағы сөздер, мақал-мәтелдер, өлеңдер, сөйлемдер түркі тілдерінің сол кездегі деңгейін, одан арғы және бергі кездегі сөздерді, сөз тудыру, сөз тіркестіру, сөйлем құру жүйелерін анықтауға, сөйтіп, тарихи лексикология, тарихи фонетика, тарихи грамматика жасауға, этимология, фразеология мәселелерін зерттеуге таяныш, негіз болады.
Ислам дінінің негізін салушы, бүкіл мұсылмандардың пайғамбарына айналған Мұхаммедтің (570-632 ж.ж.) Орта Азия мен Қазақстанда қолдаушылары аз болған жоқ. Солардың бірі Қазақстанның оңтүстігінде өмір сүрген Арыстан Баб және оның оқушысы Ахмет Йассауи болған. Олар Оңтүстік Қазақстанның түркі жұртшылығы арасында ислам дінінің тарауына үлкен ықпал еткен. Аңыз бойынша Ахмет Йассауи Сауран қаласында 1094-жылы туып, 1166-жылы қайтыс болған. Оның қаламынан «Дивани хикмат» («Ақылдылық кітабы») атты өлеңдер жинағы туындаған. Кітап 1901-жылы Қазанда, Стамбулда, 1902 және 1911 жылдары Ташкентте басылып шыққан. Қожа Ахмет Йассауи қайтыс болғаннан кейін әулиелер санатына қосылып, оған арнап Түркістан қаласында салынған кесене мұсылман қауымының көп баратын қасиетті орындарының біріне айналды.
Осы кезеңдегі рухани мұралардың қатарына Ахмет Жүгінекидің «Хибат ул Хакайк» (ақиқат силығы) атты еңбегі жатады. Ахмет ХІІ ғасырдың аяғында Отырарға жақын жерде орналасқан Жуйнек деген елді мекенде туған. Бала кезінен діни білімге құштарлық танытып, араб және парсы тілдерін үйренді. Оның кітабы 14 тараудан, 235 өлеңнен тұрады. Кітаптың негізгі ойы білімнің пайдасы, моральдық, имандылық мәселелерді қамтиды. Адамдар тынымсыз еңбек етуі керек, өтірік, өсектен аулақ болып, бір рет ғана берілетін өмірді мәнді өткізуі керек дегенге саяды. Сайып келгенде орта ғасырларда түркілердің рухани мәдениеті жоғары деңгейде дамыды.
Монғол шапқыншылығының кесірінен Қазақстанның шаруашылығы, мәдениеті күйзеліске ұшырады. Алайда, Шыңғыс хан және оның әулеті құрған империяда ислам діні басты дін ретінде дамып, Қазақстан халықтарының рухани мәдениетінің дамуына игі ықпал етті. Алтын орда мемлекетінің құрамында болған Дешті Қыпшақта ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет ерекше дамыды. ХІҮ-ХҮ ғасырларда түркі әдеби тілінің екі диалектісі қарлұқ-ұйғыр, оғыз-қыпшақ тілдерінің құралу, түзілу, қалыптасу процестері жедел жүріп жатты. ХІІІ-ХІҮ ғғ. қыпшақ тілінде өптеген әдеби ескерткіштер жасалды, халықтың ауыз әдебиеті дамыды. Қыпшақтар мен басқа да түрік тайпаларының өзіндік суырып салма поэзиясы болады. Ауыз әдебиетінің жұмбақ, мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары сияқты түрлері қыпшақ тілінің «Кодекс Куманикус» атты ескерткішінде сақталған. Сөздік екі дәптерден тұрады. Біріншісіне сөздердің екі тізімі енгізілген. Үш бағанадан тұратын бірінші тізімге латын, парсы, қыпшақ тілдерінде 1560 сөз жазылған. Негізінен бұлар теңізге жақын орналасқан қалада тұрып, жұмыс істеген көпестер мен қолөнершілердің мұң-мұқтажын бейнелейді. Онда базар, сауда, сатушы, төлем, сия т.б. сөздер кездеседі. Қыпшақ сөздігінде дәрігер, суретші, бақалшы, етші т.б. мамандық иелерінің аталуы көп нәрседен хабар береді. Сонымен қатар, сөздікте адамдардың жеке – ақылды, сұлу, текті, жомарт т.с.с. қасиеттері әңгіме болады. «Кодекс Куманикус» сөздігінің қолжазбасы Венеция қаласындағы Әулие Марктің кітапханасында сақталған. Жазылған жылы деп 1303 жыл көрсетілген. ХІҮ-ХҮ ғғ. түрік тілінің қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай топшасы ішінен, қазақ тілі тазаланып шығады. Бұл топшаға қазақ тілімен бірге ноғай, қарақалпақ тілдері кіреді. Дешті-Қыпшақ пен Ноғай ордасында халық жырауларының шығармашылық өнері өркендейді. Халықтың бірлік-ынтымағы мен Отанына махаббатын отты жырларына өзек еткен Сыпыра жырау мен Қодана-тайшы (ХІҮғ.), Асан қайғы мен Қазтуған (ХҮ-ХҮІ ғғ.) сияқты дарынды жыраулар есімі кеңінен белгілі. Қыпшақтың батырлар жыры туып қалыптасады. Оңтүстік Қазақстанның отырықшы-егінді алқабында ислам басты дінге айналады, «Яссауйя», «Нахшбандийя» сопылық ағымдарының әсері күшейеді, көшпелі халық шаманизм мен ата-бабалар рухына табынатын күйінде қала берді. ХІҮ –ХҮ ғасырларда Моғолстанда тұратын халықтардың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлері, діни сенім-нанымдары одан әрі дами берді. ХҮ ғасырдың орта кезінде Қазақстанды мекендеген Әбілхайыр хан иелігіндегі халықтың бір бөлігі Шыңғыс әулетінен шыққан сұлтандар Жәнібек пен Керейдің басшылығымен Моғолстан жеріне барып қазақ хандығын құрды. Бұл оқиға дулат руынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінен көрініс тапты. Белгілі шығыстанушы В.В.Бартольд бұл шығарма туралы былай дейді. «На персидском языке написан исторический труд Мухаммеда Хайдара, по отзыву европейских ученых единственный замечательный литературный труд».
«Тарих Рашидидің» Қазақстан тарихы үшін құндылығы шығарманың қазақтар жайында, қазақ атауы жайында, қазақ хандығының тарих сахнасындағы алғашқы қадамдарына арналғандығында болып табылады. ХІҮ ғасырдың орта кезінен бастап, Қазақстан далаларында үстем дін болып, ислам орнықты. Оған ұлы ұлыс хандарының, әсіресе Өзбек ханның жүргізген саясаты ықпал етті. Көшпелілер сырттай мұсылмандықтың барлық белгілерін қабылдасада, бұрынғы табынған ескі сенім-нанымдарын пайдалана отырып, Тәңірі, Алла, Құдайды бірдей қабылдап, белгілі бір синкретикалық діни жүйе құрды. Ата-баба рухын-аруақты қастерлеу көшпенді санасында мықты сақталып қалды. Қазақстанда исламды насихаттау мақсатында сопылық ағымдар Яссавиия мен накшбандия жұмыс істеді. Олар қыпшақ тілінде арнаулы діни трактаттар жазып халық арасына таратты. Қазақтар арасында Мұхамбет пайғамбардан бастап, мұсылман әулиелері Арыстан баб, Ысқақ Баб, Қожа Ахмед Яссауийдің беделі ерекше зор болды. Арыстан Баб, Қожа Ахмед Яссауий кесенелеріне, өзге әулиелердің кесенелеріне барып, түнеуге, рухани қуат алуға үлкен мән берілді. Көшпелі қазақтар араб, парсы елдерінің халық ағарту саласында жетістіктерін пайдаланып, «Мешіт-киіз үйлер», «Медресе-киіз үйлер» ашты. Оларды ислам дінінің қағидалары, «Құран» т.б. әдебиет араб тілінде оқытылды. Осы кезеңде көшпенділер арасында шығыс поэзиясының классиктері Фердаусидің, Рудакидің, Низамидің дастандары, О.Хайямның рубаяттары тарала бастады. Кейіннен шығыс поэзиясы қазақтың батырлары жырларының қалыптасуына негіз болды. ХІІІ-ХІҮ ғасырлар қыпшақ тіліндегі әдебиеттің өркендеген уақыты еді. Бұған ұлы ұлыстағы қалалық өмірдің жақсы дамуы, араб-мұсылман мәдениетінің, араб жазуының тарауы әсер етті. Өкінішке орай, ол кезеңнің әдеби ескерткіштері бізге аз жетті. Сондай ескерткіштердің бірі 1310 жылы жазылған Насреддин Рагбузидің «Қисса уль Әнбия» атты еңбегі. Бұл дастанның мазмұнын оғыз-қыпшақ тіліне аударған Таяу және Орта Шығысты мекендеген араб-парсы жұртшылығының аңыздары мен әңгімелері құрайды. Бұнда халифтар, пайғамбарлар туралы аңыздар, космоногиялық эпсаналар, өлеңдер мен әндер бар. «Қиссауль энбияның» көптеген көріністері кейін қазақ ертегілерінен орын алды. ХІҮ ғасырда Өзбек ханның тұсында өмір сүрген Құтбы ақын азербайжан ақыны Низамидің «Хосроу және Шырын» атты поэмасын қыпшақ тіліне аударып, таратты. Осы кезеңде Қазақстанды мекендеген халық арасында қыпшақ және араб тілінде жазылған М.Хорезмидің «Мухаббат-наме» поэмасы, Сайф Сарайидің, Дүрбектің т.б. шығармалары кең таныс болды. «Мухаббат-наме» - ХІҮ ғасырда түркі тілдес халықтар тілінде туған тамаша жазба ескерткіштердің бірі. Поэманың араб және ұйғыр әліпбиінде жазылған екі нұсқасы белгілі. Дастанның Сыр өзенінің жағасында жазылғаны туралы автордың өз сөзінен білуге болады. Поэманың композициясы сұрақтар мен жауаптарға құрылған. Негізгі мазмұны махаббат, әділдік, адамгершілік, имандылық мәселелеріне арналған. Хорезми өз шығармасында халықты бабалар дәстүрін ұмытпауға, байлыққа мастанбауға, қарапайым болуға шақырады. Біздің заманымызға Сайф Сарайидің «Түркі гүлістаны» және «Жәдігернаме» дастандары жетті. Сарайидің бірінші дастаны тәжік ақыны Саадидің «Гүлістан» поэмасының еркін аудармасы болып табылады. Бірақ, Сараи Саадиді сөзбе-сөз аудармай, оның поэмасының сюжетін пайдалана отырып, Саади поэмасына жауап түрінде жазды. Сайып келгенде, Қазақстанда орта ғасырларда рухани мәдениет жоғары деңгейде дамып, кейінгі кезеңдердің мәдениетінің одан әрі өркендеуіне игі ықпал етті.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет