Ибн-Сина мен Ибн Рошд. Абу-Али Ибн-Сина (980-1037жж.) Бұхара төңірегінде дүние келіп Хамаданда 1037 жылда қайтыс болды. Ұлты - тәжік. Еуропа халықтарына Авиценна деген атпен таныс. Негізгі еңбектерінің ішінде “Логика², “Риторика², “Поэтика², “Физика², “Жан жөнінде², “Метафизика² т.с.с.
Авиценна дүниежүзілік аңғарған қауымға өзінің шығармашылығының екі жағымен таныс.
Біріншіден, Ибн-Сина үлкен ғалым-дәрігер болған адам. Ол өзінің артынан әртүрлі ауруларды жазатын шөптердің қосындыларынан жасалатын 1000 дәрінің рецептін қалдырған. Оның “ғылым тізбегі² деген еңбегі Батыстағы Орта ғасырлық университеттерінде 400 жыл бойы негізгі оқулықтардың бірі болған.
Ал енді оның философиялық көзқарастарына келер болсақ, өзінің онтологиясында (Болмыс ілімінде) Ибн-Сина неоплатонизмнен қалған эманация идеясын кеңінен қолданып, Дүние Алланың - бірінші себептің (өзіне-өзі қажетті барлық) ағып-тасуынан пайда болды деген пікір айтады.
Сонымен, өзіне-өзі жеткілікті де сонымен қатар өзіне сыймай тасып аққан алғашқы себеп сатылы түрде орналасқан ақыл-ой, жан-дүние, аспан әлемдерін тудырады. Оқырманның байқағанындай Ибн-Синаның ілімі бұл жағынан алып қарағанда Аль-Фарабидің көз-қарасына өте жақын. Тек ай астындағы әлемді Аль-Фараби 11 сатыда орналастырса, Ибн-Сина 10 сатыда деп есептейді.
Ибн-Синаның Болмыс ілімінде “өмір сүру² мен “мән-мағнаға² көп көңіл бөлінген. Өмір сүру - нақтылы, мән-мағна - абстрактылы; Мысалы, нақтылы адам мен итті алсақ - олар өмір сүріп жатыр. Ал олардың мән-мағнасы – адамгершілік, жануарлық - ол абстрактылы, олар нақтылы адам мен иттің алдында өмір сүрген,- дейді ұлы ойшыл. Нақтылы адамдар, жануарлар т.с.с. Дүниеге келеді, кетеді, ал олардың мән-мағнасы - мәңгілік, өз-өзіне жеткілікті, болу я болмаумен, қажеттілік, я мүмкіндікпен байланысты емес.
Дүниеде нақтылы өмір сүріп жатқан нәрселерді біз болуы мүмкін дейміз, өйткені, олардың өз-өзіне негізделетін болмысы жоқ. Олар белгілі бір себеп, кездейсоқтықтың негізінде Дүниеге келеді, басқа жағдайда Дүниеге келмеуі де мүмкін еді. Ал қажетті барлықты алатын болсақ, ол бар және оның болмауы мүмкін емес, өйткені ол өзін негіздей растай алады. Ол, әрине Алла-тағала, ол бұл Дүниедегі болуы мүмкін және болып жатқан нәрселерден бөлек,- деген пікірге ұлы ойшыл келеді.
Ибн-Сина өзінің онтологиялық ілімінде діндегі Құдайдың “жоқтан барды² тудырды деген пікіріне қарсы шығады. Егер Дүние жоқтан пайда болса, онда Дүниенің пайда болуының іс-әрекеттік себебі - Құдайдың жаратуға дейін іс-әрекеттік себебі болмаған екен ғой деген ойға әкеледі, онда Құдайдың ол қасиеті - қажетті емес, оның терең мән-мағнасынан шықпайды. Олай болса, ол өзгереді, ал оның өзі оның кемеліне келмеген, жетілмегендігінің көрінісі - Құдайдың абсолютті жетілген - алғашқы себептігіне қайшы келеді.
Ибн-Сина Құдайды діндегі сияқты табиғатқа оның жаратушысы ретінде қарсы қоймайды. Құдай Дүниедегі барлықтың алғашқы себебі болғаннан кейін, материалдың Дүние Құдайсыз, ал Құдай бұл Дүниесіз өмір сүре алмайды деген пікірге келеді. Сонымен, Ибн-Синаның болмыстық көзқарасы пантеизмге өте жақын болды.
Ибн-Синаның Дүние тану іліміне келер болсақ ол адамның жан-дүниесінде потенциалды ақыл-ой бар дейді. Яғни, адам өз алдында жатқан дүниенің мән-мағынасын аша алатын мүмкіндігі бар. Бірақ ол - өте күрделі. Таным түйсіктердің қабылдауы арқылы басталады - оны ол сезімдік тәжірибе дейді. Жалпылыққа адам заттардың қасиеттерін салыстыру арқылы жетеді.
Ақиқат дегеніміз - заттардың ішкі мән-мағнасы. Әр заттың ақиқаты оның өмір сүруінің ерекшелігінде, ал оның өзі сол заттың өзіндігін құрайды. Ақиқаттқа жетудің бірде-бір қажетті құралы - ол логика. Логика заңдары арқылы біз жалқылық пен жалпылықты ойлай аламыз. Жалпы жеке заттардың мән-мағнасын құрап жалқымен бірге өмір сүреді.
Ибн-Синаның әлеуметтік-саяси көзқарастарына келер болсақ, ол әділеттік мәселесіне көп көңіл бөліп - оны қайсыбір қоғамдағы тұрақтылықтың негізі деп есептеді. Егер қоғамды басқару әділетсіз жолымен жүріп жатса, онда халықтың оған қарсы қарулы көтерілісі заңды деген пікір айтады. Бүгінгі философияда Ибн-Сина Араб ілімін ислам қағидаларына қосып, оны христиан дініне жақындатқаны, оның негізгі өшпес еңбегі деп есептейтін көзқарас та бар.
Келесі Шығыс философияның ұлы тұлғасы - Ибн-Рошд (1126-1198жж.). Латынша аты - Аверроэс. Өмірге Испаниядағы Кордова қаласында Дүниеге келеді. Жас кезінде Мұсылман құқын, араб әдебиеті мен поэзиясын, соңынан дәрігерлік ғылымды, математика мен физиканы оқиды. Содан кейін философиямен айналыса бастайды.
Ибн-Рошд көп жылдар Севилья мен Кордовада қадилық (соттың) қызмет атқарады. Өмірінің кейбір кезеңдерінде өзінің көзқарастарына бола діни қуғындауға ұшырайды. Ибн-Рошд ғылыми еңбектерінің көпшілігін Аристотельдің еңбектеріне түсініктемелер жасауға арнайды. Еуропа философиясында “ұлы Комментатор² (түсініктемеші) деген атаққа ие болған.
Негізгі еңбектері “Терістеуді теріске шығару², “Аспандағы денелердің қозғалысы жөнінде², “Алғашқы қозғаушы жөнінде², “Жан-дүние ғылымы жөнінде² т.с.с. Соңынан оған Данте “Білетіндердің мұғалімі² деген ат береді.
Өзінің философиядағы көзқарастарында Ибн-Рошд Дүниенің мәңгілігі мен шексіздігі жөнінде айтады. әрине, ол - өз заманының туындысы болды, сондықтан ол Құдайды мойындады. Құдай- шындықтың мәңгілік қайнар көзі болса, материя - Дүниенің мүмкіндігінің мәңгілік қайнар көзі, өйткені, “егер Жаратушы мәңгілік болса, онда жаратылған Дүние де - мәңгілік². Құдай - қажетті барлық, ол Дүниенің мүмкіндігі - материяға бітім беріп, оны шындыққа айналдырады. Дүниедегі ешнәрсе пайда болып, я құрымайды, ол өзгеру арқылы басқа затқа айналады. Материя заттың ішкі мүмкіндігін құраса, бітім (форма) оның сыртқы іске асуына, өмірге келуіне әкеледі.
Ибн-Рошд Аристотельдің философияның негізгі қағидасының бірі “материя ешқашан бітімсіз, ал бітім материясыз өмір сүре алмайды² деген ойын толығынан қолдап, оны әрі қарай тереңдетеді. Егер материя мен бітімді біз ажырата алмасақ, онда мүмкіндік пен шындық та - бірегей, олардың айырмашылығы салыстырмалы ғана. Дүние мәңгілік болғаннан кейін қайсыбір мүмкіндік ертелі-кеш шындыққа айналуға тиіс.
Ибн-Рошдтың таным ілімінде ақыл-ой негізгі орын алады. Әрине, Құранда да Дүние жөніндегі белгілі қағидалар берілген. Бірақ, олар қалың бұқараға бағышталғаннан кейін, соларға түсінікті болуы үшін тұрпайы түрде көрсетілген.
Ал философияны алатын болсақ, ол ақыл-ойы терең, білімді адамдардың айналысатын нәрсесі. Бұл пәннің негізінде зерделі дәлелдемелер жатыр.
Философия мен дін адамды ақиқатқа жетуге үйретеді. Онда олардың алдына қойған мақсаттары - бір. Бірақ, кейбір мәселелер бойынша қайшылықтар пайда болуы мүмкін. Олай болған жағдайда діннің қағидаларын философиялық ой-елегінен өткізуіміз керек, өйткені ақиқат біреу және ол зерделі.
Өзінің таным ілімінде Ибн-Рошд бүкіл адамзатты құрайтын жеке адамдардың ақыл-ойының бірегейлігін, потенциалдық интеллект құрайтынын айтады. Расында да, адамдар шектелген, Дүниеге уақытша келген пенде ретінде универсалияларды, потенциалдық ақыл-ой болмаса жасай алмас еді. Жеке адамның танымдық мүмкіндіктері шындыққа айналуы үшін оған Дүниежүзілік белсенді ақыл-ой (Құдай) түрткі болуы керек. Ол потенциалды ақыл ойға тікелей емес, оның сезіміне, қиялы мен елестетуге әсерін тигізіп, мән-мағнаның ашылуына, оның шындыққа айналуына әкеледі. Сол сәтте жеке адамның ашқан ғылымдағы жаңалығы адамзаттың потенциалдық интеллектінің ажырамас бөлігіне айналуына, оның бірте-бірте Құдайдың белсенді актуальды интеллектіне жақындап, соңында қосылуына жеткізеді.
Сонымен, Ибн-Рошдтың потенциалдық интеллекті - ол қазіргі философиядағы қоғамдық сана деген ұғымға жақын.
Ойшыл ²адам - өтпелі пенде, оның денесімен бірге жан дүниесі де келмеске кетеді²- дейді. Бірақ, адамзаттың потенциалдық интеллекті - мәңгілік, ол Құдайдың ақыл-ойымен қосылуға тырысады, ал ол орындалған кезде Дүниежүзілік адамзат тарихы сонымен аяқталады,- деген көзқараста болған.
Бұл тұжырымнан екі қорытынды шығуы мүмкін. Жеке адам мәңгілік болмаса да, адамзаттың рухы потенциалдық интеллект ретінде өмір сүргеннен кейін адам мистикалық-аскетикалық өмір салтын ұстауы керек.
Екінші қорытынды оған қарсы - егер адамның өмірі біреу-ақ болса, онда неше түрлі қызықтардан ләззат алып, осы Дүниеде бақытқа жетіп, ойнап-күлу керек.