Қазақ зиялыларының дума жанындағы мұсылман фракциясы құрамындағы қызметін көрсетіңіз Мұсылман фракциясы – Мемлекеттік думадағы мұсылман халықтары өкілдерінің парламенттік фракциясы (1906 – 1917 жылы).
Бірінші Мемлекеттік думадағы 436 депутаттың 36-сы мұсылман депутаттары еді. Олар бүкіл империя мұсылмандарының мүддесін қорғау мақсатында парламенттік фракция құрды. Төрағалыққа белгілі Әзірбайжан қайраткері Ә.Топчибашев, бюро құрамына М.Ралиев, С.Алкин, И.З. Зиятканов, А.Ахметов, Ш.Сыртланов және С.Жантөриндер бір ауыздан ұсынылды. Мұсылман фракциясы депутаттары Мемлекеттік думада құрылған жер, азаматтық теңдік, қаржы комиссияларының құрамына еніп, мұсылман халықтарының мүддесін қорғау жолында қызмет етті. Онда қазақ депуттары А.Бірімжанов пен А.Қалменов қазақ халқының мүддесін көздеді. Мұсылман фракциясы елдегі оппозициялық саяси күштермен бірікті. Олармен бірге Мұсылман фракциясы Мемлекеттік думаның құқын кеңейте түсуді, заң шығару ісімен қатар үкіметті де Мемлекеттік дума қолына тапсыруды талап етті. 1907 жылы ашылған Екінші Мемлекеттік думаға сайланған 518 депутаттың 35-і мұсылман халықтарының өкілдері болды. Бірақ онда мұсылман депуттары бір фракция төңірегіне топтаспады. Олар “Ресей мұсылмандары одағы” және “Еңбек партиясы” бағдарламасын қолдаушылар болып екіге бөлінді. “Ресей мұсылмандары одағы” ұйымының бағдарламасын қолдаушылар МҰСЫЛМАН ФРАКЦИЯСЫна бірікті. Оның төрағасы болып Мұхаммедкәрім Биглов сайланды. Ал бюросы құрамында Б.Қаратаев, Қ.Тевкелев, ұ.Маһдиев, Х.Хасмамедов, Ф. Хан-Хойский кірді. Олар әзірлеген бағдарламада Мұсылман фракциясының мақсатына сай саяси, экономикалық, діни, т.б. бірқатар реформаларды жүзеге асыру жолында Ресейдің мұсылман азаматтары іс-әрекеттерін біріктіруі керектігі атап көрсетілді. Үшінші Мемлекеттік думаға Қазақстан және Орта Азия халықтары қатыстырылмады. Сондықтан ондағы 442 депутаттың 10-ы ғана мұсылман халықтарының өкілдері болды. Олар Мемлекеттік дума мәжілістерінде Түркістан өлкесі мен дала облыстарына өз алдына діни басқарма құру қажеттігін, мұсылман дінбасылары құқықтарын христиан-православие дінбасылары құқықтарымен теңестіру мәселесін көтерді. Төртінші Мемлекеттік думадағы 442 депутаттың 6-уы ғана мұсылман халықтарының өкілі болды. Солардың ұйымдастыруымен 1914 жылы 15 – 20 маусым аралығында Бүкілресейлік мұсылман съезі өтті. Төртінші Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы мүшелерінің аз болуы себепті, 1916 жылы оған көмек көрсететін бюро құру қажеттігі туды. Ресей патшасының 1916 жылы 25 маусымдағы “бұратаналарды” майданның тылдағы қара жұмысына алу туралы жарлығына МҰСЫЛМАН ФРАКЦИЯСЫ наразылық танытты. Жалпы бірінші және екінші Мемлекеттік думаға сайланған қазақ депутаттары (Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, А.Бірімжанов, Мұхамеджан Тынышбаев, т.б.) Мұсылман фракциясы жиындарында сот ісі, ағарту, діни істер, т.б. мәселелерге белсене араласты.