Дәріс жоспары: Мектептегі әдістемелік жұмыстардың түрлері және әдістері.
Мұғалімдерді атестациялау (сараптаудың) мазмұны, ұйымдастырылуы, өткізілуі.
Дәріс мақсаты мен міндеттері:Мектептегі әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру және мұғалімдерді аттестациялау туралы студенттердің білімін қалыптастыру.
Дәріс мазмұны: Мұғалімдерді атестациялау, аттестацияланатын мұғалімдердің педагогикалық іс-әрекетін сараптау үшін мектептегі оқу-тәрбие жұмысының жағдайын диагностикалаудың өлшемдерін және көрсеткіштерін қолдану, мұғалімдердің кәсіби іс-әрекетін диагностикалау әдістемесі. Сараптаудың мазмұны,ұйымдастырылуы, өткізілуі.
Мектептегі әдістемелік жұмыс педагогикалық мәдениетті көтерудің шарты.
Мұғалімнің кәсіптік дайындығы оның педагогикалық жоғары оқу орнын бітірумен аяқталмайды, ол мұғалімнің кәсіптік қызметінің бүкіл кезеңін қамтиді. Сонымен бірге мұғалімнің кәсіптік білімін үздіксіз көтеріп отыруы оның шығармашылық қабілетін дамытуды және дербес педагогикалық тәжірибесін үнемі дамытудың шарты болып табылады. Егер мұғалім қоғамдық ортада белсенді позиция ұстанып, оның дербес тәжірибесі әлеуметтік және педагогикалық тәжірибемен кірігіп , педагогикалық ұжымның қолдануға ие болып , кәсіптік шығармашылық ізденісі көтермеленіп отырса, мұғалімнің кәсіптік шығармашылық ізденісі көтермеленіп отырса, мұғалімнің кәсіптік шеберлігі мен педагогикалық мәдениетінің артуы барынша жемісті болады.
Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру жоспарына сәйкес олар бес жылда бір рет мұғалімдер біліктілігін көтеру институтарында немесе педагогикалық жоғары оқу орындарының арнаулы факультативтерінде арнайы дайындықтан өтуі тиіс.
Мектептің педагог қызметкерлерін аттестациялау бұрынғы Кеңес Одағында 1972 жылы енгізілді. Алғашқы аттестациядан кейінгі кезеңде аттестациялау туралы құжаттар білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды.
Аттестацияның негізгі мақсаты педагог қызметкерлердің кәсіптік біліктілігін көтеру, шығармашылық белсенділігін дамыту, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету. Ынталандырудың негізгі құралы ретінде мұғалім еңбегіне ақы төлеуді жіктеу болмақ. Ал аттестация өткізудің негізгі принциптері еріктілік, алқалық оның объективті, әділ өтуін қамтамасыз етеді. Бұл принциптер аттестациялық комиссия жасақтауда қатаң сақталады.
Қазіргі ереже бойьнша үш түрлі комиссия құрылады. Бас аттестациялық комиссия республикалық, облыстық деңгейде, ал аудандық, қалалық комиссия тиісті білім мекемелерінің деңгейінде құрылады. Ал, білім беру мекемесінің аттестациялық комиссиясын құру педкеңестің құзырында болады.
Әр комиссия өз компетенциясына сәйкес мәселелерді қарастырады. Ал аттестациялау комиссияның негізгі шешімі — біліктілік санат беру. Қазір үш біліктілік санат берілген, жоғарғы санатты республикалық, облыстық, бірінші санатты аудандық, қалалық, екінші санатты-мектеп аттестациялау комиссиясы береді.
Мұғалімдерді аттестациялау педагогтың біліктілік санат сұраған арызы арқылы бес жылда бір рет өткізіледі. Кейде аттестация мүғалімнің педагогикалық біліктілігін айқындау үшін педкеңестің шешімімен, басқару өкімшілігінің бастамасымен де жүргізілуі мүмкін.
Шағын комплектілі мектептерде аттестация өткізуді ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ондай мектеп мұғалімнің аттестациялауды аудандық білімінің немесе ірі мектеп базасында құрылған комиссия атқарады.
Тәжірибесі көрсетіп отырғандай аттестациялаудың табысты болуы оны ұйымдастыруға, қорғау мен бағалаудың дұрыс жолға қойылуына, ұжымда іскер тілеулестік көңіл-күйдің қалыптасуына тәуелді. Жалпы айтқанда, мүғалімдерді аттестациялау мектептің ғылыми-әдістемелік жұмыстарының стратегиясы мен тактикасын анықтаудың негізі болып табылады.