Жайылымдарды бөліп беруді, көші-қон мәселелерін реттеп отыруды қыпшақ
хандары мен тайпа тектілері уысынан шығармаған.
Бүкіл мұсылман Азиясы ішінде бірінші орын алуға ұмтылған
Хорезмшах Мухаммед (1200-1220 жж.) мемлекеті құрамына ХІІІ ғ. бас
кезінде Сығанақ облысы да кіреді. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына
қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы қажырлы күресін жалғастыра
береді. Жент қаласынан солтүстікке қарай Дешті қыпшақ еліне Мұхаммед
Хорезмшах талай рет жорық жасайды. 1216 ж. Қадырханға қарсы аттанған
әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетіп, Торғай даласында
қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғыс хан
қолымен кездейсоқ соқтығысып қалады. Сұлтанмен айқасып қалғаннан
кейін, монғолдар түн жамылып шегініп кетеді. Бұл монғолдардың Қазақстан
жерінде алғаш рет болуы еді, бұған ілесе қыпшақтардың Хорезмшахтармен
ұзаққа созылған бәсекесі тоқтап қалады. Моңғол басқыншылығының дәуірі
келіп жеткен еді.
Достарыңызбен бөлісу: