Қажеттіліктің қаласында адамдар өмірге ең негізгі керек заттарды өндіру үшін бір-біріне көмектеседі.
Айырбастау қаласында тұрғандардың бәрі де байлыққа жету үшін бір-біріне көмектеседі, ол сол қаланың негізгі мақсаты, басқа мақсаттарға жету жолындағы құрал емес.
Құлдыраған бақытсыз қалада адамдар тек тамақ табуда, ішуде, жыныстық қатынаста тек қана ой өрісіне көтерілмей сезімдік ләззат алуға тырысады.
Баққұмар қаладағы адамдар бір-біріне көмектесіп өздерін басқалардың алдында керемет етіп көрсеткісі келеді (біздің бүгінгі таңдағы кейбіреулердің “жаманымызды жасырайық, жақсымызды асырайық², деп жүргендері бұл қалаға жақын келеді оларға “ауруын жасырған - өледі² деген нақыл сөзді айтқымыз келеді. (С.М.)
Билікті сүйгіш қаладағы адамдар басқаларға жоғарыдан қарап, оларды тәуелді етіп ұстағысы келеді. Оларды тек жеңіс қана қуантады.
Адамгершілігі жоқ қаланың тұрғындары игіліктің не екенін жақсы біле-тұра, өздерінің іс-әрекеттерінде басқаша істейді.
Құбылмалы қаланың адамдары бұрын игілікке бағытталған болатын, ал сонынан басқа құндылықтар өмір жолына түсіп кеткен.
Адасқан қаланың адамдары бақытты өмір о дүниеге барғанда болады. Бірақ кейін келе олардың көзқарасы Құдайға да, шын өмірге де өзгеріп бұзылады.
Қоғам өмірінің дамуы, Аль-Фараби ойынша, негізінен Ел басында басқарып отырған адамның қасиеттерімен байланысты болғаннан кейін, ойшыл оның қандай болуы керектігіне аса зор назар аударған.
Ойшыл ондай адамның 12 қасиеті болу керек дейді. Сонында олардың бәрін 6 тұлғалық қасиеттерге әкеліп тірейді. Енді соларға назар аударарлық.
Біріншіден ол- даналық дәрежеге жетуі керек, яғни барлық істі ақыл-ой елегінен өткізіп, халықтың тарихи тәжірибесіне, әдет-ғұрыптарына, адамгершілік түсініктеріне сай келтіруі керек;
Екіншіден, ол- білімді адам болу керек, өзінің есінде өткен тарихтағы заңдар, әдет-ғұрып нормалары мен ережелерін жақсы білуі керек;
үшіншіден, әрқашанда тапқырлық көрсету керек, өйткені өмір үне бойы өзгерісте, олай болса елдің алдында бұрынғы-соңғы болмаған жаңа ақуал пайда болып, бұрынғы басқару тәсілдерінің бәрін, жоққа шығаруы мүмкін. Сондай жағдайда өмірге жаңаша қарап шығармашылық тұрғысынан жаңа шешімдерге жету қажет;
Төртіншіден, аңғарғыш, көреген болу қажет. Ел басшысы- тек бүгінгі күнді ғана ойлап қолмай, болашақ ұрпақтардың өмірі қандай болмақ; негізгі мақсат-халықтың әл-ауқатын өсіру-оны естен шығармау керек;
Бесіншіден, Өзінің сөзімен халықты елдің заңдарын бұлжытпай орындауға бағыттау болмақ;
Алтыншыдан, Ел басының денсаулығы, дене күші жақсы болуы керек; ол оған соғыс жүргізген кезде әсіресе қажет болады;
Аль-Фараби ел басшылығына лайықты, осы көрсетілген қасиеттердің бәрі бойында бар тұлғаның сирек кездесетінін атап өтеді. Сондықтан, бұл қасиеттер екі тұлғада жиналса, онда олар бірігіп басқарсын дейді. Ал екі адамның бойынан табылмай, 4-5 адамнан табылса, олар бірге қосылып басшылық жасауы керек.
Сонымен қатар, ел басына керек негізгі қасиет- ол даналық. Егер белгілі бір уақытта елдің басшылығында даналық болмай қалса, онда елдің бірінші басшысы тіпті болмай-ақ қойсын, ондай қалаға қауып төнеді,- деп ескертеді ұлы ойшыл.
Біздің бүгінгі өтпелі қоғамдағы қиындықтарды жеңу үшін өкімет басындағы саяси элитаның биік дәрежеде болуы қажетті нәрсе.
Оларды Аль-Фараби қалдырған өсиеттерімен салыстырсақ, онда жетістіктерімізді және кемшіліктерімізді көруімізге болады. Біздің саяси элита аз уақыттың шеңберінде дүниеде жиналған қоғамды жаңарту жөніндегі білімді тез игеріп жатыр. Тапқырлықкөрсетіп, шет елдерден экономикаға инвестициялар (қаражат) тартып жатыр; көрегендіктен де кем емеспіз - қандай қиындықтарды басымыздан өткізіп жатсақ та, қазақ елі 2030 жылға қарай қандай дәрежеге көтерілу керек - оны да ойлыстырып қойдық; дүниежүзілік заң шығару дәрежесіне сай етіп біршама заңдарды да тудырдық; саяси элитаға талантты жастарды тартып жатырмыз.
Соған қарамастан, жеткен нәтижелер аздау. Оның негізгі себептерінің бірі- даналықтың жетіспеуі. Жалғыз технократизм (білім билігі), нақтылы жағдайды, тарихи тәжірибені ескермейтін, арсыз саясатқорлыққа әкеліп, Аль-Фараби айтқан надан қалаға жеткізуі мүмкін. Сондықтан, саяси элитаға интеллектуалдық топтардың дәрежесін көтеріп, саяси шешімдерді солардың сараптауынан өткізіп отыруы қажет қой деп ойлаймыз.
Міне, осыдан 1000 жыл бұрын өмір сүрген бабамыз Аль-Фараби даналығы- оның қалдырған терең ойларының бүгінгі біздің өмірімізге сай келіп алдымыздағы қиын мәселелердің шешімін табуға көмектесіп жатқандығы болса керек. Жалпы алғанда, кең түрде, философия тарихы осы жағынан алғанда, ешқашан, қандай көне заманда пайда болса да ескірмейді, ондағы жиналған ойлар біздің шабытымызды оятып, жаңа көзқарастардың дүниеге келуіне, олардың өткен тарихпен сабақтастығының тереңдеуіне әсерін тигізеді.