Лимфа жүйесі - жүрек-қан тамырлар жүйесінің бір бөлігі. Лимфа жүйесі арқылы ұлпалардан қантамырларға су, нәруыз, май, зат алмасу өнімдері қайта өтеді. Бұл жүйемен мөлдір, түссіз сұйықтық - лимфа ағады. Лимфа қанға ұқсас болғанмен құрамында нәруыз өте аз және онда эритроциттер болмайды. Лимфа тамырларының қантамырлардан айырмашылығы - лимфа тамырларымен сұйыктық тек бір бағыт бойынша жүрекке қарай ағады.
Лимфа жүйесінде артерияларға ұқсас тамырлар болмайды, тек лимфа қылтамырлары болады. Лимфа қылтамырларының қантамыр қылтамырларынан айырмашылығы — лимфа қылтамырларының бір ұшы тұйық. Олар ұлпа жасушаларының арасынан басталады. Қылтамырлар қантамырларына қарағанда лимфалық қылтамырлардың жақтаулары өте жұқа. Қантамыр қылтамырларының екі ұшы да ашық. Лимфа қылтамырлары ми, жұлын, шеміршек, қағанақ, көз бұршағынан басқа мүшелердің бәрін торлап жатады.
Лимфа тамырлары. Лимфа қылтамырлары лимфа тамырларына бірігеді, оның ішкі бетінде қақпақшалары бар. Ол қақпақшалар лимфа сұйықтығының бір бағытка (жүрекке) қарай ағуын қамтамасыз етеді. Екі ірі лимфа тамырлары жүректің қасындағы үлкен қанайналу шеңберінің ірі вена қантамырларына қосылады. Лимфа сұйықтығы вена канымен араласып, жүректің оң жақ жүрекшесіне құйылады.
Лимфа түйіндері лимфа тамырларының қосылған жерінде жасушалардың жинақталуынан түзіледі. Олар қантамырлардың айналасында орналасады. Лимфа түйіндерінің пішіні - домалақ, сопақша, үрмебұршақ тәрізді (иммунды жүйені естеріңе түсіріңдер). Лимфа түйіндерінің бір жағы ішке қарай кіріңкі, ойыстау болады. Осы ойыстау жерінде артерия қантамырлары мен жүйкелер орналасқан. Лимфа түйіндерінің сыртын дәнекер ұлпасынан түзілген тығыз қаптама қаптайды. Лимфа түйіндерінің орналаскан жері: қолтық, шап, мойын, құрсақ қуысы, шынтақ пен тізенің бүгілісі, астыңғы жақсүйeк және т. б. Кейде лимфа түйіндері жиналған бактериялардың әсерінен қабынып, ісіп кетеді. Мысалы, баспамен ауырғанда мойындағы түйіндер іседі (без шошиды). Лимфа түйіндері қан түзілу үдерісіне, ағзаның қорғаныш реакциясына қатысып, лимфа ағынын реттейді. Лимфа түйіндері әр түрлі жұқпалы ауруларды туғызатын бактерияларды қанға жібермей, жояды. Олардың уларын зиянсыз етеді. Лимфа түйіндерінде «қарсыдене» деп аталатын ерекше жасушалар түзіледі. Ірі лимфа тамырларын лимфа өзектері деп атайды. Ең ірі кеуде лимфа өзегі құрсақ қуысында орналасқан. Оған аяқтан, жамбас және құрсақ қуыстарынан лимфа сұйыктығы жиналады. Кеуде лимфа өзегі мойын тұсында орналасқан. Ол сол жақтағы қолтықасты вена тамырларына келіп қосылады. Сонымен, лимфа жүйесіне - лимфа қылтамырлары, лимфа тамырлары, лимфа түйіндері және лимфа өзектері жатады.
Лимфа жүйесінің қызметі:
Ұлпа сұйықтығының қанайналым жүйесіне қосылуына көмектеседі.
Лейкоциттер түзеді.
Ағзаға түскен бөгде денелер мен бактерияларды ұстап, биологиялық сүзгі қызметін атқарады.
Аш ішек бүрлеріндегі майларды сіңіруге қатысады.
Адамда лимфаның қозғалуына 3 жағдай әсер етеді:
Лимфа тамырларына жақын орналасқан қаңка бұлшықеттерінің жиырылуына байланысты.
Кеуде қуысының тынысалу қозғалыстарының әсерінен.
Ішек бүрлерінің жиырылуы мен босаңсуына сәйкес ағады. Қаңқа бұлшықеттері жиырылып, лимфа тамырларын қысқанда лимфа бір бағыт бойымен қозғалады. Лимфа қанға қарағанда баяу қозғалады.