№5 дәріс
ЛИТОСФЕРНЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ЭКОЛОГИЯСЫ
5.1 Литосфераның құрылысы және химиялық құрамы
Жердің қатты қабығы болып саналатын литосфера жер қыртысы мен мантияның жоғарғы бөлігін қамтиды. “Литосфера” – латынша “литос” – тас, “сфера” – шар деген мағынаны білдіреді.Литосфераның континенттердегі орташа қалыңдығы 50-75 шақырым, мұхит табанында 5-10 км. Литосфераның беткі жазықтығы атмосферамен немесе гидросферамен шектеледі.
Литосфераның беткі қабатын (қалыңдығы 2-3 км, кейбір мәліметтер бойынша 8,5 км дейін) кейде литобиосфера деп атайды. Литосфераның бұл қабатында барлық тірі ағзалар және тіршілікке қабілетті жүйелер, негізінен анаэробты бактериялардың ерекше түрлері өмір сүреді.
Жердің ішкі құрылысы мынадай қабаттардан тұрады: жер қыртысы, мантия, ядро. Жер қыртысынан 2900 км-ге дейінгі аралықты мантия қабаты алып жатыр.Литосфералық мантия қабаты жер қыртысынан Мохорович беті арқылы бөлінеді. Мантия грекше «жамылғы» деген мағына береді. Мантия жер көлемінің 83%, жалпы салмағының 67%- ын құрайды.Оның құрамы ауыр магмалық тау жыныстарынан тұрады. Бұл қабатта кремний мен алюминий өте аз, ал темір, никель, магний, хром сияқты металдар, сонымен қатарфосфор мен көміртек бар. Мұнда металл тотықтардың орнына металдың күкірт қосындылары басым болады. Жер сілкіну әрекеттері көбінесе осы мантияның үстіңгі бөлігінде болады.
Жердің орталық өзегін ядро алып жатыр. Ядро темір мен никельден тұрады. Ядро сыртқы және ішкі ядро болып бөлінеді. Сыртқы ядро балқыған күйде, ішкі ядро қатты шар түрінде болады.Жер шары салмағының басым көбісі ядросында, өйткені біріншіден, оның меншікті салмағы өте жоғары, екіншіден, оның көлемі өте зор (радиусы кемінде 3460 километр келеді). Қысым күшінің аса жоғары болу салдарынан ядродағы зат өте серпімді, қатты, шыны құрылысты, тығыз зат деп саналады.
Жер қойнауын толтырып жатқан заттарды тау жыныстары деп атайды. Жер қыртысын құрайтын тау жыныстары шығу тегіне қарай үшке бөлінеді: шөгінді, магмалық, метаморфты.
Жер астындағы балқып жатқан отты заттан пайда болған тау жыныстары магмалық деп аталады. Магма (грекше «былғама») – жердің терең қойнауында жоғары қысым мен температура жағдайында түзілетін отты қоймалжың зат. Магмалық жолмен пайда болған тау жыныстарына базальт, гранит жатады.
Жер қыртысының бетінде су, жел, т.б. сыртқы күштердің әсерінен пайда болған жыныстар шөгінді жыныстар деп аталады. Шөгінді жыныстар органикалық, кесек, химиялық болып бөлінеді. Судағы және құрлықтағы жануарлардың қалдықтары органикалық шөгінділерді құрайды. Өсімдіктердің шірімей және көміліп қалған қалдықтарынан шымтезек пен таскөмір, теңіздегі өте майда жәндіктердің қалдықтарынан бор құралады.
Жердің терең қабатына батқан магмалық және шөгінді жыныстар үстіңгі тау жыныстарының салмағына және жоғары температураның әсеріне ұшырап, өзгереді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде пайда болған тау жыныстары метаморфты жыныстар деп аталады (грекше метаморфоза –өзгеру). Метаморфозаның әсерінен әктас – мәрмәрға, құмтас – кварцитке айналады.
Литосфераның өзін екіге бөледі: оның үстіңгі қабатын сиал, астыңғы қабатын сима деп атайды.
Сиал деп аталу себебі бұл тас қабат көбінесе екі жеңіл металдың, яғни силиций (кремний) мен алюминий тотықтарынан тұрады. Ал осы екі элементтің аттарының бас буындарынан сиал деген сөз құралады. Сиал қабатының құрамы гранит деген тау жынысының құрамына жақын және көп жерде сол граниттің тікелей өзінен тұрады. Сондықтан сиал қабатын кейде гранит қабаты деп қатайды. Сиал қабатының қалыңдығын 20—30 километр шамасы есептейді. Мұның меншікті салмағы 2,6—3,0 шамасында. Бұл тұтас қабат емес, таулы құрылықтарда қалың, теңіз түбінде жұқа немесе тіпті жоқ болады.
Сима кабатының да аталуы алдыңғыға ұқсас, бірақ мұнда алюминий орнына магний алынған, яғни 20—30 километрден әрі тереңдікте тау жыныстарының құрамында алюминий азайып немесе жоғалып, оның орнына магний көбейеді. Бұл қабаттағы тау жыныстарының құрамы базальт деген тау жынысына ұқсас болады. Сондықтан оны базальт қабаты деп те атайды. Сима кабаты, бірінші жағынан, едәуір күшті қысым жағдайында болса, екінші жағынан, Жер бетінің қозғалыс күштерінің әсері тиерліктей тереңдікте болғандықтан иленгіш, ақпалы келеді. Сондықтан оны иленгіш қабат деп те атайды. Оның қалыңдығы да орта есеппен оншақты километрге дейін, ал орташа салмағы 3,5 шамасында болады.
Достарыңызбен бөлісу: |