Дәріс тақырыбы және тезистер



бет10/16
Дата15.06.2023
өлшемі86,1 Kb.
#178818
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16
Байланысты:
5.Дәрістер

Дәріс бойынша ағымдық, аралық, қорытынды бақылауға арналған сұрақтар
1. Қ. Сәтбайұлының «Алгебре» оқулығына сипаттама беріңіз.
2. Қазақ мектептеріне арналған алғашқы геометрия оқулығына сипаттама беріңіз.
3. Бөлшек сандар арифметикасына арналған К. Жәленұлының оқулығына сипаттама беріңіз.
4. Т.Құралұлының «Есеп құралына» сипаттама беріңіз.
5. Ғ.Бегалыұлы мен Ә.Сыдықұлының «Математика сабағы» атты оқу құралына сипаттама беріңіз.

2

№ 10
дәріс

№10 дәріс. Қазақ орта мектебінде математиканы оқыту жөніндегі ой-пікірлер және математика терминдерінің қалыптасуы
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1.Т.Жомартбайұлының бөлшек сандарға амалдар қолдануды
«өлеңмен өрнектеген ережелері»
2. Е.Омарұлының әдістемелік-математикалық ой-пікірлері
3.Математика терминдерінің алғашқы сөздіктері
4.Қазақ тіліндегі әдістемелік-математикалық терминологияның қалыптасу жолдары
Дәрістің қысқаша мазмұны:
XX ғасырдың 30-сыншы жылдары қазақ мектебі математика оқулықтарымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген еді. Алайда, математиканың келесі сатысы-бөлшек сандарды және оларға амалдар қолданумен байланысты материалдарды игеруге арналған қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдар өте аз болғандықтан, осы материалды игертуде қазақ мектептері мұғалімдерінің алдында үлкен қиындықтар туындаған болатын. Сондықтан балаларға бұл мәселені түсінікті тілмен баяндап беруді мақсат тұтқан қазақ зиялылары өз тараптарынан кейбір әдістемелік тәсілдерді ұсынды.Сондай зиялылардың бірі- Т. Жомартбаев (1884-1937). Ол қазақ мектептерінде пәндерді оқытудың кейбір мәселелері туралы жүйелі ой-пікірлерімен де көріне білді. Оның шығармалары ең алдымен,қазақ арасында оқудың,білім алудың маңыздылығын насихаттаумен,сондай-ақ жүйелі ғылыми-әдістемелік тұжырымдар түйіндеген біліктілігімен ерекшеленетінін атап айту керек. Бұл орайда,оның бөлшектерге амалдар қолданудың ережелерін өлеңдер түрінде тұжырымдап беруі тым қызықты.
Өз заманында баспасөз бетінде жарияланбаған,қолжазба түрінде ғана сақталып,әлі де болса ғылыми айналымға түсе қоймаған бұл материалдардан автордың математиканы оқытуда ақындық және әдістемелік шеберлікті ұштастырудың озық үлгісін көрсеткенін аңғаруға болады.Кейбір деректерге қарағанда,Т.Жомартбаев Семей педагогикалық техникумында математикадан да сабақ берген.Біздің ойымызша,оның жоғарыдағы өлеңдері педтехникум студенттеріне математикалық материалды түсінікті тілмен баяндап беруді қалай жүзеге асыру керектігін көрсету мақсатынан туындаған болу керек.Жалпы алғанда,Тайыр Жомартбаев осы сияқты өлеңдері арқылы қазақ қауымын оқу-білімге,ғылыммен айналысуға үндеген ұлы Абай мен осы жолды берік ұстанған Шәкәрім қажының ағартушылық идеяларын жүзеге асыруға тырысқан.
Е.Омарұлы XX ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде өзіндік өткір ой-пікірлерімен ерекшеленетін тұлға. Бұл орайда оның қазақ мектебінде математиканы оқыту мәселелерімен байланысты мақалалары айрықша көңіл аудартады.Сондай мақалаларының бірі-«Сыйпыр жазуы» атты мақала. Мақала ұлттық таза қазақ мектебін қалыптастыру жолындағы айқын бағытымен,аса терең де маңызды ғылыми тұжырымдар жасауымен ерекшеленеді.Бұл тұрғыдан алып қарағанда,оны сол кездегі проблемалық мәселені көтерген толық мағынадағы ғылыми-зерттеу жұмысы деуге де болады.Мұнда араб цифрларының шығу тегі, сандарды цифрлар арқылы таңбалау мәселелері жан-жақты сөз болып,«Арифметикалық амалдарды жазудың реті қандай болуы керек?» деген өткір мәселе төңірегінде ой қозғалады.
Е. Омаұлының«Тайбағар» деген бүркеншік есіммен жарияланған екінші бір мақаласы «Зенченко мен Еменовтың қазақша аударылған есеп құралдары» деп аталады. Ол да «Жаңа мектептің» осы №1 санында жарияланған. Мұнда орысшадан аударылған (аударған Ғ.Дәулетбеков) математика оқулығы сынға алынған. Алдымен автор бұрынғы мектеп пен жаңа мектептің айырмашылықтарына тоқтала келе,аудармаға қатысты мынадай мәселелерді қозғап, осы бағытта орынды,әрі аса құнды ескертпелер айтқан: 1)Аударманың қазақ халқының тұрмысы,салт-дәстүрі және шаруашылығымен сабақтасып жатуы туралы; 2) Аударманың тілі жайында; 3)Аудармада қолданылған математикалық терминдер хақында.
Мақалада аударманың осы үш мәселеге қатысты алғандағы кемшіліктері көрсетіліп,олар үлкен әдістемелік шеберлікпен дәлелденген.Аталмыш мақала оқулыққа қойылатын жалпы талаптар жайын сөз қылып,оқулық әзірлегенде қандай талаптарға назар аудару керектігін қадап айтуымен аса құнды болып табылады.
1914-40 ж.ж. кезеңінде ана тіліндегі математика оқулықтарын, математиканың оқу-әдістемелік құралдары мен оқу бағдарламаларын дайындау бағытындағы жұмыстар ғана атқарылып қойған жоқ.Сонымен қатар ана тіліндегі математикалық терминологияны қалыптастырып,оны жүйеге түсіру бағытында да елеулі табыстарға қол жеткізілді. Алғашқыда ана тіліндегі математикалық терминдер әлі де болса бір жүйеге түсе қоймағандықтан,алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарында математика терминдерін алуда бірізділік сақталмады,әрбір авторлар өздері қолайлы деп тапқан терминдерді пайдалануға тырысты.Сондықтан терминдерді математика оқулықтары мен оқу құралдарына қосымша ретінде тіркеп беру туралы ұсыныстар жасалып,ол кейбір авторлар тарапынан қызу қолдау тапты.Бұны қазақ математикалық терминологиясын қалыптастырып,жүйеге түсіруге жасалған алғашқы қадам деп бағалауға болады.
Математика терминдерін оқу құралына тіркеп бере отырып, терминдердің орыс тіліндегі нұсқаларына сәйкес олардың қазақ тіліндегі баламаларын ұсынуды алғашқы болып жүзеге асырған С.Қожанұлы болды.Ол өзінің «Есеп тану құралына» қосымша ретінде «Есеп тану атаулары» деген атпен математика терминдерінің қазақша-орысша сөздігін енгізді.Барлығы 61 математика термині қамтылған осы аса маңызды сөздіктен бүгінгі күні қолданылып жүрген көптеген математикалық терминдерді кездестіруге болады. Сонымен қатар бұл сөздікте қазіргі кезде қолданылмайтын математикалық терминдер де ұшырасады.Ондай терминдерді негізінен алғанда, екі топқа бөлуге болады. Біріншісі-сәйкес математикалық ұғымның мән-мағынасын дәл аша алмайтын терминдер. Екінші топтағы терминдер қазіргі кезде қолданылып жүрмегенімен, терең байыбына бара қарасақ,сәйкес математикалық ұғымның мән-мағынасын ашуда қазіргі терминдерден кем түспейтіндігін байқауға болады. Әсіресе,автордың «Арифметика» терминін сол кездегі қазақ оқушысына мейлінше түсінікті болатындай етіп, «Есеп тану»,ал «периодты бөлшек» терминін «дүркінді бөлшек» деп алуы еріксіз назар аудартады.
Математика терминдерінің орысша-қазақша сөздігін құрастырып,оны оқулық соңына тіркеп беруге ерекше көңіл бөлген оқулық авторларының бірі Қ.Сәтбайұлы болды. Ол қазақ топырағында алғаш рет математиканың ана тіліндегі ұғымдық-терминологиялық аппаратын құруға әрекет жасады.Ол оқулыққа қосымша ретінде «Терминдер(пән сөздері)» деген тақырыппен 220 математика терминінің орысша-қазақша сөздігін жасап,ұсынды.
М.Дулатұлының «Есеп құралында» пайдаланылған терминдерді саралап шыққанымызда біз олардың авторының термин жасауда ұстанған негізгі ұстанымы мен бағыт-бағдары ең алдымен,қазақ тілінің өз мүмкіндіктеріне иек арту,оның тілдік байлығын мүмкіндігінше сарқа пайдалану болғандығын,олардың халықаралық терминдермен шұбарланбай, қазақтың төл сөздерін пайдалануға қатты көңіл бөлгендігін аңғардық. Бұл математика терминдерінің көпшілігінің М.Дулатұлының қаламынан туғандығын байқатады.Ендеше,М.Дулатұлын ана тіліндегі математикалық терминологияны қалыптастыру ісінің бастауында тұрған тұлға деп тану керек.
Қазақ тіліндегі математикалық терминологияны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізудің мүмкіндігі шын мәнісінде, XX ғасырдың 20-сыншы жылдарынан кейін ғана туды. 1920 жылы ҚазАКСР ХАК жанынан ғылыми-әдістемелік комиссия құрылып,оған қазақтың әдеби тілін және ғылыми терминологиясын қалыптастыру жұмыстарын жүргізу міндеті жүктелді. Бұл комиссияға ана тіліндегі терминологияны бір жүйеге түсіру мәселесі жүктелді.
Алаш қайраткерлері математикалық терминдердің алғашқы орысша-қазақша сөздіктерін жасап,оларды өз оқулықтарына қосымша ретінде енгізуді де жүзеге асырды (С.Қожанұлы, Қ.Сәтбайұлы).Осы кезеңде ана тіліндегі ғылыми терминдер жасаудың кейбір жалпы мәселелері мерзімді баспасөз беттерінде жиі көтеріліп тұрды.Әр алуан ғылым салаларына қатысты категорияларға қазақша терминдер ұсынып,оларды баспасөз бетінде жариялап,талқылау жұмыстары ұйымдастырыла бастады. Бұған Қазақстан ХАК жанындағы Академиялық орталық пен оның құрамындағы ғылыми-әдістемелік комиссия басшылық жасады.Сонымен қатар ана тіліндегі ғылыми терминдер жасаудың кейбір өзекті мәселелерін көтерген іргелі ғылыми зерттеулер де жүргізіле бастады.
1928 ж. Қызылордада Н.Қаратышқанов құрастырған «Пән сөздері» атты сөздік басылып шықты. Көлемі 128 беттік бұл сөздікті Қазақ білімпаздары съезінің шешімдерін жүзеге асырудың жемісі деп бағалауға болады,өйткені мұны дайындауда съезд шешімдерінің барлық пункттері басшылыққа алынғандығы бірден байқалады.1931 жылы әр алуан ғылым салаларына қатысты 8000 терминді қамтитын «Атаулар сөздігі» басылып шықты.Бұл сөздікке енген математикалық терминдердің бірқатары қазақша баламамен берілгенімен, көпшілік терминдердің олардың Еуропа тілдеріндегі түпнұсқасына фонетикалық өзгерістер жасау жолымен алынғандығы айқын байқалады.Жалпы алғанда,кейбір кемшіліктері болғанына қарамастан бұл сөздіктер олар арқылы қазақ тіліндегі математикалық терминологияның іргетасының қалануымен маңызды болып табылады.
Қазақстан ХК Кеңесінің 1933 жылдың 22 маусымындағы қаулысымен Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды.Комиссия жоғары мектептегі арнаулы пәндер бойынша терминдер жасауды Қазақ педагогикалық институтына тапсырды.Осыған орай 1934 жылдың 23 мамырында ҚазПИ-дің ғылыми-зерттеу секторы жанынан да терминология комиссиясы ұйымдастырылып,оның құрамына математика кафедрасынан С.Боқайұлы,Ә.Ермекұлы,Әубәкірұлы және Мәскейұлы енгізілді. Олар қазақ тілін математика тілі ету жолында аянбай тер төге отырып,қойылған міндеттерді табысты орындап шықты. Бұл жұмыстардың нәтижелері Мемлекеттік терминология комиссиясының тарапынан бекітіліп,оның 1935 жылғы 1-3 бюллетеньдерінде жарияланды.1936 ж. проф. Ә.Ермекұлының «Қазақ тілінің математика терминдері» атты еңбегі басылып шықты.Бұл еңбекті қазақ тілін математика тілі етуге болатындығы дәлелденген тұңғыш ғылыми жұмыс және ана тілімізде математикалық білім беру ісінің дамуына,баспа жұмысының жандануына игілікті ықпал жасаған прогрессивтік құбылыс деп бағалауымыз керек.
1930-ыншы жылдардың соңына қарай қазақ тіліндегі математика терминдерінің едәуір қоры жинақталды.Осы кезеңде қалыптасқан көптеген әдістемелік-математикалық терминдер ұтымды,дәл және көкейге қонымды,әрі сәтті жасалған.Бұған олардың кейбіреулерінің бүгінгі күні де өз мәнін жоймай қолданылып келе жатқандығы дәлел бола алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет