Жобалау зертханасын ұйымдастырудың қысқаша негіздемесі. Жобалауды ұйымдастыра білу инновациялық өзгерістер жағдайында педагогтар мен басқарушылардың кәсіби әрекеттерінің маңызды бөлігіне айналуда. Білім берудегі жобалаудың педагогикалық әрекеттерді сапалы және түбегейлі өзгертуге, педагогтар мен білім алушылардың тың идеялар мен жаңа іске ынталануына, жаңа жобаларды белсенділікпен жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні оны тәжірибеге енгізу қажеттігін алға қойып отыр. Педагогтар мен басқарушылардың, білім алушылардың жобалар жасауға қатысуы оларды ізденіске, өздерінің зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, білім беру мазмұны мен әдістемелерін жаңартуға ықпал етеді.
Инновациялық үрдістерді ендірудегі проблемалар педагогтар мен басқарушылардың әрекеттік құзыреттілігін дамыту қажеттігіне байланысты екені белгілі. Б.Д. Элькониннің айтуынша, кез келген құзыреттіліктің әрекет барысында пайда болатынын, қалыптасатынын және оның адамның әрекетке араласуының өлшемі екенін ескерсек, жобалаудың адамды дамыту әрекеті ретінде бүгінгі білім беруде маңыздылығы орасан зор деуге болады. Сондықтан, педагогтардың жобалауға тікелей қатысуы педагогикалық әрекеттің мазмұны мен түріне жаңалықтар әкеледі.
Білім беру үрдісінің дәстүрлі түрдегі білім мен ақпаратты меңгерту мазмұны мен жаңа талаптарға сай субъектілердің белсенді әрекетін ұйымдастыру тәжірибесі арқылы білім беру мазмұны арасындағы айырмашылықтар айқындала бастады. Соған орай, педагогикалық теориялар мен тәжірибеде олардың бірінен екіншісіне өту қажеттігі мен оны жүзеге асыру жолдары көптеп қарастырылуда. Жобалау әрекет барысында пайда болатындықтан, оны дайын күйінде қолдану мүмкін емес және жобалау алгоритмін меңгерген педагогтар оны білім беруде өзіндік идея мен технология ретінде, анықталған кезеңдерге сай орындалады.
Оқу зертханасын ұйымдастыру мақсаты: жоба жетекшілерінің құзыреттілігін дамытудың мазмұны мен әдістемесін құрастырып, тәжірибелік сынақтан өткізу.
Достарыңызбен бөлісу: |