5-дәріс 1)Өнеркісіптің дамуы және оның шикізаттық бағыт-бағдары Егер индустрияландырудың алғашқы жылдары, әсіресе алғашқы бес-жылдықтың бастапқы кезінде Қазақстан КСРО-ның жетекші индустриялық аудандарын ауыл шаруашылығы шикізатымен және азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймақ ретінде танылса, 30-жылдары республика өнеркәсіптің өндіруші салаларының көмір, мұнай, түсті металдар, тұз т.б. өнімдерін беретін шикізат көзіне айнала бастады. Сөйтіп Қазақстан индустриясының шикізаттық бағыт-бағдары кең көлемді сипаталып, ауыл шаруашылығы ғана емес, ауыр, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жетекші салаларын да қамтыды.
Түсті металдарды, көмірді, мұнайды және басқа да пайдалы қазбаларды шығаруға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның елсіз және жартылай елді мекендерінде жаңадан құрылған осы кәсіпорындардың көпшілігі бірден одақтық маңызға ие болды. Бұл Қазақстанда шығарылатын түсті металдардың, мұнайдың, көмірдің, басқа да пайдалы қазбалардың КСРО-ның индустриясы дамыған аймақтарына жіберілетініне ғана байланысты болған жоқ, сонымен бірге ол байлықтарды өндіру ісінде тұтас елді шетелдерге тәуелді болудан құтқаруға көмектесті. Мұндай жағдай ең алдымен Қазақстанда асыл, сирек және түсті металдар шығарылуының дамуына қатысты болды, оларға деген қажеттілік машина жасау құрылыстары мен осы саланың өсуіне сәйкес күрт өсе түсті.
Түсті металдардын, әсіресе мыс пен қорғасынның бай қорлары Қазақстанның оларды өндіруден КСРО бойынша жетекші орынға шығуына мүмкіндік берді. Еңбек және Қорғаныс Кеңесі 1929 жылғы 2 тамыздағы «Түсті металдар өнеркәсібін дамыту болашағы туралы» қаулыда басты назар аударатын аймақтар ішінде «даму келешегі зор негізгі нысан» ретінде Қазақ Автономиясы, Социалистік Республикасы аталды.[1]. Осы мезгіл қарсаңында Қарсақбай және Ридцер мыс балқыту зауыттары қалпына келтіріліп, жобадағы қуатқа жеткен болатын, ал екінші бесжылдықта олар техникалық жағынан түпкілікті қайта құрылды. Кенді Алтайда Ертіс (Глубокое) қорғасын зауыты, ал Қазақстанның оңтүстігінде 1934 жылы КСРО-дағы аса ірі кәсіпорын - құрамында кен орындары, Қаратаудағы байыту фабрикасы бар Шымкент қорғасын зауыты бой көтерді.
3) Қазақтың XX ғасырдағы мәдениеті. Абайдан басталған қазақ мәдениетіндегі тың сарын XX ғасырдың бас кезінде ары қарай жалғасты. Қазақ мәдениеті XX ғасырды әрі үмітпен, әрі түңілумен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс Азия орталығына да жете бастады. Ұлттық идея темір тордағы халықты толғандырып, оны азаттық үшін күресуге ұмтылдырды. Әрине, ұлт-азаттық күреске бүкіл Ресей империясын қамтыған революциялық және реформалық қозғалыстар да әсерін тигізді. Алайда Қазақстандағы толқулар тек орыс революционерлерінің ықпалымен болды деу жаңсақ пікір. Бірде-бір ресейлік саяси ұйым мен белгілі қайраткерлер империяны таратып, басқа ұлттарға азаттық әперу туралы мәселе көтермеді. Социал-демократтардың өздері Шығыс халықтарының оянуына панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, күдіктене қарады. Мәселе, сонымен бірге Ресейдің халықтары әр түрлі өркениеттерге жататындығында. Батыс христиандарына жақын эстондар мен араб-парсы әлеміне түбірлес өзбек, қазақтардың арасында ортақ мәдени негіз тым аз еді. Өзіне туысқан халықтардағы сияқты Қазақстандағы мәдени қайтадан жаңғыру орыс экспансиясына қарсы шығудан басталды. XX ғасырдың басында қазақтан шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов қазақ халқының манифесі — «Оян, қазақ!» өлеңін жариялады. Ол түңғыш рет халықты ашық күреске шақырған ұран тастады: «Қазақстаннан болған социал-демократтарға бір ауыз сөз айтамын: Еуропаның пролетариясы үшін қанды жас төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқының күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер». (Оян, қазақ! 10-бет). Міржақып саяси мәселелермен қоса өз шығармасында қазақ мәдениетін тұйықтан шығаратын жолдар іздейді. Ең алдымен мәдени тоқыраудың себебін М. Дулатов бодандықтан көреді.[1] Екі ғасырдың арасында қазақ мәдениетінде пайда болған бір құбылыс кейін өріс алған маргиналдықтың көбеюі. Бұл жерде әңгіме ұлттық мәдениеттен алыстап, үстемдік етіп отырған жат өркениетке қызмет еткендер туралы болып тұр. Болыстар мен тілмаштар, әкімшіліктің маңайындағы неше түрлі пысықтар көптеген жағдайларда «мәңгүрттік» қасиеттерге ие болып, ұлттық мәдениеттен қол үзе бастады.