Дәріс 15. Этнопсихология мәселелері: мәдени бейімделу және этникалық кикілжіңдер.
Бейімделу (ағыл. аdaptation, орыс. адаптация) – алғашында биологияда пайда болған термин, құрал мағынасын беріп, қоршаған орта мен ағза арасындағы байланысты зерттеу кезінде қалыптасты. Кейін әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдардың жаңа идеяларымен толығып, жаңа мағынаға ауысты (физиология, медицина, биология, психология т.б.) [1, 216].
Әлеуметтік бейімделудің теориялық жақтары А.А. Налчаджян, И.А. Милославованың, Д.А. Андрееваның зерттеулерінде қарапайым бейімделу үдерісі көп жағдайда ортаның белсенді реттеуші үдерісі жағдайында сипатталады. Әлеуметтік бейімделу үдерісінің басты идеясы – жеке тұлғаның жаңа әлеуметтік ортамен формалды және формалды емес әлеуметтік қатынас барысында ондағы қалыптасқан нормалар мен құндылықтар жүйесін қабылдауы [2, 45].
И.Я. Зимняяның пікірінше, тұлғаның бейімделу үдерісі обьективті ортаны өзінің тұрмыстық болмысын саналы түрде сезінуі, айыра алуына байланысты туындайды, екіншіден, адамның еңбек қызметі бейімделуші ортада қашанда маңызды, үшіншіден, адам өзінің өмір сүру салтына қарай бейімделу үдерісін пассивті түрде қабылдап қана қоймай, мақсатты түрде өзгерте алады [3, 384].
Ғылыми әдебиеттерде бейімделу қашанда жеке тұлғаның әлеуметтік рөлге енуі мен жаңа режимге көшуімен байланысты екені айтылады. Осы ұғымды ары қарай қарастыруымыз арқылы бейімделу – үдеріс пе әлде нәтиже ме деген сұрақ жайлы әлі нақты көзқарастың жоқ екенін аңғартты.
К.Е. Бекмаханованың пайымдауынша, бейімделу – жеке тұлға мен әлеуметтік орта арасындағы белгілі қарым-қатынас үдерісі және нәтижесі [4, 4].
М.И. Иванова, А.В. Черемнов бейімделу үдерісі – «қандай да бір кезеңдегі құбылыстың пайда болуының, оның уақытқа тәуелді дамуын, өзгеруін, бірте-бірте ретімен бейімделу элементтерінің жиынтығын қамти тұрып, жаңа кезеңге өтудің сапалы нәтижесін береді» [5, 73].
Бейімделу аккультурациялық жағдай барысында да қарастырылады. Аккультурациялық жағдайдың зерттелуіндегі бейімделу мынадай ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан: P.S. Adler, J.A. Berry, T. Brооch, R.D. Lambert, S. Boucher, C.E. Osgood, W. May, M. Micron, M.H. Klein, A.A. Alexander, K.H. Tseng, A.T. Church, W.J. Loner т.б. Бұл еңбектерде негізінен адамның бейімделу стратегиясындағы екі тұжырым қарастырылады: мәдени сенделіс пен U – қисық бейімделу. Олар жаңа мәдени ортаға бейімделудің фазаларын сипаттаушы белгілер болды.
Аккультурация (ағыл. acculturаtion, орыс. аккультурация) – әртүрлі мәдениеттер және қоғамдық қатынастар тұрғысымен дамыған халықтың мәдениеті басымырақ болған жағдайда мәдениет үлгілерінің өзара ұқсастырылуы және бір-біріне бейімделуі [6, 17]. Аккультурация жағдайында мәдениеттер алмасуында жеке адамның жандүниесінде басқа мәдениетке деген іштей қарсылық сезімі туындап, адамның мәдени сәйкестілігінің бұзылу қаупі туындайды. Басқа мәдени ортаға өту сыртқы қажеттілік есебінен туындайтын болғандықтан, мұндай үдерістің төрт түрлі шешу кезеңдері қарастырылады (сурет 1):
- ассимиляциялану – өз мәдениеті нормалары мен құндылықтарынан айрылып, басқа мәдени нормалар мен құндылықтар жүйесін толықтай қабылдау; серапациялану – өз мәдени сейкестілігін сақтап қалу мақсатында өзге мәдениеттен бас тарту. Яғни, үшін доминант мәдениет өкілдерінен алыстап, өздері жеке орта, қауымдастық болып өмір сүруі жатады, егер мұндай жағдайды мәдениеті басым болып тұрған жақ мәжбүрлесе, бұл жағдай сегрегация деп аталар еді; маргиналдану – адам өз мәдениетінің сәйкестігінен айрылып, оған қоса басқа мәдениет белгілеріне сәйкес болмауын айтады. Мұндай жағдай көбінесе адамның өзіне тән мәдени құндылықтарын сақтап қалуына мүмкіншілігі болмай, келесі мәдени құндылықтарды қабылдауға қызығушылығы жоқтығынан болады; интеграциялану – өз мәдениетіне де, өзге мәдениетке де сәйкес үйлесімді болуы [7, 84].
Достарыңызбен бөлісу: |