Дәрістер тезистері



бет1/16
Дата03.01.2022
өлшемі202,25 Kb.
#108713
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
5.ДӘРІСТЕР


ДӘРІСТЕР ТЕЗИСТЕРІ




Дәріс тақырыбы және тезистер

Сағ.

№ 1

дәріс


«Математиканы оқыту әдістемесі» оқу пәні ретінде.

Қарастырылатын мәселелер:

1. Курстың мақсаты, міндеттері, пәні және басқа оқу пәндерімен байланысы.

2. Математика пәні мұғалімінің кәсіби дайындығы.

3. Математиканы оқытудың дидактикалық принциптері.

4.Математиканы оқытудың әдістемелік жүйесі және оның негізгі компоненттерінің сипаттамасы.



Дәрістің қысқаша мазмұны

«Математиканы оқыту әдістемесі» курсы математиканың оқу пәні ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, дидактиканы нақтылай түседі, психологиялық-дидактикалық негізде жалпы әдістемелік идеяларды, қағидалар мен нұсқаулықтарды жасайды, сонымен қатар осы білімдерді мектеп математика курсының нақты тақырыптарын оқып-үйренуде қолданудың жолдарын айқындайды. Математиканы оқыту әдістемесі - педагогикалық ғылым, сондықтан да қоғамның талаптарына сай және математикалық материалдарды оқып үйренудің ерекшеліктеріне қарай, барлық пәндерге ортақ педагогикалық қағидаларға негізделген. Курс негізінен алғанда, Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы жалпы білім беретін мектептерінің математика пәні мұғалімдерінің кәсіби дайындығының қазіргі қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратындай сапалық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Курстың объектісі: 5В010900-Математика мамандығы бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әдістемелік-математикалық білім,білік,дағдылар мен құзыреттіліктерді қалыптастыру барысы.

Курстың пәні: болашақ математика мұғалімінің математиканы оқыту әдістемесінен білім, білік, дағды және құзыреттіліктерін қалыптастыру барысы.

Курстың мақсаты: болашақ математика мұғалімін жалпы білім беретін мектептерде математиканы оқытудың нақты жағдайларында туындайтын оқу-әдістемелік міндеттерді кәсіби тұрғыда шешуде қажет болатын білім, білік, дағды және құзіреттіліктер жүйесімен қаруландыру.

МОӘ педагогикалық пәндер циклына жатады және ол білім алушылар философиялық, психологиялық, жалпы дидактикалық және математикалық дайындықтан өткен студенттерге оқытып-үйретіледі.

Пәнді оқып-үйренудің әдістері: ғылыми-педагогикалық әдебиетке, Мемлекеттік білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға талдаулар жасау, озат педагогикалық тәжірибелерді бақылау, оқып-үйрену және жалпылау, әңгімелесу, сауалнама, анализ және синтез, аналогия, классификациялау, т.б.

Пәнді оқып – үйренуге 3 кредит уақыт берілген. Курсты оқып – үйрену дәрістік және практикалық сабақтар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Дәріс – 15 сағат; практикалық сабақ – 30 сағ; СОӨЖ – 45 сағ; СӨЖ – 45 сағ.

Курс бойынша білім, білік, дағдылардың меңгерілу дәрежесін тексерудің формалары:


  • Ағымдық бақылау (күнделікті);

  • Аралық бақылау (1 АБ және 2АБ);

  • Қорытынды бақылау (емтихан, тест түрінде).

«Математиканы оқыту әдістемесі» курсы мынадай оқу пәндерімен тығыз байланысты: 1) философия; 2) психология; 3) педагогика; 4) математика; 5) математика тарихы.

Математика сабақтарының сапасы ең алдымен мұғалімнің кәсіби дайындығына байланысты. Мұғалімнің кәсіби дайындығы деп нені түсінеміз? Ол құрылымы жағынан өте күрделі, көп қырлы және шығармашылық еңбекті талап ететін үздіксіз процесс. Біздің ойымызша, қазіргі заманғы мұғалімнің математиканы оқыту бағытындағы еңбегі жемісті болуы үшін, оның төмендегідей құрылымдағы кәсіби дайындығы жоғары деңгейде болуы керек: математикадан теориялық дайындық; психологиялық-педагогикалық дайындық; әдістемелік-математикалық дайындық. Міне, осындай үш түрлі мәселені қамтитын жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық математика сабағын өткізуді дұрыс ойластырудың, нақты жұмыс жоспары ретіндегі сабақ жоспарын жасаудың кепілі болып табылады.

Математиканы оқыту әдістемесі пәні математика мұғалімдерін бірқатар принципті білімдермен қаруландырады. Математика пәнінің мұғалімдері математиканы оқытудың заңдылықтарын ғана емес, сонымен қатар оларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар туғызуға ұмтылуы тиіс. Ал бұған математиканы оқытудың кейбір бастапқы қағидаларын терең түсінгенде және оларға үйрене отырып, оқыту үрдісін құра білгенде ғана қол жеткізуге болады. Осы бастапқы қағидалар математиканы оқыту әдістемесінде оқытудың принциптері деп аталады.

Математиканы оқытудың бұдан да басқа бірнеше прициптерін атап көрсетуге болады. Олар мыналар:



  1. Оқытудың ғылымилық принципі;

  2. Теорияның практикамен байланысы принципі;

  3. Оқытудың саналылық және белсенділік приципі;

  4. Оқытудың жүйелілік және реттілік прицнипі;

  5. Оқытудың түсініктілік приципі;

  6. Оқытудың көрнекілік приципі;

Математиканы пәні 1-11 сыныптардың барлығында оқытылып, үйретіледі, яғни мектепте қамтылатын математикалық білім мазмұны өте кең. Сондықтан оны белгілі бір қабылданған жүйемен, ретпен оқыту керек. Сонымен қатар математиканы оқыту қарапайымнан күрделіге, түсініктен ұғымға, белгісізден белгіліге, білімнен білім мен дағдыға, сондай-ақ нақтыдан дерексіздікке көшу ретімен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жерден математиканы оқытуда жүйелілік пен реттілік принципін қатаң сақтаудың керектігі аңғарылады.

Математиканы оқыту әдістемесі негізінен алғанда, мына сияқты сұрақтарға жауап іздейді:

- Математиканы неге, не үшін оқыту керек?

- Математиканы нені, қандай материалдарды оқыту керек?

- Математиканы қалай оқыту керек?

- Математиканы ненің, қандай құралдардың көмегімен оқыту керек?

- Математиканы оқытуды қандай формаларда ұйымдастыру керек?

Осы сияқты сұрақтарға жауап ізделетін білімдер жиынтығы белгілі бір әдістемелік жүйе құрайды және бұл әдістемелік жүйенің құраушы бөліктері сәйкесінше, математиканы оқытудың мақсаты, мазмұны, құралдары мен әдістері және математиканы оқытуды ұйымдастырудың формалары деп аталады.

Математиканы оқытудың мақсаты ең алдымен, қазіргі қоғамның жалпы білім беретін мектептің алдына қойып отырған әлеуметтік сұранысынан келіп туындайды. Жалпы алғанда, математиканы оқытудың негізгі мақсаты математикалық білімі терең, жан жақты дамыған және шығармашылық еңбекке бейімделген қоғамның белсенді мүшесін дайындау болып табылады. Қазіргі күні білім берудің парадигмасы өзгеріске ұшырады. Осыған сәйкес математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері де өзгерді. Бұрын сапалы математикалық білім беру бірінші кезекке қойылатын, ал қазіргі күні оқушылардың бастарын тек біліммен ғана толтыру және оның меңгерілуін тексеріп қана қою жеткіліксіз. Қазір біріншіден, игерілетін білімнің өзектілігіне мән берілуі керек, екіншіден, білім алушының игерілетін математикалық білімдерді тұрмыста және өз өмірінде саналы түрде және тиімді пайдалана білуіне қолайлы жағдайлар туғызу керек. Математиканы оқытуға осы тұрғыдан келу және осыған сәйкес оқытудың мақсат-міндеттерін өзгерту өз кезегінде оқытудың әдістемелік жүйесінің барлық компоненттерінің де өзгеруіне алып келеді. Бұл өз кезегінде, математиканы оқыту мазмұнына өзгерістер енгізуге әкеліп соқтырады. Жалпы алғанда, математикалық білім мазмұнын игеру мұғалім мен оқушылардың өзара байланысты, нақты мақсатқа және жоспарланған нәтижеге жетуді көздейтін іс-әрекетін білдіретін оқыту әдістері көмегімен іске асырылады.

Математика сабағы барысында мұғалім мен оқушының өзара байланысты іс- әрекеті әртүрлі оқыту құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оқыту құралдарын қолдану оқушылардың белсенділігін арттырады, сабаққа назарын аудартады және осы арқылы олардың дамуына, оқу материалын анағұрлым берік игеруіне әсер етеді, уақытты үнемдеуге мүмкіндік туғызады.

Математиканы оқытуды ұйымдастырудың негізгі мақсаты математика мұғалімінің тарапынан оқушылардың оқу-танымдық қызметін тиімді ұйымдастыру және басқару үдерісін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан сабақты ұйымдастырудың қандай формада жүзеге асырылатыны аса маңызды мәселе болып табылады.

Математиканы оқытудың әдістемелік жүйесінің компоненттері өте күрделі және мейлінше көп қырлы категориялар болып табылады және олар заман талаптарына сай жиі өзгерістерге ұшырап отырады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет